Бүгін Қазақстанда ҰБТ басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 ақпанға дейін жалғасады. Білім және ғылым министрлігі қазақстандық мектеп түлектері пандемия жағдайында ҰБТ-ны қалай тапсыратынын айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрлік мәліметінше, Қазақстан бойынша барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейді. ҰБТ-ны 120 мыңнан аса адам тапсырады деп жоспарланып отыр.
«ҰБТ-ны 120 мыңнан аса адам тапсырады деп жоспарланып отыр. Олар – 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады.
Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.
Тестілеу тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады», — деді БҒМ өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайды. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстайды.