Автокөліктің ескі дөңгелектері қайта өңдеуден өтуде

Жас болса да, өзінің іскерлігі мен табандылығының арқасында кәсіпкерлік саласында жетістікке жетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген отандастарымыз аз емес. Олардың өз идеяларын жүзеге асырып, жеке кәсіптері мен жаңа жұмыс орындарын ашуына мемлекет тарапынан берілетін көмектің әсері жылдан жылға артып келе жатыр. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Қанат Ермұратұлы Рақышев өз кәсібінің дамуына зор қолдау көрсеткен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына әрдайым ерекше алғысын білдіріп жүреді. Оның айтуынша, бұл қолдаудың оның кәсіпорнының қалыптасуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан.

Алматы облысының тумасы өзінің кəсіпкерлік жолын 2019 жылы экологиялық маңызы зор ерекше жобаны жүзеге асырудан бастаған. Соның нəтижесінде пайдаланылған автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеп, резеңке үгіндісін өндіру қолға алынды. Бұл өнім балалар ойын алаңдарына, спорт алаңдары мен жүгіру жолақтарына арналған қауіпсіз жабындарды, сондай-ақ резеңке плиткаларды өндіруде кеңінен қолданылады. Бұған дейін кəсіпкерлер бұл өнімдерді сырттан тасымалдап келген болатын. Қанат Ермұратұлының бастамасымен шығарылған өнімдер жоғары сапасымен ерекшеленіп, аз уақытта тұтынушылардың сеніміне ие болды. Сол себепті COVID-19 пандемиясы кезінде нарықтағы сұраныс төмендегеніне қарамастан, Қанат өз жұмысын тоқтатпады. Керісінше, өндірісті дамыту мен жаңа нарықтарға шығудың тиімді жолдарын іздестірді. Соның нəтижесінде 2022 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып, резеңке қалдықтарын қайта өңдеуге арналған заманауи құрал-жабдыққа қол жеткізді. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, кəсіпорынның Алматы облысындағы жетекші өндіріс орындарының біріне айналуына мүмкіндік берді. Кəсіпкер енді тек резеңке қалдықтарын ғана емес, ескі киімдер мен тозған көрпелерді де қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өндірілген өнімді шетел нарығына шығарып, экспорт көлемін арттыруды да назардан тыс қалдырмауда. Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, Қазақстанның ішкі нарығындағы автокөлік дөңгелегіне деген жалпы сұраныс жылына шамамен 8-ден 8,5 миллион данаға жетеді екен. Яғни, жылына осынша пайдаланылған автокөлік дөңгелегі қоқысқа тасталады. Ал Қанат Ермұратұлы сияқты азаматтар өкінішке қарай елімізде əзірге саусақпен санарлық. Олардың кəсіпорындарының қуаты шектеулі. Егер əр ауданда осындай бір емес бірнеше өндіріс орны ашылғанда аулаларда, көше мен жол бойында, қоқыс жинайтын орындарда шашылып жататын ескі көлік дөңгелектері кəдеге жарап, ел игілігіне қызмет етер еді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Тіл – халық қазынасы 

Тіл – халықтың жүрегі, ұлттың рухани болмысы мен мәдениетінің...

Тұрғын үйге арналған жаңа құжат – Кадастрлық паспорт

Мемлекет басшысы 05 сәуір 2023 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір...

Мемлекеттік қызметшінің имиджі мен әдебі

Мемлекеттік қызмет-қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды...

АСТАНАДА «COUPE MONDIALE 79» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ ЖАБЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

27 тамыз күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қоолдауымен,...

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттік және құқықтық жүйенің негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы, қоғам...