Ата-ана құқығынан айыру институты отбасы-құқықтық қатынастардағы баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше нысаны болып табылады. «Неке(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) нормаларымен реттеледі. Аталған шара тек ерекше жағдайларда және тек сот тәртібімен қолданылады, себебі ол ата-ананың конституциялық құқықтарына елеулі шектеу қояды.
Ата-ана құқығынан айырудың құқықтық негіздері
Кодекстің 75-бабына сәйкес, ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса; өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса; өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса; балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса; құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салынса, олар ата-ана құқықтарынан айрылады. Бұл нормалар баланың қауіпсіздігі мен дұрыс дамуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Кодекстің 76-бабына сәйкес, ата-ана құқығынан айыру туралы істерді сот қарайды. Істі қозғауға құқылы субъектілер: ата-ананың бірі немесе баланың басқа да заңды өкілдері;
прокурор; қорғаншылық және қамқоршылық органы;
кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар. Сот процесінде міндетті түрде: прокурордың қатысуы қамтамасыз етіледі;
қорғаншылық және қамқоршылық органының қорытындысы ұсынылады.
Бұл талаптар баланың құқықтарын жан-жақты қорғау мақсатында енгізілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің нормаларына сәйкес, сот дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге міндетті. Атап айтқанда, сот:
ата-ананың өмір салтын; баламен қарым-қатынасын; материалдық қамтамасыз ету деңгейін; медициналық және психологиялық жағдайларын;
куәлардың айғақтарын қарастырады. Баланың пікірі де ескеріледі (егер ол 10 жасқа толған болса).
Кодекстің 77-бабына сәйкес, ата-ана құқығынан айырылған тұлға:
баланы тәрбиелеу және онымен қарым-қатынас жасау құқығынан айырылады; баланың мүлкіне қатысты құқықтарын жоғалтады;
мемлекеттік жәрдемақылар мен жеңілдіктерден айырылады. Алайда, ол:
баланы асырау міндетінен босатылмайды (алимент төлеу міндеті сақталады). Ал балаға қатысты: асырап алу мүмкіндігі туындайды;
қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленеді; арнайы ұйымдарға орналастыру мүмкін болады.
Кодекстің 78-бабына сәйкес, ата-ана өз құқықтарын қалпына келтіру туралы талап қоюға құқылы. Бұл үшін: өзінің мінез-құлқын түбегейлі өзгерткенін дәлелдеуі; баланың мүддесіне қайшы келмеуі;
қорғаншылық органының оң қорытындысы болуы қажет. Сот баланың пікірін және нақты жағдайларды ескере отырып шешім қабылдайды.
Қорытындылай келгенде, ата-ана құқығынан айыру – баланың құқықтарын қорғаудың қатаң, алайда қажетті шараларының бірі. Аталған Кодекс бұл институтты қолдану кезінде баланың мүддесін басты орынға қояды.
Сот тәжірибесінде мұндай істер әрқашан жеке қаралып, барлық мән-жайлар мұқият зерттеледі. Бұл – әділ шешім қабылдаудың және баланың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етудің кепілі.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жқніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Е. Абдраманов


