Сот – дау алаңы. Сотқа жүгінген кез келген адамның өз іс-әрекетін дұрыс санап, соттан әділ шешім күтетіні белгілі. Осындайда соттың ақ-қараны дұрыс ажыратып, екі тараптың дәлел-дәйегін дұрыс бағалап, әділ төрелік жасауы судьяның өзіне ғана емес, жалпы соттың оң имиджінің қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Ал кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігін тараптардың айтқан сөзіне, келтірген уәжіне қарап пайымдау мүмкін емес. Бұл жерде азаматтардың ұсынған дәлелдерінің шынайылығын, негізділігін тексеру аса маңызды. Азаматтық істер бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін соттар түрлі сараптамалар тағайындайтыны белгілі. Тараптардың келтірген уәждері мен фактілердің шынайылығына көз жеткізу үшін жүргізілген сараптама қорытындыларының маңызы айрықша. Мұндай қортыныды негізінде шығарылған шешім ешқандай дау туындамаса керек.
Ортақ тәртіпке сәйкес сот сараптамасын тараптың өтінішхаты бойынша сот тағайындайды. Сондай-ақ судья істің мән-жайын анықтау барысында өз бастамасы бойынша да сараптама тағайындай алады. Ал сараптама әділдікті анықтауға көмектесуі үшін сараптамашыға қойылатын сауалдар дәл, анық болуы тиіс.
Судья сараптама жүргізетін сараптама орталығына, немесе сарапшыға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарын түсіндіріп, сарапшының құқығы мен міндеттерін көрсетеді. Сарапшыға сараптама тағайындау туралы ұйғарым және сараптамаға жататын документтер, текстер, салыстырмалы үлгiлер, қолдар, цифр жазулар, жазу приборлары және т.б. қажеттi информациясы бар материалдар берiлуге тиiс. Сарапшы зерттеу жүргізгенге дейін өз біліміне сай келмейтін деректер болса сараптама жасаудан бас тартуға, өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді хабар жазып, оны сотқа жіберуі тиіс. Сонымен қатар кез келген сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын білуі керек.
Азаматтық процестік кодексте көрсетілгендей сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда соттың атауы; сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сарапшылар алдына қойылған мәселелер (эксперттiң шешуiне ұсынылатын сұрақтар); іс материалдары мен сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат (материалдар, заттар, документтер), объектілерді толық немесе ішінара жою, зерттеу барысында олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі; оны жүргізу үшін ақы төлеуді жүргізуге тиіс тараптың атауы көрсетіледі.
Ал сараптама жүргізу мерзімі «Сот-сараптама қызметі туралы» заңында дәйектелген. Сараптама тағайындау туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Сарапшы қорытындысы толық немесе айқын болмаса, зерттеу объектiлерiне қатысты жаңа сұрақ туындаса немесе қосымша материал болса, сот қосымша сараптама тағайындауы мүмкiн. Iс сотта қарауға тағайындалғанға дейiн iске қатысушы адамдар сараптама қорытындысымен танысуға тиiс.
Соттар сараптама нәтижесінің сапасы мен толықтығын тексеріп, қорытындыны iшкi сана-сезiмiмен бағалайды. Әрі бұл қорытындыны дәлелдеме ретiнде қабылдау немесе оны қабылдамау – судьяның құзырында.
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы


