Бесінші қыркүйек күні Қазақстанда тілдер мерекесі тойланады. Бұл айтулы дата — ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған.

1928-1929 жылдары ұлы Ахаң тарихы тереңде жатқан Абай университетінде дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеген. Оны Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы әрқашан мақтан тұтады. Араға жүз жылға жуық уақыт салып, ұлт ұстазының туған күні қарсаңында біртуар перзентіміз дәріс оқыған кабинет қайта жаңғыртылып, қасиетті қара шаңырақта «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәрісханаға» айналды.
Дәрісхананың ашылуымен қатар ұлт ұстазының еңбектерін дәріптеу мақсатында кеше ғана университет қабырғасында «Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтарының библиографиясы мен текстологиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл жұмсар» басылымдарының графикалық проекциялары заманауи әдіспен қайта ұсынылып, жаңа форматтағы екі кітаптың тұсауы кесілді.
Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ жазуының реформаторы, алғашқы әліпбидің авторы, қазақ тілін ғылымға айналдырған тұлға. Ол тіл үйрету саласында «Оқу құралы», «Тіл — құрал» еңбектерімен ғана шектелмей, қолданбалы грамматиканы да жасап шыққан. 1928 жылы жарық көрген «Тіл жұмсар» атты екі бөлімді еңбегі — қазақ тіл біліміндегі іргелі зерттеулердің бірі. Ол сонымен қатар «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы ретінде де қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі саналады.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы үшін қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы, ағартушы ретінде ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Оның еңбектері тіл ғылымы ғана емес, бүкіл қазақ руханияты үшін баға жетпес қазына болып қала береді.

Абай университеті Ахаңнан қалған ұлы жол — қазақ тілінің мәртебесін арттыру бағытында да іргелі жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Қазірде университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының төрағасы, университет аппарат жетекшісі Жанатбек Ішпекбаев төраға орынбасары қызметтерін атқарып келеді.
Ұлт ұстазының туған күні — тек мереке емес, ұлттық рухтың жаңғыруы, ұрпаққа ізгі мұраның жеткізілу күні. Қазіргі таңда университетімізде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін зерттеп жүрген жас ғалымдар мен оларға жол көрсетіп жүрген тәжірибелі зерттеуші ұстаздардың көп екені қуантады.