«Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің көмегімен азаматтардың 2 854 700 000 теңгесі қайтарылды. Бұл 2025 жылдың 24 ақпаны мен 2026 жылдың 24 ақпаны аралығында көмек сұрап келгендердің өтінішімен жасалған. Бірлестік президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, бір жыл ішінде 11 800 азамат кеңес алуға жүгінген. Олардың шағымдарының 34 пайызы техника және электроникаға; 14 пайызы жиһаз, тұрмыстық бұйымдар мен құрылыс материалдарына; 11 пайызы медициналық бұйым дар мен дәрілік заттарға қатысты болған.
– Заңға қарама-қайшы іс-əрекеттер Қытай медицинасына қатысты көп болып отыр. Олар ешқандай лицензиясыз, сертификатсыз, кəсіби мамандарсыз медициналық қызмет көрсетеді деп айтылады. Ол іс-əрекеттерге заңнамада ешқандай құқық берілмеген. Инемен емдеу, фитоөсімдік шайларымен емдеудің барлығы тұтынушылардың құқығын бұзатын іс-əрекеттер деп айтуға болады, – дейді «Тұтынушылар құқығы» РҚБ төрағасының орынбасары Нұржан Мақсатов. Қытай медицинасына қатысты шағымдардың көбеюі ақпан айында Парламент төрінде де көтерілген болатын. Онда Мəжіліс депутаты Аманжол Əлтай Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Əлназарованың атына арнайы сауал жолдаған еді. Онда «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардан көптеген шағым түскенін алға тартқан. «Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Əсіресе тегі, тамыры белгісіз, өзін білікті дəрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, қалтасын қампайтқан соң кетіп қалуды əдетке айналдырған. Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді əлсіретеді», – деген Аманжол Əлтайдың сауалына бірқатар əріптестері қолдау білдірген. Депутаттың ұсынысына берген жауабында Денсаулық сақтау минис трі Ақмарал Шəріпбайқызы «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңға сəйкес «дəстүрлі медицина» өзіне гомеопатия, гирудотерапия, мануалды терапия, рефлексотерапия, фитотерапиямен емдеуді қамтитын, лицензияланатын медициналық қызмет түрі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда «дəстүрлі медицина» бо йынша 2543 денсаулық сақтау субъектісінің лицензиясы, 3239 сертификатталған дəрігер барын жеткізді. Оның айтуынша, медициналық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия туралы мəлімет «E-license» мемлекеттік дерекқор базасында орналастырылады. Бұл азаматтарға медициналық ұйым да лицензияның баржоғын жəне оның жарамдылығын өз бетінше тексеруге мүмкіндік береді. «Қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде 2025 жылы 2626 субъектіні жоспардан тыс тексеру жүргізілді (өсім 19%). Нəтижесінде 390 медициналық ұйымның қыз меті тоқтатылды. Сонымен қатар, «дəстүрлі медицина» саласында мамандардың қызметін заңнамалық реттеуді талқылау, заңсыз жарнамаларды бұғаттау тетіктері талқыланды», – деген А.Əлназарованың сөзіне қарағанда «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 56-бабына сəйкес тұтынушылар құқығын қорғау үшін денсаулық сақтау саласында лицензиясыз медициналық көрсетілетін қызметтің жарнамасын орналастыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында маман сертификаты жоқ тұлғалар, оның ішінде шетелдік мамандар көрсететін медициналық қызметтердің жарнамасына тыйым салынады. Сонымен қатар Қазақстанда тіркелмеген немесе мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен бақылауға жататын дəрілік заттардың, медициналық бұйым дардың жəне профилактикалық құралдардың жарнамасына да тыйым салынады.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


