12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бағдат МӘНІЗОРОВ, меценат, кәсіпкер: «КӘСІП ТЕК ТАБЫСТАН ТҰРМАЙДЫ»

Қазақстанға белгілі бизнесмен Бағдат Мәнізоров та – ауылдан шығып, іскерлігімен, қарапайымдылығымен танылған тұлға. Алматы облысының Көксу, Ақсу аудандарының әкімі, сондай-ақ Алматы қаласының Алатау ауданында әкім лауазымын атқарған жылдарында мемлекеттік қызметте білікті басшы болумен қатар, қарапайым халықтың қамқоршысы, қорғаны да бола біліп, ел есінде сақталды. Еңбегі билік тарапынан әділ бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендері және «ҚР Құрметті спорт қайраткері» марапаттары берілді. Атпал азаматтың өмір, еңбек жолын үлгі тұту мақсатында жүргізген арнаулы сұхбатымызды ұсынамыз.

– Бағдат Сайланбайұлы, сізді елге танымал еткен, таңдаулы еткен не?
– Еңбегімізді елеп жатқанымен, елден биік емеспіз. Қандай жұмысты бастап, қай ортада жүрсек те, халықпен біргеміз, көпшіліктің қалауындағыны жасап, елдің алғысын алу – азаматтық парызымыз. Ал бизнесмен ретіндегі алғашқы қадамым 1993 жылдан басталады. Алматы облысы Көксу ауданында алдымен сауда орталығын ашып, тірнектеп жұмыс істедім. Кейіннен ауданға не керек, халыққа қай тұрғыдан көмек беруге болады деген сауалға жауап іздедік. Елде сұраныс болған соң, Қытайдан он дана диірмен әкеліп орнатып, ретімен наубайхана, шағын өнеркәсіп орындарын аштық. Сөйтіп маңызды салаларды біртіндеп меңгеріп, сапалы қызметке бет бұрдық. Басқа қалаларға барғанда ірі сауда орындарын, нарық әліппесін көргендіктен, мұндай игілік неге біздің өңірде жоқ деп ойланатынмын. Біздің халық та бүкіл затты бір орталықтан қиналмай, таңдау жасай жүріп алуға әбден лайық. Ақшасын төлеген соң, соған лайық қызмет те болғаны жөн. Бұл талап табыс тапсақ дегеннен гөрі, туған жерді көркейтіп, халыққа қолайлы жағдай туғызсақ деген таза ниеттен туған. Осылайша Талдықорғаннан жер телімдерін сатып алып, жарқыраған, таза, барлық мүмкіндік қарастырылған сауда орталықтарын салдық. Аукционға қатысып, қаладағы орталық базарды таза жеңіспен ұтып алдық. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуға, егін егіп, мал өсіруге де ден қоя білдік. Қазір бұл шаруаны інім жүргізіп отыр.
– Кәсіп, кәсіпкерлік дегенде көз алдымызға мол табыс, қаржы елестейтіні рас. Бірақ соның артында үлкен еңбектің, тынымсыз тірліктің, темірдей талаптың тұрғанын байқай бермейміз. Сіздің табысыңыздың кілті неде?
– Дұрыс айтасыз. Қазір әсіресе жастар жағы тырбанып еңбек еткеннен, бір сәтте келетін оңай табысқа әуес. Қолдарындағы смартфонмен түсірген бірнеше минуттық түсіріліммен миллиондап табыс тауып отырғандар жастарға «Еңбекпен жеген нан тәтті» деген тәмсілді ұмыттырды. Солармен салыстырғанда біздің кезімізде кәсіп бастау мехнатты жұмыс болды. Өйткені бізді ата-анамыз «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Адал еңбек алысқа апарады» деп тәрбиеледі. Жастайымыздан осы тәмсіл ойымызға орныққан соң, біз қол қусырып, «Алма піс, аузыма түс» деп отырған жоқпыз. Ұтқан да тұсымыз болды, кәсіп жасаған соң ұтылған тұсымыз да аз емес. Өйткені кәсіп тек табыстан тұрмайды. Мұндай іске тәуекел еткен соң, кіріспен қатар шығыстың жүретінін қаперде ұстадық. 1994 жылы республикамызда ең бірінші болып Талдықорғанда «Қазақстан – Түркия» деген сауда орталығын салдық. Елбасы келіп осы сауда орталығын ашып, риза болды. Сол жылы Талдықорғаннан жүн, тері дайындап, сататын Қытай, Түркия, Ресей мемлекетаралық «Қазақстан – Ресей» деген мекеме аштық. Татарстанның Мелита деген зауытымен қарым-қатынас орнатып, мал терілерін апарып өткізіп, орнына бізге керекті «КамАЗ» секілді автокөліктер және басқа да тұтыну заттарын әкелдік. Бұған дейін теріні саудалау қиын болатын. Осы мемлекетаралық келісімнің арқасында қолда барды ұқсатып, өзімізге қажетті заттармен алмастырудың сәті түсті. Қытайға да тоқтаусыз тері өткізіп, диірмендерді жаңартып отырдық. Елімізде Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттеріне бизнес жұмысымен барып келу дұрыс жолға қойылғандықтан, жұмысым жақсы нәтиже берді. Жалпы, диірмендер мен жүн, тері өңдейтін өндіріс орындары Талдықорған өңірінде тек Көксу ауданында ғана болды. Сол зауыттар мен әмбебап сауда кешені сапалы салынғандықтан, бүгінгі күнге дейін тоқтаусыз істеп тұр. Мұнда қаншама адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Ал оның артында, өзіңіз айтқандай, сырткөзге байқала бермейтін темірдей тәртіп тұр. Тәртіп сақталған жерде тазалық, адалдық, жауаптылық болады. Менің берекелі бизнесімнің кілті де осы шығар.
– Кәсіпкер – өз кәсібінің қожасы. Ал мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің айырмашылығы қандай?
– Ауылдың тынысын ашып, елдің жағдайын жақсартуға үлес қосқан жандарды Елбасының жоғары бағалайтынын көріп жүрміз. Менің де кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке келуіме Тұңғыш Президентіміздің қолдауы түрткі болды. Қолға алған бастамаларды Елбасы үш рет келіп көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр қызметін атқарып жүрген кезінде жұмысыммен танысты. «Туған жерге туыңды тік!» деген ұстанымы бар сол кездегі Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов «іскерлігіңді мемлекеттік қызметте көрсетіп, ауылыңды көтер» деді. Осылайша мемлекеттік қызметке 1999 жылы келіп, екі жыл Көксу ауданы әкімінің орынбасары, сосын бір жыл осы Көксу ауданы әкімі қызметін атқардым. Сол кезде облыс әкімі ауысып, Шалбай Құлмаханов басшылыққа келген еді. Мені бірден Ақсу ауданы әкімі қызметіне ауыстырды. Талабы – тоқтап тұрған Ақсу қант зауытын іске қосу. Зауытқа күзгі жиын-теріннен 25 мың тонна қант қызылшасы түседі екен. Шаруалар қант қызылшасын өткізгенімен, ақшасын ала алмайды. Іс жолға қойылмаған. Дау-дамай. Әрине, шаруалар өз еңбегінің өтеуін көргісі, ақысын алғысы келеді. Алайда зауытқа 50 мың тонна өнім түскенде ғана өзіндік құнын ақтап, елмен есептесе алады. Сондықтан уақытпен санаспай, еселей еңбек ете жүріп қант зауытының әлеуетін жыл сайын 112 мың тоннаға дейін өнім қабылдайтын жағдайға жеткіздік. Мемлекеттік қызметке беріліп, алаңсыз жұмыс істедім. Біраз еңбек сіңірдік, бірталай қаржы салдық. Үш жылдан кейін зауыт жұмысы дұрыс жолға қойылғанда, облыс әкімі зауытты қайтарып беруді сұрады. Қайтпек керек? Зауытты көтеру үшін банктермен жасасқан келісімшарттарды жайып салдым. «Егер осы қаражатты қайтарсаңыздар, ала беріңіздер», – дедім. Шындығында, жұмсалған қаржы аз емес еді. Сондықтан «банктегі қарызымды белгіленген уақытында төлеп, заңға сәйкес жабайын, сосын зауытты ала беріңіздер» деуге тура келді. Бірақ тура сөз туғаныңа да жаққан ба? Мұның соңы мемлекеттік қызметті тастап, қайта бизнеске оралуыма түрткі болды.
– Жалпы, бизнес өкілдері билікке ашық қарсы келмей, сындарлы саясат ұстанатыны белгілі. Ал сіз сол тұста өңірдегі кәсіпкерлермен бірігіп, облыс әкімінің өзіне батыл талап қойған жансыз. Мұндай қадамға не итермеледі?
– Шыны керек, кез келген мәселені байыппен, салмақты шешкенді жақсы көретін адаммын. Бизнесте жүрген жанға қызбалыққа салуға, асығыс әрекет жасауға болмайды. Ол кәсіпті ғана күйдірмейді, айналаңа қадіріңді азайтады. Ал қарсылық мәселе қордаланғанда, құқығың аяққа тапталғанда туады. Ақсу ауданының әкімі қызметін үш жыл атқарып кеткеннен кейін зауытқа қатысты мәселе  көпшілікке жетті. Содан облыс әкімінен зәбір көріп, іштей тығылып жүрген жандар маған хабарласа бастады. Байқасам, біз көп екенбіз. Қарапайым азаматтарды былай қойғанда, елдің анасы атанған Зылиха Тамшыбаеваның өзі әкімге өкпелі екен. Бизнесі орта жолда тоқтаған ол кісі жақсы атын бұлдағандай болмайын деп тежеліпті. Қандай жағдайда да ел ерге сенеді. Мұндайда қызметте отырған әкімге қарсы шығу ағысқа қарсы жүзгенмен тең. Бірақ тәуекелдің желқайығына мініп, зардап шеккен кәсіпкерлерді жинап, Талдықорғанда баспасөз конференциясын өткіздік. Оның дабыры Парламентке, сосын Елбасыға жетті. Алматы облыстық әкімдігінің кіші залында Зылиха апайдың өкілі, ауған соғысының ардагерлері, жалпы кәсіпкерлер жиналып, кезек-кезегімен шындықтарын ашына айтты. Ақыры, Шалбай Құлмаханұлы елден кешірім сұрады. Сөйтіп, әділдікке себепші болдық. «Тамшы тас жарады» деген – осы.
– Көксудың қарапайым азаматы алматылықтардың жүрегін қалай жаулады?
– Шынымды айтсам, жұмысты біреуге ұнау үшін, болмаса марапат алу үшін істемеймін. Мұның барлығы, жоғарыда айтқандай, сапалы жұмыс, жауапты қарым-қатынас, темірдей тәртіптің жемісі. Алматыға 2004 жылдың соңында келіп, өз бизнесімді бастадым. Кәсіпкер үшін өсу, шаруасын кеңейту керек. 2007 жылы Алматы қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Бір жылдан кейін қалалық мәслихаттың келісімімен, Алматы қаласы әкімінің өкімімен Алатау ауданының әкімі болып тағайындалдым. Сол кезде Алматының ең үлкен проблемасы – Шаңырақ елді мекені болды.
– Иә, сол кезде Шаңырақ елді мекенінде жер дауы, қордаланған әлеуметтік және басқа мәселелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кезектесе көтерілгені жасырын емес еді ғой…
– Алатау ауданы Елбасының тікелей берген тапсырмасымен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында құрылған аудан болып саналады. Сондықтан «Алатау ауданының авторы – Елбасы» деп айтуға толық негіз бар. Бұл сөзімізді осы ауданды басқарып отырған кезде шығарған кітабымызда айтып, жазғанбыз. 2006 жылы Шаңырақта халықтың баспаналарын трактормен күреп, тегістейміз деп, жер дауына байланысты көтерілген мәселе ушыққанда сол ел полицияның бір бекетін өртеп жібергені мәлім. Аумалы-төкпелі заманда ауылдардан Алматыға ағылған жұрт осы елді мекенде қамыс-құрақ секілді материалдармен ешкімнің рұқсатынсыз тұрғын үйлер салып алған. Делдалдар елді алдап, жалған құжаттармен жер телімдерін арзан бағамен сата бергені тағы бар. Көшелерінде жарық, асфальт, суағар арық жоқ. 159 мың адамға медициналық қызмет көрсететін бір емхана ғана бар. Соның барлығын сараптай отырып, бірінші кезекте елді мемлекеттік мекемелерге тіркетіп, жеті мың тұрғын үйдің құжаттарын заңдастырдық. Бұл дегеніміз – елу мыңға жуық азамат пен азаматшаның конституциялық құқығын қорғау болып табылады. Тағы бір проблемасы бұл елді мекендер саздауыт жерде орналасқандықтан, жерасты суы көтеріліп, тұрғын үйлер іргетасы тез мүжіліп, қабырғалары дымқылданып, көгеріп кетеді екен. Бұл мәселені де түбегейлі шеше білдік. 1000 балаға арналған тоғыз мектептің әрқайсысында 3000-4000 бала үш ауысыммен оқиды екен. Мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана біліп, күні-түні тынбай еңбек етіп, 12 мектеп салдық. Білімді ұстаздарға жол ашып, бес жылда білім беру деңгейін көтеріп, республика бойынша «Алтын белгі» алған шәкірттер саны мен Ұлттық бірыңғай тест тапсыру жетістігінен Алатау ауданы бірінші орынға көтерілді. Сол деңгейден түспей жылма-жыл сақтап та отырды. Басты мақсатымыз халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау әрі көмектесу болғандықтан, көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жетімдерге, көмекке мұқтаж жандарға жалпы атаулы әлеуметтік көмек тиесілі жандарға мемлекеттік қолдауды жақсы көрсеттік. Жыл сайын жағдайы төмен отбасылардың балаларын киіндіріп, мектепке дайындаймыз. 17 елді мекенді толық газдандырдық. Ауызсу, кәріз құбырын тарту жұмыстарын сапалы істеп, 100 пайызға жуық бітірдік. Осының барлығы – Елбасының сарабдал саясатымен, қала әкімінің қолдауымен
істеген жұмысымыз.
– Әсіресе мегаполис жұртшылығы экологиялық мәселелерге көңіл бөлгеніңізге әлі күнге риза. Алматыны түтіннен арылту жұмысы қалай басталды?
– Негізі, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов – өте ықпалды, жұмыс ретін білетін адам. Тәжірибесі кемел, көреген басшы. Біздің жұмысымыздың алға басуына осы кісінің көмегі көп тиді. Функционалдық міндетімізге сай атқарған қызметімізге қолдау көрсетіп, келелі ой тастап, бағыт-бағдар беріп отырды. Алматының Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің төменгі солтүстік-батыс
бөлігі жазық дала болатын. Сәулетшімен, мамандармен ақылдаса отырып, қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының келісімімен Алматыны басып тұратын түтіннен арылту үшін индустриялық аймақты сол жерге көшірдік. Универсиада қалашығын әлемдік талапқа сай жоғары деңгейде салдық. Осылайша бес жүзге жуық көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, қаланың көркіне көрік қосты. Осы жерде Ахметжан Смағұлұлының алматылықтарды көлік кептелісінен құтқару мақсатындағы басшылық қызметін ерекше айтып өткенім дұрыс. Алматының солтүстік-батысында үнемі көлік кептеліп тұратын қос көшені ашып, уақыт талабына сай жарықтандырып, абаттандырып, облыстың күре жолдарына қостыруы игілікті іс болды. Пайдасын халық көруде. Голландықтармен бірлесе Қазақстан бойынша өнім өндіру жөнінен бірінші орынға көтерілген жылыжай салып, жұмыс орындарын аштық. Бекітілген жоспарымызға сай әрі тұрғындар сұранысын өтеп, көптеген балабақшаларды, уақыт талабына сай келетін жеті емхананы да салып, пайдалануға бердік. Нәтижесінде, Алатау ауданының халқы 159 мыңнан 256 мың адамға өсті. Алматыны көркейте түсу – әлеуметтік саланы жақсартуға, экономикалық дамуға қосқан кішкентай ғана үлесіміз. Осындай өзекті мәселелерді реттеп, Алатау ауданының әкімі қызметін мемлекеттік талапқа сай тоғыз жыл атқардым. Сосын Алматы қаласына Бауыржан Байбек әкім болғанда, екі жыл сол кісінің басшылығымен қарамағында қызмет істедім. Жас болғанымен Бауыржан Қыдырғалиұлы да – іскер, өз жұмысына мығым, тез шешім қабылдай білетін жан. Мұндай білікті басшымен қызметтес болу тәжірибені толықтыруға үлкен септігін тигізеді.
– Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін де атқарғаныңызды білеміз…
– Мемлекеттік қызметте жүрген қызметкер – қатардағы сарбаз. Облыстан, Президент аппаратынан ұсыныстар түсіп, мемлекеттік қызметтің «А» корпусына қойылатын талаптардан өтіп, 2019 жылдың 10 шілдесінде Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сөйтіп, шетелдерден көріп, көңіліме түйген пайдасы көп әрі тиімді тәжірибелерді өңір өміріне енгізу мақсатымен жұмыс орындарын көптеп ашу ойда болды. Шынымды айтсам, бұл қызметке елге, жерге қалтқысыз қызмет ету үшін барғанмын. Аяқ астынан Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып, Алматы облысы 800-ге жуық тұрғын үйді қалпына келтірді. Екі ай сол жұмыстың басында болдым. Талдықорғанға келіп қызметімді жалғастырған кезімде, қыркүйек айында үстімнен арыз түсті. Қолымның таза екенін дәлелдей білдім. Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келген адаммын. Өзімнің материалдық, тұрмыстық мәселелерім баяғыда шешілген. Талай адамға жұмыс беріп, жағдайын жасап жүргенімді ел біледі. Маған қолымды былғап, тазалығыма кір келтірудің керегі жоқ. Бедел біртіндеп жиналғанымен, төгілуі оңай. Бірақ ақ затқа кір жұққыш келеді емес пе?! Сол секілді басшылық қызметте жүрген адам да сөзге ілінгіш келеді екен. Мұны өмір тәжірибесінен түсіндім. Осы қызметті ұсынып, қалай жұмыс атқарғанымды білетін жандар да мұны түсінген шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, Бас прокуратура, қаржы полициясы да арыздың негізсіз, қолымның таза екенін растап қаулы шығарды. Сосын сегіз ай облыс әкімінің орынбасары болып дауға дейін атқарған қызметімді істеп, өз еркіммен мемлекеттік қызметтен кеттім. Бірақ осы келеңсіздік көңілді кірлеткенін жасырмаймын. Мақсатым – елге қызмет етіп, жақсы атымды қалдыру. Соған орай елін сүйетін, мемлекетшіл азаматтар шоғырын қалыптастыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Тоғжан ЕСБЕРГЕНОВА, Алматы қаласындағы №2 емхананың бас дәрігері:
– Осы қызметке дейін Алатау ауданы Әйгерім ықшамауданындағы №14 емхананы төрт жылға жуық басқардым. Кезінде жатақхана болған, ескі үлгіде салынған ғимаратта ыстық су жоқ еді. Сұйық отынмен жанатын пешпен жылытатынбыз. Танымал бизнесмен Бағдат Мәнізоров сол тұста Алатау ауданын басқарып отырды. Емхананың жағдайын көрген соң, жедел көмек көрсетіп, төбесінен су ағып тұрған ғимараттың шатырын ауыстырып, ішкі бөлмелерін медициналық талапқа сай жаңа үлгіде жөндетіп берді. Емханамызға келген тұрғындар жарқыраған бөлмелерді, жайлы жағдайды көріп, ризашылығын білдіріп жатты. Ал біз мұндай игілікке елдің азаматы, жүрегі жомарт жан Бағдат Мәнізоровтың көмектескенін айтудан шаршамадық. «Баталы ер арымас» дейді ғой. Соншама елдің алғысына бөленген азаматтың да болашағы жарқын болсын деп тілеймін!

Кеңесжан АМАНҰЛЫ, Ардагерлер алқасының мүшесі:
– Жалпы бизнестен мемлекеттік қызметке келген азаматтарға үлкен үміт артамын. Өйткені олар еңбектің қадірін біледі. Елдің ортасынан шыққан соң халықтың тұрмысымен, мәселесімен жақсы таныс. Бағдат Мәнізоровты мен сондай санаулы азаматтың бірі ретінде мойындаймын. Бірде жол бойында отын, сексеуіл сатып тұрған балаларды байқадым. Мектеп жасында екені көрініп тұр. Сұрасам, өздері төртеу екен. Үлкені – жетінші сыныпта. Әкесі қайтыс болған соң, аналары тастап кетіпті. Жетімдерге жетпістен асқан қария бас-көз болып отырғанын білдік. Балалар мектептен шыға салып көмір қаптап, отын дайындап сатып, күндік нәпақаларын тауып жүріпті. Қарияның зейнетақысы неге жетсін? Бұл жағдайды ұстаздары да біледі екен. Ал балалардан қандай көмек керек деп сұрасақ, «көмірді өзіміз сатып алып сатуға қаржы жоқ, жүкші болған табысымыз мардымсыз» дейді. Мұндайда не істеу керек? Кідірмей ардагерлер атынан Бағдат Мәнізоровтың есігін қақтық. Бір сөзге келген жоқ. Балалардың үйін жөндеуге, мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешегін алуға қаржы бөлді. Ең бастысы, балалардың арманын орындап, шаруаларын бастау үшін алғашқы жарнасын берді. Жүрегі кең азамат қой. Қазақ «Жерде жетім қуанса, аспанда періштелер қуанады» деп жатады.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»
АЛМАТЫ

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...