– Азат Тұрдыбекұлы, Мемлекет басшысының мәлімдемесінде шетелдік инвесторлар алдына нақты міндет қойылды. Бұл олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жауапкершілігін арттырады деп ойлайсыз ба?
– Президент өзінің баяндамасында елімізде орын алған көптеген түйткілді мәселелерді қамтып, оларды шешудің нақты жолдарын атап көрсетті. Менің көңілімнен шыққаны – Мемлекет басшысы айтқан мәселелердің дені тікелей экономикамен тығыз байланысты болды. Негізінде халықты алаңға итермелеп, соңы қайғылы оқиғаға айналған бұл жағдайға экономикамыздағы кері кетушілік себеп болғаны анық. Расында қаншама бағдарлама қабылданса да, бұл сала әлі шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай келеді. Отандық өнім өндіру ісі тұралап тұр. Бұл сәйкесінше жұмыссыздықтың да етек алуына ықпал етіп отыр. Экономиканы әр тараптандыру мақсатында жасалған бағдарламалар жүзеге асса барлық мәселе шешімін табар еді. Алайда оның бәрі қағаз жүзінде қалды. Енді міне осының бәрі жұмыссыздық, үйсіздік, үмітсіздік, шарасыздыққа алып келді.
Тоқаев мырза осыны дұрыс зерделеп, әлеуметтік проблемаларды экономиканы дамыту арқылы шешуді ұсынды. Соның ішінде мәселен, жұмыс орындарын ашуға айрықша назар аударды. Бұл ретте шағын бизнеске қолдау көрсетудің маңызын айрықша атап көрсетті. Соның ішінде бұрын айтылмаған тапсырмалар болды. Ол сіз айтып отырған ірі-ірі жер қойнауын, яғни табиғи байлығымызды игеріп жатқан инвесторларды біздің экономикамызды көтеруге тарту мәселесі. Бұл өте орынды және өте әділетті қойылған талап. Яғни, олар енді тек салық төлеп қана қоймай, біздің экономикамыздың технологиялық дамуына атсалысып, жергілікті кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс істеп, отандық өндірістер шығаратын өнімді сатып алуға басымдық беруі керек.
Бұған дейін жергілікті органдар шетелдік инвесторларға тиіспей, оларды мүлде мазаламауға тырысқан болатын. Былтыр ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтсек, осы уақыт ішінде бұл компаниялар өз шығындарын әлдеқашан ақтады. Енді олар ары қарай жергілікті кәсіпкерлермен серіктес болып, тек өзінің қалтасын ғана ойламай, өздері табыс тауып жатқан елдегі халықтың әл-ауқатын арттыруға да мүдделі болу керек. Бұл талап қатаң түрде қойылу тиіс.
– Мемлекет басшысының квазимемлекеттік компанияларға қатысты айтқан сыны да көптің көкейінен шықты. Расында осы ұйымдардың немен айналысатынынан жұрт неге бейхабар?
– Иә квазимемлекеттік компаниялар туралы да әділін айтты. Расында Самұрық-Қазына, ҚазАгро сынды компаниялар жұмысының тиімділігі қаншалықты деңгейде, олар экономикамызға не беріп жатыр? Мемлекет басшысы айтқандай осы мәселе жан-жақты зерделеніп, тиімді тұстары күшейтіліп, пайдасыз болса таратылуы тиіс. Сол сияқты Қазақстан даму банкі туралы ащы болса да шындық айтылды. Жасыратыны жоқ, бұл құрылым олигархтардың жақын-жұрағатының, достарының жеке ұйымы болып кетті. Нақтырақ айтар болсақ, бұл банктен тек туыстарға, достарға ғана жеңілдетілген несие беріледі де, басқаларға жоғары пайыз қосылады.
