12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АУЫЛДЫҢ ШЕРЛОК ХОЛМЫСЫ

Жасы жүзді еңсерген Жүсіп ақсақалдың зейнетақысынан жырымдап жинап жүрген бір миллион теңгесі аяқ астынан қолды болды. Кім ұрлады? Жан-жағын қаңылтырмен қаптаған әр қабырғасы емен ағашынан қағылған қара сандықтың ішінде жатқан осындай қомақты ақшаның айдың күннің аманында жоғалуы жаймашуақ тірлік етіп жатқан отбасы шаңырағына жай түскендей әсер етті. Алдымен миллион теңгенің иесі кәрі сүйегін сықырлатып ескі сандықты өзі қарап адақтап шықты. Бұл қасиетті сандықта не жоқ дейсіз ғой. Ең басты нәрселер, әрине төрінен көрі жақын ақсақалдың о дүниеге деп дайындап, жинағандары. Жүзге жуық шапан, қол орамалдар, сүйекке түсушілерге дайындаған киімдері, тақиялар. Әншейінде әзер қозғалатын қариямыз «мал ашуы жан ашуы» дегендей долданып орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де байқамай қалды.
– Ойбай-ай, ойбай! Бала-шағама қимай, тірнектеп жинаған ақшамды қай оңбаған жымқырды? – деген оның тарғыл дауысы бүкіл үйді басына көтеріп, отбасы мүшелерін түгелдей аяқтарынан тік тұрғызды. Тіптен атасының төрт жасар шөбересі Шырын да домалаңдай жүгіріп келіп жетті. Үнемі қария төсегінің аяқ жағында мелшиіп тұрар сандықтың аузы аңқиып ашық жатыр, ішіндегі заттары оның жаныңда үйме-жүйме үйіліп жатыр. Ортасында мәйкі-дамбалшаң аталары отыр. Қолындағы таяғымен ол киіздің шаңын бұрқ-бұрқ еткізіп, ызалана ұрып-ұрып қояды.
– Сендер, сендер ұрладыңдар! Кәне, мойындаңдар! Әй, ақымақтарай, ол ақшаны мен о дүниеге алып кетпеймін ғой. Менің төрімнен көрім жақын адаммын. Алда-жалда көз жұма қалсам, сол ақшаны қиналмай жұмсап, мені ақтық сапарға шығарып салмайсыңдар ма? Өңшең, ақымақтар! Кім алса да тез қайтарыңдар! Әйтпесе ертең тозақтың отында боласыңдар! Жүсіп атаның шаңқылдай шыққан дауысы балаларының, немерелерінің, шөберелерінің үрейін ұшырды. Бұл кісі негізі бақытты ақсақал. Кемпірінің «тастап» кеткеніне оншақты жылдың жүзі. Ұл-қызының бәрі үйлі-баранды болып жөніне кеткен. Қолында кенже ұлы мен немересі бар. Шал адуынды. Балаларын да, келіндерін де ұршықтай иіріп жұмсайды. Қысқасы бәрі де ақсақалдың қас-қабағына қарап, айтқанынан шықпайды. «Шүкір, мынанша немерем, мынанша шөберем бар» деп мақтанатын да. Тіптен екі-үш шөпшегінің алақанынан май да жалаған. Бірақ кей-кейде келіндеріне көңілі толмай қалғанда: «Бәрің жабылып, марқұм кемпіріме жетпейсіңдер, түге!» деп жекіріп, ұрсып жіберетіні де бар.
Енді бір ерекше айтып өтетін нәрсе, Жүсіп ата немере келінін жақсы көреді. Ол да дәу атасына өте ілтипатты. Жағдайының бәрін жасайды. Қанша адуынды болса да қарттың аты қарт. Әлсіз, әлжуаз. Әзер орнынан тұрады, әзер тәй-тәй басып жүреді. Әжетханаға жете алмайды. Көшпелі шелек-әжетханаға отырады. Кейде бүлдіріп қойғанда қарттың дамбалын жиіркенбей жуатын да осы бар болғыр келіні. Киімінің бәрі үтіктеулі. Үнемі әппақ жейде киіп жүреді. Сондықтан Жүсіп ақсақал келініне шаң жуытпайды. Қартқа лайықтап тамағын да дайындауды ұмытпайды. Айтпақшы ақсақалдың зейнетақысы әжептәуір. Жүз мыңнан асып жығылады. Оны келіні екеуі ақылдасып, ай сайын отбасының қажетіне бөліп-бөліп қойған. Қомақты бөлімі әрине шалдың жеке қорына, екінші бөлігі үйге ұн, ет, басқа азық-түлікке бөлінеді. Ал қарттың келініне сый ретінде беріп қоятын ақша өзінше бөлек. Келіні әлгі ақшаны алғанда мәз болады. Үйдегі шөберелері де дәу атасын жақсы көреді. Үпір-шүпір болып атасының жанында жүреді. Дәу ата бір жаққа қонаққа барса осы шөберелеріне деп тәтті-пәтті әкеледі. Ең басты мәселе қарт өз ұлы мен келінін аса жақтырмайды. Неге дейсіз ғой? Ұлы Серік шомбал денелі азамат. Қатігез, қатал деуге келмейді. Жүрегі жұмсақ. Алайда бірбеткей. Қисайса бір жағына қисайып қалады. Әйелі Гүлжан әу баста кемпір-шалға дұрыс қарады. Кейін келе-келе отбасында «ақшаны кім ұстау керек?» деген сұрақ туындады да, өзара талас болды. Ақша ене мен келін арасына шайтандай іріткі салды. Ақыры күйеуін араға салып жүріп отбасылық қордың билігі Гүлжанға ауысты. Ақшаның буы бұрынғы ата-ене алдында сызылып тұрар келінді өзгертіп жіберді. Бұрынғыдай емес ол тәкаппар мінез таныта бастады. Өз бауырларына жақсы қарап, күйеуінің бауырларына салқын қарайтынды шығарды. Енесінің айтқанын жүре тыңдап, атасына қонақ келгенде теріс мінез көрсететін болды. Бірақ «Бас жарылса бөрік ішінде…» демекші, енесі бәрін ішінде тұншықтыратын, сыртқа білдірмеуге тырысатын. Ұлы әйелінің айтқанынан шыға алмай, әкесіне тойтарыс мінез танытатын. Анасы әкесі мен баласының арасына түсем деп жүріп, құлығы бұлтаң, мінезі сылтаң келінінің өзіне деген жүрек ауыртар өктемдігіне ақыры шыдамады. Сыр берді, ауырды, инсульт алды. Ішіне бар сырды бүгіп кете барды. Ал әке мен баланың арасы алшақтай берді. Міне, осыған дейін шыдап, ширап келген жіп миллион теңге жоғалған күні үзіліп кетті. Жүзді алқымдаған әке ештеңеден аянбады. Бәрі-бәрі ақтарылды. Ең соңында «Мына ақшаны
алған сендер!» деп кесіп айтты. Томырық мінезді Серік те шарт кетті. Әкенің бетінен алды. Долылық буған ұлы қаршығадай шалды сақалынан алар ма еді, кім білсін, келіні, немерелері араша түсті шырылдап. «Жағымпаз неме! Бәрін бүлдірген сенсің. Шалды бізге айдап салып отырсың!», – деп Серік келініне тап беріп, шапалақпен шарт еткізді. «Бәлеңізді жаппаңыз! Сіздің әкеңізді күні-түні қараған еңбегімнің қайтарымы осы екен ғой, кетемін!», – деп келіні Саягүл егіл-тегіл жылап жинала бастады. Сырт көзге ынтымақ-бірлігімен үлгі-өнеге болып жүрген әулет шаңырағы осылай шайқалды. Келін төрт баласын жетектеп жұлқынып сыртқа шығып еді, «Мен де Саягүлмен кетемін!» – деп дәу ата шықты олардың соңынан. «Саспа, келінім! Арбаны жек! Заттарды тие! Шәриза қызымның кіші үйі бос тұр. Соған барамыз!», – деді ақсақал бүкіл ауланы басына көтеріп… Бұл оқиға аядай ауылды дүр сілкіндірді. Елге сыйлы ақсақалдың немере келінімен бөліне көшуі, миллион теңгенің жоғалуы және ең соңғы жаңалық бұлардан да қорқынышты еді. Ертеңіне Жүсіп ақсақал учаскелік полицейді шақырып алып бұлай деп бұйрық берді:
– Әй, Абзал палисей! Сен баланың қылмысты ашудағы атағыңды естіп жүрмін. Маған көмектес! Әділдіктің салтанат құрып, ұрыны табуға бар айлаңды сал! Тап! Кім ұрласа да мен аямаймын. Олардың ішінде ұлымды да, келінімді де аяма! Тап! Егер ұрыны тапсаң жүз мыңы сенікі, балам! – Жо-жоқ, мен ешқашан пара алған жан емеспін, ата. Әрине, қолымнан келген әрекетімді аямаймын, – деп Абзал ұялғаннан қызарып кетті.
– Палисей мырза! Ол пара емес, сүйіншіңе беремін. Жәрәйд, кіріс! Маған сұрақтарың болса қоя бер, – деді ақсақал оған ежірейе қарап. Абзал палисейдің ақсақал айтпақшы қылмысты ашуда атағы ауданға, қала берді облысқа шығып кеткені рас. Орта бойлы ғана жігіт спортпен үнемі айналысқандықтан анау-мынау жігіттерге дес бермейді. Каратэмен айналысады. Осы ауылдың азаматы. Шені капитан. Ауданға, облысқа қызметке шақырған. Бармай қойды. Айтпақшы оның халық қойған жапсырма аты да бар. «Ауылдың Шерлок Холмысы». Біреу ризашылықпен айтқан болуы керек. Соңғы кездері Абзал деген аты да ұмытыла бастағандай. Аудан, облыстан ат арылтып ділгір адамдар арнайы талай мәрте келіп көмек те сұраған. Олар жастары мөлтілдеп жағдай айтқан кезде шыдамады. Қолынан келгенін жасап, қылмыстық оқиғаны ашуға көмектесетін. Ең бастысы өзінің ауылында қылмыс азайды. Мал ұрлау бұрын көп еді. Қазір сап тыйылды. Ұрылар Абзалдан жасқанады. Абзалдың мектепте ашып қойған каратэ үйірмесі бар. Балаларға шығыс жекпе-жегін де үйретеді. Бала мінез Абзалдың жанынан жас достары осылай үйірсектеп шықпайды. Оның кішкентай достары Абзал ұстаздары сияқты батыр полицей болғысы келеді. Айтпақшы тек каратэден ғана емес, басқа спорт түрлерінен де Абзал жарыстар ұйымдастыруға мұрындық болып жүр. Ауылдың Шерлок Холмысын Жүсіп атаның үйіндегі ұрлық қатты ойға шомдырды. Неден бастау керек? Ақсақал негізінен «ақшаны ұрлады» деп ұлы мен келінін айтыптап отыр. Жалғыз кілт тек ақсақалдың өзінде сақталады. Жанынан тастамайды екен. Арнайы барып сандықты әбден зерттеді. Шомбал сандық. Оны анау-мынау құралмен аша да алмайсың. Кілтін де ерекше жасаған. Ұзын қос құлақты кілт. Құлыптың ұңғысына кіретін жерінің де кілт қатпарлары бірнешеу. Ұста оны ерекше етіп жонып істегені көрініп тұр. Жүсіп ата бұл сандықты Өзбекстанда жасатыпты. Жетпіс жылдан артық тарихы бар нағыз досы. Ойпырмай-ә, миллионды алуға кімнің дәті жетті екен? Абзалдың топшылағаны – ұры алыстан келген жоқ. Ол осы үйден шыққан. Ұлымен де, келінімен де сөйлесіп көрді. Жүзінен, сөзінен іліп аларлық күдікті белгілерді қанша сұңғыла болса да байқай алмады. Керісінше немере келіні әлденеге абыржып тұрғандай көрінді. Іштей күдік алғанмен, өзінің ішкі сезіміне сеніңкіремеді. Жалпы оның ішкі сезімі өзін көп қателестірмейтін. Тағы бір күдік алғаны, Саягүлдің атасына көрші ауылдың көріпкел кемпірінің айтқанын жеткізуі. «Бір қара адам және толықша келген әйел сандықты ашқан» депті. Әрине, Абзал көріпкелге сенбейді. Дегенмен де сол ауылға әдейі ат арытып барып қайтты. Мұны көріп көріпкел әже шошып қалды. Мән-жайды түсінгеннен кейін ғана есін жинап, ол кісі ондай келіншекті көрмегенін, ондай жорамал айтпағанын жеткізді. Қазақтың Шерлок Холмысын бұл оқиға таң қалдырды. Бірақ онысын Саягүлге айтпады. Серікті де, оның әйелі Гүлжанды да жан-жақты зерттеді. Серіктің оншақты жылқысы, алты-жеті сиыры, жүздей қой-ешкісі бар. Малсақ жан. Ертеден қара кешке дейін сол азын-аулақ малының жағдайын күйттейді. Қолындағы ұлының есі сәлпәл дұрыс емес. Ыржың-ыржың етіп күле береді. Мектепте оқи алмаған соң амал жоқ шығарып алған. Шала сауатты. Мына келіні пысық әрі әдемі. Әлдекімнен аяғы ауыр болып қалған. Осы Сәрсен деген балаға бұйырыпты. Келіншегіне өлердей ғашық. Соңғы кездері келіншегінің үйден кетіп қалуы онсыз да аз сөйлейтін Сәрсенді тоңторыс күйге ұшыратыпты. Ашуланшақ. Арасында қашып келіншегіне кетіп қалады. Кейде ішіп алып бала сияқты аяғын тепкілеп жылайды екен. Абзал Сәрсеннен сыр тартып көріп еді, ештеңе шығара алмады. Серік те, Гүлжан да соңғы кездері ешқандай қымбат зат сатып алмаған.
Енді не істеу керек? Ең басты ілік кілтте болуы ықтимал. Бәлкім біреулер сандықтың кілтін жасатып алуы мүмкін ғой. Әйтпесе Жүсіп ақсақал кілтті тұрса да, жатса да жанынан тастамаған. Мойнына тағып жүреді екен. Ал оны кім ала алады? Алуға бір-ақ адамның мүмкіндігі бар. Ол – Саягүл. Бірақ қалай алған? Осы жағы жұмбақ. Абзал аудан орталығына барып кілт жасайтын жердің бәрін адақтап шықты. Ешкім ондай кілтті жасамаған. Саягүлдің Шерлок Холмс тағы бір құпиясын ашты. Әдемі келіншек небір сылтау айтып, анда-санда үйіне барады екен де, әрі қарай ауданға ма, облысқа ма тартып кетеді. Қайда барады, кіммен кездеседі? Инстаграмнан Саягүлдің портретін көріп қалды. Алғашқыда таныған жоқ. Боянып-таранып, тіпті кірпік жалғап алған. Нағыз актриса. Сұлу десе сұлу. Ауылда қалай болса солай жүрген соң сұлулығы жасырынып жатқан ғой. Оның төркін жұрты көрші ауылда екенін Абзал жақсы біледі. Барды. Әпкелері, сіңлілері бар болып шықты. Көбісі күйеуден шығып келген. Жиі-жиі ішіп, керілдесіп ұрсып, кейде арты төбелеске ұласады. Көршілерінің айтуынша олардың ішіндегі қуы да, байы да осы Саягүл. Биылғы қыста қымбат тон киіп жүргенін көрген. Ақшаны қайдан алған? Еріксіз ойға қаласың. Кілт мәселесі аяқ астынан шешілді. Абзал аса қиын қылмыс ашар кезде балалармен бірлеседі. Оларға тапсырма береді. Кілтті де соларға тапсырған. Аяқ астынан кілт жасаған адамды сол балалары тапты. Оны ауылдағы кілт жасаушы Ержанның баласы айтып келді. Тура осыған ұқсас кілтті әкесінің жасап жатқанын көріпті. Анық-қанығын сұрауға Абзал Ержанға асыға жетті. Ержан алғашқыда ондай кілтті көрмегенін айтып азар да безер болды. Абзал өтірік айтқанға жаза барын айтып еді, қорқақтау кісі екен: «Қайдан білейін, ол кілттің кімдікі екенін? Жақсы ақша төледі. Ешкімге айтпайтынын өтінді. Сен де мені айтпа. Мен одан қорқамын!» деді ол өтінішін айтып.
Иә, бұл жайт кімнің кінәлі екенінің кілтін де тапқандай еді. Қымбат тонның да қай уақытта алынғаны белгілі болды. Айтпақшы Жүсіп атаның мойнынан кім шешіп алғанын да білді. Шөбересі екен. Ұйықтап жатқанда шешіп алып берген. Суретке түсіріп алған соң қайта орнына ілген. Оны тағы да шәкірттері жеткізді. Шөбересі мақтанып айтып қойыпты. Ауылдың Шерлок Холмысы облыс орталығында Саягүлдің немен айналысып жүргенін анықтады. Ондағы ішкі істер басқармасындағы жігіттер Саягүлдің анда-cанда байлармен төсектес болатынын тапты. Ол үшін кәдімгідей келіншекке ақша төлеп тұратындар мойындап, тізімін берген. Тізімде Саягүлдің есімі бар болып шықты. Абзал таң қалды және үлкен ақсақалды бағып-қағып жүрген ибалы келіншекті ондайға қиған жоқ. Бірақ ақиқат солай. Ақсақалға мән-жайды Абзал айтып түсіндіргенде ол кісі де айран-асыр болып: «Әй, палисей бала! Менің келініме күйе жақпа! Ол ондаймен айналыспайды. Адал адам. Бұл сөзді айтып отырған сені сотқа беремін! Сені анау ұлым мен келінім сатып алғаны көрініп тұр» деді бұлқан-талқан ашуланып. Абзал атаға барлық тапқан дәлелдерін айтса да нанбады. Саягүл де алғашқыда тулап, мойындамады. Нақты айғақтарды келтіргенде сылқ ете түсті. Жүсіп атаға келінін әкеліп алдына отырғызды. Келіні жылап жіберді. Кінәсін мойындады. Ақсақал не дерін білмей басы тұқырая төменшіктеп, келініне тесірейе қарады. «Оңбаған! Ұры!» деп айқайлап жіберіп, таяғын ала ұмтылды. Шал қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Бұл үлкен кісіге өте қатты соққы еді. Сәл тәуір болғанда, ауылдың Шерлок Холмысын шақырып алып бұлай деді:
– Айналайын, палисей бала! Мен кешірдім. Оған тиме! Өле-өлгенімше қарайтын сол келінім. Төрімнен көрім жақын қартпын. Сотқа бермеймін. Ана шөберелерімді аяймын… Шал еңкілдеп жылап жіберіп, теріс қарап жатып қалды. Абзал күрсінді. Енді не істесін?..
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...