«Байлық байлық емес, бірлік — байлық»

Ынтымақ пен ырыс бар жерде татулық пен береке бар. Қазақ ежелден осы қағидаға сүйеніп, жылағанды жұбатты, сүрінгенді демеді. Әртүрлі жаугершіліктен қашып, түрлі тағдыр тауқыметімен босып, бас сауғалап келгенге пана, даурыға дауласып келгенге дана бола білді. Оған тарих – куә, мұрағат – дәлел, Қазақстандай кең байтақ елді мекен етіп, отанына, отбасына айналдыра алған жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері айғақ.

Бабаларымыз сан ғасыр бойы елі мен жері үшін арпалысып, ұлан­ғайыр даланы осы ұрпағына аманат етіп қалдырып кетті. Сол бір қым-қуыт замандарда да елдігімізді сақтап бейбіт өмірді қадірлей білді. Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының тыныштығын сақтау. Қазіргі көршілес мемлекеттерде болып жатқан соғысқа қарап бейбітшіліктің қадірін сезесің. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» – деген. Қарапайым халық әрдайым тыныштықта мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ұрпағының амандығы оның келешегінің кемелдігін білдіреді. Тарихта болған соғыстардың ешқайсысы жақсылық әкелмеген, керісінше, қаншама ел соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозып, жазықсыз жандар мерт болып, елді берекесіздік жайлайды.
Біз қазақ халқы сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағымыз. Сондықтан, өткенге көз жіберіп, тарих беттерінен, ата-бабаларымыздың жолынан сабақ алуымыз қажет. Қазақ халқы тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Осының салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі бірнеше рет қайталанды. Соғыс, ашаршылық – мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеліп соқты. Әйтсе де, мың өліп, мың тірілген бабаларымыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында аянбай күресті. Қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында қазақ елі тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алған. Қазақ жеріне табан тіреген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзі әлі де өзекті.
«Біз Қазақ деген – мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен «темір» болсаң, біз «көмірміз», еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, қазақ-қалмақ баласы табысқалы келгенбіз, табысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең, жөніңді айт, бермесең тұрысатын жеріңді айт!».
Бабамыздың осы сөздерінде қазаққа тән тектіліктің де, батырлықтың да, ынтымаққа шақырған ізгіліктің де, шешендіктің де, өжеттіктің де белгісі сайрап тұр. Міне, осындай ата-бабаларымыздың ерен ерлігі мен көрегендігінің арқасында тәңір сыйлаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзгелермен тең дәрежедегі бейбіт елге айналдық.
Қазіргі «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне атсалысуда. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» – дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашан маңызды. Бейбітшілігіміз бен ынтымағымызды көздің қарашығындай сақтай білейік.

Марат Шарипов,
Түркістан облыстық ауданаралық әкімшілік
соты төрағасы

Тауың шағылмасын, жас түлек! Өмiр мемлекеттiк грант алумен өлшенбейдi

Бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім грантының нəтижесі жарияланады. Абитуриенті бар əр отбасының көңілі алаң. Мемлекеттің дамып көркеюіне, өзінің білімінің тереңдеп, көзқарас пайымының кеңеюіне үлес қосуға ниетті сан мыңдаған түлектің үміттерін үкілейтін жыл сайынғы осы алаңдаулы сəт санаулы уақыттардан кейін артта қалып, анық жүйрік алға шығады.

Тойға заң керек пе: Қазақстандықтар бір жылда қанша қаржы жұмсайды? 

Қазақстанда той өткізу – жеке отбасының қуанышы. Алайда оның әлеуметтік және экономикалық салдары бір шаңырақтың шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды 

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген азамат Вьетнамнан экстрадицияланды.

Экологиялық дабыл: Англиядағы су қоймаларының бәрі ластанған 

Мәліметке сәйкес, егер судағы қауіпті заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кетсе, су нысаны «жақсы химиялық жағдай» талаптарына сай деп есептелмейді.

Қазақстан көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды 

Қазақстан Rumavi компаниясы жыл сайын әзірлейтін Global Relocation Index 2026 нұсқасы бойынша көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды.