Ата-ана құқықтарын шектеу және бала мүддесі

Елімізде ата-ана құқықтарын шектеу негіздері, шарттары Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің (әрі қарай –Кодекс) 79-бабымен көзделген.

Кодекстің нормаларына сәйкес, сот баланың мүддесiн ескере отырып, баланы ата-аналардан оларды ата-ана құқықтарынан айырмай алу жолымен ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешiм шығара алады.

Жалпы, ата-аналардың өз балаларына қатысты өзіндік міндеттері бар, яғни баланы тәрбиелеу және оның дамуына жағдай жасау, білім алуын қамтамасыз ету, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және т.б.

Қоғамда әрбір бала өз ата-анасының жанында, отбасында бақытты өмір сүруге, тәрбиеленуге, ата-анасының қамқорлығында болуға құқығы бар. алайда кейбір жағдайда балаларды күтіп-бағу және тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін дұрыс, тиісті түрде орындамаған үшін ата-ананың құқықтарын шектеу жөнінде шаралар қарастырылып, кейбір жағдайларда сот ата-ананың құқықтарын шектеу мүмкін. Алайда бұл толық айыру емес, бірақ белгілі бір құқықтарды уақытша немесе ішінара шектеу деген түсінік.

Заң талаптарына сәйкес, ата-ана құқықтарын шектеу туралы талапты сотқа баланың жақын туыстары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, сонымен қатар прокурор беруге құқылы.

Ата-ана құқықтарын шектеу салдарынан, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналар баланы жеке өзi тәрбиелеу құқығынан айрылатын болады.  Алайда, ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босату деген сөз емес.

Ата-ана құқықтарын шектеу себептері:

  • Ата-ананың балаға зиян келтіруі, мысалы физикалық немесе психологиялық;
  • Маскүнемдік, нашақорлық;
  • Баланы қараусыз қалдыру;
  • Ата-аналық міндеттерді орындамау;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық.

         Сотпен ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстерді қарау барысында сот отырысына қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілі міндетті түрде қатысуға жатады. Ал, ата-аналарының екеуiнiң де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiлетін болады.

         Ата-ана құқықтарын шектеу бойынша істерді қарау барысында сот бала мүддесіне ең басты назар аударады. Бала мүддесіне – қауіпсіз орта, дұрыс тәрбие мен білім алу, эмоционалдық және психологиялық тұрақтылық кіреді.

Сондай-ақ,  ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер қаралған кезде сот ата-аналардан балаға алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешуге құқылы, яғни аталған мәселе соттың құзырына кіреді.

         Дегенмен, соншалықты бәрі қорқынышты емес. Өйткені ата-ана құқықтарын заң талаптарына сәйкес қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін, егер ата-аналардың ата-ана құқықтары шектелген негіздер жойылса, сот ата-аналардың талабы бойынша баланы ата-аналарына қайтарып беруі мүмкін.

      Егер ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпеген жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап-арыз беруге міндетті болады. Мысалы, мұндай жағдайлар баланың ата-анасы спирттік ішімдіктерге немесе есiрткi заттарға салынып, дұрыс жолға түспеуі cалдарынан болып жатады.

      Қорытындылай келе, отбасы әр адамның өмірінде ерекше маңызды орын алады. Ата-ана болу дегеніміз – бұл үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаған жөн. Әр отбасының көркі, сәні балалар. Еліміздегі әр бала өз ата-анасының жанында жылулық пен махаббатқа толы отбасыда бақытты өмір сүрсе екен дейміз. Оған әр бала лайықты. Ал, егер ата-ана өз міндеттерін дұрыс деңгейде орындамаса немесе балаға зиян келтірсе, мемлекет баланы қорғау мақсатында құқықтарды шектеуге немесе айыруға құқылы екенін білу абзал.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Қайрат Оразбек.

СОТ ПРОЦЕСТЕРІНІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ 

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында сот қызметтерінің сапасын жақсартуға және...

Неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар

Қазіргі таңда неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар азаятын емес, керісінше...

Сотқа құрмет әрқашан маңызды

Қазақстан егеменді ел болып, еңсесін тіктеп, еркін тыныс алғанына...

Сот мұрағатының жұмысы                      

Соттардағы мұрағат жұмысы сот іс жүргізуінің  негізгі бөлігі. Мұрағат дегеніміз...

 СОТ ТӨРЕЛІГІ — ХАЛЫҚ СЕНІМІНДЕ

Ерте кезден-ақ даулы істерді жүгінгенде төрелігін дұрыс айтқан кемеңгер...