Қазақ аналары Дәстүрге жол республикалық бірлестігі өмірге қадам басқан бір жыл ішінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, насихаттауды жаңа да ұтымды арнаға салып,белгілі бір деңгейге көтерді деп батыл айтуға болады.
Халқымыз «руыңды тәрбиелегің келсе ұлыңды,ұлтыңды тәрбиелегің келсе қызыңды тәрбиеле» дейді.»Әйел бір қолымен бесікті тербетсе,бір қолымен әлемді тербетеді» деген де өмірлік маңызы терең пайым бар. Қазақ аналары Дәстүрге жол ұйымның өз мойнына алған миссиясы осы даналық ойдан бастау алады. Яғни,ұйым мақсаты ұлт дәстүрін жаңғыртудағы әйел-ана ролін көтеру арқылы ұлттың баянды,кемел болашағын қамдау.
Бүгінде бұл ұйым еліміздің төрт бұрышындағы аймақтарда,аудандарда,тіпті ауылдарда қанатын кеңге жайып,өз қатарына қазағымыздың бала қызынан дана әжесіне дейін тартып жатыр.Бірлестік жұмысы жер-жерде кездесулер,әлеуметтік желіде құрылған чаттар арқылы жүруде.Негізгі басымдық ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалын тигізген әжелер,аталар,аналар,абысындар,жеңгелер институтының озық бағыттарын насихаттап, кейінге ұрпаққа үйрету.Сонымен қатар ұмтылып бара жатқан ұлттық дәстүрлеріміздің ағайын-туыстың бірлігіне дәнекер болатын түрлерін жаңғыртып, өмірімізге енгізуге айрықша мән берілуде. Жан дүниенің — айнасы,адамның- көркі киім киюдегі қазақ өнегесін паш ету, дастархан мәзіріміздегі ерекше ғұрпымызды көрсетіп, тәрбиелік маңызын зерделеу де ұйым қолға алған игі шаралардың бірі.Осындай ұлт мүддесін ұлықтаған,ел тағдырын өз жұмысының қазығы еткен ізгі мақсат қашанда жүректерге жетіп,өз қолдаушысын табады ғой. Бүгінде жер-жерде жұртшылықтың дәстүрімізді жаңғыртып,озығын үйреніп, насихаттауға деген ынтасы ерекше.Әр облыста,ауданда ешкімнің нұсқауынсыз,яғни биліктің тапсырмасынсыз,ерікті түрде бірінен соң бірі ашылып жатқан бірлестік филиалдары соның айғағы.

Осы жұмада Қарағанды өңірінде ұйымның тағы бір отауы бой көтерді.Филиалдың тұсаукесеріне арналған салтанат бұл өңірдегі қыздарымыздан бастап,әжелеріміздің біразын жинапты.Алқалы басқосу ұмтылған дәстүрлер жаңғыртылған,ұлт тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарлың мәніне бағыт сілтеген,жіберген олқылығымыз, сабақ алуға тиіс қателегіміз екшелген, ұлттық тамақтар,киімдер дәріптелген,ән айтылып,би биленген ғибраты мол мазмұнды рухани бас қосуға айналды.Оған қатысқан әрбір жанның бұл салтанаттан келелі ой түйіп,өзіне өмірлік бір азық алып кеткені хақ. Соның бірі онда қойылым арқылы көрсетілген өкпесүт деген тағамның дайындалу әдісі боллы десек қателеспейміз.Өйткені, ғүрыптық мәні бар бұл тағам ағайын-туыстың бірлігін нығайтуға ықпал ететін мән-маңызы терең дәстүрдің бір тетігі.Оны бір-біріне өкпелеп жүрген ағайынды татуластыру немесе отбасындағы түсініспеушілікті тарқату үшін жасы үлкен әйел адам әзірлейтін болған. Ақсақалы бар үлкен отбасы береке-бірлікті нығайту үшін ренжіскен адамдарды қонаққа шақырып, осы тағамды ұсынған. Тағамның құрамына өкпе (өңешімен бірге), сүт, тұз, үгітілген қара бұрыш кіреді. Сүтке дәмдеуіш пен тұз қосып, сүтті өңеш арқылы өкпеге толтыра құяды. Содан соң, өңешті байлап, баяу отта бір сағат пісіреді екен.
Жалпы,Алтай мен Атырауды ен жайлаған халқымыздың ынтымағын ұйытып,берекесін арттырып,өнерін дамытқан ұлттық дәстүріміздің озығынан үйреніп,жаңғырту бүгінде алаңдатып жүрген көп мәселенің шешімі болар еді. Мұны кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов та айтып, тіпті бұл құндылықтарымызды ұлттық идеяның негізі ету қажеттігін өсиет етіп қалдырған болатын.Осыны ескерсек,ұлттық дәстүрге ерекше көзқарас,саясаттың қалыптасуы бүгінде өте өзекті деп ойлаймыз.