Жақында Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ұйымдастыруымен «Жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету: жағдайы және даму перспективалары» атты форум өтті.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, «Атамекен» ҰКП мен Еуропалық білім сапасына кепілдік беру тізілімінің өкілдері қатысты. Форум аясында 3 тақырыптық сессия өтті: «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының ішкі сапасын қамтамасыз етуінің тюнингі», «Ғылыми кадрларды дайындауды жақсарту», «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мемлекеттік реттеу жүйесін жақсарту» тақырыптары саланың мәселесін жан жақты талқылауға мұрындық болды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумды құттықтау сөзімен ашып, алдағы онжылдықта дағдыларға басты назар аударылатынын, ал жаңа әдістер болашақтың негізгі құзыреттерін бағалауға және дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Академиялық және жеке өсуге ықпал ететін біртұтас білім беру білім алушылардың жетістігі үшін өте маңызды болады.
«Жоғары білім әлемі сапаны қамтамасыз ету саласы сияқты тұрақты қозғалыста. Жаңа тенденциялар пайда болған сайын, оқу орындары икемді болып қалуы керек, олардың сапаны бақылау тетіктері сенімді, өзекті және қазіргі студенттердің қажеттіліктерін шынымен көрсететіндей бейімделуі керек. Қазір жоғары білім берудегі басты назар қазіргі еңбек нарығына бейімделген білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Жоғары оқу орнының сапасы дәл осы өлшеммен бағаланады. Егер еңбек нарығы сіздің өнімдеріңізді, яғни түлектеріңізді ұнатса, олар бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие білім мен дағдылар жиынтығына ие болса, бұл университет ішінде дұрыс құрылған жүйе. Осы міндетті іске асыру үшін биыл пилоттық режимде студенттердің еңбек нарығының талаптары бойынша дағдыларын жаңадан ерте бағалау іске қосылады», — деп атап өтті Саясат Нұрбек мырза.
Бірінші сессияда Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының сапаның ішкі қамтамасыз ету жүйесінің жағдайын зерттеу, ЖОО-ның ішкі үдерістерін құрылымдау, Astana IT University тәжірибесінде ЖОО-ның ішкі үдерістерін регламенттеу бойынша ғылыми жобасының бірінші нәтижелері ұсынылды.
«Ғылыми кадрларды дайындауды жақсарту» тақырыптық сессия аясында спикерлер докторанттарды отандық және шетелдік ЖОО-ларда дарярлау тәжірибесімен, докторлық диссертацияларды сараптау және рецензиялау бойынша ұсыныстармен, қазақстандық ғылыми журналдарды дамыту стратегиясымен бөлісті, қазақстандық авторларының шетелдік басылымдағы мақалаларының ретракциясы туралы проблеманы көрсетті.

Жалпы форумда өте ауқымды мәселелер талқыланды. Қазіргі таңдағы жоғары білім беру ұйымдарының жоғары білім және жоғары білімнен кейінгі білім беру сапаларына қойылатын талаптардың күшейтілу негіздері мен әрбір білім беру ұйымына қойылатын талаптардың бүгінгі қоғам талабының үдерісінен шыға алу жолындағы даму қарқыны жайындағы мәселелер қозғалды. Сонымен қатар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекет алдына қойып отырған «таза парақтан» реттеу саясатының тұжырымдамалық мәні түсіндіріліп, осы тұрғыдағы ғылым және жоғары білім саласындағы сабақтастықты жүзеге асыру мақсаттары да баяндалды. Форум аясында сарапшылармен жеке кездесулер ұйымдастырылып, аталған сала бағытында қойылып отырған сапаны қамтамасыз етудегі кәсіби талаптардың өзгеру тенденциялары, жүзеге асырылу механизмдері мен құралдары, мүмкіндіктері де талқыланып, біршама пайдалы ақпараттар берілді. Бұл форум ғылым және жоғары білім саласының алға қойған негізгі мақсатына қол жеткізу концепциясын түсіндіріп берді деуге болады.
Сманова Акмарал Бахтияровна,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, мемлекет және құқық теориясы
мен тарихы, конституциялық және
әкімшілік құқық кафедрасының
аға оқытушысы, з.ғ.к.


