ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Qazaqstan Dauiri» газетінің 30 жылдық, газет шекпенінен шыққан «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының іргесі қаланғанына 20 жыл толуына орай мерейтойлық конференция өтті.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына бір ай өткен соң жарық көре бастаған «Zaman-Қазақстан» газеті уақыт өте «Qazaqstan Dauiri»-не айналып, осы жылдар ішінде халықтың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын үзбей жазып, көпшіліктің көзайым баспасөзіне айналды. Сондықтан аталмыш жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен БАҚ басшылары, белгілі журналистер мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері көп жиналып, ел алдында есеп берген мерейтой иелері «Ұлт шырағы» жинағы мен «Намыс қайрағы» кітаптарының да тұсаукесерін өткізіп, жиналғандарға тегін таратты. Сондай-ақ, жиын соңы «Қазақ баспасөзі: бүгін және ертең» атты конференцияға ұласып, бүгінгі қазақ баспасөзі бетпе-бет келіп отырған мәселелер ортаға салынып, мерзімді басылымдардың басшылары атынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған ашық хат та талқыланды: «Барлық басылымдардың соңғы жылдары жазылу көрсеткіші күрт төмен түсіп кетті. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды сізге тағы да жолдап отырмыз. Егер де осылай кете берсе, қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан, қадірлі Президент мырза! Қазақ баспасөзін тікелей өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз» деп басталған ашық хатта баспасөзді қолдаудың нақты жолдары да ұсынылған. Осыған дейін де билікке жолданған хатта көтерілген мәселенің әлі күнге шешілмей келе жатқанына жиналғандар алаңдаушылық танытты.

«Баспасөзді оқымау ол надандыққа бейжайлылыққа, рухани мешеулікке, сауатсыздыққа тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Бұл мәселені шетелдердің тарих-танымын терең зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз» деп бір топ қазақ баспасөзі редакторларының қолы қойылған хат тағы да Мемлекет басшысына жолданды. Мәселе шешімін тапса игі! Мерейтойлық құттықтаулар айтылып, кітаптардың тұсауы да кесілген, қазақ баспасөзінің мәселесі де талқыланған жиын көпшіліктің көңілінен шықты.

Қуаныш ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»

Елімізде тұмауға қарсы вакцинация басталды. Кімдерге тегін салады?

Вакцинация ең алдымен тұмауды жұқтыру немесе аурудың асқыну қаупі жоғары азаматтарды қамтиды. Екпе медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жасалады.

Жер сілкінісі, су тасқыны мен өрттен баспананы сақтандыру: Тұрғын үй иелері нені білуі керек? 

Жер сілкінісі, су тасқыны немесе өрт сияқты төтенше жағдайлар тұрғын үйге орасан шығын келтіруі мүмкін. Мұндай тәуекелдерден қорғанудың бір жолы – баспананы сақтандыру.

Қазан айында ауа райы қандай болады? – Синоптиктер болжамы 

«Қазгидромет» болжамы бойынша, елдің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 °C жоғары болады.

Алматыда көмір жағуға тыйым салынады: жаңа ереже қашан күшіне енеді?

Алматыда газ берілген аумақтардағы жеке үйлер мен моншаларда көмір, ағаш және басқа да қатты әрі сұйық отынды пайдалануға шектеу енгізіледі. Жаңа талап 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды 

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазғанның жаңа әкімін таныстырды. Қала басшылығына бұған дейін Сәтбаевты басқарған маман келді.