Судьялар қызметі сот төрелігінің қағидаттарына негізделген. Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңда белгіленген принциптерді айтып өтсек, бұған заңдылық, сот төрелігін соттың ғана жүзеге асыруы, судьяларды сайлау мен тағайындау, судьялардың тәуелсіздігі, кінәсіздік презумпциясы, т.б. кіреді. Соттың азаматтық істер бойынша шешімдері Азаматтық процестік кодексте көзделген тәртіппен қаралады. Ал азаматтар сотқа құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау мақсатында заңмен бекітілген тәртіпте жүгінеді. Талап қою арызы жазбаша немесе электрондық құжат түрінде беріледі. Істердің белгілі бір санаты үшін дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңмен немесе шартпен көзделген болса, онда сотқа осы тәртіп сақталғаннан кейін ғана жүгіне алады.
Заңмен айқындалған қағидаттар істерді қарау процесінің тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз етеді. Әрбір қазақстандықтың әділ сот талқылауына, соған сәкес, қорғануға, өз құқықтары мен айыптары туралы ақпаратқа қол жеткізуге, т.б. құқылы. Азаматтық іс жүргізуде адамның жеке меншігіне қол сұғылмайды. Егер талап қоюды қамтамасыз етуде қажет болса, мүлікке тыйым салу Азаматтық процесте көзделген тәртіпте жүргізіледі. Сонымен бірге сот процесінің қатысушылары сот шешімімен келіспеген немесе оның әділдігіне күмән келтірген жағдайда апелляциялық тәртіпте шағым бере алады.
Заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуы міндет. Өйткені, олардың уақытында орындалмауы тек соттардың емес, сонымен қатар, мемлекеттің беделін түсіреді. Сот актілерінің орындалу міндеттілігі Азаматтық процестік кодекспен нақтыланған. Мәселен, азаматтық істерде бірінші сатыдағы сот актілері бұйрықтар, шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар, ал, апелляциялық, кассациялық сатылар да ұйғарымдар мен қаулылар нысанында қабылданады. Сот төрелігін жүргізу кезінде қабылданған барлық құжат, мысалы, өкімдер, талаптар, тапсырмалар мен шақырулар, сұрау салулар, т.б. мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, т.б. орындауға міндетті.
Тағы бір айтып өтерлігі, Конституциялық Сот конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері ғана орындалуға жатпайды. Яғни, заң, өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтарға қайшы келуі мүмкін. Мұндай кезде сот бұл іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға, соған орай, ол актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен өтініш жасауға құқылы.
Азаматтар сотқа жүгіну тәртібін білумен қатар, өз құқықтарының қорғалуын жіті бақылауы тиіс. Бұл ретте құқықтық сауатты көтеру маңызды. Халықтың құқық нормалары мен заң талаптарынан ұдайы хабардар болып, білуі үшін оларды ақпараттандырудың пайдасы зор.
Ж.Сатанов,
Ақтөбе қалалық сотының судьясы