12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БАНК ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ҚАШАН ЖАҚСАРАДЫ?

Жаһандық ықпалдастық кезінде ешкім өз өмірін ақшасыз елестете алмайтын жағдайға жетті. Қазір әрбір адамның күнделікті тұтынатын тауары мен пайдаланатын қызметінің бәрі ақылы. Осыған байланысты ауылда да, қалада да төлемнің бәрі тек ақшамен жасалады. Ақшаның құн өлшемі және жинақ, айналым, төлем қаражаттары ретіндегі негізгі 4 қызметі де кеңінен қолданыс табуда. Сондықтан ақша айналысын реттеудегі банк қызметі де үздіксіз дамып, жаңа қаржы құралдарымен толығып жатыр. Орталық, коммерциялық және мамандандырылған банктердің қызметі мен өнімін тұтынушылар саны күн өткен сайын өспесе, кемитін түрі жоқ. Сонымен бірге банктер мен өзге де қаржы ұйымдарының қызметіне
қатысты сыни пікірлер де көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Бұл, әсіресе халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен шағын және орта бизнес өкілдері арасында басым. Олар көп жағдайда ұсынған өнімдері мен көрсететін қызметіне байланысты талаптарына, түрлі алымдарының мөлшерлемесіне және депозиттік, ипотекалық, несиелік пайыздарының жоғарылығына байланысты қанаушы ретінде сипаттайды. Сондай-ақ бұл қызметті реттейтін орталық банк пен өзге де құзырлы органдарды солардың сойылын соғып, қолдап-қолпаштаушы ретінде атайды. Мұндайға наразы топтың митингке шығып, оның арты төңкеріске дейін ұласып жатқан жағдайлар әлемде аз емес. Тіпті соңғы жылдары Қазақстанда да халықтың банктердің алдындағы несиелік қарызын кешіруге қатысты үндеу жариялап, митинг ұйымдастыруға шақырушылар пайда бола бастады.

Елемеген бұтақ көз шығарады
Халықаралық және әлемдік қаржы институттары мамандары тарапынан әрдайым жоғары баға алып, Орталық Азия ғана емес ТМД елдері аумағында көшбасшылар санатында аталатын Қазақстаның қаржы және банк жүйелері үшін 2007 жылдың екінші жартысында басталған әлемдік дағдарыс үлкен сынақ болды. Бұған дейін қолданыстағы заңнаманы ең либералды, банк пен қаржы жүйесінің экономиканың дамуына қосып жатқан үлесі жоғары, халықтың оларға деген сенімі де жыл өткен сайын өсіп келе жатыр деп БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жұртшылықты соған сендіріп келген құзырлы орган басшылары ғана емес, Мемлекет басшысы да алдымен «жүйе құраушы банктерді қолдау» артынан, «қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту» дегенді жиі айтатын болды. Сол себепті ҚР Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №923 Жарлығымен қабылданып, 2014 жылғы 8 қыркүйектегі
№905 Жарлығымен күшін жойған «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы» мен 2014 жылғы 27 мамырдағы №545 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бойынша бюджет пен ұлттық қордан қомақты қаржы да бөліне бастады. Тұжырымдамада 2020 жылға қарай банктердің активтері мұнай емес ЖІӨ-нің кемінде 80%, несие қоржыны – мұнай емес ЖІӨ-нің кемінде 60 % құрайды. Бұл олардың экономиканы, әсіресе мемлекеттік даму бағдарламаларында  қаржыландыруға қатысуын кеңейтеді деп болжанды. Ол шетел банктерінің қазақстандық нарыққа көлемді өктемдік саясатын шектеу, отандық қаржылық жүйені сақтау және отандық банктерге шетелдің қаржы институттарының кіруін толық ырықтандырудан отандық банктердің шығындарын төмендету үшін барынша аз қажеттілік ретінде бағаланды. Алайда заңнамадағы өзгерістер де, халықтың белгілі бір топтарының екінші деңгейлі банктердегі несиелік жүктемесін жеңілдету үшін бөлінген қаражат билік үшін де, халық үшін де күткен нәтиже берген жоқ. Банктер мен өзге қаржы ұйымдарынан жеке тұлғалардың тұтыну мақсатында алынған несиелік қарызы одан ары ұлғая түсті. Банктерден ипотека мен тұрғын үйге қатысты және жеке бизнес ашу мен оны кеңейтуге алынған қаржыны былай қойғанда, халықтың микроқаржы ұйымдарындағы берешегінің өзі 400 млрд теңгеге жуықтапты. Бұл әрбір қазақстандыққа шаққанда 470 мыңнан асып жығылады. Сондықтан да жеке және заңды тұлғалар арасында банк пен өзге де қаржы ұйымдарына қарызы бойынша сотта қаралған істердің де саны ұлғайып, сот шешіміне шағымданушылардың қатары азаяр түрі көрінбейді. Жығылғанға жұдырық дегендей соңғы жылдары халықтың құқықтық сауатының төмендігін пайдаланып, түрлі қаржы пирамидаларын құрып, сан соқтырып жатқандар да аз емес. «Салған қаржың инвестиция ретінде жұмсалатындықтан бірнеше айдың ішінде ешбір банкте жоқ жоғары өсіммен қайтарып алуыңа болады екен» деген әңгімеге сеніп, өзі ғана емес туған-туыс, дос-жаранды да алаяқтардың арбауына түсірушілерге қозғалатын қылмыстық істер мен шығарылған сот үкімінің көбеюі де оған кедергі бола алмауда. Дағдарыс пен пандемияға байланысты жағдайлардан кейін тапқаны ішіп-жемінен артылмайтын болғандықтан бір теңгесін қалай екі теңге етіп, қарызымнан құтылам деп күні-түні басы қатып жүрген адамға жарнамасы жер жаратын қаржы алаяқтардың әлеуметтік желілердегі жазбасы ғана емес, анау 100 мың салып, 200 мың етіп қайтарып алыпты деген секілді алыпқашты әңгімесі еріксіз елеңдетіп отыр. Өйткені оларда тығырықтан шығар басқа жол жоқ.

Ақша-несие саясатында өзгеріс болады
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Ақша-несие саясатын қайта қараған жөн. Ақша-несие саясатының ынталандырушылық рөлін де күшейту қажет. Қаржы секторындағы тағы бір жағымсыз фактор – тұтыну сегменті мен бизнеске несие беру ісіндегі теңгерімсіздік. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдау керек. Біз ақша-несие саясатына деген сенімді арттыруға тиіспіз. Сол себепті Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылдадым»,– деді. Бұдан бөлек Ұлттық банктің көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін жүзеге асырып жатқан арнаулы бағдарламасын жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырды. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болды. Яғни мемлекет қаржылық қиындықта қалған барлық жеке және заңды тұлғалардың мәселесін біледі және оны шешуге талпыныс жасап, қосымша қомақты қаржы да қарастырып жатыр. «Ештен кеш жақсы» дегенмен қаржынесие саясатындағы бұл жаңа өзгеріс қаншалықты нәтижелі болатынын әзірге ешкім білмейді. Ал болашаққа қатысты мұндай белгісіздік көңілге түрлі ой салары да күмәнсіз. Сондықтан экономикалық және пандемиялық дағдарыс қаржы саясатының тұжырымдамасын қайта қарауды талап ететіні анық.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Укрепление экономической интеграции

Казахстан и Кыргызстан намерены вывести двустороннее сотрудничество на качественно...

Дорожная карта индустриализации

В прошлом году в Казахстане был принят Национальный проект...

Семь раз отмерь…

Как известно, Казахстан намерен построить атомную электростанцию, об этом...

Смаилов поручил ТЭЦ провести внеплановые проверки

Премьер-министр Алихан Смаилов поручил провести внеплановые проверки тепловых электростанций, передает...

Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды, -...