Білім беру ұйымдарында сыбайласқан жемқорлық етек алып бара жатыр. Елімізде бұл салада жасалып жатқан ауқымды реформалар қауіпті үрдісті тамырымен жоя алмай отыр.
Осы сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке жолданған депутаттық сауалдардың бірі осы өзекті мәселеге назар аудартты. Дәстүрлі жиында депутаттар тарапынан бұдан өзге де маңызды мәселелер көтерілді. Алдымен аталған жайға тоқтала кетейік.
Білім саласы – парақорлық ордасы
Еліміздің білім саласын жайлаған жемқорлық жайлы нақты фактілерді ортаға салған Темір Қырықбаев бастаған депутаттар болды. Олардың айтуынша, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, бұдан келген шығын көлемі 17,5 млрд теңге болыпты. Көп қаржы жымқыру фактісі Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталған. Бұл аймақтарда қаржылық бақылаудың әлсіздігі байқалады. Жемқорлық фактісі бойынша 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар. Педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталуда. Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр. Өйткені оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп.
Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де пара беру фактілері бар. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беретіні де белгілі болып отыр. Осы жайлы айта келіп, депутат Қырықбаев үкіметке «Электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету, жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз етуді ұсынды.
Кедендегі көлеңкелі бизнес
«Ақ жол» фракциясының депутаттары көтерген мәселеге де осындай сыбайласқан жемқорлық әрекеттер өзек болды деуге болады. Ол бүгінде ел аузындағы қосымша құн салығына бағытталды. Осы міндетті төлемді көтеру арқылы бюджет тапшылығын жоймақ үкімет кедендік рәсімдеусіз, контрабандалық жолмен келіп жатқан тауарлардың қосымша құн салығын назардан тыс қалдырған сыңайлы. Мәселен, ашық дереккөздерде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Қытайға импорттың кедендік статистикасында 13 миллиард 750 миллион долларды құрайтын рекордтық алшақтық анықталғаны туралы деректер жарияланыпты. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан бюджетіндегі осы «көлеңкелі импорт» бойынша ҚҚС-тың алынбай қалған үлесі 1,5 миллиард долларды немесе төленбеген кедендік баж салығын айтпағанда, 850 миллиард теңгені құрайды. Осыған орай, бюджет тапшылығын еңсеру мәселесін талқылау аясында «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы Қытайдың кедендік статистикасымен 13,75 миллиард долларды құрайтын сәйкессіздіктер себебі туралы Үкіметтің ресми ұстанымын білдіруін сұрады. Сонымен қатар олар контрабандаға қарсы күресті күшейту және бюджетті толықтыру мақсатында импортты толық пайдалану үшін Үкімет қандай шараларды қолға алатынын, осы шаралар нәтижесінде ҚҚС пен импорттан түсетін өзге төлемдерден мемлекетке қосымша қандай сома түсетінін білгісі келеді. Өте орынды талап.
Ана мен бала өлімі алаңдатады
Тағы бір өзекті мәселені депутат Нартай Аралбай көтерді. Ол ана мен баланың өміріне қатысты болды. Ол елімізде дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған қаншама ананың шаранасымен бірге о дүниеге аттанып жатқанын ашына айтты. Бәрін нақты деректерге сүйене отырып жеткізді. Депутаттың келтірген мәліметтері бойынша 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732, 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. Ал, 2024 жылы 2598 нәрестені ата-анасы құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болған. Ресми органдар сәби өлімінің азайғанын айтады. Солай бола тұра соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың нәрестеден айырылып қалу деген жайбарақат қарайтын жағдай емес. Сәби өлімі әсіресе, 5 облыста, яғни, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында көп. Сол секілді ана өлімі де жыл сайын артып барады. Соңғы 6 жылда Қазақстанда 563 ана босану үстінде көз жұмған. Ана өлімі әсіресе, Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстарында көп. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылда тұратыны белгілі болды. Өзекті өртей түсетіні 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдердің босану кезінде қайтыс болуы жиілеген. Осының бәрі денсаулық сақтау саласындағы шешімін күткен проблемаларды көлденең тартады. Басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентхана ларда 550 төсек жетіспейді. Оған қоса маман жеткіліксіз. Елімізге 389 акушер-гинеколог керек. Перзентханаларда 1679 акушер-гинеколог жұмыс істесе, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады екен. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл үлкен проблема. Ана өлімінің негізгі себебі осыдан көрініп тұр. Тағы бір түйткіл – еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мысалы, бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттарына қол жетпей отыр. Аралбай мырза осылар жайлы айта келіп, ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керектігін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, олар осы жалақының төмендігі салдарынан жеке секторға кетіп жатыр. Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу да кезек күттірмейтін мәселе. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»