Халқының этностық құрамы әртүрлі Қазақстан үшін мемлекеттік тіл — қазақ тілі мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайтуда айрықша маңызға ие. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірсек «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің символы». Сондықтан, өмірдің барлық саласында оның қолданыс аясын кеңейту кезек күттірмейді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі екені Конституциямен бекітілді. Осы заңдылыққа сүйенсек, мемлекеттік тілді дамыту өзекті мәселе болмауы керек, өкінішке қарай, олай болмай отыр. Жалпы алғанда мемлекет тарапынан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде ауқымды шаралар атқарылып жатыр, тек оларды бүкіл қазақстандық қолдап, ары қарай іске асырулары керек. Өйткені, тілдің мәртебесін көтеріп, барлық жерде қолдану өзімізге байланысты.
Өз саламызға қатысты айтар болсақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі соттарда биік. Істерді қазақ тілінде қарау сапасы жылдан-жылға артып, жұртшылықтың сотқа деген сенімінің нығаюына ықпал етуде. Соттарда мемлекеттік тілді дамытуға деген талап қатаң. Азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану тәжірибесі адамның құқықтары мен бостандығын қорғауға, сондай-ақ, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға кепіл болады. Азаматтық процестік кодекстің талабына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі. Осы тілмен қатар орыс, заңда белгіленген жағдайда басқа тілдер де қолданылады.
Сот ісі сотқа талап қою берілген тілге байланысты жүргізіледі. Сондықтан, сотқа жүгінушілер талап қоюда мемлекеттік тілге басымдық беру арқылы оның жандануына үлес қосады. Бұл өз кезегінде Тіл туралы заң талабының сақталуын қамтамасыз етеді. Мәселен, банктер қарыз алушы жеке тұлғамен несие шарттарын екі тілде жасайды. Бірақ, дау туындаған жағдайда олар осы шарттардың негізінде талапты ресми тілде қояды. Шарт екі тілде болғандықтан, талап қою тек ресми емес мемлекеттік тілде де жазылуы тиіс. Өйткені, екінші тарап талап қоюдың мән-мағынасын түсінуі керек.
Сот ісін жүргізгенде Тіл туралы заң талаптарының бұзылмауы қатаң сақталады. Талап қоюшы өкілінің қандай да бір ықпалымен қазақ тілінің бұрмалануына жол берілмейді. Іс жүргізу тілін білмейтін адамдарға сотта аудармашы қызметі ақысыз көрсетіледі.
Ғалия Онланбекова,
Алматы қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы


