Азаматтық сот ісін жүргізуде сот талқылауының маңызы зор. Себебі азаматтық процесс толығымен әділеттілік қағидаттарыа негізделген. Ал бұл міндеттерді сот тікелей сот талқылауы кезінде жүзеге асырады. Сот қағидаты ішінде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығының орны бөлек.
Азаматтық істегі тараптардың жарыспалығы мен теңдігі қағидаты сот реформасында оңтайлы реттелген маңызды бағыттың бірі болып табылады. Жалпы алғанда жарыспалылық принципі жеке тұлғаны қорғау құралы ретінде қызмет ететін сот төрелігінің басты кепілдіктерінің бірі болып табылады. Жарыспалылық сәйкесінше нақты нәтижеден алыс болатын сот жүйесінің пәрменді құралы. Оның тиімді атқарылуы осы құралды құқықтық тұрғыда жүзеге асырушының қолында. Яғни, соттағы тараптардың жарыспалылық пен тең құқықтылық қағидаты судьяның бастамасына, белсенділігіне тікелей тәуелді.
Еліміздің Азаматтық процестік кодексінің 15-бабында «Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы» қағидаты заңдық тұрғыда дәйектелген. Осы бапта айқындалғандай, кез келген азаматтық іс бойынша өткен сот талқылауы барысында процеске қатысатын тараптардың өз ұстанымын қорғауына теңдей мүмкіндік берілген. Және тараптардың өз ұстанымын қалай қорғайтыны, қандай әдіспен, нендей құралдарды қолдана отырып қорғайтыны – өз еркінде.
Жариялылық пен тең құқылық қағидатына сүйенген судья процестегі объективтілікті сақтай отырып, екі жаққа да бейтарап позиция ұстайды. Ең бастысы, судья қос тараптың өз уәжін, өз ұстанымын кедергісіз айтуына жағдай жасауға міндетті.
Жалпы, соттағы теңгерімді сақтау үшін судьяға жүктелер жауаптылық жоғары. Өйткені судья процесс барысында іске қатысатын адамдарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге тиіс. Сонымен бірге процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарын да ескертуге мүдделі. Тараптар күнделікті сот процесіне қатысып жүрмеген соң, өз құқықтары мен міндеттерін жетік білмеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда судьяның түсіндірмесі тараптардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылауына, өзінің мүмкіндіктерін таразылауына көмектеседі. Судьяның тараптармен істің мән-жайларын талқылауы түптеп келгенде азаматтардың сотқа деген ғана емес, өздеріне деген сенімді де нығайтады.
Соттың тараптарға бірдей көңіл бөлуі, әрі әрқайсысының сөзіне, сұрағына, уәжіне құрметпен қарауы сот процесіндегі жарыспалылық пен тең құқылық қағидатының сақталуына негіз қалайды. Осы тұста тараптар да сотта дәлелдемелер ұсыну, фактілерге сілтеме жасау және заңды пайымдау арқылы әр істің дұрыс таразылануына белсенділік танытуы маңызды.
Райхан Сартаева,
Алматы қаласы
Әуезов ауданының №2 сотының судьясы


