12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бақыт НҰРМҰХАНОВ, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы: «КЕЗ КЕЛГЕН АЗАМАТТЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНУГЕ ҚҰҚЫҒЫ БАР»

– Бақыт Маратұлы, Ата Заңымыздың маңызы, оның ел өміріндегі орны қандай?

– Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ол Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі белгілерін бекітеді. Атап айтқанда, республиканы басқару нысаны, ондағы қалыптасқан демократиялық режим, қолданылатын құқық, адамның құқықтары мен міндеттері, мемлекетіміздің органдар жүйесі, олардың құрылу тәртібі, территориялық тұтастық, азаматтық, шекара қай елде болмасын дербес елдіктің белгілері. Әрине, Конституция деген ұғым кеңес заманында да болды. Қазақ КСР-ның 1926, 1937, 1978 жылғы негізгі заңдары болды. Бірақ сол кездерде мемлекетте Конституция өзінің негізгі орнын иеленбей, партия органдарының шешімдері шешуші рөл атқарды. Конституцияға, құқықтық мемлекет принциптерін орнықтыруға деген нағыз бетбұрыс тәуелсіздік жылдары қалыптаса бастады. 1991 жылы тәуелсіздік алған кездегі 1978 жылғы Конституция жаңа заман талаптарына жауап бере алмады. Сондықтан 1993 жылы Қазақстан өзінің алғашқы негізгі заңын қабылдады. Бұл құжат компромисті құжат болып, сол кездегі бой көтерген саяси күштердің арасындағы келісім актісі ретінде қалыптасты. Сөйтіп, біраз уақыт өтпей жатып, өзінің әлсіздігін көрсетті. Сондықтан араға бір жарым жылдай уақыт салып, қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдау қажеттілігі туындады.

– Конституциялық бақылау органының да қажет екені осы кезде білінді ме?

– Жалпы заңнаманың, құқық қолдану тәжірибесінің конституциялық талаптарға сәйкес келуін қадағалауды жүзеге асыратын органдар жиырмасыншы ғасырдың басында Еуропа елдерінде қалыптаса бастады. Оның негізін қалаушылардың бірі – белгілі австриялық заңгер, құқықтанушы Ганс Кельзен деген ғалым. Ғалымның айтуынша, конституциялық мәселелермен айналысатын арнайы, ешбір билік тармағына кірмейтін жеке дербес орган болуы керек. Осыдан екі жыл бұрын ғана Австрияның Конституциялық соты жүз жылдығын атап өтті. Мұндай ұйымдар Австриядан кейін Чехияда, Югославияда құрылды. Кейінірек Берлин қабырғасы құлағаннан кейін бұл үрдіс Шығыс Еуропа елдеріне қарай жайылды. Одан әрі қарай конституциялық соттар КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңістікте құрыла бастады. КСРО тұрған кезде конституциялық қадағалау комитеті құрылып, бұл органның әрбір одақтас республикада болуы міндеттелді. Қазақ КСР-інде де конституциялық қадағалау комитетінің құқықтық негіздері қаланды. Бірақ іс жүзінде ол жұмыс істеп үлгермеді. Тек 1993 жылғы алғашқы Конституциямызда Конституциялық сот институты көрініс тапты. Бұл құрылым 1992–1995 жылдар аралығында жұмыс істеді. 1995 жылы қазіргі Конституция жобасын дайындауға қатысқан шетелдік сарапшылардың ішінде Роллан Дюма және Жак Аттали деген француздық мамандар болды. Солардың әсері ме, әлде басқа жағдайлар себеп болды ма, Конституциялық сот Конституциялық кеңеске ауыстырылды. Жалпы, халықаралық тәжірибеде бұл органдар Конституциялық кеңес, Конституциялық сот, Конституциялық трибунал деп әртүрлі аталады. Ауғанстанда конституцияның жүзеге асуын бақылайтын тәуелсіз комиссия дейтін құрылым бар. Көптеген елдерде бұл функцияны жалпы соттар атқарады. Мәселен, АҚШ-та ол Жоғарғы Сотқа жүктелген. Бұл құрылымның әр елдегі атауы бөлек болғанымен, миссиялары бір. Ол – заңнаманың, құқық қолдану тәжірибесінің конституциялық талаптарға сәйкес келуін қадағалау, Парламент қабылдаған заңдардың Ата Заң талаптарына сәйкестігін тексеру, мемлекеттік органдар арасында туған конституциялық-құқықтық дауларды шешу, олардың өкілеттіктерінің ара-жігін ажырату, Президент, Парламент сайлауларының дұрыстығын қадағалау, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру, халықаралық шарттардың ратификация алдында конституциялық талаптарға сәйкестігін зерделеу. Сондықтан олардың өкілеттігі өте ұқсас. Жалпы, қазір 120-ға жуық елде конституциялық бақылау органы құрылса, соның 80-ге жуығында Конституциялық сот, 12-де Конституциялық кеңес жұмыс жасайды.

