Қазір қоғамда ChatGPT сияқты жасанды интеллектіні оқушыларға қолдануға шектеу қою туралы пікірталас жүріп жатыр. Осы технологияны қолданып жүрген жасөспірім есебінде мен де өз пікірімді білдіргім келеді. ChatGPT үлкендер қаласа да, қаламаса да бүгінгі таңда өмір қажеттілігіне айналды. Рас, көп мәселеде менің замандастарымның өз бетінше дамып, кітап оқып ізденіп, ақыл-ойына салып есеп шығаруына кедергі шығар. Қазір көп ешкім ойлап, ізденіп қиналмайтыны өтірік те емес. Бұл тұрғыда келісетін тұстары да бар. Бірақ біз ChatGPT-ді қажетімізге қолданып үйренуіміз керек.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллектті балаларға қолдануды үйретуіміз керек деді. Депутаттың айтуынша, «оны тану, академиялық адалдық принциптерін ұстану бойынша бізде өте қатаң талаптар болуы керек. Жалпы, біздің қазақстандық жасанды интеллектті дамыту өте маңызды. Өйткені қазақ тілін, қазақтың құндылықтарын, біздің өмірімізді түсінетін арнайы модель болуы керек деп санаймыз. Сондықтан қазір арнайы заң жобасы дайындалды. Ол құжаттың бастамашыларының бірімін. Бұл заң жобасы керек деп есептеймін» дейді. Сонымен қатар депутат мырза ЖИ-ді өз балаларымен бірге қарайды екен, тапсырмаларын да бірге орындасып, жаңа қырларын өз балаларымен бірге үйренеді екен. Меніңше, әрбір ата-ана осы ұстанымда болса ЖИ-дің зиянынан гөрі пайдасын көбірек көрер едік.
Ардақ ИСМАИЛҚЫЗЫ, оқушы ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