Әлемде адам өліміне және елеулі материалдық шығынға әкелетін табиғи және техногендік апаттар көбейіп кетті. Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік статистикалық органдар мәліметтері соңғы 22 жыл ішінде олардың 75 пайызға артқанын айтып отыр. Жер сілкінісі, су тасқыны, тайфун, цунами, өрт, құрғақшылық және басқа да апаттар дүние жүзінде мыңдаған адамдардың жарақат алып, қаза табуының ғана емес, тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардың, инфрақұрылымдардың қирауының себебі болуда. Елдердің экономикасы елеулі зардап шегуде.
Қазақстанда да техногендік және табиғи апаттар жиі болуда. Тек соңғы бес жылда елімізде 3 мың орман өрті болып, салдарынан 610 мың гектар орман жойылып, экономикаға жалпы сомасы 30 миллиард теңге шығын келді. Биылғы жылдың өзінде еліміздің шығысындағы Абай ауданында болған орман өрті салдарынан 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты. Сол секілді өндірістік апаттар да жиілеуде. Тек Қарағанды металлургиялық комбинатында болған оқиғалар қаншама адамның өмірін жалмады. Осы жағдайлар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа, экономикаға және қоршаған ортаға келетін әлеуметтік, экономикалық, экологиялық залалды барынша азайту мәселелерінің өзектілігін көрсетеді. Бұл жөнінде өткен жұмада Парламент Сенатында «Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда айтылды. Жиынға палата төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, саланың бірқатар мәселелерін құзырлы орындар назарына салған еді. Мәулен Сағатханұлы төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылды жоспарлаудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл ретте жаңа тәсілдерді, оның ішінде шет елдердің озық тәжірибелерін енгізу және ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану қажеттігі айқын көрініп тұр. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев өнеркәсіптік қауіпсіздікте де олқылықтар аз емес екенін айтты. Онда алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, сапасыз немесе уақытылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға соқтырып жатқанына назар аудартты. Еліміздің географиялық орналасуына байланысты сейсмикалық апаттарды да назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті. Бұл орайда алдын алу жұмыстарын күшейтіп қана қоймай, ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және Үкімет пен әкімдіктер арасындағы іс-қимылды кешенді түрде жүйелеудің маңыздылығын шегеледі. Сонымен қатар саланы тиісті деңгейде қаржыландыру мәселесінің өзектілігі де мәлімденді. Жиында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев азаматтық қорғаныстың біраз түйткілін ортаға салды. Оның сөзінен түйгеніміз қолданыстағы заңнамада құтқару бөлімшелерінің әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша штаттармен жасақтау өлшемі жоқ. Облыстардағы бөлімшелерді жасақтау қалдық қағидат бойынша және қолданыстағы штат лимиті шеңберінде жүруде. Ал, Қазақстанның барлық өңірлерінде құтқарушылар жеткіліксіз. Қазіргі уақытта аймақтық құтқару мекемелерінің қызметкерлері жыл бойы қолайсыз табиғи жағдайда жұмыс істейді, көбінесе өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Осы факторлардың қызметкерлерге үнемі әсер етуі, психо-эмоционалды жүктеменің көбеюі моралдық тұрақсыздыққа, кәсіптің ақсауына және мамандардың қызметтен кетуіне әкеліп жатыр. Мұның артында қиын жағдайда көмекке келетін ТЖМ қызметкерлерінсіз қалу қаупі бар. Сондықтан өңірлердегі халықтың жалпы санын, туристік объектілердің, су айдындарының және құтқарушылардың жүктемесіне әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып, төтенше жағдайлар аумақтық департаменттерінің авариялық-құтқару қызметтері жеке құрамының штат санын есептеу нормативтерін әзірлеу қажет. Сонымен қатар құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің санатына ауыстыру, тұрғын үй төлемдерін төлеу тәсілдері мен тетіктерін қарауды жеделдету қажет. Тағы бір мәселе барлық бөлімшелерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған негізгі, арнайы және қосалқы техниканың жеткіліксіздігіне орай туындап отыр. Техникамен жабдықтау бекітілген нормаларға сәйкес келмейді, көлік және арнайы техника қызмет ету мерзімінен асып пайдаланылуда. Тиімді шешім еліміздің ұзындығы 100 мың шақырым жолдарында болып жататын апаттық жағдайларға қатысты да қабылдануы керек. Өйткені, жылына 9-10 мың жол-көлік оқиғасы болады. Ал, республиканың жолдарында бар болғаны 44 трассалық медициналық–құтқару пункттері жұмыс істейді. Апатқа ұшыраған автокөліктердің ішінен азаматтарды шығару мүмкін болмағанда жедел медициналық көмек көрсету қиындайды. Бұл құтқарушылардың көмегі мен арнайы жабдықты қолдануды талап етеді. Сондықтан Қазақстанның барлық өңірлерінде қыс мезгілінде автожолдарда қар көшкіні мен көктайғаққа байланысты апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу қажет. Апаттық-құтқару қызметінің, оның ішінде трассалық медициналық-құтқару пункттерінің инфрақұрылымы салынып, олар медициналық-құтқару көлігімен, арнайы құралдармен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ судан құтқару қызметі күшейтілуі керек. Туристер мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында судан-құтқару және таулы өңірлерде құтқару бекеттердің қызметін тиімді ету де өзекті. Өйткені, жыл сайын еліміздің су айдындарында 200-ге дейін адам қаза табады. Олардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер. Сенатор Сергей Ершов саладағы өзекті мәселелердің адам факторына тірелетінін айтып, осыған қатысты ұсынысын қосты. Оның айтуынша, бұл тұрғыда австралиялық BP Billiton тау-кен компаниясының кәсіпорындарынан үлгі алу керек. Өйткені, 30 мың адам жұмыс істейтін аталмыш кәсіпорында соңғы 9,5 жыл ішінде бірде-бір адам өлімі болмапты. Бұған адамдар жұмысқа кіріскен кезде, олар қандай лауазымға үміткер екеніне қарамастан, екі апта бойы өздерінің оқу орталықтарында оқитындығы әсер етіпті. Бұл шағын курста олар кәсіпорындағы еңбек мәдениетіне, оның ішінде қауіпсіздік техникасы оқытылады. Сынақтарды сәтті тапсырғаннан кейін ғана тікелей мамандығы бойынша оқытудың басқа деңгейіне ауыстырылады. Екі айлық оқудан кейін талапкер құрал-жабдықтағы, өзі жұмыс істейтін жұмыс орнындағы отыз қатені анықтау сынағынан өткеннен кейін ғана жұмысқа қабылданады. Бұл сонымен қатар жалақыны, бонустарды және мансаптық өсіру негіздерінің бірі. Осылайша парламенттік тыңдауда азаматтық қорғаныс ісінің тиімділігін арттыру мәселесі жанжақты талқыланды. Оның қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданбақ. Сенат депутаттары олардың орындалуын бақылауда ұстайтын болады.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»