12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қауіпсіздікті қаперден шығаруға болмайды

Жасыратыны жоқ, халқымыз қауіпсіздік ережесіне, төтенше жағдай орын ала қалса алдын ала сақтандыруға аса мән бермейді. Соның нәтижесінде елімізде газ жарылу, жылыту маусымында өрт оқиғаларының көбеюі, көмірден улану, жалпы өрттен келетін шығын көлемі жыл өткен сайын артып барады. Қауіпсіздік ережесіне мән бермеумен қоса, газ пешін қостыру кезінде тұрғындар арнайы талаптарға сай болмаса да «бармақ басты, көз қыстымен» тексеріп келген арнайы маманды «майлап», әйтеуір үйіне тезірек жылу қостыруға тырысады.

Заңды түрде жеке тұрғын үйлерге газ қостыру кезінде өрт қауіпсіздігі мамандарының арнайы тексерісі, газдың техникалық қадағалаушы мамандарының рұқсаты қажет болғанымен оның барлығы бүгінде шартты рәсімдерге айналған. Маман «қауіпсіздік алдымен өзіңе керек» деместен қыстырған теңгесін қалтасына басып жөніне кетеді. Ал қауіпсіздікті сақтамағандықтан қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, жылжымайтын мүліктің сақтандырылмағаны былай тұрсын, қауіпсіздік ережесін сақтамаған үйіне өтемақы да ала алмастан қыстың көзі қырауда далада қалады. Осындай қауіпсіздікке селқос қараудың соңы оқыс оқиғалардың жиілеуіне әкеліп соғып отыр.

Елімізде әсіресе, жер үй иелері өрт сөндіру қызметін жиі шақырады екен. Пештерін дұрыс орнатпайтын, бітеліп қалған мұржаларын дер кезінде тазартпайтын тұрғындар тым көп екенін статистика да көрсетеді. Шамамен алғанда елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт оқиғалары тіркеледі екен. 2015-2018 жылдар аралығында елімізде өрттен үш мыңнан астам адам зардап шегіп, 1500-дей адам көз жұмған. Ал жалпы елімізге өткен үш жылдықта өрттен келген материалдық шығын 12 млрд теңгені құраған. Таратып айтар болсақ 2017 жылы елімізде 15 438 өрт тіркеліп, 352 адам көз жұмса, 2018 жылы – 14 567 өрт орын алып, 434 адам көз жұмған. Аз шығын емес.

Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бір ғана Алматы қаласында өткен жылы өрттен келген шығын 60 миллион теңгеге жуықтаған. 480 өрт оқиғасы тіркеліп, тілсіз жаудың кесірінен 7 адам қайтыс болып, 25 адам әртүрлі жарақат алған. Сондай-ақ, 36 адам табиғи газдан уланыпты. Әсіресе қауіпсіздік ережелеріне мән бермейтін жеке тұрғын үйлерде өрт оқиғалары жиілеуде. Сондай-ақ ақмолалық құтқарушылар өткен жылы жекеменшік тұрғын үй секторында 8 мыңға жуық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілерін анықтаған.

Мамандар да жыл сайын жылу пештерін, газ баллон құралдары мен электр желілерін дұрыс пайдалануға қатысты өрт қауіпсіздігі ережелері талаптары мүлдем сақталмайтынын айтып дабыл қағуда. Өйткені жыл сайын төтенше жағдай қызметкерлері жылыту маусымының алдында жеке үйлерді аралап жылу желілері мен қауіпсіздік шараларын тексеріп, ескерту

айтқанымен, тұрғындар ол ескертулерге мән бере бермейді екен. Мәселен өткен жылы ақмолалық төтенше жағдай мамандары 26 мың үйді аралап, 62 мың азаматқа нұсқау берген, 2246 адамды қамтитын 147 жиын өткізілген. 8 мыңға жуық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілерінің басым бөлігін жылу пештері, газ-баллон құралдары мен электр желілерін дұрыс пайдаланбау құрайды екен. Атап айта кетер жайт, мамандардың осынау қадағалау шаралары кезінде 524 үй иесі тіпті қызметкерлерді пешін тексеру үшін үйлеріне кіргізбеген, ал 3862 үйдің иесі үйлерінде болмағандықтан мамандардың тексеру жасай алмаған. Яғни, рейд барысында мамандардың қандай да бір құзіреті немесе айыппұл салу секілді жазалау шараларына бара алмайтынын білгендіктен, үй иелері мұндай тексерулерді елей де бермейді. Нәтижесінде бұл шара да уақытша науқан, шартты бір қадамға айналып қалып отыр. Халқымыздың қауіпсіздікке ауызекі «құдай сақтасын» деп қана қарауының соңы орны толмас өкініштерге ұрындыратынын ескерер емеспіз.

Сіз не дейсіз?

Ерлан Алмабеков,

Алматы қаласы Төтенше жағдай маманы:

— Талап бойынша жылына бір рет газ қазандығы мен газ есептегіш құралды тексеруден өткізу керек. Жасыратыны жоқ, тұрғындар бұған аса мән бермейді, газ қондырғыларын техникалық бақылаудан өткізуге құлықсыздық танытады. Соның кесірінен мұржалар толып жатады, пәтерлерде газдың шығуы баяулап, жиналып қалады. Жеке тұрғын үйлерде орнатылған пештердің көбі талапқа сай емес. Өрттің негізгі себептері тұрғындардың сақтандыруға көңіл бөлмеуі, электр құралдарын пайдалану және балалардың отпен ойнауы, ал қыс мезгілінде пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы, түтін мұржаларының ақаулығы түрткі болып жатады. Іске жарамсыз розеткаларды, қосқыштарды және ұзартқыштарды пайдалануға болмайтындығын көптеген тұрғындар біле тұра, елей бермейді. Соның нәтижесінде төтенше жағдайлар көбейіп, қайғылы оқиғалар жиі тіркеліп жатыр.

Сондай-ақ үй құрылысында қазір жиі пайдаланылып жүрген синтетикалық материалдардың жануы кезінде улы газдардың бөлінуінен адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп арта түсуде. Көп жағдайда қыстың күндері пештер тазаланбағандықтан пешке таза ауа жеткіліксіз болып, үй ішінде улы газ жиналып, соңы қауіпті жағдайға әкеліп соғуда. Сондықтан жер үйлерге улы газ дабылдатқыштар орнатылуы тиіс. Дабылдатқыш улы газ шыққанда дыбыс шығарып белгі береді. Өткен жылы қалада шыққан 727 өрттің 413-і тұрғын үй секторында орын алған. Айтып келмейтін тілсіз жаудың салдарынан көз жұмғандардың 75 пайызы – газдан уланғандар. Көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға улы газды анықтайтын дабыл құралдары тегін орнатылады. Ал басқа тұрғындар ең болмаса осы дабыл құралдарын тезірек орнатып алса екен.

Қалдыбай Дүйсембаев

Закон есть, а контроля нет

Депутат фракции «AMANAT» Нартай Сарсенгалиев направил на имя Премьер-Министра...

Принятие эпохального закона 

Фото из книги Салыка Зиманова «Конституция и Парламент РК», издательство «Жеті жарғы», 1996 год

Цена экономической независимости

Предлагаем вниманию читателей продолжение интервью с доктором экономических наук,...

 Уважаемые читатели и коллеги! 

От имени Союза судей Республики Казахстан поздравляю вас с...

Опасные игры

Медики говорят, что болезнь легче предупредить, нежели лечить. Так...