– Енді біздің елімізде референдум нәтижесінде Конституциялық кеңес қайтадан Конституциялық сотқа айналғалы отыр. Мұндағы мақсат не?

– Бұл ретте әлемдік озық тәжірибе негізге алынды. Дамыған елдерде соңғы жиырма жылда жеке азаматтардың конституциялық органдарға қол жеткізуін кеңейтуге ұмтылыс байқалады. Бұл құқықтық мемлекеттің алғышарты. Еліміздегі Конституциялық кеңеске азаматтар тікелей жүгіне алмады. Олар өз құқықтарын қорғау үшін Кеңеске тек жалпы соттар арқылы шығуға мәжбүр болды. Яғни, азаматтар соттарда қаралып жатқан қандай да бір азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, басқа да істерді шешу үшін қолданылған белгілі бір заңның конституциялылығына күмәні болса, судьяға істі тоқтата тұрып, Конституциялық кеңеске жүгінуді сұрайды. Өтінішін судья қанағаттандырмаса, ары қарай ештеңе істей алмайды. Ал, судьялар болса конституциялық қайшылық көрсе ғана Конституциялық кеңеске жүгінеді. Көріп отырғанымыздай, бұл ретте азаматтар тілегі әрқашан қабыл бола бермейді. Бұған соңғы 27 жылдың ішінде Конституциялық кеңеске соттардан бар-жоғы 78 ұсыныс түскені дәлел бола алады. Заңгерлермен, адвокаттармен, азаматтармен пікірлескен кезде де соттардың көбіне мұндай өтініштерді қанағаттандырмайтынын айтады.

– Бұл жерде судьяның біліктілігі де рөл ойнайтын болар? Оның Конституция талаптарына заңның сәйкестігін зерделеуге құзыры жоқ қой.

– Бұл да мүмкін. Мұны көршілес елдердің тәжірибесіне қарап, зерделеп отырмыз. Айталық Ресейде нақты қылмыстық істі қарау кезінде судья осындай өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, оған тартылған азамат ісі қаралып біткеннен кейін өз бетімен заңды даулап, Конституциялық сотқа жүгініп, нәтижесінде сол заң конституциялық емес деп танылған фактілер болған. Елімізде Конституциялық сотты құрудың арқасында азаматтардың оған тікелей жүгінуге құқы пайда болып отыр. Енді азамат заң Конституцияға сәйкес емес деп күмәнданса, сотқа тәуелді болмайды. Конституциялық сотқа тікелей шығып, күмәнданған заң нормасын тексерте алады. Бұдан өзге Конституциялық сотқа жүгінудің тағы екі арнасы ашылып отыр. Олар Бас прокуратура және омбудсмен арқылы даулау мүмкіндігі. Республика Президенті де күшіне енген заңдарды Конституциялық сотта даулай алады. Бұл жерде Мемлекет басшысы өз еркімен де және келіп түскен азаматтардың арыз-шағымдарын қорытындылаудың нәтижесі бойынша да осындай өтініш енгізуі мүмкін. Осының бәрі азаматтардың конституциялық құқы мен мүддесін тиімді қорғау үшін енгізіліп отырған шаралар.

– Конституциялық кеңестің Конституциялық сотқа айналуы үшін белгілі бір дайындық шаралары қажет шығар?

– Конституциялық кеңес құрылып, жұмыс істеген 27 жыл ішінде еліміздегі құқықтық мемлекет принциптерінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Болашақта да Конституциялық кеңестің шешімдері өзінің заңды күшін сақтайтын болады. Ол тікелей референдумда қабылданған заңда айтылған. Енді Конституциялық сот қазіргі Конституциялық кеңестің бүкіл өкілеттігін алып отыр. Қосымша қосылған өкілеттіктер атап өткен азаматтардың, Бас прокурордың және омбудсменнің өтінішін қарау. Енді Конституциялық сот жұмыс жасау үшін жеке Конституциялық заң қабылдану қажет. Онда Конституциялық соттың мәртебесі, судьяларына қойылатын талаптар, жұмыс істеу принциптері, конституциялық іс жүргізу сатылары, Конституциялық соттың шешімдері және түрлері, өкілеттіктері және басқа мәселелері қарастырылады. Бұл заң жобасы дайын. Негізгі әзірлеуші – Әділет министрлігі. Конституциялық кеңес бұл шараға белсене қатысты. Осы Конституциялық заң қабылданғаннан кейін Конституциялық соттың ішкі мәселелері егжейтегжейлі қарастырылатын регламент қабылдануы тиіс. Қазір оның да жобасы дайындалып жатыр. Бұған қоса Конституциялық соттың судьялар саны өскенін білесіздер. Конституциялық кеңес жеті мүшеден тұрса, Конституциялық сот құрамында 11 судья жұмыс істейтін болады. Конституциялық соттың жұмысы бірнеше есе ұлғаяды. Өйткені, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай органдарға негізінен азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері көп түседі. Қазір кеңес аппаратында 25 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың да саны арттырылады. Өйткені, келіп түскен өтініштердің формальды талаптарға сәйкестігін тексеретін бірінші сүзгі – осы аппарат. Қазіргі таңда Конституциялық сот орналасатын жаңа ғимарат салынып жатыр. Ол биыл аяқталуы тиіс. Осы шаралардың барлығы талапқа сай жүріп, келесі жылдың басынан бастап Конституциялық соттың тиісті деңгейде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды деп ойлаймын.

– Судьяларға қандай талап қойылады?

– Конституциялық сотты тағайындау тәртібі Конституцияның 71-бабында дәйектелген. Бұл органның төрағасын Президент Сенаттың келісімімен және төрт судьясын өз ықтиярымен тағайындайды. 3 судьядан 6 судьяны Сенат пен Мәжіліс бекітеді. Бұл процеске осылай әртүрлі билік өкілдерінің қатысуы Конституциялық соттың бейтараптылығын, тәуелсіздігін, обьективтілігін қамтамасыз ету үшін көзделді. Жалпы, халықаралық тәжірибеде Конституциялық сот судьясы заңгер мансабының шыңы деп айтуға болады. Қазірдің өзінде Конституциялық кеңес мүшесі лауазымдарына үлкен өмірлік тәжірибесі бар, Парламент депутаты болған, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың басшылығында болған азаматтар немесе елімізге танымал ғалымдар тағайындалып келді. Меніңше бұл үрдіс болашақта да сақталады. Қазіргі заң жобасы бойынша, судьялардан Қазақстан Республикасының азаматы болуы, 40 жасқа толуы, заң саласында кемінде 15 жыл қызмет өтілінің қажеттігі, моральдық келбетінің тазалығы және құқық саласындағы біліктілігінің жоғарылығы талап етіледі. Олар алты жылға тағайындалады.

– Конституциялық соттың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай кепілдіктер қарастырылған?

– Конституциялық кеңес судьялары тек Ата Заңға бағынады. Бұл «Конституциялық сот туралы» заң жобасында айтылған. Екіншіден, осы құжатта айқындалған судьялардың теңдігі, олардың құзыретіне қол сұғылмайтындығы, тәуелсіздігі, мәселелерді алқалы түрде көпшілік дауыспен шешуі, қызметіне ешкімнің араласуына жол берілмеуі, мұндай әрекетке Қылмыстық кодексте арнайы баптың қарастырылуы, қаралған іс бойынша ешкімге жауап бермеуі, ешкімнің есеп ала алмайтыны, қабылданған шешімге білдірген құқықтық позициясы үшін қудаланбауы Конституциялық соттың тәуелсіздігінің белгілері. Бұған қосымша материалдық кепілдіктер де бар. Мысалы, Конституциялық сот республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

– Жалпы, Конституциялық сотқа барлық заңнамалар бойынша жүгінуге бола ма? Ол қандай негіздерге сүйенуі тиіс?

– Конституциялық соттардың жұмысын зерделеп, белгілі талаптар қалыптастырып жүрген халықаралық органның бірі – Еуропа кеңесінің венециялық комиссиясы. Осы құрылым жасаған тұжырымға сүйенсек, заңның конституциялық талаптарға сәйкестігіне қатысты ақылға қонымды күмәннің болуы Конституциялық органға жүгінуге жеткілікті негіз болып табылады. Сондықтан егер тарап мынау конституциялық талапқа қайшы келіп тұр десе, судья қайшы емес деп айта алмайды, өйткені, ол конституциялық құқықтың маманы емес. Ол істі тоқтата тұрып, Конституциялық сотқа жүгінгені дұрыс. Өйткені Конституциялық сот арнайы сол үшін құрылған мемлекеттік орган. Өмірде алып қарасақ, мысал үшін, көптеген заңдар адамның құқығын шектейді. Сол шектеулер қандай мақсатта енгізілді, олар барабар, мөлшерлес пе, немесе тым қатал емес пе, әділетті ме? Конституция қойған талап бойынша мұндай шектеулер тек заңмен белгіленеді. Қазір көріп жүргеніміздей, кейбір шектеулер заңға тәуелді актілермен, яғни үкіметтің шешімімен немесе министрліктің бұйрығымен белгіленеді.

– Осы Конституциялық соттың шешімімен келіспеген жағдайда келесі қадам қандай болмақ?

– Конституциялық сот шешімінің міндетті заң күші бар. Ол бүкіл ел аумағында қолданылады және шағымдануға жатпайды. Өйткені, Ата Заңның, мемлекеттің атынан сөйлеп тұрғаннан кейін ол шешім орындалуы тиіс. Оны қайта қарайтын инстанция да, шағымдану тетіктері де жоқ. Халықаралық тәжірибе де солай. Өз шешімін тек Конституциялық соттың өзі ғана жоя алады. Оған Ата Заңның өзгеруі, яғни Конституциялық сот қабылдаған шешім негізделген норманың өзгеруі себеп бола алады. Биыл төртінші конституциялық реформа болып, Ата Заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Осы баптар бойынша бұрын қабылданған шешімдер болса, оларға қазір ревизия жасауға болады.

– Сіздіңше Конституциялық соттың құзыреті жеткілікті ме?

– Қазіргі таңда Қазақстан Конституциялық сотына беріліп отырған өкілеттіктер еліміздегі Ата Заңның жоғары тұруын, талаптарының өмірге енуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Конституциялық соттың заңдарды Парламент қабылдап, Президент қол қойғанға дейін, сонымен қатар қолданыста жүрген барлық нормативтік құқықтық актілердің де Конституцияға сәйкестігін тексеруге мүмкіндігі бар. Көптеген елдерде Конституциялық соттар Президент қол қойғанға дейін заңдарды тексере алмайды. Біздің елімізде бұл органға қос мүмкіншілік беріліп отыр.

– Конституциялық соттың тиімді жұмыс істеуі тек оның өзіне ғана байланысты емес болар? Бұл қоғамнан да белгілі дайындықты қажет ететіні анық. Түсіндірме жұмыстары да кең көлемде жүргізілгені жөн. Өйткені, қазірдің өзінде Конституциялық сотты соттың төртінші сатысы деп жүргендер баршылық.

– Жалпы, Конституциялық соттың құылуы еліміздің заң құрылымдарының, заң қауымдастығының тығыз ынтымақтастығын талап етеді. Өйткені, кез келген азамат Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы болса да, сол соттың алдына қойылатын мәселені өз бетімен қағаз бетіне түсіре алуы, құқықтық сауатының болуы шарт. Жалпы, заң талабымен неге келіспейтінін, қай жеріне қарсы екенін уәждеп өтініш жазу қарапайым азаматтың қолынан келе бермейді. Онда оған кім көмектеседі? Осы мәселе біздегі заң қауымдастығының ынтымақтаса, өзара әріптестікте жұмыс жасауын қажет етеді. Біраз елдерде азаматтар Конституциялық сотқа тек адвокатпен келеді. Ондағы мақсат – Конституциялық сотта шығарылатын мәселенің қаралу сапасын қамтамасыз ету. Ол жерде тараптың еркін білдіретін заңгер болуы тиіс. Жарыспалылық болуы керек. Конституциялық соттың міндеті соны тыңдап, обьективті шешім шығару. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс жүреді. Көптеген елдердің Конституциялық соттары өз сайтында өтініштің үлігісін орналастырып қояды. Бізде де азаматтарға осындай көмектер ұйымдастырылуы керек. Өзіңіз айтқандай, қазір қоғамда көптеген азаматтар Конституциялық сотты төртінші сот сатысы ретінде түсініп жүр. Сондықтан да арыздар мен шағымдар көптеп келіп жатыр. Бірі сот үкімімен келіспейді, бірі тағайындалған жазаны әділетсіз деп таниды, тағы бірі банкіден алған несиесін жауып беруді сұрайды. Мұндай мәселелерді Конституциялық сот қарамайды. Конституциялық соттың басты міндеті, тағы да қайталайын – белгілі бір дауды шешкен кезде қолданылған заңның, басқа да нормативтік-құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау. Сотталушы қылмыс жасады ма, жоқ па, тағайындалған жаза әділетті ме, заңсыз ба деген мәселені қарамайды. Мұны дұрыс түсінген жөн. Екіншіден, қазір кейбір заңгерлер әрбір азамат заң бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланғаннан кейін оның қандай да бір бабына күмән туындаса, Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы болсын деген пікір айтуда. Бұл дұрыс емес. Халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша, Конституциялық сотты адам құқын қорғаудың қосымша кепілі деп қарастырған жөн. Мысалы, азамат әкімдіктің шешімін сотта даулады делік. Сот әкімдіктің шешімін қолдады. Келесі сот сатысы бұл істі алқалы түрде қарап, заңды мүлде басқаша қолдануы мүмкін. Бұл әрбір заңгердің заң жайлы түсінігі мен тәжірибесіне байланысты. Мұндай шешімдер көп. Сондықтан егер де облыстық сот заңды басқаша түсініп, қолданса, азаматтың пайдасына шешсе, онда ол заңды ары қарай дауламайды. Егер жоғары тұрған сот та заңды бірінші сатыдағыдай қолданса, азамат онымен келіспесе, заңды даулау Конституциялық сотта жүзеге асырылуы тиіс. Көптеген елде Конституциялық сотқа мұндай даулар жалпы сот сатыларынан өткеннен кейін келеді. Үкімді емес, тек заңның өзін ғана даулайды. Дау туындамаса да болашақта керек болып қалар деп, заңды әшейін тексертіп алу үшін Конституциялық сотқа жүгінуге болмайды. Заңды даулай отырып, оның салдарын да ескерген жөн. Егер заң Ата Заңға қайшы деп танылса, соның негізінде бұрын қабылданған сот шешімінің күшін жою керек болады. Ал ол заң жаңадан немесе бес жыл бұрын қабылдануы мүмкін. Осы уақыт ішінде мыңдаған адам тағдырына қатысты қаншама шешім шықты. Оның бәрін қайта қараудың салдары қиын. Осындай жағдайдың алдын алу үшін заңгерлер қауымдастығының ынтымағы, біліктілігі өте қажет.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор....