12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Барлаушы босаңсымайды

Панфилов пен қазіргі Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы әйгілі «Солянка» дәмханасы. Қызмет көлігінің жайлы әрі жұмсақ отырғышына емін-еркін жайғасқан Бек терезеден сыртқа еріне көз тастады. Жұмыс күні болған соң ба, асхана маңында адам көп. Елден саяқ, шет жақта отырған бір кісінің жүзі жылыұшырай берді. Жүріп келе жатқан көліктен секіріп түсердей есікке ұмтылды да жүргізушісіне «тоқта» деп ымдады. Сол, соның өзі… – Егер таңертеңнен неге ішесің деп сұрақ қойсаң, онда бекер, жөніңмен жүре бер. Болаттың суық амандасудан кейін айтқан алғашқы сөзі осы болды. Бек жауап қатпады. Итальяндық қымбат галстугын асығыс шешіп, қалтасына сүңгітіп жіберді де даяшы қызды шақырып, сыра алдыртты. Шұжық пен салатты қоса берді. Бір-екі жұтым ішкен соң шырттай киінген сырбаз жігіт пен жұпынылау киінген ескі танысының арасындағы көзге көрінбес мұз әп-сәтте еріп сала берген. Әңгіменің тиегі ағытылды да кетті. Дәл осы сәтті сырттан бақыласа, әккі режиссер «ескі достардың он жылдан кейінгі кездесуі» деген сәтті оп-оңай таспаға түсіріп алар еді. Әрі онысы еш әсірелеусіз, шынайы шығар еді. Және ол жерден ауған соғысы, жас жігіттердің бейбіт өмірі, 90 жылдардағы ел ішіндегі дағдарыс сәттерін де көруге болар еді. Елдің екі қиырынан келген екі жігітті таныстырып, табыстырған қызмет еді. Ерлік пен төзімділікті, сенімділік, отансүйгүштік сияқты қасиеттерді қажет ететін құрылым Сыртқы барлау қызметі. Мемлекеттің Ұлттық Қауіпсіздік жүйесіндегілер барлаушыларды «ақ жағалылар» деп кейде жақтырмай да жататын. Жақтырсын-жақтырмасын, белгілі бір жайт, мемлекеттің сыртқы саясаты бұл органсыз толыққанды атқарылмайды. Ал құпия қызметтің өкілдері өздерін кейде сахнада жүргендей сезінетін. Сахна емей не? Көпшілікке шын бет-бейнесін көрсетпеу, қызмет барысында өздеріне тиісті рөлдерін ғана ойнау. Бек кезінде осы саланың алғыр да табысты қызметкері болатын. Барлау қызметінің құпия тапсырмаларын арқалап, шет елдерде жұмыс істеді. Үнемі сапарларда жүретін. Сәтті атқарылған шаруамен бірге әскери дәрежесі де өсіп отырды. Академик С.Қирабаев айтқандай, «оның ауыл баласына тән өмірге құштарлығында бір ызалы ұмтылыс бар еді. Бірақ күндердің күнінде Бек барлау қызметіндегі карьерасын тастап, коммерциялық құрылымға ауысты да кетті. Сырт көз астындағы қызмет машинасы, хан сарайындай жеке кабинеті мен сән-салтанаты жарасқан үйіне қарап, Бектің заманға сай іскер адам екенін айтпай-ақ түсінетін еді. Ал, Болаттың тағдыры басқаша өрілген сынды. Әңгіме барысында Бек осылай бір тұжырым жасап қойды. Бір кездері барлау қызметінің білгір және сауатты қызметкері еді. Бірақ әу бастан-ақ жұбайы «айлығы аз» деп қыңқылдап жүретін, ақыры қалталы біреуді тауып, Болаттан кетіп қалыпты. Бұл да оның ішкілікке салынып, жұмыстан кетуіне себеп болған шығар деп іштей бір қорытынды жасап қойған. Жұмыстан да береке кеткен. Болат өзінің соңғы рет күзетші болып жұмысқа тұрғанын, бірақ одан да қуылғанын сөз арасында айтып кетті. Әңгімемен қас қарайғанын байқамаған екі дос ақыры масайып, бір-бірін қимай тарқасты. Кездесу соңында Бек Болатты қасына жұмысқа алатын болып келісті. Бірақ, Болат жақтырмаса да қатаң, қиын шартын айтқан. – Бауырым, келісейік, егер жұмыста ішкілік ішпек тұрмақ, сәл иісі байқалса, қоштасамыз, – деп қатаң жүзбен қарады. Ескі достар үнсіз қол алысты.

* * *

Бек атқарушы директор болып жұмыс атқарып жүрген коммерциялық құрылым – қаржы саласындағы белгілі және бақуатты компания. Болат мұнда Қауіпсіздік департаментіне кеңесші болып орналасты. Екі дос жұмыс бабымен жиі кездессе де, бос уақыттарында сирек көрісіп жүрді. Бірақ екеуі де бір-бірін сырттай бақылап, өткен он жылдың өзгерісін үнсіз ойға түйіп жүретін. Уақыт өтіп жатты. Жұма күні еді. Кеш бата Бек Болатқа шұғыл қоңырау шалды.

– Алло, амансың ба, қайдасың? Жедел жұмысқа жет. Мезгілсіз уақытта түскен қоңыраудың жай емесін түсінген Болат дереу жиналды. Офиске келісімен барлық басқарма бастықтарының Бектің кабинетінде жиналғанын байқады. – Компаниямызда төтенше жағдай орын алды, біздің клиенттің есебінен бір миллион АҚШ долларын белгісіз біреу жымқырып кеткен, – деді Бек алдымен Болатқа, сосын қалғандарына қарап.

– Бұл жағдай басқа да клиенттерімізге немесе конкуренттерімізге, әсіресе, журналистерге белгілі болса, компанияның халі не болатыны сіздерге мәлім. – Әрбір департамент жағдайды зерттеп, Болат мырзаға ақпарат берсін. Ал, Болат мырзаға жедел тергеу шараларын қолға алып, қаржыны қайтаруды тапсырамын. Шұғыл жиналған жұрттың тарауы да соншалықты тез болды. Дегенмен, аптаның бесінші күні емес пе! Оңаша қалғанда:

– Бөке, бұл жағдай баяғы «Мәскеу хакері» оқиғасына ұқсас сияқты, байқадың ғой, – деп Бек қосымша бағыт бергендей болды. 90 жылдардың ортасында болған «Мәскеудегі хакер» оқиғасы Болаттың жақсы есінде. IT компаниясының қызметкері халықаралық бизнес құрылымының компьютер жүйесін бұзып, қомақты соманы өз есебіне аударып алған. Халықаралық компания болғандықтан бұл іске Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі араласып, қылмыс ашылған болатын. Сол кезде Болат барлау қызметі тапсырысымен Қазақстанға жасырын түрде келген хакерді іздеуге және тұтқындауға ресми түрде атсалысқан еді. Арада үш күн өтпей, Болат істің қалай жүріп жатқаны туралы есеп берді. – Болған оқиғаны түбегейлі зерттеп, біз ойлағандай күрделі хакерлік шабуыл емес екенін анықтадық. Қазір біздің Қауіпсіздік департаменті Алматы полицейлері арқылы Панкин Сергей атты азаматқа іздеу салып жатыр. Тергеу барысында Панкиннің компьютер компаниясының қарапайым қызметкері екендігі анықталды. Ақша ұрланған клиенттің үйіндегі компьютерін жөндеген кезде кездейсоқ пин кодын тауып алған. Әлгі клиенттің демалысқа кеткенін пайдаланып, банктегі есеп-шотынан ақшасын өз банк картасына оп-оңай аударып алыпты. Бірақ мұнымен іс бітпеді. Панкин Кипр аралдарындағы банкте есеп ашып, ақшаның біразын сонда жіберіп үлгерген. Әрі өзі Мәскеуге ұшып кетіпті. Осы ретте Болаттың мәскеулік ескі таныстары үлкен көмек көрсетті. Олар хакердің ұялы телефоны арқылы Панкиннің шын мәнінде Мәскеуде болғанын, бірақ аз уақыт бұрын Ригаға кетіп қалғанын анықтап берді.

* * *

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып…». Осы бір әуеннің өткен өмірді көз алдынан кино лентасы сияқты елестетіп, ностальгия шақыратыны бар. Жанардан от ұшқындаған жастық шақ, алаңсыз шат күндер… Бағалы, құнды нәрсені күнде пайдалансаң дәмі кететіні секілді мұндай тәтті шақтарға Бек күнде орала бермейді. Анда-санда, сағынғанда… Мәскеудегі Барлау академиясы. Елден шалғай жүргендіктен бе, әлде туған топырақтың біріктіретін қасиеті бар ма – Қазақстаннан келген курсанттар бір-бірімен өте ұйымшыл, өзара сый-құрметтері де ерекше еді. Араларында қазағы бар, өзге ұлт өкілдері аралас достар үнемі бірге жүретін. Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары. Егемендіктің терең мағынасын әлеуметтің бір бөлігі әлі де толығымен түсіне қоймаған. – Ал енді біздің болашақ қызмет қалай болады?, – деп Болат әңгіме бастады. – Иә, бізді өте маңызды кезең күтіп тұр. Елдегі өзгерістерді көріп тұрсыңдар, ендігі барлау қызметі де «қазақ әлпетті», тәуелсіз іс-әрекет жасай алатын, бұрынғыдан мүлдем ерекше бір құрылым болуы қажет, – деп Бек пікір қосты. – Кеңес үкіметі кезінде қазақстандық барлау қаһарлы да қатігез, атышулы КГБ құрамында болып, өзі ештеңе шешпейтін. Әскери дәреже, қызмет сатысы, кадр мәселелері түгелімен Мәскеу құзырында. Барлау түгелімен сол орталықтың қолында болды, – деп Болат эмоциясын жасыра алмай сөйледі. Ерлан, Виктор мен Серік айтылған пікірлерді құптап, өз пікірін білдіруге асықпады. Академия жатақханасының кішкентай бөлмесіне жиналған оншақты адам, үстел үстінде құр картоп пен нан қалдықтары және жартылай шәйі бар қырлы стакандар. Егер осы сәтті қолының аздаған ебі бар суретші бояумен көрсетсе, «курсанттық өмір» натюрморты дүниеге келер еді. Биіктен қарап, шешім шығаратын генералдардың отырысы болмаса да, алда не сынақ күтіп тұрғанын білмейтін, көңілі өрекпіген жастардың, алабұртқан жастықтың максимализмі бұрқырап тұрған кезеңнің әдемі көрінісі туар еді. Гарвард университеті жыл сайын өткен жылдың «түйінді сөзін», яғни сол кезеңнің жиі қолданған цитаталарын жариялап тұрады. Дағдарыс келген тоқсаныншы жылдардың осындай сөздері – «Кеңестің тарауы, экономика тоқырауы, егемен республикалар» болды. «Бақуаттылар», «рэкет» деген сөздердің пайда болған тұсы. Кезінде сыйлы және престиж саналатын үкімет қызметі қадірін жоғалта бастады. Жұрттың «Менің туысым не болмаса танысым рэкетир» деп мақтана бастаған кезі. Елдегі арнайы қызмет органдары қатты сынға ұшырап, керек десе құрылымның қажеттілігі бар ма, жоқ па деген мағынадағы әңгімелер туа бастады. Кешегі курсанттар, ендігі барлау қызметкерлерін өздері қаласа да, қаламаса да өмір әр тарапқа лақтырып жіберді. Бек пен Болат сол кездегі астана болған Алматыдағы КГБ-нің бір басқармасына, енді бір топ курсанттар облыстарға, Виктор мен Серік тіпті жырақтағы аудандарға қызметке жіберілді.

* * *

Академияда қанша қызметкер білім алса, сонша тағдырды кезіктіруге болады. Бек пен Болаттың қатарында қазақстандық жігіттермен бірге ресейліктер, украиналықтар, қырғыз бен тәжік курсанттары да оқыды. Сабақ берген ресейлік барлаушымұғалімдер кейде шәкірттерге әзілдеп «барлаушылық қызметте ар-ұятты ұмыту керек. Ол ұятын Иса Мәсіх сияқты, халық үшін айқышқа шегелеп, құрбан ету керек» дейтін. Расында, барлаушы – ешкімге ұқсамайтын ерекше мамандық. Еш әсірелеусіз, шындығы сол. Кеңес кезіндегі барлау қызметі тарихында небір «бағасына келіссе, құдайды да сатып жіберетін қызметкерлер» болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Осындай мектептен өткен Болат компания жұмысындағы алғашқы әрі ірі сынақты сәтті тапсырды. Кеңес одағының ыдырауы бір кездері жарты нанды бөліп жеген курсанттар арасын алыстата алмаған еді. Сол кездегі курсанттар, бүгінгі мәскеулік әріптестері хакермен байланысты істі шешуге қатты ықпал етті. Адамдар арасындағы достық, сенімнің сынға түскен сәттері осы тұс. Сол жылы қарым-қатынас арасында ресми қызмет бабын айналып та өтті. Ақыр соңында Ресей полициясы шекара асып кеткен Панкинді қолға түсіріп, Қазақстанға табыстады. Жұртты біраз дүрліктірген «Хакер оқиғасы» осылайша сәтті аяқталған. Ал Болат бұл операцияның ұйымдастырушы және ресми органдармен үйлестірушісі ретінде Бектің көңілінен әбден шықты. Банктің акционерлері мен басшылығы болса, «Қылмыстың ашылуы – тәжірибелі мамандар мен компанияның осы мәселеге деп бөлген қаржысының арқасы» деп тұжырым жасаған. Тіпті, әккі Бектің өзі оны «сәттілік» деп бағалаған да қойған. Ал біраз уақыт өткеннен кейін бұл шулы оқиға да ұмытылып, күнделікті пендеуи тіршіліктің тасасында қалғандай еді. Бірақ бұл мәселенің шын келбеті ел ойлағаннан басқаша екенін, оның келешекте басқа қырынан көрінетінін сол кезде ешкім болжаған жоқ. Бұл – Бектің маман ретіндегі алғашқы қателігі болды. Ал оны түсіну уақыт құзырында еді. Бектің жанына жұмысқа кіргелі Болатта өзгеріс көп. Дос-жарандары көбейді. Әсіресе, жергілікті қауіпсіздік комитетінде қызмет атқаратын ескі досы Сабырдың келуі жиілеп кетті.

«Жаңа қызмет бағамды өсірді-ау» деген Болат араласпай кеткен таныстарының өзін қайта іздей бастағанына таңданған да қойған. Айлығы қомақты, жұмысы беделді болған сайын көңілі де орнына түсіп, достары мен туыстары арасында «Бөкеге» айналды. Бұрынғы әдетіне қайта басып, Бекке білдірмей, арасында ішімдікті де ұрттап қояды.

* * *

Үлкен қалада, әсіресе, Алматыда уақыт тез өтеді. Күнделікті күйбең тіршіліктің керуені бір сарында көшіп жатты. Біртүрлі самарқау, тыныш. Осы ырғаққа ілесіп алды ма, әлде қызметте қол жеткен табыстардың буы ма, әйтеуір, Бек өзі ұстанатын «қауіпсіздік – нәтиже емес, процесс» деген принципті ұмыта бастаған. Ол жұмыс істейтін компания Қиыр Шығыстағы бір мемлекеттің атағынан ат үркетін ірі қаржы құрылымымен қомақты инвестиция құю туралы келіссөздер жүргізіп жатқан еді. Көпшілікке жарияланбаған, әзірге құпия жобаны білетін адамдар да санаулы болатын. Атышулы хакер хикаясынан кейін Бек Болатты бұрынғыдан жақын тұтып, білікті маман ретінде осы келіссөздің кейбір тұстары туралы ақылдасып та жүрді. Бұл кезде Болат пен Сабырдың арасы бұрынғыдан да жақындай түскен. Екеуара әңгімені сырттан естіген адам болса, осындай кездесулерде қауіпсіздік қызметі офицерінің өзі жайлы сыр шашпайтынын байқар еді. Керісінше, Болаттан суыртпақтап әңгіме сұрайды. Бір жолы: – Бөке, осы мен Бек екеуіңнің достықтарыңа сүйсіне қараймын. Бірге оқыдыңдар, қызмет жасадыңдар, қанша жыл өтсе де, қарым-қатынастарыңа сызат түспей, жалғасып жатыр. Бірақ көңіліңе келмесін, Бек қызметті бизнеске айырбастап, енді мемлекет мүдделерін елемейтін сияқты. Солай ма? – Оны түсінем, мен де үкіметке қапалымын. Адал қызмет етіп, шын патриот болсақ та, бізді керек қылмады, – деп Болат аңқылдап, ойын ашық айтты. Қарсы барлау қызметінің әккі қасқырына айналған Сабыр мұндай әңгімелерді әдетте Болат қызып қалған кезде бастайтын. Басқа тақырыпқа ауысып кетсе, айналдырып әкеліп, бұлталаққа салып, байқатпай тағы сұрайды. Қазір Бектің жұмысы қалай? Компания қандай жобалар жасап жатыр? Әр жолыққан сәтте осы сұрақтар міндетті түрде қойылып, оған жауап ретінде құпия, құпия емес ақпараттар ағыл-тегіл айтылып жатты. Бектің қатаң ескертуіне қарамастан, Қиыр Шығыстағы компаниямен арадағы жоба да жария болды. Бұл ақпараттың бәрі олардың бәсекелес компаниясына таптырмас олжа еді. Сабыр болса, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қызметінен шығып, сол жерге кеңесші болып орналасуды мақсат етіп жүрген. Болат, әрине, бұдан хабарсыз болатын. Бектің Сабырды жақтырмайтынын білетін ол екеуара кездесулер жайлы да тіс жармады. Сол кезден бастап компанияның акционерлер кеңесінен де маза кетті. Кім сатқын? Ақпарат қалай, қайдан шықты? Осы сұрақтар жандарын жегідей жеген кеңес мүшелері Мағзұм мен Станислав Бекке хабарласып, дәмханаға кездесуге шақырды. Мәймөңкелемей бірден іске көшті. – Қиыр Шығыстағы жобамыз туралы бәсекелесіміз біліп қойыпты. Онымен қоймай, олар біздің биржада ашық сатылымда тұрған акциямыздың бір бөлігін сатып алғанын жариялады, – деді Мағзум Бекке сынай қарап. Байқатқысы келмеуге тырысқанымен, жүзінен реніштің табы сезілетіндей. Бірақ кімге, не үшін? Ол да әзірге белгісіз. Шынында да, бұл жолғы қателіктің құны тым жоғары еді. Бәсекелес компания қолындағы акцияларды қомақты сомаға қайта сататынын немесе инвестормен келіссөздерді бірге жүргізетінін айтып, бопсалап отыр. Кездесу соңында акционерлер Бекке тығырықтан шығу жолын қарастыруды және құпия ақпараттың кімнен, қалай шыққанын анықтауды тапсырды.

* * *

Бектің шырғалаң оқиғалар мен ақпараттардың шырмауында қалғанда істейтін ісі – үш күн қонақ үйде қамалып, «ребус» шешу. Барлауда жүргенде сүйекке сіңген әдет. Бұл жолы да сөйтті. Өзімен-өзі арпалысып жатыр. «Кім сатқын? Акционерлер ашық айтпаса да, күдік алдымен маған түсіп тұр. Басқа кім біледі? Барлаудан біреу ме?

