12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бандалық топтың ақыры

Заман ағысы күрт өзгерген, ала­сапыран уақыт. Бірақ та, сол жылдың жазы жайлы болашақтан үміт берген­дей жадыраңқы еді…
1994 жылдың тамызында полиция капитаны Бақытбек Жаманбаев Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бас басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасында аса маңызды істер бойынша тергеуші болып қызмет етіп жүрген. Бұл Кеңес үкіметі ыдырар алдында, 1991 жылы аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтардың қаптап пайда бола бастауына байланысты құрылған арнайы, халық ішінде «6-бөлім» деген лақап атпен әйгілі болған қызмет еді.

Арыз

Басқармаға Шемонайха ауданынан жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Петров, Батуев деген азаматтар Семей қаласының бандылар тобы жарты жылдан бері өздеріне, отбасы мүше­леріне қоқан-лоққы жасап, авто­көлік­терін, дүние-мүліктерін тартып алып, енді 30 мың доллар талап етіп отырғаны жайлы арызданды. Арызды қарау Бақытбекке тапсырылып, арнайы тергеу-оперативтік тобы құрылды.
Капитан Қадыр Бекбау екеуі арыз­данушыларды мұқият тыңдап, қоқан-лоққы көрсетушілердің қауіпті топ екенін анықтады. Қылмыстық топ бас­шысы Семей облыстық ішкі істер бас­қар­масының арнайы бөлімі қыз­мет­керлерін қоян-қолтық ұрыс бойын­ша жаттықтыратын жекпе-жек­тің маманы болып шықты. Оның қалаға кіреберістегі кезекшілік ететін ішкі істер органдарының мемлекеттік авто­инспекция қызметкерлерімен де бай­ланыста екені анықталды.
Олардың кезекті «жарлығы» бо­йынша жәбірленушілер ақшаны Семей қаласына әкеліп берулері тиіс. Бұл топтың қылмыстық әрекет үстінде ұсталмау тәсілдерін де мұқият қарастырып қой­ғаны белгілі болды. Семейге таяғанда телефон-таксофон арқылы қалаға кіргендерін, қандай автокөлікте, қай жерде тұр­ғандарын айтуы қажет екен. Сол жерде топ мүшелерінің біреуі бұларға рация әкеліп беріп, оны қалай қолдануды түсіндіріп, кетіп қалмақ. Ары қарай бұйрық рация арқылы беріледі. Осындай тәптіштеулерге қарағанда, бұлар сақшы қызметінің әдіс-тәсілдерінен жақсы хабардар, өте айлакер топ.
Топ мүшелерінің шұғыл байланыс құралы саналатын портативтік рация­лармен жабдықталуы да жағдайды қиындатады. Біреуі бұлар жағынан сезікті қимыл байқап, топтың қалған мүшелеріне жедел хабарлап үлгерсе, операция аяқсыз қалмақ. Сондықтан, алдын ала жоспар құрылды.

Жоспар

Жоспар бойынша жәбірленушілер қылмыстық топқа ақшаны жинап бол­ғанын айтып телефон соқты. Қыл­мыс­керлер келесі күні сағат 11-де Семей қаласына белгілі бір жерге келуін талап етті. Операцияға мұқият дайындалған оперативтік топ тыңдау-жазу техникалық құрал-жабдықтарын алып, қаруланып, екі көлікпен түс ауа Семейге шықты. Қалаға 20-30 шақырым қалған кезде жәбірленушілерді көліктердің артқы жүк тасымалдау бөлігіне тықты. Бақытбекпен бірге Бекбау және Исханов бірге келе жатыр. Топтың қалған тобы артқы көлікте.
Ол кезде Семейде ұйымдасқан қылмыстық топтар көптеп шығып, «Жоламан тобының» атағы республикаға әйгілі болып тұрған кез. Семейге кіріп, Жоламан кентін жанай, «Ет комбинаты» маңындағы жеке үйлердің іргесіндегі көшелерді шолып өтіп бара жатқан кезде, Бақытбек көлік айнасынан арттарында «құйрық» пайда болғанын байқады. «ВАЗ 2109» көліктеріне мінген қазақтың жас жігіттері көпірге жетпей, «Турист» қонақ үйінің маңында орталарына кіріп, екінші көлікті алды-артынан қысып тоқтатты.
Қазақтың мығым денелі бес-алты жас жігіті көліктерінен түсіп, «Аудиге» жақындады. Әдемі шетел көлігіне көздері түскені, тартып алмақ ниеттері ап-анық білінді. «Аудидің» рөлінде алдын ала жасалған көз алдау жоспары бойынша мұрны сорайып, түрі балтық-жағалаулықтарға келетін әріптес В.Рейзвых отыр, оның жанына Ғ.Тоқтаубаев жайғасқан, орталарында қысқартылған «АКСУ» автоматы. Мақсат – осы инциденттен милиция қыз­мет­керлері екендіктерін білдіртпей, ертеңге жоспарланған операцияға кедергі келтірмей, таза шығу. Соның жолдарын іздеп, Бекбау, Исханов үшеуі кері бұрылып келе жатып тез ақылдасқан кезде, Исханов Жоламан кентінде қасақана кісі өлтіргені үшін ұзақ жыл отырып келген, Семей қылмыс әлемінде беделді Әжігерей есімді құдасы тұратынын айтып, соның атын пайдаланатын болып шешті. Жігіттерге жақындап келіп тоқтап, көліктен шығып, жөн сұрасты.
Рейзвых автоматқа сеніп дөрекі жауап беріп, жоспарды бұзып жібере жаздады. Көлікті қыспаққа алып тоқ­татқан топ жігіттері күш көрсетуге оңтайлана бастаған. Бақытбек жағдайды ушықтырмау үшін Рейзвых қана сезетін ишаратпен, оны момақан қалыпқа түсірді.
Бұлар өздерін көз қызықтырған әдемі «Аудиді» жол үстінде көлік тасымалдаушылардан тартып алған, Өскемен өңіріне белгілі қылмыстық топтың мүшелері ретінде таныстырды. Әжігерейді «білетіндері» сеп болды, жігіттерден мекен-жайын сұрап еді, сеніңкіремей, тексергілері келіп, өздері­нің артынан еруді сұрады. «Іздеген» адамның үйі Жоламандағы қосқабатты сұр түсті, биік қорғанды жеке коттедж болып шықты. Ол жылдары бұндай еңселі үйлер екінің біріне бұйыра бермейтін.
Бастап келген семейлік қылмыс­тық топ қорған сыртында үйді нұсқап жіберіп, бұлардың іс-әрекетін бақылап тұр. Бақытбек алға түсіп аулаға кірді. Әжігерей аулада жүр екен, Бақытбек екеуі қазақтың салтымен дауыстарын шығарыса, төс қағыстыра амандасып, хал-жай сұрасты. Содан кейін ғана ауланың сыртында қалған торуылдаушы топ көліктерін кері бұрды.
Сүт пісірім мезгілден соң, үй иесіне басқа сылтау айтқан топ дастарханнан ауыз тиіп, шығып кетті. Тағы да жоспар бойынша кездесу болады-ау деп жорамалдаған көшелермен танысып алуға кіріскен кезде, бағанағы жігіттердің тағы да соңдарына түскені байқалды. Сондықтан көпірдің арғы бетіне, Ертістің оң жағалауына өтіп, торуылшылардың қалып қойғанына көздері әбден жет­кеннен кейін ғана, Семейдегі «6-бөлім» ғимаратының ауласына кіріп тоқтады.
Бөлімнің сол кездегі басшысы, полиция полковнигі Төлеубек Рыспаев қызмет орнына ерте, сағат сегіз болмай келді. Жаманбаев пен Бекбау екеуі кіріп, өздерін таныстырып, іссапар мақсатын баяндады. Қылмыстық топ мүшелерін қылмыс жасау үстінде ұстау бойынша жоспарлы операцияны өткізуге көмекке қызметкерлерін қосып берсе деген өтініштерін айтты. Рыспаев басқарманың ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің офицерлері, оперативтік қызметкерлер Дүйсенбек Байдалин мен Өмір Тай­масовты қосып берді.
Жоспар пысықталған соң арнайы жасырын қызмет операция болатын жерді және кездесуге баратын жәбірленуші отырған көлікті бақылауға алды. Қыл­мыстық топтың сезігін тудырмау үшін Петров пен Батуевты кездесуге Рейзвых жеткізіп, күтіп тұрды.

Қатер

Келісілген жерге жеткен жәбір­ленушілерге ВАЗ-2108 көлігімен бей­таныс жігіттер келіп, қолдарына рация ұстатып, қалай пайдалануды көрсе­тіп кетті. Ары қарай бұлар рация­мен, қылмыскерлердің нұсқауымен Титов көшесінің бойындағы зауыт тұсына барып тоқтады. Өскемендік оперативтік топ та семейлік әріптестерімен бірге жағдайды жасырын бақылап тұрды. Рейзвых оқиғаның тікелей ішінде жүре­тіндіктен, қауіп төнген жағдайда беретін белгілер де, оны құтқару шара­лары да алдын ала келісілген. Осы екі аралықта арнайы қызмет қылмыстық топ мүшелерінің кездесетін жерді торуылдап-тексеріп жүргенін хабарлады. Бұлар өз көліктерімен тоғыз қабатты үйдің ауласына тығылды да, торуылшылар кеткен соң, қайтадан жасырын бақылау­ларын жалғастырды.
Жәбірленушілердің таза келгенін тексеріп, күмәнді сейілткен соң, қыл­мыстық топ мүшелері «Ауди» көлігінің жанына батыл басып жақындады. Петров, Батуев, Рейзвых көліктерінен шықты. Екі топтың арасында әңгіме басталды. Бұның барлығын Рейзвых білдіртпей жазып отыр.
Жарты сағаттай уақыт өткен соң, үшеуі қайта «Ауди» көлігіне отырды да, кейін қайтты. Жоспар бойынша, талап етілген ақшаны әкелгендерін, бірақ, тағы тартып алмас үшін бір үйге тастап кеткендерін айтып және ол ақшаны берген соң топтың өздерін тонауды тоқтатуын шарттасу қажет болатын. Жасырын қызмет «Аудидің» артынан тағы алтын түсті «Жигулидің» түскенін ескертті. Бұлар «құйрықтың» қалғанын күтіп, рациямен хабарласып отырып, Полковник аралындағы қалың ағаштың ішінде тасада тұрған «Ауди» көлігінің жанына келді. Жігіттерден қылмыстық топ басшысының келмегенін, бірақ, «әңгіменің» жоспардағыдай өрбігенін және жазылғанын біліп, «ақшаның» орнына «Аудидің» жүк бөлігіне броне­жилет, каска киіп, автоматпен қаруланған аға лейтенант Тоқтаубаев Ғалымбекті жатқызды.
«Уағдаласқан» уақытта, сағат 13-те жәбірленушілер «Ауди» көлігімен «талап етілген ақшаны беру үшін» кездесетін орынға келді. Көшенің екі жағынан бұлар да өз көліктерімен тасаланып, «ақшаға» беттеген қылмыстық топ мүшелерін ұстау үшін атыла кетуге дайындалып тұрды. Жасырын қызмет топ мүшелері көшенің екінші жағындағы жер үйдің ауласынан шығып, көлікке беттегенін хабарлады.
Алды-арттарын тексере ме деп, тағы да жасырынып еді, олай болмады. Қылмыстық топ мүшелері Батуев пен Петровтың жанына келіп, қысқа ғана сөйлесіп, «ақшаны» алмақ болып, автокөліктің артқы жағына келіп, жүк салғышты ашқан кезде, ішінен өздеріне автомат кезеп каска мен броно­жилет киген Тоқтаубаев атып шығып: «Орындарыңнан қозғалмаңдар!» деп айғай салды. Бұндайды күтпеген қылмыстық топ абдырап тұрып қалған кезде, жасырын қызметтен жағдайдың мән-жайын біліп отырған Бекбаудың командасы көшенің қарама-қарсы екі жағынан бірнеше көлікпен сиренаны қосып, оперативтік топ мүшелері де атыла шықты. Қылмыскерлердің естерін жиғызбай, бұғаулау іс-қимылдары көз ілеспес шапшаңдықпен өтті.
Қылмыстық топтың төртеуін құрық­тағанымен, тағы үшеуі жоқ болып шықты. Біреуі аялдаманың ішіне тығылған екен, тығылып тұрған жерінен оны да ұстап, қолына кісен салды. Жасырын қызмет мүшелерінен тағы екеуінің жер үйде қалғанын естіп, ұсталғандарды Бекбау бас болып, 6-шы басқармаға алып кетті де, Жаманбаев, Исханов, Рейзвых жер үйге жүгірді. Аулаға екпінмен кіріп, үйдің сыртқы есігін ашқанда, бос қоя берген неміс овчаркасы «арс» етіп атылды. Жаманбаев бірінші келе жатқан, тапаншасы қолында, оқтаулы болғаны абырой болды, итке қарай атып үлгерді. Ішкі есікті ашып кіріп келсе, дәліздің жан-жағына тағы екі есік кетеді екен. Топтың қалған екі мүшесі де сол жақ бөлмеде тығылған жерлерінен ұсталды.
Басқармаға келгенде, Қадыр топ мүшелерінің жеке бастарын, мекенжай­ларын анықтау жұмыстарын жүргізіпті. Ішінара жасаған қылмыстарын мойын­дап, түсінік беріп отырғандары да бар. Топ басшысы Түзембаев жәбір­ленушіден тартып алған авто­көлі­гімен Қарағанды облысының Абай ауданына тойға кеткен. Кешке келу керек екенін де біліп, арнайы қызметке тапсырма да берілді. Топ мүше­лерінің тұратын мекенжайларына тінту жүргізіліп, отты, суық қарулар, рациялар, жәбірленушілерден тартып алынған заттар, жеке бастарының куәлік құжаттары тәркіленді.

«Батырға да
жан керек»

Кешке жақын арнайы қызметтен Түзембаевтың қалаға кіргені жайлы хабар алып, Жаманбаев, Бекбау, Исханов үшеуі жергілікті әріптестерімен оның мекенжайына аттанды.
Түзембаев үйіне әйелімен және кіш­кентай ұлымен кірді. Көпқабатты үйдің 5-қабаты екен. Жаманбаев пен Бекбау екеуі білдірмеуге тырысып, артынан көтеріліп, әйелі мен баласын пәтерге кіргізген кезде, кішкене кідіруін сыпайы өтінді. Түзембаев мығым денелі, кең иықты, ұзын бойлы жігіт екен. Бұларға сезіктеніп, жиырылып, суық кескін­мен қарады. Үшеуі тар дәлізде тұр. Қадыр қойнынан қызметтік куәлігін шығарып, көрсете беріп еді, көз ілеспес жылдамдықпен оны екі қолымен жағадан алып, қарсы қабырғаға жапсырды. Ары қарай не болары белгісіз еді, Бақытбек оның төбелес шебері екенін алдын ала білгендіктен дайын тұрған, сол сәтте оның жағасынан бір қолымен алып, екінші қолымен тапаншаны шекесіне тіреп, қарсылықты қысқартуын өктем талап етті. Топ басшысы ашу-ызадан дірілдеп барып басылды, бірақ, салқынқанды екен, өз-өзін жылдам қолына алды. Жаманбаев пен Бекбау оған қысқа ғана қылмыстық топтың басқа мүшелері қылмыс үстінде ұсталғанын, айғақ-дәлелдерді жеткілікті жинағандарын, сондықтан, қарсылық көрсетіп, бұлтарудың пайдасыз екенін жеткізіп, өзінің де ауыр қылмысқа сезікті ретінде ұсталғанын түсіндіріп, жәбірленушілерден тартып алған авто­көлік, магнитола, алтын бұйымдар, басқа да заттарды өз еркімен беруін талап етті. Түзембаев бұл шарттарға келісіп, енді бұлардан әйелі мен кішкентай баласын шошытпауды өтінді. Бұнысына келісіп, артық шусыз, көршілері кугерлер ретінде шақырылып, айтылған заттардың барлығы қылмыстық процессуалдық заңнамаға сәйкес, хаттамамен алынып, қылмыскер қолына кісен салынып, полицияға жеткізілді.
Семейдегі шұғыл тергеу іс-әрекет­терін бітірген соң, қылмыстық топ мүшелері тәркіленген көліктермен, семейлік әріптестердің көмегімен Өскеменге жеткізілді. Топ мүшелері жасаған қылмыстарының ауырлығына, қауіптілігіне байланысты сотқа дейін бұлтартпау шара ретінде тергеу абақ­тысында ұстауға прокурордан санкция алынды.
Тергеу барысында құрықталған қылмыстық топтың екі мүшесі – Макарчев пен Милентьев бұрын Ресейде адам тонаумен байланысты ауыр қылмыстары үшін сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында болғаны, босап шыққаннан кейін де Тольятти қаласында кісі өлтіріп, адамдарды тонау қылмыстары үшін жауапкершіліктен қашып,Ресей тергеу органдары ресми іздеу жариялаған аса қауіпті қылмыскерлер екені анықталды. Сондықтан, олар ұсталған кезде жасы­рын фамилия мен жалған құжаттар көрсеткен.
Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс айыптау қорытындысымен прокуратура арқылы сотқа жолданды. Заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық топ мүшелері әрқайсысының қылмыс­тық айыбының ауырлығына байла­нысты әртүрлі ұзақ мерзімдерге бас бостан­дықтарынан айырылып, қылмыстық мақсатта пайдаланған дүние-мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді. Жәбірленушілерге қылмыстық әрекет­термен келген шығын толығымен қай­тарылды.

Сайлау ТӨЛЕУОВ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...