Жалпы, квазимемлекеттік сектор ұйымдары – Бәйтерек, КазАгро, Самұрық-Қазына, өзге де осы сияқты компаниялардың мемлекеттен талай миллиардтап ақша алғаннан өзге пайдасы жоқ. Ең бергісі олар осынша ресурсты пайдаланып, нарықтағы жекеменшік кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей, оларды басып-жаншуда. Олар бұл алаңда шағын және орта бизнес секторы төтеп бере алмайтын бәсеке тудырды. Соның салдарынан біздің экономикамыз кері кетіп отыр. Осы квазимемлекеттік ұйымдар қалыптастырған монополизация бүкіл проблеманың көзі. Мысалы газ бағасының көтерілуі – соның бір салдары. Ал жалпы, экономиканың қай саласын алсақ та бәрінің қожайындары бар. Шағын және орта бизнес мұндай бәсекелестікті көтере алмай, аяғында банкротқа ұшырауда. Банктерден алған несиесін төлей алмай, қарыз болып қалып отыр. Сондықтан Тоқаев мырзаның квазимемлекеттік компанияларға қатысты берген тапсырмасы экономиканы көтерудің ғана емес, қоғамды екіге жарып отырған әлеуметтік теңсіздікті жоюдың бір жолы. Квазимемлекеттік компанияларға бөлініп отырған миллиардтаған қаржы кәсіпкерлікті қолдауға, экономиканы әртараптандыруға тартылуы керек.
– Президент сөзіне сүйенсек, саяси реформаның ауылы да алыс емес сияқты. Сіздіңше бұл шара қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу үшін қай бағытта жүргені дұрыс?
– Иә, Президент мырзаның тағы бір айтқан мәселесі биылғы жылдың қыркүйек айына дейін саяси реформа пакетін дайындау қажеттігі болды. Бұған біз де өз үлесімізді қосамыз. «Ақ жол» саяси-демократиялық партиясының бағдарламасында саяси реформаға қатысты нақты ұсыныстар қамтылған. Олардың бірі саяси жүйеге парламентаризм институтын енгізу. Бізде қазір үкімет тағайындалғаннан кейін бірден жұмысқа кіріседі. Бұл дұрыс емес. Негізінде әлемдік тәжірибе бойынша жаңа үкімет бір ай ішінде өз бағдарламасын дайындап, оны Парламентте қорғау керек. Парламент өз кезегінде ұсыныстарын, кеңестерін беріп, бұл құжаттың кем-кетік тұстарын толықтырып, жетілдіруі керек. Жалпы, «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, үкімет кез келген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселеде Парламентке жүгініп, ондағы әр саланың тәжірибелі мамандарынан құрылған депутаттық корпустың ұсыныс-пікірлерін ескеріп отырған дұрыс. Өкінішке қарай, атқарушы билік бізге тек бюджет жобасын бекіту мақсатында ғана жүгінеді. Сонымен қатар, бюджеттің атқарылу барысы жайлы есеп береді. Онда тек межеленген көрсеткіштер назарға ұсынылады. Яғни, қаржының игерілу деңгейін ғана талқылаймыз. Негізінде біз үкіметтің бағдарлама бойынша көздеген мақсаттарын орындады ма, бөлінген қаржы қандай нәтижеге жеткізді, оның тиімділігі қандай болды, соған баға беруіміз керек. Мысалы денсаулық сақтау саласында қандай аурулар азайды, қанша адамға ота жасалып, сауықты деген көрсеткіштер саралануы керек. Яғни, Парламент бюджеттік көрсеткіштер емес, нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қарап баға беруі керек. Сол себептен, Үкімет біздің ойымызша Парламентке келіп тек бюджетті ғана емес, іс-қимыл бағдарламасын қорғау керек. Содан соң оны бекітіп, қайтадан Парламентке келіп, оның атқарылуы туралы есеп беру керек. Осы және саяси партиялар мен сайлауға байланысты да тағы да бірқатар ұсыныстарымыз бар.
– Жалпы қаржы бақылауын күшейту керек пе?
– Иә, қаржы саласында бақылауды күшейту қажет. Елде бюджет ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Себебі, кейбір адамдардың қалай байып жатқанын білмей отырмыз. Бюджет ашық болатын жүйе құру керек. Бүгінде бюджеттегі қомақты қаржы қоғамдық бақылаудан тыс ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатыр. Олардың бюджетін ешкім қарастырып, бекітпейді. Негізінде квазимемлекеттік ұйымдар бұл қаржыны ата-бабасынан мұраға алған жоқ. Бәрі де мемлекет меншігі. Алайда олар ақшаны қалай жұмсау керегін өздері шешіп отыр. Президенттің, ұлттық компаниялар табысының 50 пайызын бюджетке түсіруі керек – деген тапсырмасын орындамай отыр. Тәртіп бойынша ұлттық компаниялардың табысы бюджетке түсуі керек. Кейін олар қанша қаражаттың қайда жұмсалатынын Парламентте дәлелдеп алуы керек. Бюджет қаржысының басым бөлігі табиғи ресурстарды сатудан түскен қаржының да қалай жұмсалып жатқаны белгісіз. Жалпы парламентаризм институтын енгізу саяси жүйеге қатысты болмауы мүмкін. Бірақ бұл өзгеріс бюджет ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі, бізде біреулер байып жатыр. Олардың қалай байып жатқанын білмей отырмыз. Бұл саланы ретке келтіруіміз керек. Мұның бір жолы Парламент құзыретін кеңейту.
– Қоғам тарапынан Парламентке қатысты да реформалар жасалу қажеттігі айтылуда. Бұл мәселедегі ойыңыз қандай?
– Соңғы шақырылған Парламент он жыл ішінде өткен еліміздегі ең ашық әрі әділ сайлау нәтижесінде жасақталды. Сондықтан, қайтадан сайлау өткізуді қажет деп санамаймын. Оның үстіне бұл қазіргі жағдайда қаржылық шығынмен қатар, Президент мәлімдемесінде көтерілген мәселелерді заңдармен қамтамасыз ету ісіне кедергі келтіретін шара болмақ. Сондықтан, Парламенттің жұмысын тоқтатпау керек. Меніңше бұл ретте Парламенттің Үкіметпен, атқару органдарымен қарым-қатынастарын жетілдіріп, ширату басты мәселе.Тағы да айтамын, Президент алға қойған әлеуметтік саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Парламенттің құзыретін күшейту керек.
– Жалпы, осы елдің басына сынақ түскен қиын сәтте депутаттарды халық таппай қалды. Әріптестеріңіздің бірі бұл сәтте бюджет қараумен айналысқандарын айтты. Десе де, күн сайын 24 сағат бойы заң қараумен айналыспаған боларсыздар?
– Үнсіз қалған жоқпыз. Жаңа жылдан бастап жұмыста болдық. Жаңаөзенде сол аймақтан сайланған депутаттарымыз жұмыс істеді. Алаңға барып, жұртшылықтың талап-тілегін естіп, Мемлекеттік комиссияға жеткізіп жүрді. Екі-үш күннен кейін арандатушылық орын алған соң ол жаққа баратын көліктер тоқтатылып, ешқайда шыға алмай қалдық. Өзім партия жетекшісі ретінде өңірлердегі филиал жетекшілерімен онлайн тәртібінде жүздесіп, жағдайға орай тапсырмалар беріп отырдым. Мәселен, 4 қаңтарда өткен бейнеконференцияда Маңғыстаудағы жағдайды талқылап, кеңестік.
– Сіздіңше Ұжымдық шарт ұйымының әскеріне неліктен қажеттілік туды? Шын мәнінде біздің өзіміздің де әскеріміз жеткілікті еді ғой.
– Бұл тұрғыда нақты пікір айту қиын. Оның бәрін тергеу анықтай жатар. Президенттің мәлімдемесінен түйгеніміз кейбір өңірлердегі құқық қорғаушылар мен әскерлер қауқарсыз болған сияқты, тіпті жұмыс орнын тастап кеткендері бар екен. Жалпы, мұндай жағдай бірінші рет орын алып отыр. Сондықтан тәжірибесіздіктің де салдары болуы мүмкін. Енді мұның анық-қанығын тиісті орындар анықтайды. Біздің түсінгеніміз, әскери қауіпсіздікті күшейтіп, бұл саланы барынша дамытып, жетілдіруіміз керек. Осы күндер «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген халық даналығының растығына көз жеткізді. Сондықтан қашанда елімізді, оның бейбіт тұрғындарын, халықтың игілігін қорғауға сақадай сай болуымыз керек. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда да нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта құзырлы орындар оларды орындауға кіріседі деп ойлаймын.
А.Тұрмағанбетова, «Заң газеті»