«Баспасөз – қоғамдық пікірдің жетекшісі» дейді француз жазушысы Ги де Мопассан. Әлемге аты әйгілі жазушының осыдан екі ғасыр бұрын айтқан бұл тұжырымды сөзі әлі күнге дейін өз құнын жоғалтқан жоқ. Керісінше, бүгінгідей ақпараттық заманда бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі – БАҚ)қоғамдағы рөлі, ықпалы арта түсті.
БАҚ-тың қазіргі сипаттамасы ақпарат таратушы, жаңалықтың жаршысы деген шеңберден әлдеқайда кең. Бүгінгі БАҚ – азаматтық қоғамды дамытушы, жалпыхалықтық пікірді қалыптастырушы. Журналистердің көмегіне сүйене отырып елдік жобаларды дамытуға, жаңа бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік мол. Тек соны лайықты қолдану керек.
Мәселен, құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстанда заң, құқық саласын жетік меңгерген, күштік құрылымдар мен сот жұмысының қыр-сырына қанық журналистер шоғырын қалыптастыру өзекті мәселе. Құқықтық салаға бейімделген журналистер заңға қайшы әрекет жасамайды. Мұндай мамандар әр сөзін заң баптарына сүйене отырып айтады. Өзі жазатын мәселенің тек бетін қалқып алмай, халыққа оның құқықтық салдарын жеткізуге, заңдық түйткілдерді тарқатуға күш салады. Сот саласы осындай сауатты, жауапты журналистер көмегіне зәру.
Әрине, құқықтық саладағы жаңалықтарды насихаттауға, заңға қайшы әрекеттерді терең талдап жазуға қызығушылық танытқан журналистерді қолдау, олардың білім-білігін көтеру біздің міндетіміз. Соған орай, Қапшағай қалалық сотында журналистермен ашық диалог орнатып, бірігіп жұмыс істеуге барынша мән беріліп келеді. Судьялар әрбір қолданысқа енгізілген заңды таныстыру шараларын тілшілер қауымынсыз өткізбейді. Өйткені, журналистер – халық өкілі. Олар халықтың тілінде сөйлейді, көпшілікке ұғынықты тілде жазады. Заңды біз жан-жақты түсіндіргенмен, оны жұртшылыққа қарапайым етіп жеткізу журналистердің қолында. Сондықтан біз төртінші билік өкілдерінің көмегіне жиі жүгінеміз.
Сот пен БАҚ арасындағы байланыс тек ақпарат тарату бағытында десек қателесеміз. Өйткені, біз де өз тарапымыздан журналистерге сот процестерін қалай жазуды, қандай талаптарды сақтауды үйретеміз. Кейде сот отырысына келген журналистердің рұқсатсыз суретке түсіріп, залдан тікелей хабар таратуға тырысатынын байқаймыз. Иә, ақпарат ұсынуда жеделдік керек. Бірақ, бұл сотқа қатысушылардың құқығын бұзбауы керек. Суретке түсірмес бұрын тараптардың келісімі керектігін, сонымен бірге, тікелей түсірілім де сот отырысына қатысушылардың рұқсатымен жасалатынын түсінгеніміз абзал. Сондай-ақ, сот үкім шығармай жатып бір тараптың пікіріне сүйене отырып болжам айтып, пікір білдіру де сотқа қысым жасау деп бағаланады. Міне, осы мәселелерді біз журналистермен бірге ұйымдастырылатын басқосу, тренингтерде талқылауға басымдық береміз. Бұл сот пен БАҚ арасындағы байланысты нығайтары анық.
Жайық Жанболатов,
Қапшағай қалалық сотының судьясы
Алматы облысы