12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Азаматтар құқығының бұзылмауына мүдделімін»

Ел тарихында өшпес із қалдырған «Қаңтар қақтығысына» қатысты ой-пікірдің бүгінгі күнмен толастамасы анық. Бейбіт шерудің бүлікке ұласуы туралы жазбаған адам аз. Бүгінде ақиқатынан гөрі қауесеті басым сол ақпараттардың ақ-қарасын айыру да оңай болып тұрған жоқ. Мұндайда Президенттің көпшілік алдына шығып, ел көкейіндегі сұрақтарға бүкпесіз жауап беруі толғақты мәселенің талассыз түйінделуіне түрткі болары күмәнсіз. Осыны түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше отандық телеарнада арнайы сұхбат беріп, қоғамда жиі сөз болған мәселелерге қатысты өз ойымен бөлісті. Сұхбат барысында Президент қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себебі мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестері мен қарым-қатынастары туралы сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Конституцияны қолдан өзгертуге болмайды

Мемлекеттің бас құжаты – Конституция. Тәуелсіздіктің отыз жылында Ата Заңымыз бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Енді қалай болмақ? «Конс­титуцияның алғашқы нұсқасын қайта қалпына келтіру керек» деген ұсыныс­тар алдағы уақытта ескерілуі мүмкін бе? Көпшілік тарапынан жиі қойылатын бұл сұрақтарға Президент толымды жауап берді.
«Өткенді сынамай-ақ қояйық. Түптеп келгенде, бұл біздің тарихымыз. Менің Президент ретіндегі миссиям бүкіл қоғам мен бүкіл саяси жүйені, трансформациялауда, ең ақырында, экономикада жағымды нәтижелерге қолжеткізу деп есептеймін. Қазақстан халқына бірінші жолдауыммен шық­қан кезде саясат пен экономика бірге жүретінін айтқанмын. Біздің тарихи жағдайда «Әуелі экономикамен айналысайық, саясат күте тұрады» деуге болмайды. Экономиканың жандануында саясат та үлкен рөл атқаратын болып шықты», – деген Президент: «Қоғамның саяси трансформациясымен де, экономиканы жандандырумен де бір мезетте айналысу керек. Бұл – менің миссиям. Қалай дегенмен де, мен Қазақстан Президенті ретінде қаншалықты ұзақ болатынымды білмеймін. Бірақ Конс­титуция бойынша, екі мерзімнен артық отырмайтынымды нақты білемін. Яғни, ешқандай заңды, әсіресе Конституция­ны қолдан өзгертуге болмайды», деді.

Бізде оппозиция бар…

Мемлекетті алға жетелейтін – сыни пікір, сарабдал ой. Кемшілікті көре тұрып үндемеу жақсы жоспардың өзінің жолда қалуына түрткі болады. Сондықтан мемлекет ілгерілесін десек, осы салаға мән берген жөн. Мұ­ны Президент те атап өтті. «Еліміздегі пар­ламенттік жүйені, партиялық жүйе­ні реформалауды шындап ойланып жүрмін», – деген Президент «Бізде оппозиция бар, алайда олар көбіне көшеде жүреді», – деді. Бұл пікірдің айтылуы тегін емес. Шын мәнінде біздегі оппозиция ойын ашық айтып, нақты талап қоюға шорқақ. Негізді, маңызды ұсыныс болмаған соң оппозицияның сөзін де ешкім елей бермейді. Өзін тыңдата алатын, сөзін орындата алатын пәрменді оппозиция қалыптастыру үшін озық ойлы, бастамашыл жандар бір мақсатқа жиыла білуі керек. Ал бізде бір қазанға басы сыймаған оппозиция өкілдері өзін мойындатпақ түгілі, өз-өзін тыңдауға дағдыланбаған. Сондықтан бұл бағытта саяси мәдениетті өсіру аса маңызды.

Кадрларды жұмысына қарай бағалау керек

Қаңтар трагедиясынан кейін халық Үкіметтің тарағанын, елді шеруге шығуға итермелеген қырсыз министрлерді жұмыстан кетіру туралы талап қойды. Президент Үкіметті таратуға пәрмен бергенде, көпшілігі жаңа құрамнан мүлде жаңа адамдарды көргісі келетіндерін екпіндей жазған. Бірақ Үкіметтің жаңа құрамы ел күткендей толық жаңарған жоқ. Кейбір министрлердің орынтағын сақтап қалғанын көргенде көпшілік бұл өзгеріске көңілдері толмайтынын ашып айтты.
Өз сұхбатында Президент бұл мәселені де айналып өтпеген. Мемлекет басшысы қызмет етіп жүрген кадрларды толықтай жұмысынан шеттету тәжірибесіне қарсы. «Кадрларды біліктілігіне, жұмысты атқару сапасына қарай бағалау керек» деген Мемлекет басшысы осы орайда Үкіметті 100 пайыз ауыстырып, өзіңді революционер ретінде жария етіп, көпшіліктің алдында көзбояушылық әрекеттер жасауды қолдамайтынын жеткізді. «Бұл мәселеде лайықты министрлерді іріктеу керек. Қызметкерді «көшеден» тағайындауға болар еді. Әлемдік тарихта осындай жағдайлар кездескен болатын… Бірақ, кадрлар мәселесіне өте сақтықпен қарау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент жұмысына жауапкершілікпен қарамайтындардың қызметте жүре бермейтінін атап өтті. «Әрине, болашақта өзгерістер болады. Бұл қадамдар жан-жақты пысықталған, ойластырылған негізде жасалады», – деді. Яғни, биліктегі ауыс-түйіс бүгінмен бітпейді.

Қаңтар қақтығысы
Барыс жылы бәрімізге үлкен сын болғалы тұр. Жаңа жылдан кейін басталған шеру шерменде халықтың біраз мәселесін жария етті. Басында қарапайым газ бағасын төмендетуден басталған бейбіт шерудің соңы тонау­ға, бүлдіруге, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Мұның артында кім тұр? Қазір жұртшылықтың өз Президентінен сұрайтын негізгі сауалы осы.
«Елдегі қаңтар қасіреті бойынша тергеу шаралары жүріп жатыр. Олардың нәтижелері толықтай анықталмаған кезде болжам жасау орынсыз. Жұмыс өте көп. Себебі, көптеген содырлар, оның ішінде олардың командирлері Алматыдан қашып кеткен. Біреулері ауылдық жерлерде жасырынса, екіншілері шекарадан өтіп, көрші республикаларға қашты. Олардың сақалдарын қырып, сырт келбеттерін өзгерткендері де баршамызға анық. Егер олар тұтқындалса, «біз кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдармыз» деп айқайлайтын фактілер де бар. Бірақ шындық міндетті түрде анықталады», деді Мемлекет басшысы.

20 мың террорист қайда?

Қаңтар қақтығысына қатысты ал­ғашқы ресми ақпараттар таратылғанда Мемлекет басшысы «республикада бүлік жасауға 20 мың террорист қатыс­ты» деген болатын. Бұл дерекке қатыс­ты кейіннен күмәннің көбейгені рас.
Қаралы оқиға кезінде түсірілген бейне үзіктер қазір қолдан-қолға өтіп, елден елге тарауда. Әр бейнеүзікке қарап әртүрлі пайым айтып, түрлі болжам жасауға болады. Дегенмен, бұл жерде де оқиға туралы ауқымды ақпараттың басында отырғандықтан Мемлекет басшысының сөзі сенімдірек.
«Біріншіден, Алматыдағы бандиттік акция бір сағат мерзімде ғана өтпеді ғой. Полиция департаменті ғимаратын қорғау екі түнге жалғас­ты. Осы уақыт бойы полицейлер бандиттерге тойтарыс берді», – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бандиттер өздерінің саны жағынан басым болғандықтан, полицейлер мен әскери қызметшілерге қоқан-лоқы көрсеткенін алға тартты. Бұл өз кезегінде олардың саны өте көп болғанын көрсетіп отыр. Алматыда олар үш бағыттан жүрді. Полицейлер қойған бекеттерді бандиттер ысырып тастады. «Сондықтан бандиттер саны аз болғанын айтып, бұл жағдайды мысқылға айналдыру жөнсіз деп ойлаймын. Шын мәнінде олар толқын-толқынмен жүрді, оларға бұйрық беріліп отырғаны түсінікті жағдай», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шерушілерге неге оқ атылды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында өзін «бейбіт шерушілерді атуға бұйрық берді деп сынайтындарға» да жауап берді.
«Бейбіт шерушілерді атуға бұйрық берді» деп болған оқиғаны басынан аяғына төңкеріп талқылау қажет емес. Ол кезде алаңдарда бейбіт шерушілер қалмаған болатын. Ондағылар бұзақылық жасап, тонауға барды. Бандиттер тарапынан айрықша қатыгездік байқалды», – деген Президент тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайтын құзырлы органдардың сол кезде қалай әрекет еткенін еске алды.
«Төтенше жағдай режимі енгізілген кезде басқарушы ұйым Ішкі істер минис­трлігі болады. Төтенше жағдай режимі антитеррористік операция режиміне ауысқан кезде басқарушы ұйым Ұлттық қауіпсіздік комитеті болуы керек. Мұндай ауысымды іске асыру өте қиын. Олар істерді өткізіп, кеңесіп жатты. Мен: «Жолдастар, тыңдаңыздар, соғыс болып жатыр, ал сіздер мәжіліс құрып отырсыздар. Сіздерге көтерілісті басудың бүкіл жауапкершілігін өз бөлімшелеріңізге алуға бұйрық беремін. Ал мен сіздерге енді тек Жоғары Қолбасшы ретінде ғана емес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде пәрмен беремін» – дедім».
Шындығында мұндай сын сағатта әрбір минут бағалы. Оның үстіне, жауапсыздықты сезініп қаланы бүлдіруге, тонауға көшкендерге тыйым болмаса жағдайдың уыстан шығып кетуі мүмкін еді. Мұны қаладағы жағдайдан хабар алып, тарихи ғимараттардың бүлінгенін, өртеніп, қирағанын көрген жұртшылық та мойындады.
«Осы жағдайда құқық қорғау органдарының іс-қимыл жоспарының бірыңғай алгаритмі болмады. Ашы­ғын айту керек, тәртіпсіздік болды. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алудан қауіптенді. Мен оларға Рокоссовский немесе Жуковтың әрекетін мысалға келтірдім, яғни олар күн сайын Сталиннен қандай да бір іс-қимылдар үшін рұқсат сұраса, олар соғыста жеңіске жетер ме еді? Бұл жағдайда өздеріне жауапкершілік алу керек болды. Біздің заңдар осылай болып тұр, Жаңаөзендегі оқиғадан кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау органдарын еркіндігі жоқ ахуалға түсіретін заңдар қабылданды. Сондықтан жаппай мәлімдемеге дейін қарулы бандиттерге оқ ату керек екенін айтып, жауапкершілікті өзіме алдым. Ал үндеу жасаған кезде бұл мәселені көпшілікке қайталап айттым», – деді Мемлекет басшысы.

Ендігі үміт тергеуде
Қым-қуыт кезде қосақ арасында кетіп қалғандар аз емес. Оны жақынын жоқтаған жандардың азалы үнінен анық аңғаруға болады. Ескертуді естімей қалған, қауіпті байқамаған жандар қаңғыған оқтың құрбанына айналды. Көз жұмғандардың қайсысы бейбіт тұрғын, қайсысы бүлікші екенін ажырату да терең зерделеуді талап етеді. Мұндай сәтте құзырлы органдардың мінсіз еңбек етуі шарт. Қаңтар қақтығысының қорытындысы погондылардың беделіне әсер етпей қоймайды. Оны Президент те әділ аңғарған.
«Азаматтар алаңдаушылық танытуда, оны түсінуге болады. Сондықтан мен Бас прокуратураға әрбір оқиға бойынша тергеу жүргізуді тапсырдым. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарынан танымал құқық қорғаушы Айман Омарованың басшылығымен қоғамдық комиссия құрылғанын білдім. Мен бұл шешімге қолдау білдіремін. Шынымен де бізге қазір орын алып жатқан, қайғылы күндері болған жайттарды жан-жақты анықтау үшін тәуелсіз қоғамдастықты тарту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, осы уақытта Қазақстан Президенті Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Эльмира Әзімова, танымал құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетовалар тергеу орындарына барып, ұсталғандармен кездесу өткізіп жатқанын алға тартқан Президент «Бұл өте пайдалы жұмыс деп санаймын. Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың құқықтарының бұзылмауына мүдделімін. Әрбір жағдай тергелуі тиіс», – деп қадап айтты.
Қазақстан Президенті «тосыннан заңсыз ұсталған азаматтардың» бар екенін, оларға қатысты күш қолдану әрекеттері тыңғылықты тергелетінін айтты, «яғни, мұның мән-жайын тың­ғылықты түрде анықтау қажет», – деді.

Ақпарат тарату жағы ақсап тұр
Қаңтар трагедиясы еліміздің ақпарат тарату ісінде де ақсап тұрған тұстарымыздың бар екенін алға шығарды. Арнайы хабар таратқан мемлекеттік арналардың өзі осы күндері хабарландыру, құлаққағыс беруден арыға ұзай алған жоқ. Осы тұста жұмыс істеген санаулы телеарна тарихи фильмдерді қайталап көрсетіп, елді сақтандырумен шектелді, десек артық айтқандық емес. Көпшіліктің «ақпараттық ашықтықтың» не екенін сезінгені де осы кез. Жаңалық болып қалар деп елеңдеген жұрт күні бойы бірнеше рет қайталанған ақпараттарға телмірумен теледидар алдын күзетуге мәжбүр болды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмады. «Біз халықты ақпараттандыру жағынан ұтылдық, мұны мойындау керек. Менің бұйрығымды, әрекеттерімді де ешкім дұрыс түсіндірмеді. Ақпарат жағынан жеңілсек те, сол кезде интернетті өшіру керек болды. Себебі, елдегі жағдайды пайдаланып, халық арасында бұрыс ақпарат тарататын адамдар іске көшетін еді. Бұл тек бізде ғана емес, әлемде қолданылатын шара», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзіне қарағанда, төтенше жағдай кезінде интернет өшірілмесе, оны пиғылы теріс топтар өз мақсатына пайдаланып кетуі мүмкін болған. «Интернетке келсек, бандиттік топтар командирлерінің арасында ақпараттық тұрғыда өте жақсы, арнайы дайындалған адамдар болғанын атап өту керек. Яғни, дезинформация науқаны қатты жүрді. Фейктер құйылып жатты. Бұл да Қазақстанға қарсы осынау шабуылдың тыңғылықты дайындалғанын айғақтайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Судья таңдаудағы басты өлшем — адалдық

«Сот жүйесі туралы алаңдаушы­лықтар заңды екенін ашық айту керек. Қазір реформа жүріп жатыр. Қалай іске асып жатыр, қарқыны қандай? Бұл, әрине, пікірталас тудыратын мәселе. Бірақ реформа іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлермен кездескен кезде әкімшілік істер жөніндегі алқа құрылатыны туралы айттым. Бұрын ол бол­маған. Ол алқа кәсіпкерлердің проб­лемаларын, инвестициялық дауларды қарайды, – деді Президент. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы судьяларды іріктеуде қандай қасиеттеріне басты назар аударылатынын атады. «Біз қазір Жоғарғы Сот кеңесінің мәртебесін айтарлықтай көтеріп жатырмыз. Судьяларды іріктеуде осы кеңес шешуші рөл атқаруға тиіс. Біз судьялар корпусына бағыттап жатқан адамдардың кейбірі кәсіби маман да емес шығар. Бірақ судьяның кәсіби маман болуы оның әділ төрелік ететініне кепіл бола алмайды ғой. Біз корпоративтік сектор саласынан және өзге де салалардан адамдарды жолдаймыз. Яғни, судьялардың кәсіби мәртебесін, кәсіби құрамын түрлендіру керек. Әрине, басты өлшем парасаттылық пен адалдық болуы шарт», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

А.Сатыбалды

Все для комфортной жизни

Открытие четырех новых домов культуры в жилых массивах Кайнарбулак,...

Ориентир на интересы граждан

В нашей стране созданы и продолжают создаваться все необходимые...

Не попасть в финансовую западню

Широкое проникновение цифровых технологий в повседневную жизнь людей сопровождается...

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.