КЕЗ КЕЛГЕН ЕЛ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІП, БЕЛГІЛІ БІР ДЕҢГЕЙДЕ ӨЗІНІҢ ҰЛТТЫҚ ҚОРЫН ЖАСАҚТАЙДЫ. ТАРИХТА СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДА ҒАНА ЕМЕС, ҚУАҢШЫЛЫҚ СИЯҚТЫ ТАБИҒАТ АПАТТАРЫНАН КЕЙІНГІ ДАҒДАРЫСТА ЖЕТКІЛІКТІ ДЕҢГЕЙДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫН ЖАСАҚТАЙ АЛМАҒАН ЕЛДЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІГІНЕН ДЕ ОҢАЙ АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАНЫНА ҚАТЫСТЫ МЫСАЛДАР ЖЕТКІЛІКТІ. СОНДЫҚТАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛҒАЛЫ ОТЫРҒАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОНЫ САҚТАП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ӘЛЕМНІҢ ДАМЫҒАН ЕЛДЕРІНІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУЫ ҮШІН АТҚАРАТЫН ШАРУАЛАРЫ ӘЛІ ДЕ ЖЕТКІЛІКТІ.
Жер көлемі жағынан ғана емес, қазба байлықтарының көлемі жағынан да әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналатын Қазақстанның әлеуеті орасан. Бұл туралы соңғы ширек ғасырдан астам уақытта БАҚ-та ғана емес, түрлі деңгейдегі мінбелерде күнде айтылып, жазылып, көрсетіліп келе жатыр. Басқасын былай қойғанда, суармалы және шабындық,
жайылымдық жерінің де мол болғанына қарамастан, республиканың ауыл шаруашылығы және оған қатысты тамақ, тігін, тоқыма, киім-кешек өндірісі өнімдерін әлі күнге дейін сырттан
импорттап отырғанын естіген кезде алыс-жақын елдің бәрі қайран қалады. Шынында да, Мемлекет басшысының халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында айтылған уәдені еске
түсірсек, Қазақстан халқының тұрмыс деңгейі әлдеқашан түзеліп, әлемнің ең озық мемлекеттерімен теңесуі тиіс болатын. Өйткені кеңестік дәуірде тізгін Мәскеудің қолында болып, республика байлығының қызығын өзімізден бұрын өзгелер көрді деуші едік. Мәселен, 1990 жылы 21 мамырда Қазақстан Компартиясының Алматы облыстық конференциясында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Қазақстанда бүгінгі таңда өнеркәсіп орындарының 53 пайызы жалпы одақтық министрліктерге, 40 пайызы – одақтық-республикалық министрліктерге қарайды. Соның салдарынан одақтық басқарма Қазақстан индустриясының 93 пайызын қамтып отыр. Қазақстан 1,3-1,5 млрд доллардың шикізатын экспорттап отырғанымен, ол валюта қатынастарынан іс жүзінде шеттетілген – бәрі де сыртқы экономикалық қатынастар министрлігі мен одақтық министрліктердегі делдалдарда қалып қояды. Республикадағы барлық кәсіпорындар біздің алдымен керек тауарларға деген қажеттілігімізді 60 пайыз ғана қанағаттандырады. Бір тұрғынның тауарлармен қамтамасыз етілуі жалпыодақтық деңгейден 2 есе және Балтық жағалауындағы елдерімен салыстырғанда 4 есе төмен», – деген еді. Сондықтан да өз дербестігімізді жариялап, оны БҰҰ сияқты әлемдік қауымдастық мойындағанда бір қуандық. Одан кейін Ата Заңымыздың 6-бабының 3-тармағы бойынша жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады деп тағы қуандық. Ал 1992 жылы 16 мамырда жарияланған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» ел Президенті: «Егер барынша нақты айтатын болсақ, онда таяудағы 3 жылда біз тұтыну рыногын бір қалыпқа келтіру, келесі 7-10 жылда экономиканың шикізат сипатын жою және инфрақұрылымды дамыту үшін ірі қадамдар жасау, тағы бір 5-7 жылда жаңа индустриалды елдердің қатарына қосылу міндеті тұр. Қазақстан үшін материалдық өндіріс саласындағы басым бағыт – рынокты азық-түлікпен және халық тұтынатын тауарлармен толтыру. Бастапқы кезде адамдарға ең болмаса өздерінің талғам-талаптары бойынша кезектегі сұранысын, әсіресе, азық-түлік тағамдарына деген сұранысын еркін қанағаттандуруға мүмкіндік беру. Сондықтан барлық стратегиялық басымдықтардың көш басында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, оны дәйекті де батыл реформалау, сондай-ақ тұтыну рыногын өнеркәсіп тауарларымен толтыру шаралары жүретін болады. Бұл міндетті шешуге үкімет жасап жатқан шағын ауыл индустриясын дамытудың ұлттық бағдарламасы қызмет етеді», – деген болатын. Алайда осында айтылған, жазылған мәселелер әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймай отыр. Бір кездері одақтық қорға жылына 10-12 млн тонна астық, 300 мың тоннадан астам ет, 270 мың тонна сүт беретін республика бүгінде ет пен сүтті шетелден импорттауда. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық табыстың жалпы көлеміндегі үлесі 36,4 пайызды құрайтын агроөнеркәсіп өндірісі бүгінде 20-30 есе төмендеп кетті. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 9 айда 182 1544 тонна ет пен ет өнімдері импортталып, экспортқа шығарылғаны 19 820,8 тоннаны ғана құраған. Ал негізгі тауарлар импортындағы мал және өсімдік шаруашылығы өнімдері мен дайын азық-түлік тауарларының үлесі 10,4 пайызды құрайды екен. Бұл ақшаға шаққанда 2861 427,6 мың доллардың өнімі. Салыстыратын болсақ, негізгі тауарлар экспортындағы мал және өсімдік шаруашылығы өнімдері мен дайын азық-түлік тауарларының үлесі 6 пайызды құрайды
екен. Бұл ақшаға шаққанда 2 119 908, 5 мың доллар көлемінде болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Онда ҚР Президенті «елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыру керек, балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруы тиіс. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатыр. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын. Негізгі міндеттеріміз – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету; миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру: еңбек өнімділігін 2,5 есе көбейтуі; агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорттың 2 есе арттыру» деді. Алайда, бұл тапсырма да қаншалықты нәтижелі болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені қысқа уақытта, асығыс жасалып жатқан ұлттық жобада барлық мүдделі тараптың ұсыныс-пікірі толық ескеріліп, ол жан-жақты талқыланып барып, қабылдануына көктемде басталған коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантиндік шаралар өз әсерін тигізуде. Сондықтан елімізді экономиканы жаңа жағдайға сай дамыту үшін 1992 жылы қолға алынған шағын ауыл индустриясын дамытудың ұлттық бағдарламасын қайта қарастырған жөн сияқты.
Ғани ҚАЛИЕВ, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті:
– Ауылды дамытудың ұлттық бағдарламасы дей ме, агроөненеркәсіп индустриясы дей ме, не тағы басқа бола ма бәрібір ауыл шаруашылығына арналған арнайы бағдарлама керек. Бірақ оны түсініп жатқан адам жоқ. Біз қазір ауыл шаруашылығы өндірісі жағынан барлық елден артта қалып қойдық. Мүмкіндігіміз көп, бірақ оны пайдалана алмай отырмыз. Өнімділік өте төмен. Себебі оны ұлғайту үшін жаңа техника мен технология керек. Ал біздегі шаруашылықтардың 60 пайызының жері 50 гектардан аз. Олар қалай жаңа техника мен технологияны пайдаланбақ. Бұл мәселені шешу үшін шаруа қожалықтарын ірілендіру керек. Сонда ғана өндірушілер күшейіп, техниканы пайдалану мүмкіндігі артады. Бізде ауыл шаруашлығы өндірістері, атап айтқанда машина жасау мен өңдеу өндірісі жоқ. Біз оның бәрін қағазға түсіріп, үкіметке бергенбіз. Кооперация бойынша өзіміз бас болып, министрлік қолдап кезінде арнайы заң да қабылданған болатын. Пилоттық жоба ретінде бір-екі облыста оны құрдық та. Алайдың елдің бәрі қайтадан кооператив болсақ, жерімізден айырылып қаламыз деп қорқады. Бізде кооперативке кірген шаруашылықтар жері мен техникасын жалға беріп, табыстан өз үлесін алуы, ал егер, еңбекке қатысса оған еңбекақысын алуы тиіс болатын. Айтпақшы, Президент биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге тапсырма берілген. Алайда өз басым әлі күнге ұсыныс-пікір сұраған ешкімді көргенім жоқ. Ғалымдардың айтқанын олар түсінбейді. Барсаң сіздікі дұрыс деп, арқаңнан қағып шығарып салады. Бірақ айтқан, ұсынған ұсыныс-пікірді елеп ескеріп жатқанын көре алмай отырмыз. Қазір әлемдегі ең артта қалған мемлекеттердің өзі ауыл шаруашылығына жалпы ішкі өнімнің 1-1,5 пайызын бөледі. Бізде ол тәуелсіздік жылдары 1,2-ден 0,17 пайызға дейін азайып кетті. Бұдан кейін ауылдың, ауыл шаруашылығының болашағы туралы айтудың өзі қиын.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»