12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ҚАРТАЙЫП БАРАДЫ

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, соңғы онжылдықта елімізде жастардың саны өсудің орнына кеміп келе жатыр. Мәселен 2000 жылы олардың саны 3,9 млн болса, биылғы жылдың басында бұл сан 3,7 млн адамды құрады. Жастар республикалық мәртебесі бар 3 қала мен Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан өзге аймақтардың бәрінде азайған. Ал 1999 жылғы халық санағы кезінде де 1989–1999 жылдар аралығында қазақстандық жастардың саны 470 600 мың адамға азайғаны туралы айтылған. Бұл елдегі демографиялық ахуалдың төмендегенін көрсете ме?

– Жұртшылық арасында әдетте қалаға қарағанда ауылда демографиялық көрсеткіш әлі де жоғары деген пікір басым. «Ауыл – қазақтың алтын бесігі», «Ауылдың амандығы – елдің амандығы», «Қазақ ауылы әрдайым ұлттық өркендеуіміздің қуат-қайнары, әрі ұлттық сәйкестілігіміздің өлшеуіші болып қала береді», «Біздің болашағымыз – жастар. Біз жастарды жаңа өмірге бейімдей білуіміз керек», «Жаңа құндылықтар жастардың жүрегіне тезірек жол табады» – деген сөздер кезінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан айтылған еді. Алайда өтпелі кезеңдегі нарықтық реформалар тұсында бәрі біз ойлағандай бірден рет-ретіне келе қойған жоқ. Одақ тарап, әр республика өз күнін өзі күйттеп кеткен тұста агроөнеркәсіп кешені тығырыққа тірелді. Ұжымдық, кеңестік шаруашылықтар тараған соң барлық жерде жұмыссыздық белең алды. Жастардың бірі мектеп бітірген соң білімін жалғастыру үшін, екіншісі күнкөріс қамымен қалаға кете бастады. Ауылда балалар мен егде жастағылар қалды. Тіпті кейбір ауылдарда мектепке баратын оқушылар саны да азайды. Ол үрдіс өзіміз ауылға барған сайын да байқалады. Ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдер де мектепке бала толтыра алмай жүргенін айтады. Мемлекет басшысы халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында да жастар мәселесін әрдайым назардан тыс қалдырған емес. Алайда бұл шалғай өңірлердегі жастар санын арттыруға ықпал етіп отырған жоқ. Керісінше, республиканың шет аймақтарынан орталықтарға ағылып жатқан жастар көп. Ендеше, жастардың санын көбейтудің жолдары қандай? Әлеуметтік ахуалдың бұл көрсеткішке әсері қандай? Баспана мен жұмыссыздық проблемалары жастардың өсіп өнуіне қолбайлау ма? Шынында да бұл жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға түрлі жағдаймен қатыса алмаған және баспана мәселесінде әлі күнге дейін қиындық көріп жүрген жүздеген мың отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берері күмәнсіз. Өйткені ресми статистикаға көз жүгіртсек, ауылда ғана емес, қалада да жастардың үлесі айтарлықтай кеміп кеткенін аңғаруға болады. Мәселен, соңғы он жылда қала жастары 2 млн 163 мыңнан 2 млн 125 мыңға, ауыл жастары 1 млн 751 мыңнан 1 млн 640 мыңға кеміген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жібек Ибраимова: «Елімізде отбасын құрған жұптардың санына қарағанда, ажырасып жатқандарының көбейіп келе жатқанының басты себептерінің бірі – баспана. Өкінішке орай биылғы коранавирус індетіне байланысты жарияланған карантин жағдайы ең алдымен жастарға ауыр соққы боп тиді. Өндіріс пен қызмет көрсету нысандарының қысқарып, кейбірінің жабылуынан арнаулы
және жоғары оқу орнын бітірген мыңдаған жас не өз мамандығы бойынша, не қолдан келген өзге жұмысқа қолы жетпей далада қалып жатыр. Егер карантин жағдайы созылып кететін болса, экономиканың қалыпқа келуі баяулап, халықтың тұрмыстық жағдайы қайта қиындап кетері анық. Бұл тіпті жұртшылық арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы да әбден мүмкін. Сондықтан «қайраулы семсердей» боп тұрған жастардың күшін ел игілігіне тиімді пайдалану жолдарын әлі де іздестірген жөн шығар. Мәселен, ҚР Президенті 2019 жылды – Жастар жылы, 2020 жылды – Еріктілер жылы деп жариялаған кезде жастар саясатына қатысты көп жылдан бері қордаланған мәселелер шешілетін болды деп қуанған адамның бірімін. Алайда өзгеріс өте баяу жүріп жатыр. Сондықтан қолға алынған игі бастамаларды жалғастыру үшін елімізде бұған дейін қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарастырып, ондағы кейбір тетіктерді үйлестіріп, бір жүйеге келтіретін болсақ жастардың мәселесін шешу айтарлықтай жеңілдеп, бюджеттен бөлінетін қаржының тиімді игерілуі бұрынғыдан айтарлықтай жақсара түсетініне менің еш күмәнім жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған «халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» мәселесінде жастардың алар орны ерекше. Алдағы Мәслихат пен Мәжіліс сайлауында жастар қаншалықты белсенді болатыны және олардың талап-тілегі саяси партиялар тарапынан қаншалықты қолдау табатынын әзірге ешкім болжап бере алмайды. Әйгілі Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлы «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпаққа не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», – деп тегін айтпаған.
Осы арада жастардың шектік жасын көтеруге қатысты мына бір жайтты айта кеткен жөн шығар. Бұл мәселе Қазақстанда да бұған дейін Парламент мінберінде көтерілген болатын. Алайда ол кезде бұған қолдау білдіріп, қоғамдық көзқарасты зерттеуге мүдделі тарап болмады. Атап айтқанда, 2014 жылы Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаев сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтен жастардың жас мөлшерін ұзарту мүмкіндігін сұрастырған еді. Оған еліміздің бас мұғалімі халықаралық және өз тәжірибелеріне сүйеніп жастардың шекті жасын белгілеуде 14-тен 29-ға дейінгі квалификацияны қалдырғанды дұрыс деп шешкендерін айтып, мәселені жауып қойған еді. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, жастардың жас ерекшелігі тобына қатысты жалпы халықаралық деңгейде мойындалған анықтама жоқ. Халықаралық бұл қауымдастық статистикалық мақсатта мүше-мемлекеттердің түрлі анықтамаларына нұқсан келтірмеу үшін ғана «жастар» деп 15-тен 24-ке дейінгі жастағы тұлғаларды қарастырады. Бұл белгілеу «Халықаралық жастар жылына» (1985 жыл) дайындық кезінде 1981 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 36/28 қарарында мақұлданды. Сол уақыттан бері БҰҰ-ның барлық статистикалық мәліметтерінде және БҰҰ жүйесінде жарияланатын демография, білім, жұмыспен қамту және денсаулық сақтау саласындағы жыл сайынғы статистикалық есептерде көрініс тауып отыр. Онда 14 жасқа дейінгілердің бәрі балалар деп саналады. Алайда осыған қарамастан, БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясында «балалар» терминіне 18 жасқа дейінгі тұлғалардың бәрі жатқызылады. Әйтсе де кәмелеттік жасты әрбір ел әлеуметтік-мәдени, институционалдық, экономикалық және саяси жағдайларына қарай әртүрлі көрсеткендіктен, балалар мен жастардың шектік жасында бірқатар айырмашылықтар сақталған. Мәселен, бүгінгі таңда 15-тен 24 жасқа дейінгілер әлем тұрғындарының 1,2 миллиардын немесе 16 пайызын құрайды екен. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы мақсаттарында бұл санның 7 пайызға ұлғайып, 1,3 млрд адамға дейін жететіні айтылған. Егер 2013 жылғы қаңтарда БҰҰ Бас хатшысы өзінің Жастар ісі жөніндегі уәкілін, ал 2016 жылғы қыркүйекте Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелері жөніндегі арнайы уәкілін тағайындағанын ескерсек жастар мәселесінің әлемдік ең ірі қауымдастықта қаншалықты басты назарда тұрғанын аңғаруға болады. Ал Қазақстанда жастарға қатысты мемлекеттік саясат 2018 жылдан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі Жастар және отбасы істері комитеті құзырында жүргізіліп келе жатыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

 

Президент Тоқаев қалалық сенбілікке қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы "Ұлытау" аллеясында ағаш отырғызды.

Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 27 сәуірде Астана уақыты бойынша 07:44-те тіркеді.

Қазақстанда балалар қанша жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Жақында жазғы демалыс басталады, жол жүретін қазақстандықтар көбейеді. Балалар қай жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Синоптиктер бірнеше қала тұрғындарына ескерту жасады

Қазгидромет Алматы, Астана және тағы бір қала тұрғындарын қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.