12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бақыт ЖІГІТБЕКОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры: «МҰҚТАЖДЫҚ МАСЫЛДЫҚҚА ҮЙРЕТПЕУІ КЕРЕК»

– Төтенше жағдайдың психологиялық әсерін қалай бағалауға болады?
– Төтенше жағдайдың халыққа тигізетін психологиялық әсері әртүрлі. Мұның аз қамтылған отбасылар мен
тұрақты табыс көзі жоқ адамдарға ғана емес, бизнесі жүріп тұрған адамдарға да әсері бар. Бәрі ситуацияны адамның қалай қабылдауына байланысты. Әдеттегі өмір сүру салтымыз өзгергенде, әсіресе, жеке таңдауымыз болмаған жағдайларда, біз шағын дағдарысты бастан өткереміз. Мегаполистің беймаза тіршілігінен шаршаған адамдардың біршамасы карантинді жақсы қабылдады. Бірақ, оның экономикалық, әлеуметтік, психологиялық жағдайымызға қалай әсер ететінін біраз оқшауланғаннан кейін сезе бастағандай болды. Аз болса да тұрақты табыс көзі бар адамдар үшін жеңіл болуы мүмкін. Бизнесте жүрген адамдар үшін бұл стресс. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға елімізде әртүрлі ұйымдар тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатыр. Бұл ол адамдардың сенімсіздігін жоюға және рухани қолдауға бағытталған. Ал, экстремалдық жағдайда өзінің эмоциясын реттей алмайтын адамдарға қиын болады. Әлемдік деңгейдегі экономикалық дағдарыс бизнестегі адамдар үшін қайта серпіліс туындатады. Өзінің кәсібін, іс-әрекетін сұранысқа бейімдеуге икемдейді. Кез келген дағдарыс жаңа идеялардың, жаңа жоспарлардың туындауына алып келеді. Сондықтан да, бұл жерде жеке тұлғаның экстремалдық ситуациядан шығу әрекетін ұтымды пайдаланып, ішкі психологиялық резустарын қолдана алу керек. Сіздің жағдайыңыз сіздің бизнесіңізге тікелей әсер етеді. Толқудың себептері бар. Бірақ, ең бастысы, өз-өзіңізді сабырға келтіріп және бойыңызда эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру керек. Стресс жағдайында адам өзінің шынайылығын жоғалтады. Осы орайда қысқаша мынандай кеңес ұсынар едім. Егер жағымсыз эмоциялар,
қорқыныш және ертеңгі күнге сенімсіздік жұмыс жасауыңызға әсер етсе:
1) Отырып нақты не болғанын және дағдарыс сізге, сіздің бизнесіңізге қандай әсер ететінін жазып алыңыз. 2) Сізге қандай жаман салдары болуы мүмкін екенін талдаңыз. Сіздің миыңызда нақтылық пайда болып, мұндай жағдайда бойыңыздан үрей мен қорқыныш кете бастайды. 3) «Қазір нақты осы жерде» принципіне оралыңыз. Қандай іс-әрекеттен бастаймын, қолымда не бар, не істеймін деген сауалды басшылыққа алыңыз.
– Карантиндік шектеудің көктемге тұспа-тұс келуі кейбір адамдардың психологиялық жағдайын қиындатып жіберген жоқ па?
– Карантиндік жағдайдың көктем мезгіліне сәйкес келуі кейбір адамдарға әсер етуі мүмкін. Қыстан кейін организмде физиологиялық және психологиялық өзгерістер болады. Ағзада витаминдік жетіспеушілік туындайды. Созылмалы аурулардың асқынуы да кездеседі. Бұл жағдайларды жағымсыз әсер деп атауға болады. Сонымен қатар, көктемнің келуімен адамда гармоналдық өзгерістер болады. Оқшаулану жастарға егер олар рационалды ойлай алмаса, эмоциясын реттей алмаса керісінше әсер етуі мүмкін. Олардың әлеуметтенуі сыртқы ортадағы достары мен құрбыларымен бірге болғандықтан, оқшаулануды, үнемі ата-анамен бірге болуды агрессиямен қабылдайды. Шектеулерге қарсылық білдіріп, конфликт туындайды. Бұл конфликт отбасылық деңгейде, қоғамдық талаптарды мойындамау және өз-өзіне көңілі толмаушылық, іштей мазасыздық көріністерінде байқалуы мүмкін. Невротикалық, паникалық үрей қорқынышы бар адамдар жағдайдың нашарлауын сезінеді. Эпилептиктерде ұстамалар жиілеп кетуі мүмкін. Қалыпты адамға ешқандай жағымсыз әсер болмайды. Жалпы ата-ана алдында оқшаулану жағдайында баласының эмоционалдық жағдайын түсініп, онымен бірге болмаған уақыттарының орнын толтырып, эмоционалдық қатынасты орната алу міндеті тұр. Ата-ананың баласын тереңірек танып білуіне де мүмкіндік туындады. Карантин жағдайынан шыққаннан кейін бала тәрбиесіндегі жіберген олқылықтарының орнын толтырып, ұл-қызының мүмкіндіктерін және одан не талап ете алатынын нақты білетін болады. Балалармен бірге қарым-қатынасты қолдау үшін өз туысқандарына, әжелеріне, аталарына қоңырау шалу өте маңызды. Әсіресе, қазір осы уақытта жылы сезім пайда болады. Әдетте балалар таңертеңнен кешке дейін балабақшада, мектепте және тағы бір жерде болады ғой. Оның үстіне балалар ата-әжелерін, туыстарын көбіне жаз уақытында ғана көреді
– Карантин сонда әлсіреп кеткен отбасылық қарым-қатынас құндылығын нығайта ала ма?
– Бұл сұраққа иә немесе жоқ деп біржақты жауап беру қиын. Керісінше кейбіреулердің ажырасуына ықпал
етуі мүмкін. Ерлі-зайыптылардың көпшілігі әр күннің басым бөлігін жұ­мыста өткізеді. Енді үкімет белгілеген
карантин мен шектеулерге байланысты ерлі-зайыпты өз уақыттарын бірге өткізеді. Тәулігіне 24 сағат бірге болу кейбір отбасылардың ажырасуына алып келуі мүмкін. Бұған ерлі-зайыптылардың өмірге көзқарасы мен қызығушылығының сәйкес келмеуі және отбасын құрған уақыттағы сезімнің жоғалуы әсер етеді. Сонымен қатар бұған кішкентай балаларды немесе жасөспірімдерді қосыңыз. Әлеуметтік дистанция отбасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Атап айтқанда, шағын пәтерлерде тұратын жұптар үшін бұл сценарий жеке кеңістік жоқ деген сезім тудырады. Мұндай жағдайда да әрбір отбасы мүшесінің кеңістіктегі өз аймағы болуы керек. Ол арнайы бөлме болуы міндетті емес. Жұмыс үстелі, диванда отыру және т.б. болуы мүмкін. Карантин кезінде адамдар үй режиміндегі жұмысқа көшуге және өз міндеттерін үйде орындауға мәжбүр. Алайда, егер жақын уақытта өзіне назар аударуды талап ететін бала болса, оны жүзеге асыру оңай емес. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылардың біреуі жұмыс істеп, екіншісі баламен айналысуы және керісінше ауысым кестесін белгілеуі керек. Жалпы карантин, бұл отбасының барлық мүшелері үшін өзара қарым-қатынас орнатуға және бірбірін жақсы білуге қосымша мүмкіндік. Үлгермей жатқан отбасы мүшесіне көмектесу, бір-бірін қолдау және сабақ мәселесіне көмектесу арқылы эмпатия қалыптасады.
– Карантин кезінде ішімдік сатуға шектеу қою туралы ұсыныс қаншалықты негізді?
– Әрине, карантин кезінде ішімдік сатуға шектеу қойған дұрыс. Себебі бізде кейбір жағдайларда адамның психологиялық иммунитеті нашар боп жатады. Стресте жүргендер өз мәселесін уақытша осы алкоголдік ішімдіктерді қолдану арқылы жеңілдеткісі келеді. Бірақ, арақ психологиялық мәселені шешуге көмектеспейді.
Керісінше әсер етуі мүмкін. Сондықтан әлсіз адамдарға, алкогольге құмарлығы бар адамдарға ішімдіктің теріс
ықпалы зор. Өз-өзіне қол жұмсап, отбасындағыларға дөрекі мінез көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ, оқшауланып, тыныштықта жатқан адамдарға агрессиялық мінез-құлық көрсетуі де мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда алкогольдік ішімдіктің сатылуына шектеу қою дұрыс.
– Карантиннен кейін психологиялық көмекке мұқтаж адамдар саны ұлғаюы мүмкін бе?
– Карантиннен кейін де әлеуметтік мұқтаж адамдардың саны, әрине, көбейеді. Себебі бұған ең алдымен әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыс түрткі болады. Экономика мемлекеттер арасындағы сабақтас
дүние, бір-біріне байланысты нәрсе. Сондықтан бізде мұқтаж адамдардың саны өседі. Бұл жөнінде үкімет
тарапынан да әртүрлі бағдарламалар жасалып жатыр. Біздің қоғамда қазір еріктілер, кәсіпкерлер, имандылық жолындағы адамдар бар. Олардың барлығы да аз қамтылған отбасыларды шамасы келгенше қамқорлыққа алып, өз көмегін жасап жатыр. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады. Бірақ, бізде дағдарыстан кейін капитализмнің жаңа бір белесі басталады. Сондықтан, әрбір адам саналы түрде ойлап, өзінің дағдарыстан шығу жолына өзі жауапты болып, қиындыққа төтеп беруге тырысуы керек. Егер өзінің ішкі ынтасы болмаса, өзгеруге тырыспаса оған уақытша берілген көмектің пайдасы шамалы. Меніңше ондай адамдар өзінің қолынан не келеді, соны ойланып, бұрынғыдай үкіметке қарамай, өз мүмкіндігін, ішкі ресурстарын пайдаланып, отбасын асырайтындай, тұрақты кіріс кіргізетіндей іс-әрекетпен айналысуы керек сияқты. Әрбір дағдарыс өсуге, дамуға мүмкіндік береді. Сондықтан кез келген адам қоғамға жаңа көзқараспен қарап, санасын өзгертуі керек. Мәселе масылдық психологияда. Мұқтаж адамдарға үкімет тарапынан көмек беріліп тұрады. Бұл масылдыққа үйретпеуі керек. Әрбір адам «үкімет маған беру керек, ол міндетті» деген ойдан арылғаны жөн. Себебі, отбасы – кіші мемлекет. Ондағы 4-5 бала 18-ден асса да үнемі ата-анасына қарап, көмек сұрап отыратын болса, әрине, бұл ата-ана үшін өте ауыр. Үкіметке қол жаюды дағдыға айналдыру рухани азғындыққа алып келеді. Әрине, олардың проблемасы әртүрлі шығар. Бір іспен айналысайын десе, білім деңгейі жетпеуі мүмкін. Отбасын құрғанда дұрыс жоспарламаған шығар. Білім мен ғылымды болашағымның инвестициясы деп түсіне алмаған шығар. Өз-өзіне деген жауапкершілігі төмен болуы мүмкін.
Соған орай мұндай адамдардың санасын өзгерткен жөн. Карантиннен шыққаннан кейін мұндай адамдардың
санасы міндетті түрде өзгереді. Бірақ, барлығы толық деп айтуға болмайды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты үлкен жағдайлар жасалады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығын дамыту, оны бизнеске айналдыру әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың да жағдайын өзгертуге қосымша мүмкіндік береді
– Карантин кезінде психологтардың қызметі мен кеңесі құзырлы органдар тарапынан қаншалықты қолдау тапты?
– Психолог көмегіне мұқтаж адамдар өте көп. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан психолог дипломы бар
адамдар жеткілікті. Бірақ, олардың практикалық тұрғыдан кеңес бере алуы, әрбір проблемамен жұмыс жасау жағы әлі жеткіліксіз. Көбісі диагностикамен ғана айналысады. Қарапайым тұрмыстық кеңестер беріп жатады. Ал, кәсіби тұрғыдан кеңес беретін психологтар санаулы ғана. Сондықтан да дағдарыстан кейін құзырлы
органдар да психологтарға басқаша қарайтын шығар. Олар да өзінің кәсібилігін дамытуға көңіл бөле бастайды деп үміттенемін. Бұл оқшаулану, бұл дағдарыс болашаққа жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туындатады. Қазіргі уақытта білім мен ғылымның ары қарай ілгерілеуіне, қашықтан оқыту жүйесінің дамуына мүмкіндік туындады. Одан кейін нақты білімнің, вирусология, генетика, сонымен қатар ІТ ғылымдарының дамуына да үлкен серпіліс пайда болады. Жалпы әрбір адам қоғамнан өз орнын тауып, кәсіби тұрғыдан жұмыс жасайтын болса, бізде үлкен даму болары күмәнсіз. Сондықтан, онлайн форматта болсын, басқа жағдайда болсын көмекке мұқтаж адамдарға мен де кеңес беруге дайынмын.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

[ratings]

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...