Осыдан аттай 27 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи батыл қадам жасап Ата Заңымыз- еліміздің Конституциясын қабылдап, 30 тамыз — Республика Конституциясының күні мемлекеттік мерекеге айналды.
Ата Заңымыздың ерекшелігі — өзге елдерден, тіпті осыған дейінгі өзіміздің (кеңестік кезеңдегі де) конституциялар өкілдік органдар арқылы қабылданған болса, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция халықтың тікелей қатысуымен референдум арқылы қабылданды.
Конституциямызда адамдардың құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, билік тармағының бір-біріне бағынбауы бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы Республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің бастауы. Себебі ол — тәуелсіз елдің басты саяси-құқықтық төлқұжаты.
Осы басты құжаттың алғашқы бабында-ақ Қазақстанның қандай ел екендігін паш етеді. 1-бапта «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек осы бес сипатпен тәуелсіздігін қолына қайта алған жас елдің негізгі мақсаты құқықтық мемлекет қалыптастыра отырып, өз болашағын айқындағанын білдіреді.
Адам және оның өмірі-әлемнің назарында тұрған мәселелердің бірі. Сондықтан болар адам тағдыры, оның құқықтары мен бостандығы, отан алдындағы борышы мен міндеттері Конституцияның 2 бөлігінде көрсетілген.
Сонымен қатар, әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Осының өзінен-ақ мемлекеттің бірінші кезектегі басты қазынасы — адам тағдыры екенін анық байқауға болады.
Сондай-ақ адамның өміріне, жеке басына, қадір-қасиетіне, ар-намысына, іскерлік беделіне, жеке мүлкіне қол сұғуға тыйым салынады.
Осы кезге дейін Ата Заңымыз төрт үлкен өзгеріске ұшырапты. Соңғысы биылғы 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы өзгерістерге сәйкес ел азаматтарының құқықтық мәртебесін одан әрі көтеруге оң қадамдар жасалды.
Атап айтқанда алдағы уақытта жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болмақ. Демек жердің астындағы, үстіндегі барлық табиғи құндылықтардың тағдырын шешетін кезде міндетті түрде халықтың пікірі бірінші орында тұрады деген сөз.
Тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылында қызмет атқарған Конституциялық сот өмірге қайта келмек. Кез-келген нормативтік құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарайтын аталған органға ел азаматтары, прокурорлар мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл жүгіне алады. Осыған дейін қызмет жасап келген Конституциялық кеңеске барлық азаматтар жүгіне алмайтын.
Одан әрі, өлім жазасына түбегейлі тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Осыған дейін сайлаушылар тек қана саяси партияға дауыс беріп келсе, ендігі сайлау науқанынан бастап депутаттарды таңдау құқығы халықтың қолына қайта тиеді және мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Яғни ел азаматтарының сайлау құқығы, заң шығаруға ықпалы арта түспек.
Назар аударатыным, Ата Заңымыз азаматтарына құқықтар мен бостандықтар белгілеумен қатар, бірқатар міндеттер жүктейді. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. Қазақстан Республикасын қорғау-оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
Конституция күні-Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие,халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, табыс пен молшылық тілеймін. Ата Заңымыз Мәңгілік Елдің берік ұстанымына айналсын.
Нұрлан Еламанов
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы