Азаматтар белсенділігі ­– тұрақты даму тетігі 

Азаматтық қоғам – билік пен басқару институттарынан тәуелсіз, азаматтардың өзара байланысы мен өз құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік институттар мен топтар жүйесі. Олардың іс-қимылы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, қоғамдық бақылауды күшейтуге, азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан азаматтық қоғамды дамыту – тұрақты демократиялық даму мен әлеуметтік консенсус негізі.

Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту мəселесі соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың өзекті бағытына айналды. Бұл үдеріс тек үкіметтік емес ұйымдарды қолдаумен шектелмей, мемлекет пен қоғам арасындағы диалог мəдениетін қалыптастыру, шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысуын кеңейту жəне ұлттық басымдықтарды қоғамдық сұраныспен үйлестіруді көздейді. Қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту Президенттің ұлттық басымдықтарында айқын көрінеді. Қазақстанда 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың бірнеше мыңы нақты əлеуметтік жобаларды іске асырып келеді. Мемлекеттік гранттар мен əлеуметтік тапсырыстар арқылы азаматтық бастамаларды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар азаматтық сектордың институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанымен, сапалық өсім мен тəуелсіздік мəселесі əлі де күн тəртібінде. 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың тиімді форматына айналды. Құрылтай отырыстары Ұлытау, Түркістан, Атырау секілді өңірлерде өтті. Құрылтайда көтерілген бірқатар ұсыныстар кейін саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі, аралас сайлау жүйесіне көшу, конституциялық реформалар пакеті секілді бірқатар заңнамалық өзгерістерге негіз болды. Саясаттанушылар бұл форматты «қоғамдық ұсыныстарды институционализациялау алаңы» деп бағалайды. Дегенмен, кейбір сарапшылар ұсынымдардың барлығы бірдей орындалмайтынын, олардың іске асу мониторингі күшейтілуі тиіс екенін айтады. Жыл сайын өтетін Азаматтық форумдар азаматтық сектор мен билік арасындағы диалог алаңы ретінде қалыптасты. Соңғы форумдарға жүздеген делегат қатысып, əлеуметтік саясат, инклюзия, экология, жастар саясаты бойынша ұсыныстарын білдірді. Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева бұл жөнінде мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы серіктес тік моделін «көпжақты диалог» дейді. Оның айтуынша, азаматтық бастамаларды мемлекеттік саясатқа енгізу үшін тұрақты кері байланыс тетіктері маңызды. Соңғы жылдары қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында бірқатар əлеуметтік бастамалар қолға алынды. Соның ішінде экологиялық мəдениетті қалыптастыруға бағытталған Taza Kazakhstan акциясы азаматтардың ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуінің мысалы ретінде бағаланып отыр. Сарапшылар мұндай бастамалар азаматтық жауапкершілік мəдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтады. Алайда азаматтық қоғам тек акциялармен емес, шешім қабылдау процесіне нақты қатысуымен өлшенуі тиіс деген пікір де бар. Сонымен қатар, олар азаматтық сектордың дербестігін күшейту, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру жəне қоғамдық бақылаудың нақты нəтижесін қамтамасыз ету қажеттігін де ескертеді. Азаматтық акциялар заңнамалық өзгерістермен бекітілгенде ғана ұзақ мерзімді нəтиже беретіні белгілі. Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тақырыбы соңғы жылдары тек қоғамдық дискурс деңгейінде емес, нақты заңнамалық өзгерістер аясында қарала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар пакеті мен «Əділетті Қазақстан» бағыты Парламент қабырғасында бірнеше рет талқыланып, бірқатар заңдарға түзетулер енгізуге негіз болды. 2022 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін Мəжілістің рөлі артты, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Бұл шешімдер алғаш рет кең көлемде Ұлттық құрылтай алаңында талқыланып, кейін Парламент қарауына ұсынылды. Мəжіліс депутаттары қоғамдық тыңдаулар өткізіп, сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдерін жұмыс топтарына шақырды. Саясаттанушылар бұл тəжірибені «қоғамдық ұсыныстарды институционализациялау» деп бағалайды. Парламент қабырғасында өткен талқылауларда партияларды тіркеу талаптарын жеңілдету, Конституциялық сот құру, адам құқықтары жөніндегі уəкіл институтын күшейту секілді бастамалар кеңінен қаралды. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамның құқықтық кеңістігін кеңейтті. Қоғамдық кеңестер туралы заң аясында мемлекеттік органдар жанындағы кеңестердің құзыреті нақтыланды. Парламентте заңға енгізілген түзетулер қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейтуге, олардың шешімдерін қарау тəртібін нақтылауға бағытталды. Депутаттардың айтуынша, кейбір өңірлерде қоғамдық кеңестер бюджет жобаларына өзгеріс енгізуге ұсыныс беріп, əлеуметтік нысандарды қаржыландыру мəселесіне ықпал еткен. Мəжілісте өткен тыңдауларда ҮЕҰ өкілдері грант конкурстарының ашықтығын арттыру, есеп беру рəсімдерін жеңілдету мəселесі жиі көтеріледі Соның нəтижесінде нормативтік актілерге түзетулер енгізілді. Сарапшылар Парламенттің ашық форматтағы отырыстары мен онлайн-трансляциялар азаматтардың қызығушылығын арттырғанын атап өтеді. Азаматтық қоғамды дамыту – ұзақ мерзімді институционалдық процесс. Қазақстанда бұл бағытта құқықтық база қалыптасты, диалог алаңдары құрылды, қаржылық қолдау жүйесі жолға қойылды. Президент бастамалары ұлттық басым бағыттарды айқындауда қоғамдық пікірді ескеруге мүмкіндік беретін механизмдерді енгізді. Десе де сарапшылар қоғамдық ұсыныстардың орындалуын бақылау механизмі əлсіз, кейбір талқылаулар формалды сипатта өтетінін, заң жобаларын əзірлеуде тəуелсіз сараптаманың үлесі жеткіліксіз екеніне назар аудартады. Азаматтық қоғамның шынайы дамуы – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім деңгейімен өлшенеді. Бұл сенім тұрақты диалог пен нақты орындалатын шешімдер арқылы нығаятыны естен шықпаса екен.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...