12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

БАЛАҒА АНА ДА, ӘКЕ ДЕ КЕРЕК

БАЛА – БІЗДІҢ ЕРТЕҢІМІЗ. ОНЫҢ ЕҢБЕКҚОР БОЛУЫ, АЙНАЛАСЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТУЫ БАЛА КЕЗДЕН БОЙЫНА СІҢІРГЕН ТӘРБИЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ. МҰНДАЙДА БАЛАНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП, КІМДЕРМЕН ДОС БОЛЫП ЖҮРГЕНІНЕ КӨҢІЛ БӨЛУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР. СОНДАЙ-АҚ, БАЛАНЫҢ АТА-АНА ӘРЕКЕТІН ҚАЙТАЛАЙТЫНЫН ЕСТЕН ШЫҒАРМАУ КЕРЕК. АТА-АНА БАЛА ҮШІН АЙНА ІСПЕТТІ. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ІСІН ҚАРАП ОТЫРЫП ҮЛКЕНДЕРДІҢ ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ КӨП МӘН БЕРМЕЙТІНІН АҢҒАРУ ҚИЫН ЕМЕС.

Мысалы, ювеналдық соттарда жиі қаралатын істердің бірі – баламен кездесу уақытын белгілеуге қатысты. Баланы бір-бірінен қызғанып, өзара дауласқан ата-ана ұл-қызының пікірімен санаса бермейді. Шындығында, балаға ана да керек, әкенің де алыста болмағаны дұрыс. Ерлі-зайыптылар ажырасу арқылы баланы толыққанды отбасында тәрбиелену мүмкіндігінен айырып отыр. Бұған қоса, олар бір-бірімен ымыраға келе алмағандықтан, баланың басын дауға қалдырып, жалтақ, ынжық болып өсуіне әсерін тигізуде. «Бір әке берген тәрбиені он мектеп жабылып бере алмайды». Осыны кейде аналар жағы түсінбей жатады. Мінездері жараспаған, сенімдеріне сызат түскен ерлі-зайыптылардың екіге кетуінен балалардың зардап шегуі дұрыс емес. Әрине, бала екеуіне де қымбат екені сөзсіз. Дегенмен, кездесуді сот арқылы белгілеу баланың психологиясына ауыр тиетінін түсінуіміз керек. Мұндай мәселеге ерлі-зайыптылар өз мүддесі тұрғысынан емес, баланың қызығушылығы, баланың түсінігі тұрғысынан қарағандары абзал. Балаға ананың да, әкенің де қымбат екенін, ең жақын жан екенін мойындаған маңызды. Өкінішке орай, өзара келісіммен шешуге болатын бұл мәселені дауға айналдырып, сотқа дейін әкелетіндер аз емес. Сот екі тарапты татуластыруға, ортақ келісімге келтіруге барынша тырысады. Судьяның уәжін тыңдап, медиациялық келісімге келетіндер қатары соңғы уақытта көбейіп келеді.
Ажырасудың көбеюі кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне де айтарлықтай әсерін тигізуде. Толық емес отбасында өсіп жатқан балаларда қадағалау аз. Өйткені, күнделікті жұмыс істеп, шаңырақтың ауыртпалығын жалғыз көтеріп жүрген аналардың жасөспірімдерді қадағалауға мүмкіндігі бола бермейді. Отбасындағы бақылаудың аздығын пайдаланған балалар түнгі уақытта компьютер клубтарын жағалап, ойын-сауық мекемелерінде жүреді. Ал, жалғыз-жарым түнделетіп көше кезген баланың жамандыққа ұрыну  оңай. Сондықтан, кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізетін құзырлы органдар үнемі рейдтер жүргізіп, жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа жол бермеуін бақылауда ұстайды.
Баласының қайда жүргенін білмейтін, бақылаусыз қалдырған ата-аналарға сот тарапынан айыппұл тағайындалатынын да ұмытпауымыз керек. Бұған қоса, балаларға алкогольдік, темекі өнімдерін сатқан, түнде ойын-сауық орталықтарына тексермей кіргізген заңды тұлғаларға да салынатын айыппұл көлемі қомақты. Мұндай шараның барлығы бала тәрбиесіне деген жауаптылықты көтеру мақсатында қолға алынған. Жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын ұтымды ұйымдастыруға ерекше мән беру керек. Өйткені, күні
бойы телефонға телміріп, ғаламтордан неше түрлі бейәдеп дүниелерді көру балалардың психологиясына,
танымына айтарлықтай ықпал етеді. Сонымен қатар, балалардың ауыр жұмыс істеуіне рұқсат ету де жөн
емес. Еңбек кодексінде жасөспірімдердің жұмыс істеуіне рұқсат берілгенімен, оның белгілі бір шектеулері бар. Ақшаға қызыққан балалар уақытқа қарамауы, жұмыстың ауырлығына, қауіптілігіне мән бермеуі мүмкін. Олардың құқықтық жақтан да сауаты жоғары емес. Сондықтан, ата-ана баласының денсаулығына, психологиясына кері әсер етпейтін, еңбекке деген қызығушылығын арттыратын ортаға таңдау жасағаны дұрыс. Кәмелетке толмағандарды мәжбүрлеп жұмысқа тартқан, еңбекақысын бермеген, шамадан тыс жұмысқа жеккендер де заң талабына сай жауапқа тартылады.

Г.ЧИНИБЕКОВА,
Алматы қаласы кәмелетке
толмағандар ісі жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сотының
судьясы

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...