Қазақстанда үш жоғарғы оқу орны сот шешімімен жабылды

Олар – Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті және «Астана» университеті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы жылдары аты аталған жоғары оқу орындары БҒМ тапсырысы бойынша «Атамекен» ҰКП жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрінді. Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмады.

«Мысалы, Орталық Азия университеті рейтингке 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 37, 2021 жылы – 11 білім беру бағдарламасы бойынша қатысты. Яғни көптеген бағдарламалар бойынша түлектердің аздығына байланысты нәтиже көрсете алмады. Жабылған жоғары оқу орындары сапаны жақсарту бағытында жұмыс істеген жоқ, білім беру бағдарламаларына инвестиция салмады, практик-мамандарды қызметке тартпады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, білім беру бағдарламалары бойынша рейтингі төмен жоғары оқу орындары қауіпті аймаққа түсетін университеттермен өзара байланысты болады. Нәтижесінде аутсайдер жоғары оқу орындары лицензиясынан айырылып, білім беру қызметін тоқтатты», – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Дәл осындай жағдай «Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде орын алды. Бұл жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 70-75%-ы сапасы бойынша талаптарға және жұмыс берушілердің сұранысына сай болмады.

«Сонымен қатар қазір басқа жоғары оқу орындарын тексеру нәтижелері бойынша сот процестері жүріп жатыр. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде педагогикалық және техникалық бағыт бойынша кадр даярлау жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Кадр даярлау сапасын жақсарту — маңызды мәселе. Егер бүгін университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең біз білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлаймыз. Біз жоғары оқу орындарына олқылықтардың орнын толтыруға уақыт береміз, алайда олар түзетуге асықпай отыр. Осыған байланысты біз қатаң шара қолданамыз. Жоғары оқу орындары оқыту жағдайын, білім беру бағдарламаларын, сонымен қатар студенттердің түрлі мамандықты меңгеру дағдыларын жақсартуға жағдай жасауы тиіс. Олай болмаса, жоғары оқу орындары дипломдарды сапалы білім бермей-ақ үлестіретін болады», – деп толықтырды Гүлзат Көбенова.

Соңғы 3 жылда жұмыс берушілердің ЖОО-лардағы білім беру бағдарламаларының сапасын бағалауын талдау нәтижесі жұмыс берушілер арасында маман даярлау сапасына қанағаттану көрсеткішінің өскенін көрсетті. Университеттердің білім беру бағдарламаларының 85%-ы жұмыс берушілермен келісілген. Қабылданған түзетулерге сәйкес, оқу жылының басынан бастап практик-мамандар тартылады.

БҒМ талапкерлерге, студенттерге және олардың ата-аналарына университет таңдаған кезде сапаға назар аудару қажеттігін еске салады. ЖОО рейтингінің нәтижелерін ҚР БҒМ және «Атамекен» ҚР ҰКП ресми сайттарынан білуге болады.

Қазақстанда ішкі туризм жеті жылда екі есе өсті – Туризм министрлігі 

Қазақстанда соңғы жеті жылда ішкі туристер саны 8,5 миллионға жетіп, мемлекеттік бюджетке 630 миллиард теңге табыс әкелді.

Елімізде тұмауға қарсы вакцинация басталды. Кімдерге тегін салады?

Вакцинация ең алдымен тұмауды жұқтыру немесе аурудың асқыну қаупі жоғары азаматтарды қамтиды. Екпе медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жасалады.

Жер сілкінісі, су тасқыны мен өрттен баспананы сақтандыру: Тұрғын үй иелері нені білуі керек? 

Жер сілкінісі, су тасқыны немесе өрт сияқты төтенше жағдайлар тұрғын үйге орасан шығын келтіруі мүмкін. Мұндай тәуекелдерден қорғанудың бір жолы – баспананы сақтандыру.

Қазан айында ауа райы қандай болады? – Синоптиктер болжамы 

«Қазгидромет» болжамы бойынша, елдің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 °C жоғары болады.

Алматыда көмір жағуға тыйым салынады: жаңа ереже қашан күшіне енеді?

Алматыда газ берілген аумақтардағы жеке үйлер мен моншаларда көмір, ағаш және басқа да қатты әрі сұйық отынды пайдалануға шектеу енгізіледі. Жаңа талап 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.