…Мүмкін емес. Өйткені, инвестиция әкелуде құрылымның басқа мемлекет органдарына көмектесу жұмысы ерекше орында және ақпарат мұқият сақталады. Бекті бұл қаржы мекемесіне кезінде жасырын кіргізген де өздері. Әрі оны Акционерлер кеңесінің төрағасы Мағзум ғана біледі. Анталаған ойлардан басы шыр айналып кетті. Негізінде, нағыз маман барлаушы болу үшін, алдымен жақсы қарсы барлаушы болу абзал! – Алло, 13-нөмірге шарап пен жеңіл тамақ алып келіңіздерші, – деді де ребус шешуін жалғастырып кеткен. Бірақ жағалауды қайыра соға беретін асау толқындардай ойлары да байыз таппады. «…Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып… «Осы әннің ойға түсе беретіні несі екен?.. «Өткенді ойға оралту – өміріңді сол уақытқа ұзарту» деген француздардың әдемі бір сөзі бар. Есіне қызмет ауыстырған кезі түсті. Каирден Стамбулға жолға шыққан Бек институтта бірге оқыған Мағзұммен жолығатынын алдын ала білген. Бірақ оның Барлау комитеті басшыларының бірі Сәрсенмен таныс екенінен мүлдем хабарсыз болатын. Кездесу нағыз театр қойылымына айналды. Олардың қызметтес екенін білмейтін Мағзұм Бек пен Сәрсенді таныстырып, қызық болған. Екеуі де сыр білдірмей, рөлдерін сәтті ойнап шықты. Осы кездесуде Бекке барлаудан бизнес құрылымына «ауысу» туралы ұсыныс жақауратып айтылған болатын. Не керек, жарты жыл өтпей, Бек Мағзұмның компаниясының атқарушы директоры болып шыға келді. Бұйрықтың аты бұйрық! Сол кезде Сәрсен Мағзұм үшін «Президент аппаратының қызметкері» болатын. – Бұл кімнің ойыны? Мағзұмның ба әлде барлаудың ба? Тағы да тығырық. Бектің ойы тағы сан-саққа жүгірді. Кім сатқын? Тоқта, Болат ше? Әйелі, автокөлігі жоқ, ішімдікке төтеп беруі қиын. «Өзіңді бәріне сенетіндей көрсет, бірақ ешкімге сенбе» дегендей, Болатқа шынымды айтқаныммен, сырымды шашқан емеспін. Тоқта… Ол барлаудың маманы ғой әрі басқа директорлар арасында беделі де бар. Бірақ оған бұл ақпараттың қажеті не? Экономист емес, бұл салада таныстары да жоқ. Кім біледі? Гәп бұдан да тереңде. Дегенмен Болатпен сөйлесу керек. Тағатсызданған Бек ертеңгі күнді күтпей, Болатқа хабарласып, қонақүйге келуін сұрады. – Саған не болған, жай ма? – деп Болат кіре сала түнеріп отырған Бекке қарады. Ескі досының «ребусты» қандай жағдайда шешетінін білетін ол тіксініп қалған. Суыт әңгіменің салмағын сезді ме, мөлдіреп тұрған қымбат ішімдіктен де бас тартты. Беймаза күйде тұрған Бектің де әңгімені созып тұруға зауқы жоқ еді, жағдайды қысқа баяндап өтті де: «Сырды сыртқа шашқан сен бе?» – деп сұрақты төтесінен қойды. Болат та іркілген жоқ. Басында «Сабыр жайлы айтсам ба, жоқ па» деп кібіртіктеп қалған еді, соңында Бекке бар шындықты жайып салды. Әлі есінде, сол күні Сабыр инвестор жайлы ақпаратты алдын ала білетін адамдай тақырыпты бірінші боп бастаған! Бұл да еш күдіксіз білетінін айтты. Ол аз болғандай, Сабырды компанияның Қаржы департаменті директорымен өзі таныстырған болатын. «Қап, ақымақ басым-ай… Әшейінде сақ едім, торға қалай түсіп қалғанымды сезбей қалдым», – деді күйініп. Өшін кімнен аларын білмеген күйі Болат есікті тарс жауып, бөлмеден шығып кетті. «…Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып»… Миға тайм-аут. Ойына өлең жолдары оралды: «Досым, саған сенемін, сеніп өтем! Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп, Сенін орның құлазып, бос тұрғанда». Қайран Мұқағали…

* * *

Үшінші күні Бектің мазасы қашып, көкейіндегі сан сауалдың шешімін таба алмай әуреге түсті. Бірақ іштей «пенде асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпейтінін» ешқашан ұмытпайтын ол, өзінің Жаратқанға ниеті түзу екеніне титтей де күмәні жоқ еді. «Мен бұл мәселеге тек бір тұрғыда ғана қарап отырмын. Жауыңды жаныңнан таппасаң, алысқа көз сал. Бұл саған окопта жатып атысатын соғыс емес, жақыннан демекші, Сәрсен ше? Ол – өте ақылды, тапқыр «ойыншы», мекеме басшысының оң қолы. Оған күмән келтіру өзіңе ор қазумен тең. Дегенмен, ол бұл жағдайды білер ме екен? Бек не болса да тамырын басып көрмек болып, Сәрсенмен жолығуға шешім қабылдады. Телефон соғып, оны шұғыл кездесуге шақырды. Сәрсен – өте тәжірибелі, мінезі тұйық, орта бойлы, қасқа бас адам. Бектен 5 жастай үлкендігі бар, амбициясы алыстан айқайлап тұрған басшы. Оны Бек әу бастан іштей ұнатпаған. Ішкі сезімі алдамады, қызмет барысында оның кекшіл және адамгершілігі шамалы екеніне сан мәрте көзі жетті де… Кездесу салқын әрі қысқа болды. – Менің қолымдағы нақты жедел ақпаратқа сүйенсек, Қиыр Шығыс компаниясының бізге құймақ болған инвестициясы жайлы бәсекелестеріміз біліп қойыпты, – деп Бек әңгімені бастап кетті. – Ал бұл біздің құпия операциямызға зиян келтіруі мүмкін, – деп Сәрсеннің реакциясын өткізіп алмайын дегендей, оған көз алмай қарады.    – Ақпарат қалайша сыртқа шығып кеткен? Бек, сіз босаңсығансыз ба әлде арамызда сатқын бар ма? Ол кім? – деді бастық екенін білдіргендей қатаң дауыспен. – Сізге осы апта ішінде жедел тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ал біз не істеуге болатынын ойланып көрейік, – деп, Сәрсен қысқа қайырып, бөлмеден шығып кетті. Әзірге күдікті тек Болат. Сонда досымды өзім сатқандай болам ба? Басқа кім?… Бек әбден күйзеліске түсті. Сәрсеннің осал адам еместігін біледі. Бір кездері Әмір деген курстас жігіт осы Сәрсенге қарсы сөйлеймін деп қызметтен қуылған еді. Жай ғана кетірмей, қудалап, басқа да мемлекеттік құрылымдарға жұмысқа кіруіне кедергі жасаған. Сөйтіп, барлау қызметінің білімді әрі тәжірибелі маманы нәпақа табу үшін біраз уақыт такси жүргізушісі де болды. Бірақ әділдік түбі жеңеді емес пе? Бұрынғы әккі барлаушы Әмір қайсарлығы мен білімділігінің арқасында қазір Қазақстан елшілігінде «таза» дипломат қызметін атқаруда. Кездесуден соң екі күннен кейін Бекке аяқ астынан «Барлау қызметіненмін, Сәрсеннің атынан хабарласып тұрмын» деп, бір жас жігіт қоңырау шалып, кездесуге шақырды. Құпия ақпарат ала келіпті. Қарсы барлау қызметінің ақпаратына қарағанда, Қиыр Шығыс компаниясының өкілі бейресми түрде Қазақстанда болып, бірнеше қаржы компаниясының басшыларымен кездесу өткізіпті. Яғни, бұл істе сатқын жоқ! Бұл – осындай маңызды шаруаны уысынан шығарып алған Сәрсеннің жіберген кемшілігі. «Сәрсен жүздесуге ұялып, кездесуге өзі емес, көмекшісін жібергені де сондықтан шығар…». Өз ойынан Бектің өзі мырс ете қалды. Ең бастысы, ұзақ уақыттан бері жанын жегідей жеген ой мен күдіктен арылды-ау… Жастық шақтан келе жатқан жақын досы Болаттың сатқындық жасамағанына көзі жетіп, «уһ» деген… Арада біраз уақыт өткен соң тағы біраз жұмбақтың жауабы шешілгендей болған. Бұл – Қиыр шығыстық компания мен сол елдің арнаулы қызметінің бірлескен жобасы екен. Неге болмасын, әр елдің барлау күштері өз елінің ірі бизнес құрылымдарының мүддесін шет мемлекеттерде қорғап жүреді. Олар Бектің компаниясымен ғана емес, басқа да бәсекелестерімен кездесу өткізіпті. Осылайша инвестиция құю жайлы ұсыныс құпия түрде бірнеше компанияға қатар берілген. Осы әрекет – бәсекелес компаниялардан бір-бірі туралы ақпарат алуда барлау қызметінің ең тиімді әдісі. Бұл – әзірге қатардағы барлаушының тұжырымы. Ал ақиқатты тек архивтер ғана ашып береді…

* * *

Құрметті оқырман, барлаушының негізгі құралы – құпия. Сіздерге ермек болсын деп шифрлау арқылы жауабы табылатын жұмбақ жіберіп отырмын. Дұрыс шешсеңіз, барлаушы туралы әзілге толы құпияны оқи аласыз.

3 1 23 16 1 26 34 37 – 12 18 25 8 16 16 8 14 25 26 1 16 7 37 2 23 25 38 24, 18 8 17 8 24 8   2 23 25 38 24 – 12 18 25 8 16 16 8 14 25 26 1 16.

Бахытжан ТАСТАНБЕКОВ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...