Мектепке дейінгі білім беру ісін дамыту қоғам үшін қашанда өзекті. Дәл осы мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыға салынды. Білім – барлық байлықтан, игіліктен жоғары бағаланатын құндылық. Бүгінгі заманда балалардың мектепке дейінгі тәліміне де жіті көңіл бөлу кезек күттірмейді. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба қолға алынып отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, «Бұл – дербестендірілген қаржыландыру. Ваучерлік қаржыландырудың басты айырмашылығы – білім беру ұйымдарын таңдау құқығы және олардың қызметтеріне ақы төлеу үшін бюджет қаражаты тікелей ата-аналарға беріледі. Ата-ананың атына банктен шот ашылады, онда ай сайын мектепке дейінгі ұйымның қызметтерін төлеуге бюджет қаражаты аударылады». Яғни, енді атааналар көп таңдау жасап, сенім білдірген ұйымдардың жұмысы жанданбақ. Бұл мектепке дейінгі білім беру ошақтарындағы өзара бәсекелестікті арттырып, сапаны көтеруге ықпал етеді деп күтілуде. Шолпан Каринованың айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарды (бұдан әрі – МДҰ) мемелекеттік аттестаттау жұмысы да жаңа форматта жүргізілмек. Мемлекеттік аттестаттаудың жаңа ерекшелігі – МДҰ өз қызметін өзі бағалайды, мамандар арнайы барып тексермейді, тексеруші мен ұйым арасында тікелей байланыс болмайды. Аттестаттаудың 5 жылда 1 рет өткізілуі де дұрыс қадам. Баға берер кезде ең алдымен ата-аналар арасында сауалнама жүргізіліп, балалардың білім деңгейі анықталады, материалдық-техникалық база, штаттық құрам тексеріледі. Осының негізінде ортақ қорытынды жасалады. Аттестаттаудың жаңа механизмі ата-ана пікірінің басты орында екенін айғақтайды. Дегенмен, балабақшаларды ашу, аттестациядан өткізу тетіктерінің тым жеңіл болуының залалы аз емес. Әсіресе, мемлекет қолдауымен ашылған жекеменшік балабақшалардағы заңсыздықтар, (Соңы. Басы 1-бетте) бала құқығының тапталуы, тәртіптің ақсауы соңғы кездері жиі талқыланатын тақырыптың біріне айналған. Содан болар, «Қара шаңырақ» РҚБ төрағасы Баян Ахатай «дәріхана лицензиясыз ашылып, жұмыс істей алмаса, онда балабақша неге қалай болса солай ашылуы тиіс?» деген заңды сауалын ортаға салды. «Бүгінде бақылау органдарының ешқайсысынан рұқсат алмай, жұмыс бастау жөнінде хабарлама бермей-ақ жұмысын жылдап жасап жатқан балабақшалар баршылық. Осындай бір балабақшаның басшысымен сөйлескенімде «балалар не жеп, не ішіп жатыр, қандай сабақтар өтуде – бізбен ешкімнің шаруасы жоқ» дей отырып, СЭС-тің рұқсатын 7-8 жылдан кейін алғанын алға тартты. СЭС қызметкерлерімен сөйлескенімде олар шағын және орта бизнес өкілдерін бақылап, тексере алмайтындарын, бірақ осындай балабақшалардың барын растады. Қазір ешқандай тексеру жүргізілмейтін пәтерлерден ашылған мұндай балабақшалар өте көп», – деді Баян Ахатай. Шағын және орта бизнеске қатысты тексерулерге мораторийдің енгізілуі кәсіпкерлерге тиімді болғанымен, сапалы жұмысқа залалын тигізіп жатқаны жасырын емес. Оны «OYNA» балалық шақ институты» ҚБ төрағасы Гауһар Киикова ұсынған зерттеу нәтижесінен де байқауға болады. Мектепке дейінгі білім беру сапасына сараптама жасаған қоғамдық бірлестік бірнеше кемшіліктің барын алға тартып отыр. Соның ішінде бұл салада пәндік-кеңістіктік ортаның дұрыс жабдықталмауы, ойыншық, көрнекі құралдың аздығы, оқу жоспарында ойынға бос уақыттың қарастырылмауы, гигиена ережелерінің ескерілмеуі, сондай-ақ, қауіпсіздік стандарттарының сақталмауы ең көп кездесетін мәселенің бірі саналады. Жағдайды түзету үшін балаларды ерте жастан дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаржы көлемін ұлғайту, тәрбиешілер, әдіскерлер мен басшылар үшін біліктілікті арттыру курстарының санын арттыру, балаларды дамыту ғылыми-зерттеу зертханасын ашу қажет-ақ. Жиын барысында бөлінетін қаржыға байланысты біраз түйткілдің беті ашылды. «Әділет» республикалық орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлованың айтуынша, жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруда орын алатын әділетсіздіктер аз емес. «Педагог мамандардың, тәрбиешілердің еңбекақысының өскеніне қарамастан, мектепке дейінгі білім беру сапасы жылдан жылға төмендеп барады. Енді араға 10 жыл салып лицензиялауды қайта енгізбек. Мен мұны қолдаймын. Тек осы 10 жыл ішінде жеке ванна бөлмелері, бассейні, жатын бөлмелері бар, балаларға барлық қолайлы жағдай жасаған балабақшалар мен жертөледе немесе пәтерде шағын орталық ашқандардың бірдей қаражат алатынына қарсымын. Рұқсат беру құжаттарының тізімінде тек санитарлық анықтама мен балабақшаның жұмыс істеп жатқанын растайтын хабарлама ғана тұрады. Бұл дұрыс емес» деді Динара Құдайқұлова. Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Лариса Павловец мектепке дейінгі орталықтардағы тамақтану сапасын бақылауға назар аударды. «Бұл Оқу-ағарту министрлігінің функциясы бола ма, әлде Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеле ме? Оқу-тәрбие аспектісінен басқа, балалардың денсаулық жағдайын да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Артық салмағы бар немесе салмағы жетпейтін, ерекше қажеттілігі бар балалар аз емес. Ал тамақтандыру кезінде бұл жағы ескерілмей, ескі тәсіл бойынша жалпылама ортақ үстел түрінде жүреді», – дейді халық қалаулысы. Айта кету керек, қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда шамамен 1 млн бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар желісі 5834 бірлікті құрайды, оларға 500 мыңға жуық бала барады. Ал 5205 жекеменшік ұйымға 450 мың бала барады. Өткен жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында еліміз бойынша 45,2 мың орындық 534 мектепке дейінгі ұйым ашылды.
Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА


