2021 жылғы 6 шілдеде «Аудиторлық қызмет туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енген еді. Алайда бір жылға жетер-жетпес уақытта оның саланы дамытудың орнына тәуелсіз аудиторлық қызметтің болашағына төндіретін қаупі байқалып отыр. Оны «Аудиторлар алқасы» КАҰ мен Қазақстанның аудиторлық ұйымдары мен аудиторлар институты басшылары арнайы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында жариялады.
– Түзетуді әзірлеушілер дамып келе жатқан бәсекелестік ортаны және аудит саласындағы кәсіби бірлестіктердің болуын елемей отыр. Алдын ала бағалаулар бойынша аудиторлық ұйымдардың 76% өз қызметін тоқтатады, ал қалғандары «алым» төлейтін болады. Осылайша, мұндай органды құрудан пайданы шенеуніктермен үлестес және «үлкен төрттіктің» аудиторлық ұйымдары мен фирмалары алатын болады. Нәтижесінде, аудитті жүргізуге рұқсат алғаннан бастап оны жүргізуге дейінге кезеңде аудит шенеуніктердің толық бақылауында болады, – деді Аудиторлар алқасының басқарма төрағасы Данияр Нұрсейітов.
Жалпы, бұл заңға бастамашы болған Парламент депутаттары мен Қаржы министрлігі болатын. Ондағы негізгі идея – «Аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес» құру болатын. Бұл органға тек мемлекеттік функциялар ғана емес, сонымен қатар сапаны бақылау және аудиторларды аттестаттау жөніндегі кәсіби бірлестіктердің функциялары берілген. Оны қаржыландыру аудиторлық ұйымдарға – кәсіпкерлік субъектілеріне жүктелген. Ал қаржыландырудың жалпы сомасы – жылына 150 млн теңге (бұл ҚР ҚМ ресми сомасы). Қаржы министрі басқаратын басқарма тағайындайтын бақылаушының жалақысы – айына 1 млн теңге, ассистенттің жалақысы – 500 мың теңге. Кәсіби кеңестің функцияларын ескере отырып, аудиторлық ұйымдарға қатысты бақылау және реттеу функцияларының жалпы саны 18-ден 30-ға дейін артты. Орган басқармасы негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қатарынан қалыптастырылады, ал органның өзі ҚР Бюджет кодексіне сәйкес квазимемлекеттік ұйым болып табылады.
2020 жылы аудит нарығының жалпы көлемі 23 млрд теңгені құраған. Бүгінгі таңда Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым және 1869 аудитор бар. Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі аудиторлық қызмет туралы заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде нарықтан кетуге мәжбүр болады. Ал тәуелсіз аудиторлардың кетуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетері анық. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, аудиторлардың басым көпшілігі өзгерісті қолдамады. Тәуелсіз зерттеу нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымдар басшыларының 80 пайызға жуығы кәсіби кеңес құруға қарсы және өзін-өзі реттеушілікке көшуді жақтап отыр.
Е.КЕБЕКБАЙ,
«Заң газеті»