Бала – отбасының қуанышы, мемлекеттік ертеңі. Еліміздің ертеңінің жарқын, болашағының зор болуы осы балалардың тәлім-тәрбиесіне, алған біліміне, еңбекқорлығы мен отансүйгіштігіне байланысты. Ал осындай адал да патриот ұрпақ тәрбиелеу үшін әрбір отбасы татулық пен тыныштықтың, биік моральдың мекені болуы керек. Әкенің қамқорлығын, ананың мейірімін тең көріп өскен балалардың дамуында, өсуінде ешқандай ауытқушылық болмайды. Бір өкініштісі, бүгінде елімізде неке бұзу деректері жыл өткен сайын көбеюде. Ажырасудың соңы алиментке байланысты үлкен мәселелер тудырап отыр.
Ажырасып, некенің бұзылуы ешбір ата-ананы бала алдындағы жауаптылықтан босатпайды. Өйткені, неке бұзылып, ата-анасы ажырасқанмен, бала үшін әкесі мен анасының ролі, өмірдегі орны өзгермейді. Ол үлкендерден көмек, жылу күткенде бәрібір өзінің анасын, әкесін іздейді. Өкінішке орай, баласының мұндай халін ажырасқан ата-аналар түсіне бермейді. Содан болар, баласына моральдық қолдау көрсетпек түгілі, сот актісімен міндеттелген алиментті уақытылы төлегісі келмейтіндер қатары азаймай тұр.
Дүниеге әкелген перзентін оқыту, жетілдіру және күтіп-бағу – ата-ананың басты парызы. Алимент төлеуден қашқандардың көпшілігі балаларының мұқтаждықтарына мән бермей, ұл-қызының киіну, тамақтану, мектепке немесе балабақшаға бару керек екенін ескермейді. Туған баласын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуден қашу – адамдыққа тән қасиет емес.
Жеке сот орындаушылар балаларға алимент өндіру ісіне өте жауаптылықпен қарайды. Себебі бұл төлем кәмелетке толмаған балалардың өмір сүруінің маңызды және кейде жалғыз көзі болуы мүмкін. Әсіресе, көпбалалы аналардың бүгінгідей нарықтық заманда балаларының қажеттілігін өтеуі өте қиын. Ал баласының тәрбиесі мен өміріне жауапты әкелер болса, табысын жасырып, мекен-жайын өзгертіп, алиментті неғұрлым аз төлеудің амалын іздеп жүреді. Алимент өзгеге емес, өзінің ұл-қызының қажетіне жарайтынын түсінгісі келмейді.
Алимент – бұл келісім бойынша немесе сот шешімі негізінде төленетін кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған міндетті төлем, бұл баланың табысы, сондықтан оны тек оның қажеттіліктері мен мүдделері үшін жұмсау керек.
Бүгінде берешегін төлемей, алимент бойынша қарызы қордаланған азаматтар аз емес. Жеке сот орындаушы ретінде алдымен борышкерлермен хабарласып, бала алдындағы жауаптылығын түсіндіріп, алиментті уақытылы төлемеудің салдарын барынша ұғындыруға тырысамыз. Өйткені, біздің елімізде ана мен баланың құқығын қорғау басты орында. Сәйкесінше, балаға алимент төлемегендерге де заң қатал. Мәселен, борышкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен және Қылмыстық кодекстің 139-бабымен жауапкершілік көзделген.
Сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Ал, Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес алимент төлеу мерзімдерін бірнеше рет өрескел бұзғаны немесе оларды төлемегені үшін борышкер алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Дегенмен, заң талабын орындамаған борышкерлерді жауапкершілікке тарту негізгі мәселені, яғни баланың материалдық көмекке мұқтаждығын шешпейді.
Алматы облысы атқарушылық округының жеке сот орындаушысы
Ержигитова Алия Маратовна