Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жедел ден қою секілді басымдықтарды белгіледі. Халықпен тиімді кері байланыс орнату, билік пен қоғам арасындағы диалог осыған негізделген. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жариялы-құқықтық дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет енгізу міндеті қойылды. Ал 2021 ж. 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында жаңа әкімшілік рәсімдік – процестік кодексі қолданысқа енгізілді. АРПК күшіне енуіне байланысты қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер, атап айтқанда, «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР Заңы, «азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңы, сондай-ақ 27-29-тарауларды қоса алғанда, ҚР АІЖК-нің бірқатар кейбір нормалары күшін жойды.
Жаңа кодекс әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін бірегей заңнамалық акт. ӘРПК қабылдап қолданысқа енгізу ол мемлекеттің әкімшілік органдарының қызметін реттейтін нормаларды кодификациялау мен жүйелеудің алғашқы тәжірибесі. Осы кодексті қабылдау арқылы әкімшілік процесті реттейтін заңнамалар ретке келтіріліп, осы саладағы мемлекеттік органдардың қызметті оңтайландырылды. Байқағанымыздай, Жаңа кодекс Әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін бірегей заңнамалық акт.
Ұсынып отырған мақаламда қазіргі уақытта қолданыстағы осы кодексте бекітілген қағидалардың мәні мен оларды тәжірибеде қолданудың кейбір ерекшеліктерін атап өткім келеді.
Кодекстің 6-бабына сәйкес, Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен олардың мәні анықталған. Осы норманың атауына зер салатын болсақ, заң шығарушы орган «қағидаттар» терминін қолданған. Ал заң ғылымында ол «қағида» деген термин арқылы беріледі. Дегенмен де, қағидат терминін қолдану ешқандай нормативтік құқықтық актіге қайшы келмейді. Жалпы кез келген қызмет, мемлекет қызметі оның арнайы өкілетті органдары, өзге де субъектілері түрінде белгілі бір идеялар мен қағидалар негізінде құрылады. Бұл қағидалар қоғамдық қатынастардың белгілі түрлерін реттеуде құрылған белгілі бір құқықтық кеңістік шеңберіндегі субъектілердің мінезқұлық әдістері және түрлерімен анықталатын басқарушы бастама болып табылады. Заңгер ғалымдар қоғамдық өмірдегі құқықтық қағидалардың мәні мен олардың рөлінің қаншалықты маңызды екенін мойындап отыр.
«Құқықтық қағида – оның мәнін анықтайтын және білдіретін құқықтың шешуші идеясы мен негізін салушы бастамасы болып табылады». «Қағида» латын тілінен аударғанда кез келген құбылыстың құқықтық негізін білдіреді». Құқық қағидалары бұл – мәнін білдіретін, оған негіз болатын идеялар мен бастаулар. Ол идеялар әділділік пен бостандықтың сара жолын қорытындылау арқылы шығарылады. Құқық қағидалары әділдік, туралық көрсеткіші болғандықтан тұрақтылығымен ерекшеленеді, құқықтық нормалардан айырмашылығы, олардың ұзақ уақыт бойы өзгермейтіндігі.
Байқағанымыздай, құқықтық қағидалар ол құқық нормасы болып табылмайтын,бірақ құқықтық реттеудің фундаменталды идеялар жиынтығы болып табылады. Мәселен, ӘРПК екінші тарауында:
1. Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды.
3. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.
4. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жояды — деп бекітілген. Осы нормаға дәлме дәл талдау жасайтын болсақ, біріншіден, Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу бекітліген қағидаларға негізделіп жүзеге асырылуы тиіс. Ол дегеніміз Әкімшілік сот ісін жүргізу барысындағы әрбір іс қимыл осы қағидалар талаптарын сақтай отырып іске асуы керек. Олай болмаған жағдайда заңсыз деп тануға негіз болатыны сөзсіз. Екіншіден, аталмыш кодекстің өзінде бұл қағидалар түпкілікті емес екені байқалып тұр. Демек, құқықтың басқа қағидалары да, мәселен конституциялық құқық немесе азаматтық іс жүргізу құқығы қағидалары да қолданыста болады. Осы екінші тарауда он екі құқықтық қағида бекітілген. Заңи күші бойынша барлық қағида тең олардың ешқайсысына да артықшылық берілмейді. Сол себептен де, құқық қолданушы субьект барлық қағидалардың сақталуына аса мән бергені жөн. Сол арқылы заңдылықты қамтамасыз етуге болады.
Байқағанымыздай, қағидаларды қатаң ұстану үшін құқық қолданушы субьектіден міндетті әрекеттер жүйесін жасау талап етіледі. Мәселен, заңдылық қағидасын қамтамасыз ету тетігіне талдау жасап өтелік. Заңдылық дегеніміз бұл республика аумағында нормативтік актілердің дәлме дәл және қатаң түрде орындалуы, іске асуы дегенді білдіреді. Заңдылықтың сақталуы құқықтық мемлекеттің кепілі. Кодексте, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, ӘРПК және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады – деп заңдылық қағидасын мәні көрсетіле отырып, оны қамтамасыз етудің келесі тетігі ұсынылған: Яғни, сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.Соттар адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп есептесе, ол әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінуге міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. Әкімшілік істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жатады.
Қорытынды. Қорытындылай келе, кез келген құқық саласы секлді әкімшілік рәсімдік процестік кодекс үшін де құқық қағидаларының маңызы жоғары. Олардың сақталуы заңдылықты қамтамасыз етуге себеп болады. Демек, аталмыш нормалар осы бағыттағы тәжірибеде құқық нормасын қолдануда тиімді болады. Кез келген құқықтық актіні қабылдау үшін алдымен осы қағидаларға сәйкестігіне мән берілуі тиіс деп есептейміз.
Акерке Бектурганова,
Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы