12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Баланың тұрғылықты жерін айқындау мәселелері

         Кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерін айқындау – ата-аналар арасында дау туындаған кезде отбасылық құқықтағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі кезде жастары кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың некелері бұзылғаннан кейін, олар өзара балаларының тұрғылықты жеріне қатысты мәселені шеше алмай, сотқа жүгіну фактілері көбеюде. Ал мұндай жағдай туындағанда мемлекеттің басты мақсаты – баланың құқығын және заңды мүдделерін қорғау.

         Кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерін айқындау тәртібі Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі мен басқа да нормативтік құқықтық актілермен көзделген.

Сонымен, заң талаптарына сай, баладан бөлек тұратын ата-анасының ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша нысанда келiсiм жасауға құқылы. Егер ата-аналары келiсiмге келе алмаса – дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда дау осы органның және баланың ата-аналарының қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешедi.

Баланың тұрғылықты жерін анықтау немесе баланың тұрғылықты жерін өзгерту  туралы істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды.

Соттар балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды қараған кезде ең алдымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі қажет.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994-жылғы                       8-маусымдағы қаулысымен ратификацияланған «Бала құқықтары туралы» Конвенцияның 27-бабының 2-бөлігінде баланы тәрбиелеуші ата-ана өздерінің қабілеттері және қаржылық мүмкіндіктері шегінде баланың дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге негізгі жауапкершілікті алатыны көрсетілген.

Балаларға қатысты туындаған дауды судья дұрыс шешу үшін тараптардың дәлелдеуіне жататын мән-жайларды дұрыс айқындап, ата-аналардың не баланы тәрбиелеп отырған өзге адамдардың жеке қасиеттерін сипаттайтын мән-жайларға, сондай-ақ осы адамдардың баламен қалыптасқан өзара қарым-қатынасына ерекше назар аударады.

      Баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы істерді қарау барысында  жасы кәмелетке толмаған баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуы міндетті.

Балаларды тәрбиелеуге байланысты дауды шешу барысында соттар баланың жасы мен жетілуін ескере отырып, педагогтың және психологтың қатысуымен, мүдделі адамдардың балаға ықпал етуін болдырмайтын жағдайда жасы онға толған баланың пікірін тыңдайды.  Бұл ретте баланың пікірі оған ата-аналарының біреуінің немесе басқа да мүдделі адамдардың ықпалы салдарынан қалыптасқанын, оның осы пікірді білдіру кезінде өз мүдделерін сезінетінін және оның осы пікірді қалай негіздейтінін анықтау қажет.

Кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік-психологиялық жағдайын, ата-аналарына деген эмоционалды жақындықтары мен отбасылық жай-күйлерін анықтау мақсатында, істі қарау барысында психолог мамандарға баламен жұмыс жасауға сот тапсырмасы беріліп, психолог мамандардың қорытындысы судьямен шешім қабылдау барысында ескеріледі.

Баланың тұрғылықты жерін анықтау немесе өзгерту туралы талаптарды қарау барысында сот баланың ата-аналарының әрқайсысына, аға-iнiлерiне және апа-сiңлiлерiне үйірлігін, баланың жасын, ата-аналарының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, әрбір ата-анасы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, ата-аналардың баланың дамуы мен тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн, жұмыс режимін, олардың материалдық және отбасылық жағдайын ескере отырып шешім шығарады.

Сондай-ақ, сот бөлек тұратын ата-аналарының арасындағы кәмелетке толмағанның тұрғылықты жері туралы дауды шешу кезінде ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін негізге алып, баланың мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдауы қажет.

Мәселен, статистикаға с»кес, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне 2025 жылдың 11айында баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы 136 талап арыз түсіп, 16 іс бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеген.

Аталған санаттағы талап арыздарды қарау барысында сот жастары кәмелетке толмаған балалардың пікірлері мен мүдделерін ескере отырып, ата-ананың өзінің міндеттерін дұрыс орындамауы немесе құқықтарын теріс пайдалануы орын алған жағдайда, баланың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасалмаған жағдайда, ата-ана баласының мүддесіне қарсы әрекеттер жасаған жағдайда қойылған талапты қанағаттандырып, балалардың тұрғылықты жерін басқа ата-анасымен бірге анықтауы мүмкін.

Сондай-ақ тәжірибеде баласымен бірге тұратын ата-ана баласын басқа тұлғаларға тастап кетіп, өзінің міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда да баланың тұрғылықты жері өзгертіліп, басқа ата-анасына беретін жағдайдар да кездесіп жатады.

Қорытындылай келе, балаларды тәрбиелеуге байланысты даулар бойынша ата-аналар ең басты тұрғыда кәмелетке толмаған балалардың мүдделері мен құқықтарын, жас ерекшеліктерін, психологиялық жай-күйлерін, олардың дәл қазіргі жас кезеңінде өмір сүріп, қалыптасуларына ата-анасының қайсының көбірек қамқорлығы мен ықпалы қажеттілік тудыратынын назарға ала отырып, дауды бейбіт жолмен шешкендері дұрыс.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарина Қадырбекқызы Құттыбаева.

Баланы асырап алу тәртібі

«Бала - туғандікі емес, баққандыкі» деп босқа айтылмаған болар....

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілігі

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын-алу, өсуіне...

Балалармен кездесу тәртібін анықтау

Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан...

Сот саласындағы мұрағаттың маңызы мен рөлі

Сот саласының мұрағаты – құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызды құрылымдардың...

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның қауіпсіздігі мен дамуына төнген қатер

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің саяси, экономикалық және...