12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«БАБАЙ» БАЙЛАНЫСҚА ШЫҚТЫ

2011 жылдың қоңыр күзі қабағын қатулана түйіп, тымырайып келді. Мизам ұшар айда тұрғындардың мазасы қаша бастады. Ақыраптың соңғы түндерінде даладағы суға мұз қатты. Тұрғындар алдағы қатал қыстың қамымен қарбалас күй кешіп жатты. Қыстық отын әзірлеп алу керек. Соғым да қажет. Күзгі жиын-терімнің аяқталуға жақын қалған кезінде кенеттен түскен суықпен бірге суыт сөз ел ішіне тез тарады. Жұрт қалтырап қорқа бастады. Күн еңкейді дегенше есік-терезе тарс жабылатын. Аулаға иттер бос жіберілетін болды. Тіпті, бала-шағаға дейін «Бабай келе жатыр» десе, үні шықпай қалады. Ол не қылған бабай? Мұны кішкентайлар түгілі, үлкендер де білмейді. Әйтеуір, «Бабай», «Сталин», «Шайтан» деген есімдер аталса, жұрттың зәре-құты қашады. Енді балалар жыласа «Бабай келе жатыр» деп қорқытатынымыз бесенеден белгілі болды. Сонда «Шайтаны» кім? Одан аузында Алласы, қолында тәспісі бар шалдар да шошынады. Бұл дүние не болып кетті өзі? Бұрын ғой, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары балалар «жөйт келе жатыр» десе, жым болатын. Бертінде білдік қой, «жөйт» дегендері Тәшкентті жайлаған еврейлер болып шықты. Олар жас балаларды ұрлап кетіп отырған. Сыпыра үстіне ұн сеуіп, әлгі баланы ортаға шығарады екен. Айнала қоршап тұрған жөйттер жаутаңдаған жеткіншекті алдарқатып өздеріне шақырады да, іле денесіне біз тығып алатын көрінеді. Шошып кеткен кішкентай бақыра жылап ортаға келгенде, жөйттің біреуі «маған келе ғой» деп өзіне алдап шақырады деседі. Сол сұмырайдан пана іздеп барған сәби тағы да инеге тап болады. Бақырып анадан қашып, мынадан қашып, бүкіл денесі шұрқ тесік болған сорлы бала ұн үстіне етпетінен құлайды. Осы қанға иленген қамырдан жөйттердің тұшпара жасап жейтін бір сұмырай дәстүрлері болған. Жазушы Момбек Әбдіәкімұлының «Сүлеймен қарақшы» атты деректі романында тап осындай сұмдық сәттер суреттеледі. Өтірік дейін десек, Сүлеймен қарақшы өмірде болған адам. «Тәшкентте адам етін жейтін жөйттер бар екен» дегенді біз қарасирақ кезімізде естігенбіз. Сондықтан бұзықшылық жасап, кешке төсегімізге жата қоймасақ, ата-анамыз: «Қане жат, әйтпесе, жөйт әкетіп қалады» деп қорқытатын. Сол пәлекеттің аты аталғанда қорыққанымыз соншалық, тіліміз байланып қалатын. Міне, «Бабай» мен «Шайтан», «Сталин» солардан кем болмай тұр. Мұртты шалдың қатыгездігін дүниежүзі халықтары біледі десек, қателеспейміз. Оның аты аталғанда, соғысқа қатысқан қарттар желпініп қалғанымен, көзі ашық халық онша қуана қоймайды. * * * Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Кенже Оңдасыновтың бөлмесінде үшеу отыр. Үшеуі де полковник. Оның бірі – орынбасары Ибрагим Жоланов та, үшіншісі – бөлім бастығы Болат Рақымжанов. – Полковник мырзалар, – деді Кенже, – бұл оқиғаны қалай болған деп ойлайсыздар? – Меніңше, бұл оқиғаға сырттан тартылған ешкім де жоқ. Нысаналарын дәл тапқандарына қарағанда, қарақшылар бұл әрекеттеріне алдын ала дайындықпен барады, – деді Болат. – Егер қылмысты енді бастап жүргендер болса, мұншалықты қатыгездікке бармас еді ғой. Соңдарына бір із қалдырып кетер еді, – деп қалды Кенже. – Соған қарағанда, барлығы әккі қарақшылар болуы әбден мүмкін, – деді Ибрагим. – Сотталғандарды түгел тексеру керек. Олардың арасында бұрын да осындай қылмыс жасағандарды анықтау қажет. Әсіресе, оқиға орын алған күндері олардың қайда болғанын білген жөн, – деп ой қосты Кенже. Кабинет иесі ойға шомды. Кенет орындығынан тұрып, бөлме ішін әрібері аралап кетті. – Бұл өзі көктен түскендей оқиға болды. Екі-үш күн ішінде осыншама бассыздыққа қалай барады? Бұл тегін емес. Оларды бастап жүрген серкелері бар. Сол серке кім болды екен? – деді полковник Кенже тағы да. – Серкелері қаншаға дейін сайран салады? Бәрібір ұсталады ғой, – деді Болат. – Ұсталатынына күмән бар ма? Алайда олар ұстатқанша ел-жұрттың зәресін ұшырып бітетін болды ғой. Қарақшылар тағы бір рет жорыққа шықса, бастық та басымыздан сипай қоймас, – деді Ибрагим. – Сайрам аудандық ішкі істер басқармасымен хабарластыңдар ма? – деп сұрады басқарма бастығы. – Иә, басқарма бастығы Нұржан Мұсабаев хабарласқан. Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Алтынбек Әмірбеков пен біздің жігіттер Қарабұлақ пен Қарамұрт ауылдарында жүр, – деді Ибрагим. – Жергілікті тұрғындар ештеңе білмей ме? – Әзірге «көрдік, білдік» деген ешкім болмай тұр. – Иә, түн жамылып келген қарақшыларды кім көре қояды? Оның үстіне, кісі өлімі болып жатса, тұрғындардың бірдеңе дей қоюы қиын. Меніңше, жергілікті тұрғындар арасында жол көрсететін біреу бар. Соларды тапсақ, жіптің бір ұшы қолға ілігер еді. Жігіттер осы бағытта да жұмыс істесін, – деген басқарма бастығы. – Мұныңыз да дұрыс екен, – деп қоштады Ибрагим. – Соңғы кезде ауылдарға кімдер келіп-кетіп жүріпті? Тұрғындар бейсауат жүргендерді байқамап па? Міне, бізге керегі осылар. Әлі де суыртпақтап сыр тарта беру керек, – деді Кенже тағы да. Сол күні олар үйлеріне кеш тарады. Ай бозамықтанып тұр екен. * * * Қажымұқан атындағы орталық стадионда еркін күрестен жарыс өтіп жатты. «Сен тұр, мен атайын» деген кілең сайдың тасындай мықты жігіттер. Бұлшық еттері бүлк-бүлк ойнайды. Біреу жеңіп, біреу жығылып жатты. Айнала айқай-шу. Жеңгендерді құттықтап, жеңілгендерге басу айтып жатқандар да баршылық. Ортаға палуандар шыққанда айқай-шу тіптен үдеп кетеді. Жігіттер порша-порша болып терлеп жүр. Үстеріндегі киімдерін шешіп тастап, мәйкішең жүргендері де бар. Жарыстың қызығы да, қызуы да басылмай тұр. Осындай бір кезеңде Ералының қасына бір жігіт келіп отырды. – Жақсы күреседі екенсің. Танысып қоялық. Есімің кім? – деп Ералы оған қолын ұсынды. – Дәулет! – О, дәулетті болады екенсің. Сенімен бірге жүрсек, біз де құралақан қалмаспыз, – деді Ералы. Дәулет жаңа танысының нені меңзеп тұрғанын бұл кезде білген жоқ. Ішінен «қызық жігіт екен» деп қойды. Арада бір апта өткенде, екеуі қаладағы қымбат кафелердің бірінде оңаша отырды. Дастарқанда құстың сүтінен басқасының бәрі бар. Олар ұзақ сөйлесті. Ералы анау-мынау жігіт сияқтанбайды. Айтқан сөздері шегедей, мірдің оғындай. Нені айтса да, алыстан орағытады. «Бұл өзі не үшін шақырды? Менен не күтеді? Әлде менің ішкі істер бөлімінде істейтінімді білген соң керегіне пайдаланбақшы ма? Бірақ менің қолымнан көп нәрсе келе қоймайды ғой» деп Дәулеттің басы қатып отыр. – Сен бұлай тұнжырай берме. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген. «Мұны қалай қайтарамын» деп уайымдамай-ақ қой. Кейін өтеуі бола жатар, – деп Ералы Дәулеттің иығына қолын салды. Екеуі құмырсқа бел рюмкені сыңғыр еткізіп соғыстырып, бір-бірден тартып-тартып жіберді. Көңілдері көтеріле түскендей ме, қалай? Енді олар еркінси бастады. Езулеріне бір-бір темекі қыстырды. – Мен бұл жерде қожайынмын. Еш нәрседен қысылма, – деп қойды Ералы. «Қалтасы қалың болған соң қожайын болады да» деп ойлады Дәулет. Осы кезде бұлар отырған кабинаға екі-үш жігіт сау етіп кіріп келді. – Сәлем, братан! – О, какие люди! – Қандай отырыс десеңізші! – Міне, жігіттер! Осылай деген жігіттер төс қағыстырып амандасып жатты. Отырыс қыза түсті. Дастарқан жаңартылды. Үстемелеп сыра, арақ алдырылды. Шағын кабинадағы у-шуға басқа бөлмедегілер де елеңдесіп отырды. Жігіттердің дарақы дауыстары басқа бөлмедегілердің шырқын бұзып тұрды. Әлден соң жігіттердің бірі орнынан тұрып тілек айтты. * * * Қарабұлақ мал базары. Осы базарға Сәрсенбек жиырма жылқы әкелген. Қыстың алды болғаннан соң, соғымға алушылар табылар деп ойлаған. Бірақ көздеген бағасына сатып алушылар табылмай тұр. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзар» деген осы. Міне, бір жігіт жылқыларды айналшықтап жүр. – Ағасы, мына жылқыңыздың құны қанша? – Көріп тұрсың ғой, семіз жылқы. Саған екі жүз елу мың теңгеге берейін. – Тым қымбат емес пе? – Базарда бұдан арзанын таппайсың. – Мен базарды тағы бір айналып келейін. – Еркің білсің. Сәрсенбектің әр базар сайын жылқы әкеліп сатып жүргенін Нұрділдаға жеткізген осы жігіт еді. Осы хабар құлағына тиген бойда ол Ералыға хабар берді. – Қарабұлақ базарына Сәрсенбек деген жігіт апта сайын жылқы әкеліп сатып жүр. Көлкенттегі үйін де біліп алдық, – деді Нұрділда. – Ендеше, не тұрыс? Жігіттерді жина, – деп әмір етті Ералы. – Құп болады! * * * Қазан айының қара мақпал түні еді. Түнгі сағат 02:30-дар шамасы. Бір топ жігіт Көлкент ауылының ішіне тықырларын білдірмей келіп кірді. Ералы «тоқта!» деп белгі берді. Ауланы барлап қарап шықты. Ауладағы сәкіде біреу жатыр. Ол үй иесі Сәрсенбек еді. Қарулы адам. Абайламаса болмас. Төрт жігіт сыртта қарауылдап қалды да, төртеуі аулаға кірді. Өзіне қарай мысықтабандап келе жатқан тықырды сезіп қалды ма әлде ояу жатыр ма, кім білсін, қарақшылар дымын білдірмей тақап келгенде, Сәрсенбек төсегінен қарғып тұрды. Бір өзі төрт жігітпен айқаса кетті. Түнделетіп шақырусыз келген төрт «қонақ» оның қасында қауқарсыз болып шықты. Кең жауырынды Сәрсенбек төрт «күшікті» төрт жаққа қыңсылатып лақтырды-ай келіп. Жан-жаққа «шашырап» қалған қаршадай қаныпезерлер сырттағылардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Сырттағылар сау етіп кіріп келгенде Сәрсенбек әлі де тың еді. Алайда ол айқаса кетсе біразын жазым етерін біліп, «Бабай» үй иесінің кеудесінен шолақ мылтықпен атып салды. Сәрсенбек сылқ етіп құлады. Бұл кезде даладағы дабыр-дүбірді естіген үйдегілер сыртқа шығып келе жатыр еді. Мынадай сұмдықтың үстінен түсерміз деп ойламаған олар есеңгіреді де қалды. Осы кезде қарақшылар үй ішіндегілерді қорқытып-үркітуді бастап та кетіп еді. Әуелі екі ұлының қол-аяғын арқанмен байлап тастады. Кенже ұлдың жасы небәрі үште ғана болатын. Қаныпезерлер оны да байлауды ұмытқан жоқ. Он үш жасар Айнұр шыр-пыры шығып, жылаған. Бірақ оны да байлап тастады. Сәрсенбектің жұбайы Айшаны да аяған жоқ.

– Ақша қайда? – Оны Сәрсенбек біледі. – Ол енді еш нәрсені де білмейді. Жаныңның барында теңгені тыққан жерді көрсет. – Бізде ешқандай теңге болған емес. – Біз саған сене қалады екенбіз. Күйеуің базарға жылқы апарып, сатып жүр ғой. Солардың теңгесі қайда? – Сәрсенбек үйге теңге әкелмейді. Мүмкін банкке салған шығар. – Өтірік айтпа, бәрібір біз теңгені табамыз. Қане, теңгені тыққан жерді көрсет, – деп әбжыландай жалаңдаған біреуі Айшаның қасына жетіп келді. Оның қолында өткір кездік бар еді. Ол Айшаның құлағын бұрап кездікпен тіліп жіберді. Қан сау ете қалды. Айша құлағын ұстап ойбайлап отырып қалды. Сегіз қарақшы үйдің астаң-кестеңін шығарды. Тек алпыс мың теңге ғана тапты. Сосын Айшаның ұялы телефонын тартып алды. Таң себезгілеп атып қалған еді. Жұрттың жаппай оянатынынан қорыққан түн жамылған қорқаулар көліктеріне отырып, қараларын батырды. Алайда далада жайрап жатқан үй иесін көріп, үрейлері ұшты. Үйдегілер бірбірінің қолдарын шешіп, көршілерден көмек сұрады. Сәрсенбек Қарабұлақ ауруханасында өзіне-өзі келе алмаған қалпы көз жұмды. Екі ұл жарақат бөліміне жатқызылды. Жантүршіктірерлік жауыздықты естіген жұрт жағаларын ұстады. * * * Криминалды бөлімше бастығы Алтынбек Әмірбеков күдіктімен бетпе-бет отыр. – Сонымен, кешегі айтқандарыңызға қосып-аларыңыз бар ма? – Жоқ. – Солай-ақ болсын. Ендеше Жетісайдағы Жолбарыстың үйінен қанша доллар алып қайттыңдар? – Елу мың доллардай болар. – Қалайша елу мың? – Өйткені шеф бізге алты жүз-сегіз жүз мың теңгеден бөліп берді ғой. – Ералы үйден жүз мың доллар алып шықтым деп отыр. – Қалайша? – Сен түк те білмейді екенсің ғой. Жолбарыс та үйден жүз мың доллар әкетті деп отыр. – Маған тигені алты жүз мың теңге ғана. – Ендеше, мына жерге қолыңды қой. Енді бара бер. Тергеуші келесі күдіктіні шақырды. Оның түнерген түріне, мың құбылған қабағына қарап «Шайтан» десе шайтан екен-ау» деп бір қойды. – Ал, сөйле, «Шайтан». – Не айтамын? – Жетісай қаласына барып Жолбарысты қалай тонағандарыңды айт. Сен өзі Мақтааралда тұрады екенсің. Жолбарыстың үйін сен көрсетті деп отыр ғой. Сені бекер-ақ «Шайтан» дейді екен. Шайтан деген бәрін біліп жүрмес пе? Ал, сен дымбілмессің. – Қалай? – Сендер үйден жүз мың доллар әкеткенсіңдер. Қолыңа тигені болмашы ғана теңге. – Бәлкім, қаржыны Ералы тыққан шығар. Қапты сол ұстап отыр еді. – Міне, бұл қисынға келеді. Мына жерге қолыңды қой да, камераңа қайта бер, – деді тергеуші. Өз жауабының дұрыстығына көзі жеткен «Шайтан» қағазға шиыр- шықтап қол қойды да, айдауылдың алдына түсті. «Шайтаннан» соң тергеуші алдында «Сталин» отырды. 1993 жылы туылған жап-жас жігіт. Мұның да қабағы түксиіңкі. Адамға ішіп-жеп қоятындай сұрлана қарайды. Көздері қанталап тұр. – Дәулет бізге үйге кірудің барлық жобасын сызып берген. Жолбарыстың үйін жаңылмай таптық. Қараңғыда кіріп бардық. – Содан? – Жолбарыстың жалы күдірейіп кетті. «Сендер кімсіңдер өзі? Мені танымайсыңдар ма, немене? Мен осы Жетісайдың «отвечающийімін» деді. «Қателесіп келіп тұрсыңдар, табандарыңды жалтыратыңдар» деп жұлқынды. Оның мұнысы бізге ұнаған жоқ. Жабыла кеттік. – Ү й д е н қ а н ш а д ол л а р а л ы п шықтыңдар? – Оны Ералы біледі. – Сонда да… – Шамамен қырық-елу мың доллар. – Оны кім айтты саған? – Ералының өзі айтқан. Ұсталғанға дейін ол «Лексус-ЕS-330» көлігін мініп жүрді емес пе? Міне, тыққыштаған қаржыға сол көлікті алған. – Мұны сізге кім айтты? – Өзі айтты. – Қап, ертерек білгенімде ғой. Ертесіне тергеуші алдында Дәулет отырды. Былай қарағанда тәп-тәуір-ақ адам тәрізді. Спортпен шұғылданғаны көрініп тұр. Өзінің бұрынғы әріптесі. Енді күдікті. Тұтқында отыр. – Сен Ералыға Жолбарыстың үйінде қанша доллар бар деп едің? – Менің білуімше, жүз мың болуы керек еді. – Ал, әкелгенде ше? – Онда әлдеқайда аз. Жартысы ғана. – Жолай Ералы доллардың жартысын орындықтың астына тыққан. Ал, Шымкенте келіп түскенде сендер оны байқамадыңдар. Күдікті қабырғаны қақыратар салмақпен соққылады. Долданып, әлдекімдерді боқтап жіберді. – Конвой! Тұтқынды алып кетіңіз. * * * Түн түндігін жайылып, айналаны қою қараңғылық тұмшалады. Күздің екінші айы еді. Кешегі өткінші жауыннан кейін ауада дымқыл сыз табы бар. Жол үстін сарғайған жапырақ жапқан. Аяқтың дыбысын білдірмей жүруге осы сыздың да көмегі бар сыңайлы. Күні бойы тығылып жатқандар көшеге шықты. Бұл кезде түнгі сағат 02:00-дер шамасы еді. Бұлар Қарамұрт ауылындағы Бахадүрдің үйіне қарай беттеді. Бүгін бес қарақшы олжалы оралуы тиіс. Өйткені оларға жеткен хабар бойынша Бахадүр бақуатты жігіт. Саудамен айналысады. Үйлерінде теңге болмауы мүмкін емес. Олар сыртқы шарбақтың есігін өздері білетін әдіспен оңай ашты. Итті де оңай «жуасытты». Сосын үйге кірді. Бұл кезде сағат түнгі үштердің шамасы еді. Шырт ұйқыда жатқан үйдегілер шошып оянды. Үй ішіндегілерді келгендер түгел байлап тастады. Отағасын ұрып-соқты. – Бахадүр, мына бассыздарға барыңды бере салшы. Дүние табылар. Жанымыз аман қалса болғаны, – деп келіншегі шырылдады Сауда айналымына жұмсап жүрген бір миллион бес жүз мың теңге мен алты жүз АҚШ доллары сандықта жатыр еді. Қарақшылардың ұрып-соғуына шыдамаған әрі отбасы амандығын ойлаған отағасы сандықты ашты. Қарақшылар қолға қаржы түскен соң кетуге асықты. Үй иелерінің бірінің «Нокиа-6300» ұялы телефонын да қымқыра кетті. * * * Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының із кесушілері табандарынан тік тұрған. Бірінен соң бірі орын алған қарақшылық шабуылдардың ұйымдастырушылары мен мүшелері әзірге белгісіз. «Қарақшыларды тез құрықтаңдар» деп департамент бастығы күнде қатаң тапсырма береді. Осы оқиғаны ашуға криминалды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры (қазір басқарма бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі) Алтынбек Әшірбеков, аға жедел уәкіл, полиция капитаны Нұрлан Орынбекұлы, жедел уәкіл, полиция капитаны Нұрахмет Бердиев жұмылдырылған. Дегенмен қарақшылар тым еркінсіп барады. Сондықтан облыстық ішкі істер департаменті осы қарақшылық шабуылды ашуды өз бақылауларына алған. Әрине, жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегінсіз тағы болмайды. Қыркүйек айының соңында Қарабұлақ ауылындағы Қатираның үйіне де дәл жоғарыдағыдай қатыгездікпен қарақшылық шабуыл жасалды. Коммерциямен айналысатын келіншектің бір миллион үш жүз мың теңгесін таңғы сағат 7-лерде белгісіз төртеу үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соғып тартып әкеткен. «Хайдар ата» құрылыс материалдары дүкенінің құжаттары мен отбасы мүшелерінің төрт ұялы телефонын да алып кетіпті. Полковник терезеден далаға қарап отыр. Бір аптаның ішінде осынша дүрбелең туғызып, із кесушілерді шырғалаңға салып көрінбей жатқандар кімдер болды екен? Ол үстел үстінде жатқан темекісін алып тұтатты. Осы кезде телефон шар ете қалды. – Полковник мырза, «Бабай» байланысқа шықты – Олар қайда екен? – Қазір бір сағаттан соң олар «Қайтпас-1» шағынауданындағы құрылыс базарына барады. Ералы да сонда бармақ. – Тез шұғыл топты, «Бүркіт» арнайы жасағын дайындаңдар. – Құп болады, полковник мырза. Кенже Оңдасынов кителін жүре киіп, сыртқа беттеді. * * * Облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тергеушілері Сайрам ауданын дүрліктіріп, Жетісайға дейін жорық жасаған «жыртқыштарды» асықпай тергеді. Тергеушінің алдына мұрты енді тебіндеп келе жатқан жап-жас күдікті келіп отырды. Жасы әлі жиырмаға жетіп үлгермеген. – Сонымен, «Сталин» дегендерің кім? – Ол – Темірбек. – Ал, «Шайтан» ше? – Ол – мақтааралдық Нұрбек қой. – Қазанның екісінен үшіне қараған түні Көлкент ауылындағы қарақшылық шабуылға сен де қатыстың ғой? – Иә. – Отағасы Сапарбекті сен атыпсың ғой? – Оны кім айтты сізге? – Достарың. – Өтірік айтасыз. Оны атқан «Бабай». – «Бабайдың» қасында «Сталин» де болды ма? – Иә, бәріміз де болдық қой. – Ешкімді де атпаймыз деп серттескендерің қане? Күдікті бір нүктеге қадалып отырып қалды. Қылмыстың басты ұйымдастырушысы, қандай қаныпезерлікке барғандары, қаншама қарақшылық шабуыл жасағандары белгілі бола бастаған еді. * * * Ералы құрған топқа қарасаңыз, сол «Сары Алмастың» кейбір жүрістері аңғарылатын сияқты. Бір ерекшелігі, бұл «сарыуыз» балапандарды қылмыс әлеміне баулыған. Шымкентте де елді шулатқандар болды. «Тайсон», «Бұйрабас» сияқтылардың кезінде дәурені жүрді. Қарақшылардың жолын кеспегенде, кім білсін, бұлар да қасқырға айналып үлгерер ме еді? Бөлтірік кездерінде бұғалықталғандары қандай дұрыс болған десеңізші. Әйтпесе, анау «Сталин», «Бабай» және «Шайтандарың» әлі қанша адамды шошытар еді? Олардың алды – 16, соңы 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Бұлар оннан астам адам еді. «Бабайдың» үйін тінткенде, бес шолақ мылтық, алты бетперде, бірнеше оқ табылды. «Енді министрлік пен департамент басшысына баяндауға болады» деп ойлаған Кенже Оңдасынов иығынан ауыр жүк түскендей күрсінді. Кабинет іші шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық құшағында. Ал сыртта долдана ұйытқып жойқын жел соғып тұр. Тал-теректердің соңғы жапырақтары қалтырай ұшып жер бетіне қонып жатыр…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...