12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАТЕЛЕСУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

– Үйде менен басқа ешкім болған жоқ. Түскі тамағымды ішкеннен кейін есікті кілттеп жұмысқа кеттім, – деді қара шашын еркектерше жан-жағын тегістете қидырған, орта бойлы, қауындай домаланған сары әйел, қызанақтың түсіне еніп домбыққан жүзін жасымен бірге айғыздай аққан опа-далабын қол орамалымен сүртіп – Кілт менде, мұнда басқа адамның кіруі мүмкін емес. Құдайым-ау, бір күнде бар-жиған тергенімнен айырылдым. Енді не істеймін? – Сабыр сақтаңыз Сәуле, ауырып қаларсыз, – деді Асқар – Сіз жинаған алтындарыңыз бен қаражатыңызды ұрлап кетті деп отырсыз. Қашан жоғалды? Кеше орнында болып па еді? – Кеше емес, бүгін қарап отырмын ғой. Екі күн бұрын санап, алған жалақымнан тағы да қосып қойып едім. Жаңа бір керегіме шетінен алайын деп қарасам, ұшты-күйлі жоқ. Өз көзіме өзім сенбей, тартпаның бәрін қопарып шықтым. Сонда барып ұрланғанына, құдай тас төбемнен ұрғанына көзім жетіп жылап жібердім. – Демек, екі күннен бері қараған жоқсыз. Мүмкін кеше немесе алдыңғы күні ұрланған болар? Сол екі күннің ішінде мұнда сізден басқа кім келді? Өзіңіз күдіктенетін біреу бар ма? Жақсылап ойланып, есіңізге түсіріңіз. Жаңа ғана қарап шықтық, терезелер сау. Үйдің есігінің кілттігі де бұзылмаған. Ешқандай күдік тудырар белгі жоқ. Кілттің ашары сізден басқа тағы кімде бар? – Біреуі өзімде жүреді, қалған үшеуі шкафта ілулі тұрған кеудешемнің қалтасында жатыр. Олар сол орнында. Білмеймін, не айтарымды? Есік пен терезеден кірмесе, үйге қайдан еніп жүр? Соны түсіндіріңізші маған! Ешқандай із, белгі қалмаса ұрыны таба алмайсыздар ма? – Алтындар мен бағалы заттар салынған шкаф та өз кілтімен ашылған, – деді криминалист. – Сіз оның кілтін де үйге тастап кетіп жүрмісіз? Ұры оның қайда тұратынына дейін біледі. – Иә, шкафтағы кеудешемнің төсқалтасында қалдырамын. Әйтпесе жоғалтып аламын ғой. Оны ұры білетіндей мен оған көрсетіп салғаным жоқ, – деді Сәуле. Асқар үй иесіне тағы да біраз сұрақтар бергенімен ілік болар, ізге түсер нәрсе таба алмады. Сәулеге ұрыны ерте ме, кеш пе қолдарына түсіретінін, тағы да сұрақтар туындай қалса хабарласатынын айтып, жылы қоштасты. Алайда, сендіре алмағанын ренжи қараған түрінен ұқты. «Басқа жақтан келген әккі ұры болуы да мүмкін,– деп ойлады инспектор. Осымен үшінші үйді тонап отыр. Бәрінде де ешқандай із қалдырмаған. Тоналған үйдің, пәтердің айналасындағы көршілері де ештеңе байқамайды. Көп қабатты үйдегілер өздерінің астыңғы және үстіңгі жағындағы пәтерлерде тұратындарды, кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейді делік. Ал жер үйдегілер бөтен адамға неге назар аудармайды? Бірақ, кісі бойынан биік аула қоршауларынан ешкімді көрмейтін де шығар. Ұры соны жақсы пайдаланып жүр. Ауқатты адамдарды таңдайды». Асқар осындай ойлар теңізіне сүңгіді. Ұрланған заттарды сатып алады-ау дегендерді бақылауды бұл «штаттан тыс агенттеріне» тапсырып қойған. Олар ішіп жүр ме, болмаса, шынымен де ұры әлгі орындарға жоламаған ба, әйтеуір ызың жоқ. Алтын бұйым сататындар мен ломбардтарға да жергілікті тұрғындардан басқа ешкім бас сұқпаған. Тұрғылықты жердің ұрысы болса ендігі бір «жарқ» етер сәті жетті емес пе? Әлде, одан ұрланған заттарды сатып алғандар айтпай отыр ма? Барлығына да ұрлық болғаны жеткізіліп, танымайтын адамның құжатын сұрап содан кейін барып, алтын бұйымды сатып алу керектігі ескертілді. Олардың кейбірі сатып алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарын телефонмен суретке түсіріп полиция бөліміне жіберіпті. Базаға салып тексеріп қарағанда олардың ұрлыққа ешқандай қатысы жоқтығы анықталды. Асқардың ойын ұялы телефонның қоңырауы үзді. Өзімен бір бөлмеде отыратын аға лейтенант Айгүл екен. – Жолдас майор, – деді қыз өзінің әдемі дауысымен – Тағы да ұрлық тіркелді. Қылмыс орын алған жерге барасыз ба? Бос болмасаңыз криминалистерді ертіп өзім жүре берейін. – Қазір барамын, – деді бұл. Үй иесінің әйелі есік ашқанда бір жас жігіт тұрған. Ол өзінің монополияға қарсы комитеттен екенін айтып, қандай мәселелері барын сұраған. Суға, жарыққа, газге қанша төлеп жүргендеріне қызығушылық танытқан. Бүгінгідей қымбатшылық заманда монополистерді тежеп ұстамай еркіне жіберсе, өздері сияқты адамдардың соңғы тиынына дейін қағып алатынын, соған жол бермеу, тарифтерді қымбаттатпау үшін осылай тұрғындармен кездесіп, тексеріп жүргендерін жеткізген. Оны естігеннен кейін әйел соңғы екі айда судың тарифі көтеріліп кеткенін, ақшасын алып отырса да тіршілік нәрін уақытында бермейтіндерін айтып мұңын шаққан. – Жігіт маған тіке қарап тұрды, – деді әйел көзімен жер шұқыған күйі сөзін жалғастырып, – Содан кейін не болғанын білмеймін. Бөлмеме кіргізіп, барлық алтын бұйымдарымды беріп жіберіппін. Біраздан кейін барып есімді жидым. – Бұл ақымақ мені де оятпады ғой,– әйелдің күйеуі, бойы соқадай сопайған, өзі арық болса да ішіне қарбыз тығып алғандай, мес қарын жігіт сөзге араласып – Ұрының сол жерде емін беретін едім. – Сен түнде кезекшіліктен шыққан соң ұйқыңды бұзғым келмеді. Қасыңда балалар жатты. Олар бір оянса саған қайтып ұйқы бермейді емес пе? – деді әйел ақталып. – Сонда қалай, сені өлтіріп тастаса да ештеңе білмей ұйықтап жатуым керек пе? Инспектор Айгүл сөзге араласып, жігіттің гипнозды қолданғанын түсіндіріп, әйелден оның түр-сипатын суреттеп беруін сұрады. Бірақ, ол мандытып ештеңе айта алмады. Асқар да ойын қозғап, болған жағдайды есіне түсірсін деп біраз сұрақтар қойып қақпақылдап еді, онымен әйел байғұс ескі теледидардай қажетті арнаға түспей, жіптің ұшы қолға ілінбеді. Тағы да еш жерде саусақ таңбалары қалмаған.

* * *

Төрде отырған еңгезердей қара жігіт, сөйлесіп отырған ұялы телефонын үстелінің үстіне қойып, жинақталып, қарсы алдына жайғасқан әріптестеріне қатулы қабағынан қар жауа қарады – Көрдіңдер ғой,– деді ол дауысынан қысқы ызғар сезіліп – Сендер үшін мен сөз естіп жатырмын! Бірнеше үй тоналды. Ұры болса әлі бостандықта жүр. Сонда оны биыл ұстамайсыңдар ма? Учаскелік инспекторлардың жұмысына мен қанағаттанбаймын. Өзінің учаскесіне кім келіп, кім кетіп жатқанын қадағалайтын солар емес пе? Түнде оятып алып: «Мынандай үйдің, осындай қабатында, нөмірі бірдеңесінші пәтерде кім тұрады?», деп сұрағанда олар дәл жауап берумен шектелмей, тап қазір сол тұрғынның қайда екеніне дейін тақылдап айтуы тиіс қой. Ғылым мен техника дамып, қылмысты ашу да жылдан-жылға оңайлап келе жатқанда біз мұрнымыздың астында жүрген ұрыны көре алмаймыз… – Жолдас полковник,– деді Асқар оның сөзін бөліп – Айтуыңыз орынды! Біз қолдан келгенше жұмыстанып жатырмыз. – Маған нақты ақпарат керек,– бастық оның сөзін бөліп үстелін жұдырықпен бір қойды – Мен анау жақтағыларға (ол қолымен төбені нұсқады) «жұмыстанып жатырмыз», деп, аузымды құр шөппен сүртіп отыра беруім керек пе? Олар оны кешіре ме? Жаңа ғана жерден алып, жерге салды. Ұрыны іздеуге әлде өзім кірісейін бе? Онда маған сендердің не керектерің бар? Жүрдім талай ұйықтамай, отбасымды ұмытып. Сендерден де соны талап етемін! Бәрің де жас маман емессіңдер, тәжірибелі офицерлерсіңдер! Жігіттер! Ауылда осындай ұрлық болса ондағы тұрғындар түгел естиді. Себебі, шағын елді мекен! Ал, мында халық көп болғандықтан және ақпарат құралдарына хабар жетпеген соң мүлгіген тыныштық. Бірақ, ерте ме, кеш пе, бәрібір құлақтарына жетеді. Сонда өзімізге қиын болады. Мына ұры осылай жүрсе, әлі шулатады, – деп ол қолына телефонын алды – Үш күн уақыт беремін. Сол аралықта бір нәтижеге жетпесеңдер, маған ренжімейсіңдер, қызметтеріңнен төмендейсіңдер! Барыңдар, боссыңдар! Ертеңіне Асқар ұрлық орын алған жерлерді тағы да зерттеп, айналадағы тұрғындармен сөйлесіп көргенді жөн санады. Жауап бергендерден тек бір әйел ғана базар жақтан келе жатқанда үйдің кіреберісінен бір қолына пакет, екіншісіне таяқ ұстаған қоңыр костюмді қарт кезіккенін жеткізді. Ол кеудесін жастарша тік ұстап жылдам басып жанынан өте шыққан. Бұған дейін қартты осы жерден көрмепті. Мүмкін, баласы немесе қызына қыдырып келіп, кетіп бара жатқан да болар. Неге екені белгісіз ұрлық болған күні әйелдің есіне сол қарт оралған. Гипнозға ұшыраған әйелге барып еді, есіне біраз нәрсені түсірді. Санасы жаңғырыпты. Бас бармақ көрсетердей суреттеп бере алмағанымен, оның айтуы бойынша компьютермен ұрының фотобейнесі де жасалды. Сонымен қатар, жақын маңдағы бейнекамералар да қаралды, алайда олардан бұған ұқсас адам көрінбеді. Дегенмен, енді ауа қармап қалмай, суретпен іздеуге болатын. Бірақ, қателесуге тыйым салынады, өзіне аңшылық басталғанын сезсе, ұры сусып кетіп, құмға сіңген судай ізін батыруы мүмкін. Ондай жағдайда барлық еңбек зая кетеді.

* * *

Түнгі кезекшіліктен шыққан Айгүл бірден бөлмесіне келді. Терезеден көз салып еді, әріптесі Асқар сыртта темекі шеккен жігіттердің қасында тұр екен. Формасын шешіп, шкафта ілгекте ілулі тұрған ұзын көйлегін киді. Кешке дос қызының тойы бар. Алайда іштен шыққаннан кейін ғана үйден киім қарауға жетерлік ақша алмағаны есіне түсті. Қыз өзі тұратын көпқабатты үйдің төртінші қабатына лифтімен емес, баспалдақпен де көтеріле беретін. Сол әдетімен үшінші қабатқа көтерілгенде бір пәтердің алдында тұрған қартқа көзі түсті. Бұған ол есікті аша алмай жатқандай көрінді. Мұны байқамаған қарт күйбең тірлігімен болып, біраздан кейін қалтасынан бір бума кілтті шығарып, есікке салып қарай бастады. – Ата, көмек керек пе? – деді қыз жақындап келіп. Қарт селк етіп бойын түзеп алды да, артынша қайта шөге қойды. Әжім басқан жүзімен бұған көз тоқтата қарады. Айгүлге оның көзінде ұшқын ойнап тұрғандай көрінді. Қыз өзіне тесіле қараған соң, қарт дереу есікке қарай бұрылып: – Рахмет, айналайын, сұлу қызым! Аштым, – деп ішке еніп кетті. «Үлкен кісілердің барлық кілтті қалтасына салып, томпитып жүретін әдеті ғой, – деп ойлады Айгүл – Алайда көзқарасы біртүрлі екен. Бойымды тінте көз тастады. Дауысы да аузына тас салып алғандай құмыға шықты. Көзі қарт адамдікіндей шаршаңқы, нұрсыз емес. Шырақтай жанып тұр. Ой, мен не ойлап кеттім?» Ертеңіне Айгүл сол пәтерден бір жас жігіттің шығып жатқанын көрді. Бұған дейін мұнда басқа адамдар тұратын. Екеуі амандасты. Инспекторға пәтер жалдаушының жүзі де, дауысы да таныс сияқты көрініп кетті. Жігіт бұған жылы ұшырап, екеуі біраз әңгімелесті. Қыз оған кеше осы жерден бір қартты көргенін, есікті аша алмай жатқанын жеткізді. Ол болса оның атасы екенін, таңертең ерте кетіп қалғанын айтып, қызды жұмыс орнына апарып салғысы келетінін жеткізді. Жігіттің сөзі, дауысы, күлімдей қарап мұны мақтағаны бойын баурап алғанымен Айгүл оның ұсынысынан бас тартты. Жұмысқа асығып бара жатса да өзінің оның айтқанына елітіп, тұрып қалғанына таңданды. Содан кейін де бірнеше рет көрді. Артем, жігіттің аты солай еді, мұның жұмыстан нешеде шығатынын, қашан қайтатынын әбден біліп алғандай. Сол уақыттарда екеуі кездесіп қалады. Бір рет бұған гүл де сыйлады. Енді, мұның өзі де онымен кездескенді қалап тұратын болды. Қыз: «Ұрыны таппайынша жаным тыншымас! Кеше тағы бір үйге түсіпті. Бастық та созып жібердіңдер деп ренжіп жатыр. Осы іс аяқталғаннан кейін ақысыз күн алып, кездесіп, жақынырақ танысармыз», деді іштей. Алайда, сырбаз жігітті қаншама ұната тұрса да, әлдебір түйсік бойында дабыл қақты. Міне, Артем бүгін оны жұмысына әкеліп тастап, сәттілік тіледі. Ішке асыға бет алған Айгүл жігіттің ғимараттың маңдайшасындағы жазуды көріп тұнжырап сала бергенін, дереу автокөлігінің орындығына шалқалай отырып жүзін тасалағанын, жолай тұрмыстық заттар дүкеніне соғып пышақ сатып алғанын білген жоқ. * * * – Сонымен бұл қылмыстық істе екі бірдей фигурант болып тұр, – полковник қолындағы қағазға көз жүгіртіп – Біреуі мұртты гипнотезер жігіт, екіншісі таяқ ұстаған қоңыр костюмді қарт. Бұл екеуі бір адам ба? Әлде екі бөлек пе? Пәтер ұрлығымен айналысатын, жақсы жасырынған ұйымдасқан қылмыстық топпен жолымыз түйіскен шығар? Асқар Артықбайұлы, сіз не айтасыз? – Күні кеше болған ұрлықта басты фигурант қарт болып тұр, – деді Асқар. – Куәгерлердің біреуі жас әйел есік алдындағы теректің арасына кіріп кеткен мысықтың баласын шығара алмай әуре болып отырған. Сол кезде үйдің кіре берісінен қоңыр костюмді қарт шыққанын байқаған. Бір қолында таяғы, екіншісінде пакеті бар. Бүкшиіп кетіп бара жатқан қарт мұны көрмеген. Қасынан өте бергенде қарттың ұялы телефоны шылдырлаған. Сол сәтте әлгі еңкіш тартқан қартымыз бойын түзеп телефонды қолына алғанда пакеті қисайып ішінен жерге жылтыраған бірдеңе түскен. Қарт оны байқамастан, таяғын қолтығына қысқан күйі аяғын жылдам басып кетіп қалған. Келіншек дереу теректің арасынан шығып, түсіп қалған нәрсені алып қараса алтын шынжыр екен. Жүгіріп қартты іздеген. Сол кезде оның көлігіне мініп, қозғалып кеткенін көрген. Айтуынша қарттың қасында ешкім болмаған. Ұрлық туралы хабар түскеннен кейін ол бізге шығып, алтын шынжырды тапсырды. Шынжыр жәбірленушінің мүлкінің бірі екені анықталды. Көп қабатты үй тұрғындарының мәлімдеуінше сол күні ол қарт екі бірдей пәтердің қоңырауын басып қарапты. Есік ашқан үй иелеріне пәтерден жаңылысқанын айтқан. Сірә, үйде адам бар-жоғын тексергені шығар. Қазіргі күні тергеутексеру жұмыстары жасалып жатыр. – Сіз осыған дейін бір куәгердің дәл сол қарт туралы айтқанына мән бермегеніңізді жеткізгенсіз – деді полковник ескерту жасап – Қырағылық танытпағаныңыздың соңы неге соққанын көріп отырсыз. Ұры әлі тайраңдап жүр. Мен сіздерге қателесуге тыйым салып келемін! Сіздер былайша айтқанда детективсіздер! Адам бойындағы өзгерісті қас-қабағына, жүріс-тұрысына қарап та байқауға болады. Сонымен қатар, кез келген ұсақ-түйекке дейін назарларыңыздан тыс қалмауы тиіс. Неше рет қайталауым керек? Айгүл Ғасырқызы сіз не айтасыз? Гипнотезер жігітімізден хабар бар ма? – Біз оның суретін полиция бөлімшелері мен жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне таратып бердік. Ол жігіт әзірге көзге түскен жоқ. Екі ұрлыққа ғана қатысы бар. Жәбірленуші алтын бұйымдар дүкенінен сауда жасағанда қылмыскер қасында тұрған. Содан кейін соңынан ілескен. Жігіт лифтіге онымен қатар кірген. Сірә, сол жерде шабуыл жасап, бұйымын тартып алғысы келген шығар. Алайда, ол ойы іске аспаған. Себебі, лифтіге тағы бір ер адам мінген. Одан шыққаннан кейін әйел қылмыскердің артынан ілескенін көрген. Бірақ, жанынан өтіп кеткен соң мән бермеген. Біраздан кейін жігіт кері оралып, есіктің қоңырауын басқан. Жәбірленуші ашқан соң: «Пәленше бұрын осында тұрып еді. Қайда көшіп кеткенін білмейсіз бе?», деп әңгіме қозғаған. Арғы жағы өздеріңізге белгілі! Маған қоңыр костюмді қарттың фотосуретін бересіздер ме? Қарағым келіп отырғаны. – деді Айгүл. Асқар қызға суретті ұсынды. Айгүл оны көрген бойда ыршып түсті. – Мен тұратын үйдің үшінші қабатында Артем есімді жігіт бар. Бірде сол үйдің есігін тап осыған ұқсас қарт бір топ кілтті қалтасынан шығарып ашып жатқанын көрдім. Ертеңіне Артемнен сұрағанымда атасы екенін, кетіп қалғанын айтты. Маған осыған дейін де бұл жігіт біреуге ұқсайтындай, бір жерден көргенімдей әсер еткен. Оның түр-түсі, болмысы біздегі гипнотезер жігіттің суретіне аздап келіңкірейді. Тек, мұрты жоқ. – Осыған дейін неге айтпай жүрсіз?, – деді полковник суық қабақ танытып – Бұл нысанды дереу бақылауға алыңдар. Үркітіп алмаңдар! Қателесуге тыйым саламын. Бұлтартпас айғақтармен қылмыс үстінде қолға түсіріңдер! Сіз, Айгүл қарындасым, сақ болыңыз! Басшыдан шыққаннан кейін Асқар нәзік жанды әріптесінен пәтеріне бармай, өзімен бірге тұруын өтінген қыз бірден бас тартты. Содан кейін жігіттен дегбір қашты. Айгүл жұмыста көрінбесе болды дереу телефон соғып, қайда жүргенін анықтайды. – Сізге мені емес, ұрыны бақылауда ұстау тапсырылды емес пе? – дейді сұлу бойжеткен күлкісі бұлақтай сыңғыр қағып – Алаңдамай-ақ қойыңыз, мен қазір лифтімен көтерілемін. Күдікті менің сол үйде тұратынымды білгенімен, қай қабат, нешінші пәтер екенінен хабарсыз. Бірнеше күннен кейін күдікті тағы бір пәтерді тонамақ болғаны анықталды. Сырттай бақылап жүрген инспектор жақын жердегі полиция қызметкерлерін көмекке шақырған. Олар болса көліктерінің дабыл қаққышын қосып, тойға келе жатқан жастардай айналаны шулатып жеткен. Бұлар ұры жүрген қабатқа көтерілгенде ол ізін суытып үлгерген. Үйді айналып қарап шыққанда бір пәтердің балконынан төменге қарай шұбатылған жамылғы салбырап тұрды. Артынша күдіктінің үйіне оралғаны жайлы хабар түсті. Арнайы топ ың-шыңсыз жетті. Бірақ, ұры тағы да балконнан шығып кетіпті. Асқар дереу, барлық вокзалдар мен жол бойына пост қоюды тапсырды. Екі күннен бері ұйқысын тастап қастарында жүрген Айгүлге түске дейін демалыс берілді.

* * *

Айгүл пәтеріне жеткеннен кейін душқа кіріп, жуынып шықты. Қолаң шашын сүртіп, артқа сілкіп тастады. Кіре беріс үстелге қойған телефонын алып қарап еді Асқар бірнеше рет қоңырау шалғанын көрді. Жауап бергісі келді де, ол ойынан айнып қалды. «Мен оның әйелі емеспін ғой. Қайта-қайта іздей беретіні несі?» Ас үйге барып шәйнек қойды. Салқындатқышқа салған суын шығарып, газ плитаның қасында тұрған кесеге құйып, ішіп алды. Шәйнек қайнағанша келген газеттерді қарап шыққанды жөн санады. Түнімен жүргендікі ме, әлде шаршағаннан ба көзіне ұйқы тығылды. Бас-аяғы бес-он минутта ол қалың ұйқыға кетті. Сол кезде терезенің түрулі тұрған пердесі жәймен жылжып, арасынан пышақ ұстаған қол көрінді. Артынша бүкшиген қоңыр костюмді қарт шықты. Ол қыздың қасына жақындап сәл тың тыңдады да асүйге асты. Жаңа ғана қыз су ішкен кесені қолына алып қарады. – Клофелинді ішкен екенсің, енді төрт сағат ештеңе сезбей ұйықтайсың, – деді жәймен дауыстап – Өкінішке орай мен сені тірі қалдыра алмаймын. Сөйтті де қолындағы пышағын ұстаған күйі қыздың қасына келді. Аппақ қыз қап-қара найза кірпіктері жұмылып шалқасынан ұйықтап жатыр. Төсі сәл ашылып қалыпты. Жұп-жұмыр аппақ сандарын үстіндегі халаты жартылай жауып тұр. Қарт бойын түзеді. Бетіне жапсырған жасанды әжімдерді, мұртты алып тастады. Сол кезде бізге бұған дейін таныс Артем болып шыға келді. Айгүлдің жүрек тұсы осы-ау деген жерге тоқтап, пышағын жоғары көтере берді. Алайда, өлтіруге дәті бармады ма, әлде жазықсыз жанның қанын төккісі келмеді ме, пышақты жерге тастай салды. – Енді аман қалуың немесе ажал құшуың бір құдайдың қолында, – деді ол қызға қарап – Егер сенің татар дәмің бүгін таусылатын болса, оған мен кінәлі емеспін. Себебі, есікті жауып, бірақ кілттемей ашық тастап кетемін. Аман қалсаң, сұлулығың үшін өлтіруге дәтім бармағанын еске аларсың. Сенің естіп жатқаныңды білемін! Өзіңмен болуға өкінішке орай уақытым тығыз. Осылай деген ол асханаға барып газды ашты. Содан кейін барып барлық бөлмелердің есігін аңқитып ашып тастады. Плитадан шыққан иіс ауаға тарала бастағанда ол сумкасын иығына асып пәтерден шықты.

* * *

Асқар күдікті тұратын үйдің алдына келгенде бірден көзге түскені аула сыпырушы болды. Өз жұмысын шын ниетімен, жан-тәнімен беріле атқаруда. Қасынан өте бергенде аула сыпырушы бойын түзеп тік тұра қалды. – Жолдас майор, – деді ол – Күдікті көзге түсе қойған жоқ! – Сенен басқа мұнда кімдер бар? – Үйдің ана жақ бұрышында арақ ішкен маскүнемдердің кейіпіне еніп екі жігітіміз отыр. Асқар ол айтқан жаққа бұрылып еді, отырған жігіттердің бірі қолындағы шөлмегін жоғары көтерді. Сырттай қарағанда: «Бірге ішейік», деп шақырғандай. Алайда, бұл «Келіп кетіңіз, айтатынымыз бар», деген құпия белгі болатын. Инспектор оларға жақындап барып амандасып, ұсынған шөлмекті қолына алды. Ішіндегі судан бір ұрттап кері қайтарды. – Күдікті пәтерге кері оралуы тиіс, – деді жігіттердің бірі – Себебі, оның барлық ұрлаған нәрселері сонда! – Оны қайдан таптыңдар, біз қарағанда ештеңе көрмедік қой. – Біздер үйді мұқият зерттедік. Бөлмедегі төсенішті көтеріп едік, астындағы ағаш еденнің бір тақтайы алынып, кері салынғандай көрінді. Жәймен ғана алып қарасақ, еденнің астынан ойып шұңқыр жасап оған табақ қойыпты. Ұрланған нәрселердің бәрі сонда жатыр. Қарақшылардың қазынасы сияқты жалт-жұл етіп көз тартады… Ол сөзін аяқтамай көзімен үйдің кіреберісін меңзеді. Асқар да бұрылып қарады. Іштен сумка асынған жігіт шығып келеді екен. Оған байқатпай рациямен «аула сыпырушыға» жігітті тоқтату қажеттігі ескертілді. «Сақтықта қорлық жоқ», дегендей, бір инспектор жігіттің алдынан шықпаққа теректі айналып кетіп, біреуі отырған орнында қалды. Асқар күдіктінің артынан ілесті. Күдікті де бірдеңені сезгендей жылдамдата адымдады. – Эй, – деген «аула сыпырушы» оның алдын кес-кестеді – Сыпырып жатқанымды көріп тұрсың, неге басқа жермен жүрмейсің? Жігіт оны итеріп тастап қаша жөнелмек болған, бірақ, алдынан тағы бір адамның өзіне қарай жүгіріп келе жатқанын көрді. Оның сәл абыржып қалғанын пайдаланған Асқар мен әріптесі күдіктіні құрықтап үлгерді. Сөмкесін ашып қарағанда ішінен ұрланған заттар табылды. – Біз мұны сырттан аңдып жүрміз. Бұл ішке тығылып қалған болып тұр ғой. Мұндағы барлық пәтерлерді қарадық, сонда қайда тығылған? Жарайды, сендер бөлімге жүре беріңдер,– деді майор – Мен Айгүлді ертіп шығайын. Қыздың пәтерінің қоңырауын басып еді, есік ашылған жоқ. Кейін бұрыла берді де есік арасынан әлдебір жағымсыз иіс шығып тұрғанын байқады. Тұтқасынан тартып еді, жәймен ашыла берді. – Айгүл, деп – айқайлай дауыстаған жігіт есікті ашық қалдырып жүгіріп ішке кірді. Дереу асүйге жетіп, ашық тұрған газдың кранын жапты. Қыз өзінің жатын бөлмесінде ес-түссіз жатыр. Қасына пышақ тасталыпты. Сәл әріректе шешілген қоңыр костюм. Асқар Айгүлді дереу қозғап қарап еді, денесі сау екен. Құшақтай көтерген күйі далаға алып шықты. Содан кейін «Жедел жәрдемге» телефон соқты. Таза ауаға шыққаннан кейін қыз сәл қозғалып, булыға жөтелді. Алайда, ұйқысын аша алмады. Келіп жеткен дәрігер оның ұйықтататын дәрі ішкендіктен әзірге оянбайтынын, алайда, денсаулығына қауіп жоқ екенін жеткізді. – Енді, сәл кешіккеніңізде газдың иісіне уланып қалатын еді,– деді дәрігер – Көрер жарығы бар екен. Қазір палатаға саламыз, бір-екі күн біздің бақылауымызда болады. Асқардың иығынан ауыр жүк түскендей бойы жеңілдеп сала берді. Қылмыскер барлық айғақты затымен ұсталды, өзі сүйетін қызды да құтқарды.

Қанат ҒҰМАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...