Заңнаманы білу, сыйлау, құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениетімізді дамыту уақыт талабы болып табылады.Десек, заң саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі еселене түсетіні мәлім. Сондықтан Авторлық және сабақтас құқықтардың не екенін, олардың қалай ерекшеленетінін және қалай қорғалатыны туралы жазудың артықтығы болмас.
Негізі адамның ойы мен іс-әрекетінің әр өнімі өзіндік құндылыққа ие. Кез келген адам өзінің өнердегі табысын, ғылым, әдебиеттегі жетістіктерін, туындысын, зияткерлік қызметтің басқа да нәтижелерін заңмен қорғауға құқығы бар. Азаматтық құқықтағы авторлық және сабақтас құқықтар автордың қызметін қорғайды, оған өз шығармасымен қалағанын жасауға мүмкіндік береді. Сабақтас және авторлық құқықтар зияткерлік еңбек объектілерін заңсыз пайдаланудан қорғауға арналған. Авторлық құқық авторларға және зияткерлік шығармалар иелеріне беріледі.Олар белгілі бір уақыт аралығында шығармаларының жекелеген түрлеріне рұқсат беруге немесе тыйым салуға құқылы. Авторлық құқық поэмалар, романдар, музыка, кескіндеме, кинофильмдер және т.б. сияқты көркем шығармаларға да қатысты. Сабақтас құқықтар — туындыны орындауға, фонограмма жасауға, телерадио хабарларын таратуға, мәліметтер базасының мазмұнына қатысты құқықтар болып тізбеленеді.
Сабақтас құқықтар мен авторлық құқықтардың айырмашылығы олардың пайда болу сипатына және шығармашылық процестің ерекшеліктеріне байланысты. Сабақтас құқықтар әрдайым дерлік туынды сипатқа ие, ал объектіні құру процесі бастапқы шығарманы немесе өрнек формасын шығармашылықпен өңдеуден тұрады. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң сабақтас және авторлық құқықтардың объектілік құрамын, сондай-ақ олардың мазмұнын ажыратады. Шығармашылық еңбек нәтижелері, әдеби,драмалық және музыкалық-драмалық,сценарий,хореография және пантомима,мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық,дыбыс-бейнежазу,кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылар,қолданбалы өнер,сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi,суретке түсiру және суретке түсiруге орайлас әдiстермер, карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi, ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар авторлық сипатта болады:
Сабақтас құқықтар объектілеріне орындау нәтижелері, фонограммалар, кабельдік және эфирлік хабар тарату, мәліметтер базасының мазмұны кіреді. Аталған объектілерді құру кезінде авторлық шығармашылықтың бастапқы нәтижелері қолданылады (музыка, мәліметтер базасының бағдарламалық қабығы және т.б.), сондықтан сабақтас құқық қайталама болып табылады. Сабақтас құқықтар мен авторлық құқықтың басты айырмашылығы-шығармашылық жұмыстан, нақтылай түссем ән – авторлық құқық объектісі, ән жазу-сабақтас құқық объектісі болып табылады.
Енді авторлық және сабақтас құқықтар қалай қорғалатынына тоқталалйын. Жалпы, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау тәсілдері деп бұзылған (даулы) құқықтарды қалпына келтіру (тану) және құқық бұзушыға ықпал ету жүргізілетін заңмен бекітілген мәжбүрлеу сипатындағы материалдық-құқықтық шаралар түсініледі. Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» жаңа заңнамасы жәбірленушілерге өзін қорғауға мүмкіндік береді.Баса айтар жайт – бұл мүмкіндіктіктің бірқатары заңнамада бірінші рет қарастырылған. Аталған заңның 49-бабына сәйкес, авторлық және сабақтас құқықтардың иелері бұзушыдан талап етуге құқылы.
Айталық, құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауiп төндiретiн әрекеттердi тыю; айырылып қалған пайданы қоса алғанда, шығындардың орнын толтыру;құқық бұзушы авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу салдарынан тапқан табысты өндiрiп алу; соттың қарап шешуі бойынша айқындалатын бір жүз айлық есептік көрсеткіштен он бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада немесе туынды даналары құнының екі еселенген мөлшерінде немесе салыстырмалы мән-жайлар кезінде әдетте туындыны құқыққа сыйымды түрде пайдаланғаны үшін алынатын бағаға негізделе отырып айқындалатын, туындыны пайдалану құқығы құнының екі еселенген мөлшерінде өтемақы төлеу арқылы жүзеге асырылады. Залалды өтеудің немесе кірісті өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот айқындайды;олардың құқықтарын қорғауға байланысты заң актiлерiнде көзделген өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады.
Авторлық және сабақтас құқықтар табиғаты бойынша субъективті азаматтық құқықтар болып табылады, сондықтан оларды қорғау субъективті азаматтық құқықтарды қорғау үшін қолданылатын барлық тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай әдістердің қатарында құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту, мемлекеттік басқару органының немесе жергілікті мемлекеттік органның заңға сәйкес келмейтін нормативтік актісін жарамсыз деп тану, моральдық зиянды өтеу және тағы басқалар туралы талаптарды атауға болады.
Қорыта келе, қазіргі таңда авторлық құқық та, сабақтас құқық та Қазақстанда әлі де даму үстінде. Мәдениетті қалыптастырудағы авторлық құқықтың рөлі даусыз. Өмір сүру қажеттілігіне сай адам құқығын қорғау үшін тек қана заң нормаларын шығарумен шектелмей сол заңнаманың күндедікті өмірде іске асуын қатаң қадағалау керек.
Меруерт Көшбаева,
Алматы қаласы Әділет департаменті
зияткерлік меншік құқықтары
бөлімінің маманы.