spot_img
spot_img

Атаман

– Ж-о-оқ, жооқ, жоқ!

Торғын түсінен шошып оянды. Өн бойын тер басыпты. Өңі қуарып кеткен. Екі қолымен бетін басып ентігіп отыр. Келіншегінің үрейлі дауысынан Атаман да оянды.

– Не болды саған, түс көрдің бе?

– Иә.. Жаман түс көрдім, – деп күйеуінің кеудесіне басын тығып солқылдап жылады.

– Қорықпа, жаным! Қасыңдамын! – деп Атаман оны кең құшағына алды.

– «Түс түлкінің боғы» деген, шаршаған шығарсың! Таңнан кешке дейін жұмыс, арасында балаға қарайсың.

– Солай шығар. Солай болса екен… – Торғын ентігін әрең басып, терең күрсінді.  – Біреулер, мені қуып жүр…

– Қорықпа! Мен саған су әкелейін.

– Тоқташы, қорқамын. Түсімде біз қыдырған қысқы бақ қанға боялыпты, – деп Торғын тығыла берді.

– Түк етпейді, алаңсыз ұйықтай ғой.

Атаман су әкелгенде Торғын кішкентай Қоңырдың көрпесін қымтап, ұлына мейірлене қарап отырған еді.

– Қоңырым менің! Қоңыр қозыдай пысылдап ұйықтап жатқанын қарашы! Балама ғұмыр бер, Алла!

Баласына мейірлене қараған Атаман Торғынды кеудесіне тартып, маңдайынан сүйді.

Ақ сәлдесін оранған Алатаудың шыңдарына түскен сәуле етекке жамырап сала берді. Тәкаппар тауларды аймалап Тәңірдің тағы бір таңы атты. Алатаудың етегіндегі мейірімді һәм мейірімсіз үлкен қала Алматының күнделікті қызу тірлігі басталып кеткелі қашан?! Қала қалғымайды. Ыңыранған троллейбус, лық толы автобус, жүйткіген жеңіл машина, жұмысқа асыққан жаяу жүргіншілер. Ешкімге ешкімнің қарауға мұршасы жоқ.

Кішкентай Қоңырды жекеменшік балабақшаға қалдырған Атаман Торғынды «Титаник»  кафесіне жеткізіп салды. Күндегі әдеті осы. Таңертең әкеп тастап, кешке, кейде түнде алып қайтады. Күйеуінің осындай қамқорлығына Торғын іштей ырза. Сырт көзге сұсты, мейірімсіз көрінетін Атаман, отбасына өте қамқор, кішіпейіл. Түндегі түсі есінен шықпай жүрегі сыздап тұрса да Торғын сыр бермей жұмысына кірісіп кетті.

«Титаник» қаладағы ең атақты, шулы кафелердің бірі. Бір сөзбен айтқанда бұл қылмыстық топтардың, қарақшылардың бас қосатын, келісім жасайтын тұрақты мекені болатын. Торғын осы кафенің әкімшілік қызметінде. Қорқатын. Қорыққанымен амалы қанша, басқа жұмыс жоқ, осы жұмыстың өзін таныстары арқылы әзер тапқан. Ақшасы да жақсы.

* * *

Таңнан кафенің қауырт қызметіне бел шеше кіріскен Торғын қалай түс болғанын аңғармай қалды. Бас аспаздан бастап даяшы, ыдыс жуушыларға дейін тапсырмасын мұқият орындауды шегелеп тапсырды. Демалуға өз бөлмесіне кірген. Шаршапты! Жүрегі сыздап тұр. Даяшы қызды шақырып бір кесе кофе алдырды. Бір ғана ұрттады. Зауқы жоқ. Бір түрлі ауа жетпейтін секілді. Бөлменің терезесін ашып сыртқа қарады. Аспаннан баяу қалқып ақ қанат көбелектей қар жауып тұр. Мұндайда аппақ сезіммен қол ұстасып Атаманмен қыдырған сәттері есіне түседі. Торғын жылы жымиды. Атаман екеуін ойға алып тұрып Қоңырын сағынды. Қылығы енді шыққан қошақанының исі мұрнына келді. Тәтті қиялға беріліп тұрған жас келіншектің қиялын жөткірінген ер адамның дауысы бұзды. Жалт қарады. Кафенің қожасы екен.

– Сәлеметсіз бе, – деп Торғын бас изеп амандасты. 

– Жұмыстарыңды жасаңдар, келген қонақ өте көп, – деп кафе қожасы айналаға суық қарап шығып кетті.

Есін тез жинаған Торғын залға келді. Келушілердің қатары көбейіп, музыкант ән салып, кафе қонақтары да билей бастапты. Бармен жігіт үздіксіз қызмет көрсетуде. Даяшылар қолды-аяққа тұрмайды. Кафеге келушілерді Торғын бір шолып өтті. Жартысы тұрақты клиенттер, жартысы бейтаныстар. Төргі үстелде оңаша төртеу отыр. Олар сирек келеді. Үлкен қаланың ірі қылмыстық тобының мүшелері. Торғын солай түсінеді. Бармен жігіт солай таныстырған. Осы жігіттің білмейтіні жоқ. Көптен істейді. Сақ. Төргі үстелге қарама-қарсы үстелде екі жігіт отыр. Денелері мығым, көздері отты. Ішімдікке масая бастапты. Екеуі қайта-қайта құшақтасып, жұдырықтарын соғыстырып қарқ-қарқ күледі. Торғын даяшыларға тапсырма беріп, барменнің қасына келді.

– Бүгін шу болар ма екен? – деп бармен төрдегі төрт жігіт пен қызулау екі жігітке қарай берді.

– Неге? – деді Торғын бармен қараған жаққа көз салып.

– Мына екеуін қарасаңшы, удай мас, – деп төрді нұсқады.

– Мастарға үйрендік емес пе, – деп Торғын жымиып қойды.

– Аналарға ұнамай отыр, әсіресе, Көкжалға.

– Көкжалың кім? Топтың мықтысы ма? – деп Торғын мән бермегендей болды.

– Иә, дәл өзі, – деп бармен үстелін сүрте бастады.

– Камера қосулы тұр, сонда да сақ болайық.

– Күзетшілерге ескертіңіз.

– Олардан не қайыр, жүрген біреулер, – деп Торғын жүріп кетті. Сол сәтте төрде отырған төрт жігіттің біреуі дауыстады.

– Әкімгер! Әкімгер бар ма?! – деп шақырды. Торғын төрдегі үстелге барды. Бармен айтқан Көкжал бірден Торғынның аяғындағы ақ етікке қарады. Оның аппақ етігі көздің жауын алатын, мұнтаздай таза әрі қардай ақ болатын.

– Айта беріңіз, – деді Торғын.

– Етігіңіз аппақ екен, – деді Көкжал. Торғын ашуланғандай кейіп танытты.

– Шаруаңызды айтыңыз, мен әкімгермін.

– Қысқасы, мына екеуі бұл жерден тайып тұрсын, әйтпесе өзіміздің қуып жіберуімізге тура келеді, – деді Көкжал қарсы үстелдегі екі жігітті иегімен нұсқап.

– Олай жасауға болмайды, олар да қонақтар. Әрі мұны мен шешпеймін, бастығыма және күзетке айтыңыздар, – деп Торғын кетіп қалды.

Барменнің болжамы шынға айналды. Екі үстелдегі жігіттер сөзбен қағыса бастады. Аңдысып, арбасып отырған секілді. Әзірге батыл қадамға барған жоқ. Кафедегі көпті де сыйлап отырса керек әзірге тыныш.       

Көлеңке ұзарып, қыстың қысқа күні жасырынып Алатаудан қол бұлғады. Қала қараңғылықтың қолтығына сүңгіді. «Титаник» кафесінде жарқ-жұрқ музыка ойнады. Шарапқа бойын билеткен қонақтар биге шықты. Екі үстелдегі жігіттер де билеп жүр. Масаңдау біреуін итеріп жіберді ме, өзі жығылды ма құлап түсті де, атып тұрып төргі үстелдегі билеп жүрген жігіттердің біреуін баспен қойып кеп жіберді. Қарап тұрған Торғын жүгіріп келген болатын. Анау құлап барып есін жиып алды. Артына жасырып қойған тапаншасын суырып ап басып қалды. Оқ дәл тиді. Екінші жігіт тұра жүгіргенде анау тағы атты. Қолын біреу қақса керек, оқ Торғынға тиді. Әйелдің жан дауысы шықты. Осының бәрі қас қағымда болды. Кафенің іші азан-қазан, шу. Қылмыскерлер із суытып үлгерді.

Торғынға қоңырау шалып ала алмаған Атаман тура «Титаникке» тартты. Кафенің алды абыр-сабыр жүгірген адамдар, полиция, жедел жәрдем тұр. Қызуқанды жігіт машинаны қойды да көптің ішіне кіріп кетті. Біреулерден не болғанын сұрап еді, білмейміз деп иығын қиқаң еткізді. Біреулер атыс болған екен деді. Атаман ішке кіруге ұмтылды. Есіктің алдындағы мұздай қаруланған полиция оны ішке жібермеді. Қалай да ішке кіруім керек, Торғынның аман екенін көруім керек деген ойдың жетегімен полицейлерді итеріп, киіп-жарып ішке ұмтылды. Алдынан ақ xалаттылар шықты. Бір адамды жедел жәрдемнің ауруларды таситын төсегіне салып алыпты. Жүгіріп сүйреп келеді. Беті жабық. Атаман оған қараған жоқ. Залға кірді де айғай салды.

– Торғын! Торғын!

Ешкім үндемеді. Торғын жоқ. Жүгіріп далаға шықты. Әлгі беті жабулы адамды машинаға салып жатыр екен. Дәрігерлер көтеріп жатқанда етігін көріп қалды. Ақ етік. Иә, ақ етік. Торғындікі. Тұра жүгірді. Дәрігерлер де шапшаң екен, осы кезде машина жылжып кетті. Торғын хәл үстінде жедел жәрдем машинасының ішінде кете берді. Торғын Атаманнан алыстап кетті, мәңгілікке…

Сәуірдің самалы желпіп өтіп Алматыға мамыражай маусым келді. Жер көгалданып, ағаштар тегіс көгеріп, гүлдеп ғашықтардың сырына ортақтасқалы қашан. Табиғаттың осынау ерекше сыйы жаныңды нұрға шомылдырып, әлденені еріксіз аңсаттырады. Құстар тынымсыз сайрап жатыр. Алтын күн аспаннан шуағын құйып тұр. Алатаудың басы қар болғанмен белі секпілденіп қарайып кетіпті. Ештеңе болмағандай сырын ішіне бүгіп қала жатыр. Қаланың дамылсыз тірлігі тоқтар емес. Қала қалғымайды…

* * *

Торғынды жер қойнына тапсырғалы Атаман мүлдем өзгеріп кетті. Көп ешкіммен сөйлеспейді. Үнемі кеш болса жоқ болып кетеді де, түн ортасында не таңға жақын оралады. Жалғыз алданышы – Қоңыр. Қоңырдың қазір қылығы шығып, тәтті боп кеткен. Былдырлап сөйлейді. Баласы «мама» деген сайын Атаманның жүрегі қан жылайды. Көкірегі шерге толады. Торғынын сағынады! Бақытты шақтарын аңсайды! Атаман үнемі іштей Қоңырға серт береді. Сол кезде жұдырығы жұмылып, қабағы түйіліп кетеді. Ол қайтсе де қылмыскерлерді тауып, кек алуды көздеп жүр. Полицейлер де қылмыскерлерді іздестіріп жатыр. Әзірге ұсталды деген сыбыс жоқ. Олардың ұсталатынына Атаман сенбейді. Сондықтан да олардың жазасын өзі беруі керек. Онсыз жаны жай табар емес. Тергеушілер Атаманды да тергеген. Заң солай екен. Кім жақын, бәрінен сұрайды. Күдіктенбейтіннің бәрінен күдіктенеді. Қылмыскерлер анық. Бірақ, табылмайды. Атаман осыған күйінеді.

– Соңғы рет жарыңызды қай жерде көрдіңіз, – деді графиннен су құйып тұрған тергеуші.

– Оны жұмысқа апарып тастадым, сол күні, – деп Атаман салғырт жауап берді.

– Сіздің дұшпандарыңыз бар ма? Кек алғысы келіп жүрген, немесе отбасылық мәселе дегендей, – деп тергеуші әңгімені шиыршықтай бастады.

– Отбасылық мәселе де жоқ, жарымды атып салардай дұшпандарым да жоқ, – деді Атаман.

– Жақсы, тағы мәліметтер табылса біз сізге бірден хабар береміз.

– Бейнебақылау орнатылған кафеде қалайша қылмыскерлер сытылып кетеді? – деп Атаман сұрақты төтесінен қойды. Су ішіп отырған тергеуші абдырады. Қолы дірілдеп, стаканды үстел үстіне тарс еткізіп қойды.

– Бейне өшірілген. Оған кімнің қатысы бар екендігін анықтап жатырмыз, – деп Атаманды шығарып жіберуге ұмтылды. Атаман үшін бұл сұрақтың жауабы белгілі еді. Бейнені өшірген де полицияның өзі екенін жақсы білді.

Атаманның жаны тыныштық таппады. Зұлымдыққа зұлымдықпен ғана жауап беруді ойлады. Бірақ қалай? Қайтіп? Ол ұзақ ойланды. Қылмыстық топтың мүшелерін табу оңайға соқпасын білді. Енді ол басқа жоспарға көшпек болды.

«Титаник» кафесінде екі кісіні атқан жігіттер «Абориген» деп аталатын қылмыстық топтың мүшелері еді. Төрт жігіттің біреуі екі адамды атып өлтіргені туралы мәлімет «Абориген» қылмыстық тобының басшысы Нұрболдың құлағына сол сәтте-ақ жеткен. Нұрбол жігіттерін шақырып мән-жайға қаныққан. Жазықсыз жанның өліміне кінәліні кейін өзара жазалаған. Кінәліні қатты жазалауға да болмайды. Қиын бір іске салу керек. Өмір сынақ. Сынақтан аман өтсе шыбын жаны олжа, өте алмаса құрбан. Арғы-бергіні терең ойлайтын Нұрбол кеңесшілерімен де ақылдасқан. Сөйтіп қылмысқа қатысты 4 жігітті тасада ұстауды жөн көрген. Сонымен, төрт жігіт бой тасалауға көршілес Қырғыз еліне кеткен еді. Қыс бойы қырғыз елінде жүрген жігіттерін көктем шыға Нұрбол Алматыға қайта шақырып алған. Бұл кезде олар Торғынның өлімі туралы  ұмытып та кеткен еді. Тек Атаман ұмытқан жоқ…

* * *

Май төгілген мамыр. Көкпеңбек аспанда аздаған шарбы бұлттар қалықтайды. Күн төгіліп тұр. Барахолка базары. Құшағына Қоңырын алған Атаман базар аралап жүр. Құлыншағына киім алып бермек. Қоңырға аяқ киім кигізіп жатқан Атаманға сатушы жігіт:

– Алыңыз аға, ұлыңызға құйып қойғандай жарасып тұр! Қандай әдемі өзі! – деп аяқ киімді бір мақтап, Қоңырды бір мақтап тұрды. Сол сәтте олардың жанына үш жігіт келіп тоқтап, аяқ киімдерге көз жүгіртті. Түрлері суық. Сатушы жігіттің мазасы кетті. Былай-олай қипақтап не істерін білмеді. Атаман да сатушы жігіттің даусы бәсеңдеп, мазасы қаша бастағанын білді.

– Ақша дайын ба? – деді біреуі өктем дауыспен.

– Ағатай, менің де бала-шағам бар, бірнеше күн мұрсат берсеңдер беремін ақшаларыңды, – деп сатушы жігіттің дегбірі болмады.

– Мен саған біз келгенде сылтау айтпай дайындап қой деп ескертпедім бе? – деп біреуі сатушыға жақындай берді. Әділетсіздікті көргенде өз-өзін ұстап тұра алмайтын Атаман әңгімеге араласты.

– Жігіттер, мен балама аяқ киім алмақшы едім, қазір сатып алайын, содан соң есептесе жатарсыңдар, жарай ма? – деп ап-анық, сенімді сөйледі. Үш жігіт бір-біріне қарап қалды. Біреуі шыдамады.

– Аяқ киім де жоқ, басқа да жоқ, жаның барда тайып тұр, – деді. Атаман сасқан жоқ. Осы сөзді айтқан тапал қара жігітті маңдайдан қойып кеп жібергенде анау ұшып түсті. Бұған үрейленген айналадағы сатушыларды  орындарынан тұра жүгіріп, жанжал шыққан маңға жақындай берді. Сол сәтте біреуі пышақ суырып үлгерді де, оңды-солды сермей берді. Аяқ киім сатушысы Қоңырды сүйреп, сауда орнына қарай тарта берді. Атаман сермелген пышақты оң жағынан, сол жағынан ығыса өткізіп, денесіне тигізген жоқ. Сауда орнына жарнама ілуге әкелген жиналмалы сатыны қолына алып, қалған екеуін екі ұрғанда, пышағы бір жақта, өздері бір жақта қалды. Сатушылар аң-таң болып Атаманға қарай қалды. Аяқ киім сатушысы сауда орнынан Қоңырды алып шықты да:

– Ойбай, ағасы, қай топтың мықтысысың? Енді бізді сен қарайсың ба? Мазамызды алған мына бәлелерден кегімізді алып бердің. Мына аяқ киімді балаңа тегін берейінші, ала қойшы, – деп жалпылдап жатты. Атаман аяқ киім ақшасын сатушыға ұстатты да, Қоңырды жетектеп кете берді.

* * *

Түн. Атаман Қоңырға ыңылдап ән айтып ұйықтатпақ болды. Ерке Қоңыр былдырлай сөйлеп, ұйқыға жата қоймады. Атаманның телефоны шылдыр етті.

– Алло..

– Базарды тартып алдым демексің бе? – деді тұтқаның арғы жағындағы жуан дауыс.

– Маған ештеңе керек емес, құр мазалайсың, – деді салмақты Атаман.

– Жолығайық, әлде күндізгі тірлігіңе жауап беруден  жалтармақсың ба? – деп арғы дауыс Атаманның намысын оятуға ұмтылды.

– Тұрған жеріңді немесе тұрысатын жеріңді айт, – деді Атаман.

Атаман Қоңырды қалың киіндіріп, көршісі Әсел мен Мұратқа әкелді. Әсел Торғынмен өте жақын араласқан құрбысы. Атаман Әселге Қоңырды әдеттегідей бір-ер сағатқа қалдыруға өтініш жасап, сол үйге кіргізіп жіберді. Өзі көлігіне отырып қала сыртына барды. Белгіленген жерге жеткенде ол бірнеше көліктің тұрғанын аңғарды. Атаман Торғынды атқан қылмыскерлерден кек алу үшін сатып алған қаруын ала түсті. Шамы өлімсірей жанған көліктің алдында ұзын қара пальто киген жігіт темекі тұтатып, көліктен түскен Атаманға бірнеше қадам жақындады.

– Ал, батыр! Кімді соғып кеткеніңді білесің бе? – деді ұзын жігіт.

– Күнін әрең көретін сатушыларға жабылып жүрген шибөрілерді соқтым, тіпті оларды соғып кету мен үшін абырой емес, қайта мазақ, – деп Атаман олардың ашуына тиді. Әлгі үш жігітке басшылары тыныш дегендей қолын көтерді.

– Менің атым – Нұрбол. «Аборигенді» білемісің? – деді ұзын жігіт.

– Жабайыларды кім білмейді. Қаланың қуыс-қуысындағы шибөрілердің ағасы сен болдың ғой, – дегенде Нұрбол мырс етіп күліп жіберді.

– Жарайды, салғыласпайық, артыңда кім тұр? «Варварлардың» мықтысы шығарсың? – деді Нұрбол темекісін езе сөндіріп.

– «Варвар» деген жабайыларды да білмеймін.

– Түсінікті, жүр бізбен, бір жерге барып отырайық, батыр. Бұлай далада тұрған ұнамай тұр.

Кафе іші. Қою күңгірт тартқан қабырғалары кеудеге қорқыныш ұялатардай. Шулы кафе емес, қарапайым, қонақтар да аз. Нұрбол Атаманды ертіп кірді. Кірген бетте төрдегі үстелге қарай бастады. Төргі үстелде екі жігіт отырды. Біреуі – Көкжал. Атаман Көкжалды көре сала біреуге ұқсатты. Оған тесіле қарап әбден ойланды, ойлана-ойлана оның Торғынды өлтірген қылмыскер екенін аңғарғандай. Торғынды атып кеткен күні олар бейнебақылауға түсіп қалған болатын. Қылмыскерлер түскен бейнежазбаны бармен жігіт жасырын Атаманға жеткізген. Ол болмаса, кімнің қылмыс жасағаны жабық күйінде қалар ма еді, кім білсін? Атаманның көзіне қан толып өз-өзін әрең ұстап отыр. Төс қалтасындағы қаруды сыртынан сипап қойып, қалай орналасқанын тексеріп алды. Қолына алуға ыңғайлады.

– Ал, жігіттер! Мына батырмен таныса отырыңдар. Бүгін біздің үш жігітті базарда соғып кетіпті, – деп Нұрбол қолын ысқылап, келесі бөлмеге өтіп кетті. Атаман Көкжалға қарсы отырды. Жүзіне әбден анықтап қарап алды.

– Қай жердің мықтысысың? – деді Көкжал Атаманды жақтырмай.

– Осы жердің, – деді Атаман қырсығып. Оған Көкжал менсінбеген күйі мысқылдай күлді де:

– Біз барлық жердің, – деді.

– «Титаник» кафесінен сендерді көрген сияқтымын, – деді Атаман бірден.

– Жүрші, сыртқа шығып шылым шегейік, – деп Көкжал орнынан тұра бастады. Атаман соңынан еріп, кафенің артқы есігінен далаға шықты. Кафе арты қоршаулы, оңаша және ыңғайлы екен. Атаманға бұдан асқан ыңғайлы уақыт пен ыңғайлы жер табылмас.

– Ал, айта бер, әңгімең көп секілді, – деді Көкжал шылымын тұтатып тұрып.

– «Титаник» кафесін білесің ғой, сонда болдың, мен ол жақтан сендерді бірнеше рет көрдім, – деді Атаман сыр білдірмей. Көкейінде еш күмән жоқ Көкжал самарқау жауап бере салды.

– Иә, болдық қой.

– Әкімгер келіншек сондай әдемі, иә, – деді Атаман Көкжалға қарап жымиып.

– Кім әкімгер?… Ә, ақ етікті айтасың ба? – деді Көкжал.

Атаман осы сәтте Торғынның аяғындағы ақ етікті ойлады. «Титаник», әкімгер, ақ етік деген сөздер санасында жаңғырып, басын қатты ауыртып, бойында кек қайнады. Ашуға булыққан ол қалтасынан қаруын суырып алды.

– Ол менің әйелім еді… Түсінесің бе, иттің күшігі, – деп Көкжалды бір қолымен алқымынан алып қабырғаға тақады. Атаманның қарулы қолына шыдамай Көкжал тұншыға бастады.

– Мен ештеңе білмеймін, шатастырып тұрсың,– деді Көкжал ыңырси.

– Білгенде жақсы білесің, сен ит,…

Көкжалды кеудеден атып жіберген Атаман сәл абдырап қалды. Бірақ, оған еш қиналған жоқ. Терең күрсіне, жылдам демала өзінің іс-әрекетіне қарап жатпай кафе ішіне кіріп келді. Бұл сәтте қарудың даусын естіп Нұрбол да екінші қабаттан түсіп келе жатқан еді. Қолында қаруы бар Атаманды көріп бір орында тұрып қалды.

– Мен итіңді атып тастадым, – деді Атаман саспай.

– Мен қоңырау соғамын. Қылмысыңды мойныңмен көтеруге тиіссің, – деді Нұрбол. Атаманның ойына бірден түрме түсті. Қоңырды есіне алып, күрсініп, өзінің темір торға кететінін түсінді. Нұрбол әлдекімге қоңырау шалып тұрды. Атаман ол полиция шақырып жатыр деп ойлады.

– Басеке, қайырлы кеш! Сіз іздеген адамды таптым. Менің ең мықты үш бөрімді сабап, бір көкжалымды шімірікпестен атып тастады. Өзі денелі, мығым және ширақ екен, – деп Нұрбол біреумен көңілді әрі самбырлай сөйлесе жөнелді. Атаман Нұрболдың өзін біреуге тапсырып жатқанын түсінді.

– Жатып демал, батыр, үйіңе қайт. Қолыңды жу, ертең кешке сені біздің жігіттердің өздері тауып алады, – Нұрбол Атаманды кафеден шығарып жіберді.

 Көлікке мінген Атаман қалада жүйткіп келеді… Кек қайтты…   

Таңда Атаман ұйқысынан оянғанда Қоңырдың сырқаттанып жатқанын аңғарды. Ұлын көтеріп алды да, көлікке отырғызды. Дәрігерге барайын десе, баласын қарататын ақшасы жоқ болып шықты. Қоңыр жүдеп қалыпты. Ауырған Қоңырды Атаман Алматыдағы ең атақты «Ақ әулие» деп аталатын тәуіпке алып келді. Тәуіпке келушілер мұнша көп болар ма? Ұзын-сонар кезек. Бұл күтіп отырған. Тәуіп: «кірсін», – депті. Кезексіз. Таң қалды!..

– Ассалаумағалейкум! – деп амандасты Атаман. Тасбиық тартып отырған тәуіп ернін ғана жыбырлатты. Отыр деп ишарат етті. Қоңырды алдына алып Атаман отырды. Тәуіп балаға тесіліп ұзақ қарады.

– Бер, – деді. Берді. Баланың тамырын ұстап, басын, арқасын, ішін сипап қарады. – Ештеңе етпейді, ем жазып берем жазылады. Атаман қуанып қалды. Енді Атаманға шүйлікті. Көзі тұңғиық екен.

– Мойныңда қан бар, тағдырың таразы үстінде тұр, бәрі өзіңе байланысты. Сол түні әйелің көрген түске мән бергенде мұның бірі де болмас еді. Тағдырдың жазуы, қайтпексің?

– Жол көрсетіңіз, – деді Атаман.

– Ұлыңды сақта! – деп тәуіп ұзақ ойланды.

– Саған баланың алаңсыз өмірі мен амандығы керек.! Ал біреулер балаға зар, – деп тәуіп жұмбақтады.

– Жақында бір ұсыныс болады, сен мәжбүрсің, бас тартпа, – деді тәуіп. Атаман жақтырмай қарады…

***

Кеш. Алматының шамдары жанып, қала тіршілігі гүрілдеп, қайта жанданғандай болды. Атаман Қоңырды тағы да Әселге тапсырып, өзі Нұрбол шақырған үйге барды. Тау баурайындағы екі қабатты кең үй екен.

– Келдің бе, батыр? Кіреміз,– деп Нұрбол алып қақпаны айқара ашты.

Атаман екеуі ішке кірді. Аула толы шынжырлы алып иттер. Оларға арсалаңдай үреді. Қауып алмаққа талпынып  жақындап келгенде мойнындағы қарғы бауы жібермей, иттер іркіліп қалады. Үйге кірді. Жарық шамдар зәулім үйдің шырайын кіргізіп тұр. Ортаңғы кең залда сигараның қою түтініне қақалып отырған ірі денелі, кең қарынды министр отыр. Қылмыстық топқа басшы болып жүрген Нұрболдың өзі кеудесін төмен иіп амандасып жанына жақын келді. Атаман оларға қарап тұрды.

– Басеке, келді, – деді Нұрбол. Министр оларға бұрылып қарады. Атаман өз көзіне өзі сенбеді. Ол күнде теледидардан көретін адамын көрді. Министр әр кеш сайын теледидарда ұлт қауіпсіздігі, ел бірлігі, тұрақтылық пен тыныштық жайлы баяндамалар оқып елдің ықыласына бөленетін.

– Жайғасыңдар! – деді министр көңілді күймен.

– Рақмет, басеке.

– Виски ме?

– Жоқ, басеке, ол ішпейді. Бірден шаруаға көшкісі келеді, – деді Нұрбол.

– Ендеше, оған қаруды бер. Ертең сағат үште Кеңесшілер сарайында жиын өтеді. Жиынға мен де қатысамын. Әлгі менің досым шамамен үш қырық бесте баяндама оқу үшін мінбеге көтеріледі. Қарсыдағы пәтерді жігіттер жалдап қойды. Яғни, арғы жағын өзің түсіндір, Нұрбол, – деді де министр вискиін қолына алып тұра берді.

– Басеке, баласын қайтеміз. Жалғыз ұлы бар екен, – деді Нұрбол. Сол сәтте министр Атаманға жалт қарады. Біраз қарады да, оған қарай жақындап келді.

– Нұрбол, ұлды осында алып кел. Ал сен ешқашан оның болашағына алаңдама. Саған оны сау күйінде, аман-есен тапсырамын, – деп министр уәдесін берді.

– Мені қанша уақыт ұстайды? – деді Атаман.

– Ұлың үшін бәріне төзесің, – деді Нұрбол.

***

Түстен кейінгі уақыт. Кеңесшілер сарайына қарама-қарсы биік үйлердің алтыншы қабатына келіп Атаман орналасты. Қалың да ұзын қара сөмкесінен қашықтықты дәлдеуге арналған винтовкасын алып шықты. Сағат тілі үш жарымды көрсетті. Терезе пердесін ысырды да, Кеңесшілер сарайының терезесінен зал ішін түгел шолып шықты. Кешегі министр мінбеде көсіле сөйлеп тұрды. Қолын оңды-солды сермеп қойып әлденені айтып жатыр, айтып жатыр. Үштен қырық бес минут өткен уақытта тағы бір министр мінбеге көтерілді. Атаман қолындағы суретке қарады. Бурыл қалың шашты, елуден асқан кісі екен. Мінбедегі министрдің дәл өзі. Атаман оны біраз көздеп тұрды да, ұлының болашағы үшін, өзінің тағы бір қылмысын жуып-шаю үшін шүріппені басып қалды. Кеңесшілер сарайы азан-қазан шу болып, дүрлігіп кетті. Атаман қаруды бөлмеге лақтырып тастады да, біреудің асыл жарын, тірегін, біреудің әкесін, біреудің бауырын атып тастағанына қатты өкінді. Жанарына мұң толып, сол бір іште қайнаған кектің осындайға әкеліп соққанын енді ғана білді. Зұлымдыққа зұлымдықпен жауап беру кезінде жазықсыздардың қаны төгілетіні несі? Атаман шарасыздан отыра кетті, Қоңырын ойлады, келер күнін ойлады.

Қараңғы бөлме. Тергеу бөлмесі. Төбеден түскен аспалы шам сығырайып қана жанады. Тергеуші бөлмеге кірді де, құжаттарды үстелге лақтыра салды.

– Тапсырма берген кім? Әлде мәжбүрлік пе?

– Өз ісім, ешкім тапсырма бермеді,– деді Атаман сенімді сөйлеп.

– Жеке бас араздығың бар ма еді? – деді тергеуші.

– Жоқ, мен оны емес, жалпы кеңесшілердің бәрін атпақ болдым, өкінішке қарай бір министрді атқан соң зал ішінде дүрбелең болып, бәрі жерге жатып қалды.

– Оларды не үшін атпақ болдың?

– Қолдамаймын.

* * *

Ленинградта оқып жүрген Қоңырға тілдей қағаз келді. «Елге жет, әкең нашар», – депті. Қоңырдан маза кетті. Жедел жолға қамданды. Ұшаққа билет алды. Қоңыр мінген ұшақ түбіт-түбіт бұлттарды тіліп өтіп, бетегелі белдер мен өзен-көлдерді артқа қалдырып, ару Алматыға бауырлап қонды. Ұшақтан түскен жігіт таксилетіп тау баурайындағы үйіне тартты. Жүрегі дүрсілдеп келеді. «Әкем тірі болса екен!». Дәл қазіргі арманы осы. Жетелеп жүріп жеткізген әкесін жанындай жақсы көреді. Әкесінің де баласына құрметі ерекше. Үнемі жоғары қызметте жүрсе де, жан дегенде жалғыз баласын көзінен де, ойынан да таса қалдырған емес. Жақсы мектепте оқытты, жақсы тәрбие берді. Қолы қалт етсе, бауырына басып жүріп, өмірге баулыды. Адалдыққа, еңбекқорлыққа үйретті. Қалаған оқуына жіберді. Сүйткен асыл әке xал үстінде жатыр. Мынау тілдей қағаз үрей туғызып келеді.

…Үйге кірген Қоңырды әкесінің қарындасы мен дәрігер қарсы алды. Басқа көңіл сұраушыларды әкесі әдейі басқа жаққа жіберсе керек. Анасы ертеректе дүние салған болатын. Жүздері солғын. Қоңырға қысқа амандасқан екеуі төргі үйде жатқан әкесі жақты ымдады. Тез басып келген Қоңыр басына биік жастық жастап, диванда жатқан әкесіне:

– Ассалаумағалейкүм, – деп оң қолымен төсін басты. Төсін басқаны болмаса, әкесінің дауысы анық естілмеді. Тек «кел!» дегендей ишара етті. Қоңыр еңкейіп қолын қысып еді, әкесі маңдайынан иіскеді. Өңі қашып, көзі шүңірейіп, жүдеп кетіпті. Сырқаты салмақты болса керек.

– Келдің бе, балам?

– Келдім. Жеделхатты ала жеткенім… Тәуірсіз бе? Дәрігерлер не дейді?

– Тәуірмін… Сырқатым салмақты.

– Жазылып кетесіз, әке!

– Сені әдейі шақырттым. Ақтық сапарымның алдында өзіңе айтарым бар еді…

Қарт әке ауыр күрсінді. Әке мен бала іштей түсінісіп, үнсіз қалды. Үнсіздікті әкесі бұзды. Қоңырдың қолын ұстап отырып, қайта құру кезі мен нарық жылдарындағы ұлт тағдырын, жазықсыз құрбандардың жай-күйін, жан азабын, жан жарасын әкесі түгел айтып берді. Қоңырға ең ауыр тигені өзі туралы естіген шындық болды. Мүмкін емес! Адам сенгісіз. Қалай болғаны? Сенбейін десе, өлім мен өмірдің арасында жатқан әкесінен естіп отыр. Өзгеден естісе сенбес еді. Қайдан іздейді? «Оны кешір, тауып ал!» дейді әкесі. Қалай кешіреді? Қайдан табады? Ширек ғасыр өтіпті. Өмір – жұмбақ.

– Біз осылай, сенің туған әкең екеуміз билікті алмастыруға себеп болдық. Ұры-қарыдан қорғадық, – деп министр көзіне жас алды.

…Түрме – шалыс басқанның мекені. Ақиқат іздегендер де аз емес. Сан қилы тағдырдың тоғысқан жері. Түрменің өз заңы бар. Үкіметтің заңы зындан есігінің сыртында қалады. Ішке кіре алмайды. Ішкі заң сыртқы заңнан әлдеқайда қатал. Қауіпті. Қалт бассаңыз, ажал құшасыз. Аман шықпайсыз. Негізгі шарт: адалдық, сөзде тұру, уәдені бұзбау, өзгені сатпау. Осындай болсаңыз, қадірлісіз. Осалдық танытсаңыз, өміріңіз тозаққа айналады. «Ер жақсысы – түрмеде, ат жақсысы – кермеде» дегенді бұндағылар қатты ұстанады. Кім болса да, кім келсе де, ұзақ отырғандарға құрметпен қарайды. Түрмені де солар басқарады. Басынан кестелі тақиясын тастамайтын, жағасына кір қонбайтын осы бір адамды бәрі сыйлайды. Есімі – Атаман. Себебі, ол қаланың қылмыстық топтарынан да, билік басындағылардан да тайсалмаған батыр. Мұндағылардың бәрі солай атайды. Атаман дейді. Түрме бастығының өзі Атаманмен санасады. Сонау ауыр жылдары түрмедегі барлық азаматтарды аштық пен аурудан аман алып қалған да осы Атаман. Тар қапаста отырған талай азаматтың жанына арашашы болыпты. Төбелесі де сойқан дейді. Қазір бетіне келер жан жоқ. Құс жастық, ақ көрпеде жатып, ыммен басқарып отыр. Шау тартып та барады. Күн шаңқай түс. Көзі ілініп кеткен екен. Түс көріпті. Түсінде Торғын екеуі аппақ қарды тізеден кеше жастық шағындағыдай жүгіреді екен. Ақ көбелек жапалақтаған аппақ қар олардың сезімдеріндей таза. Атаман түстен арыла алмады, түс екенін білсе де, көре бергісі келді. Мұрнына Қоңырдың исі келді. Арнайы келіп оятқан капитан ұйқысын бұзды. Түсін жақсылыққа жорыды.

– Не болды?

– Шақырып жатыр.

– Кім?

– Бастық.

– Қазір барам.

Алдына келген Атаманға ештеңе айтпай, бастық сыртқа қарай беттеді. Қара шәугімдей қара құлпы бар темір есік айқара ашылып, еркіндікке шыққан Атаманды шілденің шіліңгір өткір күні қарсы алды. Өткір күнге қарай алмаған Атаман көзін қолымен көлегейлеп, сығалады. Саф ауа! Таза табиғат. Еркін тыныстап жұтты.

– Атаман, билік ауысты. Сен енді қылмыскер емес, түрмеден батыр болып шықтың. Қош! – деді түрме бастығы анадайдан.

Сүліктей қара көліктен түскен екеу бұған қарай жүрді. Бұл есін жия алмай тұр. Мына жұмбақты түсінбеді. Қасына келген жігіт сәлем берді. Қыз ернін жыбырлатып, ізет көрсетті. Жігіт машинаны нұсқап ишарат жасады. Атаманды отырғызған қара мерседес Қаратал өзенінің бойындағы қалың ағаштың аңғарына келіп бір-ақ тоқтады. Ешкім тіл қатпады. Машинадан түскен Атаман өзенді жағалап, суға бетін жуды. Қандай ғажап! Ауылды сағыныпты. Көзіне жас келді. Жігіт өзенді бойлап кетті. Қыз дастарқан жайып, самауырға шай қойды. Күркіреген өзен. Әсем табиғат. Ат шаптырым дастарқан. Үшеуі отыр. Бір-бірін жатырқайтын секілді.

Шай құйылды. Коньяк ашылды. Үнсіздікті жігіт бұзды.

–Ас алыңыз! Шығуыңызбен, –деп стаканды соғыстырып тартып жіберді. Атаман да қағып салды. Жігіт тағы құйды.

– Қартайыпсыз… Атаман жақтырмай қарады. Жігіттің көзі отты екен.

– Неше жыл отырдыңыз?

– 25 жыл.

– Ширек ғасыр.

– Иә.

– Мынау – әйелім.

– Аа, бақытты болыңдар!

–Мені таныдыңыз ба?

– Жоқ.

– Ұмыттыңыз ба?

– Сен кімсің?

– Мен бе? Баяғыда кек үшін тастап кеткен балаңызбын.

Атаманның жүрегі дүрсілдеп, маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Ұлының бетіне тура қарай алмады.

– Мені де кек жолына дайындағанда, мен де сіздей қылмыскер болар ма едім? Әлде бүгінгідей батыр болып шығар ма едім?

Жүрегі ештеңеден қайтпаған, талай сот, сойқан көрген Атаман бүгін ар сотында қиналды. Ақталуды артық санады. Үнсіз ұзақ отырды.

Қоңырдың ары қарай әкесін қинағысы келмеді. Оның да жүрегі езіліп отыр еді. Сөзге келген Атаман ұлына:

– Мені қайтадан түрмеге апарып таста, – деді. Аузына түскен сөзі осы. Қоңыр басын шайқады.

Үш жолаушы мінген қара мерседес кешкі қоңыр салқынмен Алматыға кірді.

 Ербол БЕЙІЛХАН

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...