Аурухана ортасы — бұл науқастарға медициналық көмек, ем және күтім көрсетілетін орын. Алайда дәл осы ортада түрлі инфекциялармен жұқтыру қаупі жоғары болады. Мұндай аурулар медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар (әрі қарай — МККБИ) деп аталады. Олар науқастарда ауруханаға жатқызу кезінде немесе шығарылғаннан кейін дамуы мүмкін, егер жұқтыру медициналық ұйым қабырғасында орын алса.
МККБИ инфекцияларының таралуының негізгі себептері:
- санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауы. Бөлмелердің, құрал-
жабдықтардың немесе медицина қызметкерлерінің қолының жеткіліксіз дезинфекциялануы;
- антибиотиктердің шамадан тыс қолданылуы. Бұл микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімді штамдарының қалыптасуына әкеледі;
- науқастар мен медицина қызметкерлерінің тікелей байланысы. Инфекциялар қол арқылы, медициналық құралдармен немесе таңғыш материалдар арқылы берілуі мүмкін;
- науқастардың иммунитетінің әлсіреуі. Әсіресе операциядан кейінгі, созылмалы аурулары бар немесе реанимация бөлімінде жатқан адамдар арасында жиі кездеседі.
Ең қауіпті ауруханаішілік инфекциялар:
— staphylococcus aureus туғызатын инфекциялар, соның ішінде MRSA (метициллинге төзімді Staphylococcus aureus). MRSA – ең белгілі қоздырғыштардың бірі. Ол көптеген антибиотиктерге төзімді және іріңді-қабыну процестерін тудырады: жара инфекциялары, сепсис, пневмония. Инфекция қызметкерлердің қолы, медициналық құралдар мен беттер арқылы тарайды;
— pseudomonas aeruginosa туғызатын инфекциялар. Бұл бактерия көбіне реанимация және күйік бөлімшелерінде кездеседі. Ол пневмонияны, несеп шығару жолдарының және қан айналымы жүйесінің инфекцияларын тудыруы мүмкін. Ең қауіпті ерекшелігі — ылғалды ортада (жууға арналған раковиналарда, катетерлерде, тыныс алу аппараттарында) ұзақ уақыт бойы өмір сүре алуы;
— acinetobacter baumannii туғызатын инфекциялар. Бұл микроорганизм өте төзімді әрі өміршең, көбіне иммунитеті төмен науқастарды зақымдайды. Пневмония, менингит, сепсис секілді ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Ол құрғақ беттерде де ұзақ уақыт сақтала алады;
— ішек таяқшасы мен энтерококктар туғызатын инфекциялар (Escherichia coli, Enterococcus faecalis/faecium). Бұл микроорганизмдер несеп шығару жолдарының, жаралардың және қанның инфекцияларын тудыра алады. Кейбір штамдар карбапенемдерге төзімді (CRE), сондықтан оларды емдеу өте күрделі;
— ауруханаішілік пневмониялар. Бұл МККБИ-дың ең жиі кездесетін түрлерінің бірі, әсіресе жасанды өкпе желдеткішінде жатқан науқастар арасында. Қоздырғыштар ретінде Klebsiella pneumoniae, Pseudomonas aeruginosa, Acinetobacter spp. жиі анықталады;
— кандидоз және басқа да зеңдік инфекциялар. Олар көбіне ұзақ уақыт антибиотиктер немесе иммунодепрессанттар қабылдайтын науқастарда дамиды. Candida тұқымдасына жататын саңырауқұлақтар шырышты қабықтарды, теріні және ішкі мүшелерді зақымдауы мүмкін.
Инфекциялардың пайда болу себептері — мұндай инфекциялардың дамуы медициналық мекемелерде иммунитеті әлсіреген науқастардың көп шоғырлануымен, патогенді микрофлораның жоғары концентрациясымен және медициналық көмек көрсету кезінде айқаспалы контаминация қаупінің болуымен байланысты.
МККБИ-дың алдын алу шаралары:
— санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау. Барлық беттерді жүйелі түрде дезинфекциялау және медициналық құралдарды стерильдеу;
— қол гигиенасы. Бұл — инфекциялардың алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді әдісі;
— антибиотиктерді ұтымды пайдалану. Оларды тағайындау мен емдеу ұзақтығын қатаң бақылау;
— жұқтырған науқастарды дер кезінде оқшаулау. Қоздырғыштардың таралуының алдын алу;
— мониторинг және эпидемиологиялық қадағалау. Медициналық ұйымдардағы микробиологиялық жағдайды тұрақты бақылау және талдау.
Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар — қазіргі заманғы медицинаның ең өзекті мәселелерінің бірі. Олар емдеу мерзімін ұзартып, денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын арттырады және науқастардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Олардың алдын алудың басты бағыты — санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау, дезинфекциялық іс-шаралардың сапасын тұрақты бақылау және медициналық ұйымдарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Спикер — Алпысбайұлы Касымхан
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің басшысы — Алматы қаласының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері


