Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі жылдан-жылға дамып келеді. Ресми ақпараттарға сүйенсек, бүгінде өңірде емдеу-профилактикалық мекемелерінің жабдықтары түбегейлі жаңартылып, озық медициналық технологиялармен жабдықталған. Мысалы, былтыр аймақ халқының игілігі үшін 250-ден астам медициналық техника мен жабдықтар сатып алынса, соңғы төрт жылда сегіз жаңа нысан салынған. Мұнда кадр мәселесі де басты орында. Өңірді медицина мамандарымен толықтай қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берілген. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 380-нен астам жас медицина мамандығы бойынша білім алуда. Жалпы алғанда, облыста медицина саласының 14 мыңға жуық маманы қызмет етеді. Олардың еңбегін насихаттап, халыққа танытудың маңызы зор. Сондықтан мақаламызда Көкшетау қаласындағы «ДӘРУ» медициналық орталығының бас дәрігері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», медицина саласында 42 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер Гүлбахира МАЖЕНОВА туралы айтқанды жөн көріп отырмыз.
Мамандыққа деген махаббат
Акушер-гинеколог – медицина саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Олай дейтініміз, біздің әрқайсымыз осы маманның көмегімен дүниеге келдік. Олар тек бір адамның ғана өміріне жауап бермейді, мойындарына ана мен баланың жауапкершілігін бірдей алады. Содан болар, бұл салаға әркім бара бермейді. Тек мамандығын сүйетін, өз ісіне берілген жандар ғана барады. Акушер-гинеколог Гүлбахира Маженова дәл осындай маман. Ол дәрігерлікке кездейсоқ келген жоқ. Адам емдеу – оның бала күнгі арманы. Медицина институтын үздік бітірді. Ал акушер-гинеколог мамандығын таңдауына студенттік практика кезінде перзентханада сәбидің жарық дүниеге келуіне куә болуы әсер етіпті. Сол сәтте балаға өмір, анаға бақыт сыйлаудан артық қуаныш жоқтығын жүрегімен сезінді. Іңгәлаған сәбидің дауысы мен босану залындағы шаттыққа толы көріністен ерекше сезімге бөленген практикант өзінің болашағын осы саладан көрді. Содан бері сан мыңдаған сәбидің жарық дүние есігін ашуына себепкер болған Гүлбахира Әлментайқызын Ақмола облысының ғана емес, Қазақстанның ең мықты акушер-гинекологы десек, асыра айтқандық болмас. Айтулы маманнан кеңес алып, көмегіне жүгінетіндер саны күннен-күнге көбеюде. Олардың қатарында тек көкшетаулықтар ғана емес, өзге өңірлер тұрғындары да бар. Өйткені бұл кісі – алдына келген әрбір әйелдің сұрағына бар ынтасымен жауап беретін және қолға алған ісінің нәтижесін көрмейінше көңілі жай таппайтын адам.
Алғыстан артық марапат жоқ
Гүлбахира Әлментайқызы үшін елдің алғысынан артық марапат жоқ. Дәрігерді емделушілері қаншама жылдар өтсе де іздеп келіп жатады. Өмірге келуіне өзі себепші болған балаларды көру жүрегін шаттыққа толтырып, көңілін қуанышқа бөлейді. Ұрпақ өрбітіп, өмірге бала әкелетін аналар үшін денсаулық ең маңызды тақырып, сондықтан олар өздерін ана болу бақытына ие еткен дәрігерге деген алғыс-ілтипаттарын әлеуметтік желілер арқылы білдірген. Сөзіміз жалаң болмас үшін, сондай жылы тілектерді келтіре кеткен жөн болар. Солардың бірі «Гүлбахира Әлментайқызына көп рақмет айтқым келеді, оның арқасында қазір әдемі балаларым бар. Өте жауапты, білікті, өз ісін білетін дәрігер. Мен сізге өте ризамын» десе, енді бірі «Доктор Маженова Гүлбахира Әлментайқызы – қаламыздың ең үздік гинекологы! Өз ісінің тамаша маманы және жай ғана жақсы адам! Мен оған қанша барсам да, әрқашан қолдайды, тыңдайды және, ең бастысы, көмектеседі. Сізге денсаулық және бақыт тілеймін, доктор» дейді. «Сізге өркендеу мен табыс тілеймін. Дәрігер Маженова өз ісінің маманы, барлығы үшін рақмет!» деген пациенттер ризашылығы жетіп-артылады. Мұндай тілектер мықты дәрігердің еңбегін жалпы елге таратты. Жақсы істің ешқашан да халық назарынан тыс қалмайтынының дәлелі осы болса керек.
Бүкіл әйелдің арманы орындалса екен
Білім, мейірім, шыдамдылық – медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән қасиеттер. Медицина қызметкерлері пациенттерге қажет кәсібилік, шынайы жанашырлық және моральдық қолдауымен ерекшеленеді. Әріптестерінің арасында тамаша психолог ретінде лайықты құрметке ие Гүлбахира Әлментайқызының пайымынша, жақсы акушер-гинекологтың басты қасиеті мейірімділік болуы тиіс. Бұл мамандық өз ісіне жан-тәнімен берілуді, өзін-өзі үнемі жетілдіруді, адамдармен қарым-қатынас жасауды, ең бастысы, батылдық пен тез арада шешім қабылдауды талап етеді. Мұны айтып отырғанымыз, адамның бәрі бірдей емес, сол секілді мамандар да әртүрлі. Өз міндетін әрқайсысы әрқалай атқарады. Содан болар дәрігерді заманауи технологияларды меңгергендердің көп жағдайда емдеу әдістеріне емделушінің тағдырына әсер ету мақсатында емес, қажетті стандарттарға сәйкес алынған білімді қолдану нысаны ретінде қарайтыны алаңдатады. Г.Әлментайқызы емделушілеріне қаншалықты мейірімді болғанымен, әріптестеріне әрқашан да қатаң талап қояды. Өйткені жұмысы адам денсаулығымен тікелей байланысты. Әрдайым жастарды қолдап, оларды өз істеріне жауапкершілікпен қарауға үйретуді өзінің парызы санайды. Г.Маженованың өмірлік ұстанымы – алға қойған мақсатқа жету, ол бұл жолда өзінің білім-білігін үздіксіз жетілдіруден жалықпайды. Өйткені медицинаның жетістіктері күн сайын ашылуда. Сан жылдар бойы жүкті бола алмай жүрген әйелдерге деген жанашырлық оның гинекологияның ең күрделі бөлігі – эндокринологияны да меңгеруіне себеп болды. « М е н б а р л ы қ у а қ ы т ы м м е н білім-білігім әрбір келіншектің бала туралы арманының орындалуына бағытталған. Кейде ем ондаған жылдар бойы жүргізілуі мүмкін. Кейде нәтижеге аз уақыттың ішінде жетеміз. Себебі, Ибн Сина айтқандай, «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – дәрі-дәрмек, үшіншісі – жылы сөз. Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді». Сондықтан пациенттер үмітін үзбей, ем-шараны толық алуы тиіс. Біздің басты талабымыз да осы. Көптен күткен сәбидің дүниеге келу қуанышын елестетудің өзі бір ғанибет!» дейді дәрігер.
Еңбекпен өрілген өмір
Гүлбахира Маженованың балалық шағы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Амансай ауылында өтті. Алайда оның дәрігерлік қызметі 1981 жылы жолдасының туған өлкесі Көкшетау қаласының жергілікті перзентханасында басталды. Сол жылдары олар қала тұрғындарымен бірге өңірдегі шалғай аудандар халқына да қызмет етті. Өмірі еңбекпен өрілген Гүлбахира Әлментайқызы өзінің қызметтік жолында білім саласының дамуына да зор үлес қосты. Яғни, педагогикалық қызмет пен медицинаны шебер ұштастыра білді. Ол Көкшетау медициналық колледжінде ұзақ жылдар бойы «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы, базалық әдіскер болды. Осы колледж директорының практикалық оқыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар, Маженова 1996-1997 жылдардағы үлгілік оқу жоспарларын және 2002- 2003 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын дайындады. Әрі ол осы стандарттарға мамандықтар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кірді. 2005 жылғы «мейірбике ісі», «емдеу ісі», «акушерлік іс» мамандықтары бойынша стандарттарды да Маженованың өзі әзірледі. Өз ісін сүйетін адамдар барлық жерде үлгереді және мұндай қасиет міндетті түрде жетістікке жеткізеді десек, Гүлбахира Маженова да өте ізденімпаз, жан-жақты маман. Оның бір іспен ғана шектеліп қоймағанын еңбек жолы көрсетеді. Мысалы, ол қыруар шаруалар атқара жүріп, 2007-2013 жылдары Ақмола облысының акушерлік-гинекологиялық қызметінің жұмысын бас акушер-гинеколог әрі денсаулық сақтау басқармасының Ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі орталықтың бастығының орынбасары ретінде үйлестірді. Сол уақыттағы жұмыс кезеңінде өңірде «перинаталдық күтім және қауіпсіз ана болу», «BEBIES матрицасы» бағдарламалары мен ана мен бала өлімінің индикаторлары енгізілді. Бұлар өз кезегінде халықтың денсаулығын сақтау мен өмір сүру ұзақтығын арттыру, сондай-ақ ана мен бала өлімі бойынша индикаторларды төмендетуге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Индикаторлар нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының кезеңдері іске асырылды. Еліміз үшін маңызы зор осындай игі істерде Гүлбахира Әлментайқызының өзіндік қолтаңбасы бар.
Дәрігердің қоғамдағы орны жоғары болуы тиіс
Гүлбахира Маженова сегіз жыл бойы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде ол аймақтың барлық ауданын аралады. Ондағы медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында әріптестерімен ой-пікір алмасып, тәжірибесімен бөлісті. Гинеколог-эндокринолог, акушерлік және гинекология бойынша аккредиттелген тәуелсіз сарапшы Гүлбахира Маженова қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол конференциялар мен семинарларда ана мен бала денсаулығын жақсартуда мемлекет тарапынан қолға алынуы тиіс іс-шаралар, әйелдерге жалпы аурулардың алдын алу үшін қандай скринингтер мен тексерулерден өту керектігі туралы баяндамалар жасады. Ақмолалық дәрігерлерге дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізді. Келелі жиындарда денсаулық сақтау саласында шешілуі тиіс күрделі мәселелерді көтеріп, медицина қызметкерлерінің құқығын қорау, дәрежесін көтеру сияқты әлеуметтік маңызы зор сұрақтарға әрдайым назар аудартып отырды. Оның айтуынша, дәрігердің қоғамдағы орны жоғары болуы сөзсіз маңызды. Сонымен қатар, ол өңірдегі медицина саласының жетістіктеріне тоқталып, «Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – адам, осы себепті азаматтардың денсаулығы еліміздің тұрақты түрде өркендеуіне кепілдік етеді. Ақмола облысында халық денсаулығын жақсарту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында облыс әкімінің лизингке заманауи медициналық техникамен жабдықталған 50 реанимобиль сатып алу туралы шешімі қабылданды. Бұған қоса Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығының қолдауымен аймаққа санитарлық авиация тікұшағы бөлінді. Авиация тікұшағы ауыр науқастарға тез арада жоғары білікті медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді», – деді.
Отбасы мен қызметті үйлестіре білген ана
Қоғамдағы ең маңызды салалар – денсаулық сақтау мен білім беру ісінде бұрымдылар үлесінің көп екені белгілі. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру әйел адам үшін оңай емес, десек те, жұмысына жан-тәнімен берілген Г.Маженова өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен практикалық тәжірибесінің, креативтілігінің, өз ісіне адалдығының арқасында абырой биігінен көріне білді. Гүлбахира Әлментайқызы – балалары мен немерелерінің рахатына бөленіп отырған аяулы ана, бақытты әже. Келер жылы жетпістің жотасына шығатын Гүлбахира Маженованың денсаулық сақтау саласының жандануына, сондай-ақ жас мамандарды оқытуға қосқан өлшеусіз еңбегі өз бағасын алуда. Ол – «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарының, сондай-ақ «Ел құрметі» медалі мен «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Ақмола облысы әкімдігінің, «АMANAT» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. Тәжірибелі дәрігердің есімі мен еңбегі Ақмола облысының «Қазақстанның қанатты әйелдері» кітабына енді. 16 кітап болып шыққан альманахтың әрқайсысы нақты бір аймақтың беделді де белсенді әйелдеріне арналғанын айтып өткен жөн болар. Бала – біздің болашағымыз, ата-ана өмірінің мәні. Демек, сол баланың сау боп тууына, әйелдердің жеңіл босануы үшін тыным таппай, еңбек етіп жүрген Гүлбахира Әлментайқызы сынды мамандар қандай құрметке болса да лайық.
Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»



