Әлем бүгінде мазасыз. Бұған белгілі деңгейде діни сенімнің алуандығы да ықпал етуде. Әсіресе, осы салада деструктивті ұйымдардың көбейіп, өз қатарына көзқарасы, ұстанымы қалыптаспаған жастарды тартып жатқаны еріксіз алаңдатады. Бұл халықтың діни сауатын ашу және діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді. Осы мәселедегі мемлекеттік саясатты түсіндіру, халықтың құқықтық білімін көтеру, әсіресе аймақтарда қажет. Өйткені, бүгінде халқымыздың дені өңірлерде өмір сүруде. Осы себеппен көптеген деструктивті ұйымдар өз ықпалын жүргізу үшін жергілікті жерлерді таңдайтыны тағы шындық. Сондықтан өңірлерде діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы жүйелі ісқимыл бір сәт толастамау керек.
Ақмола өңірі бүгінде еліміздегі түрлі діни ағымдар мен олардың өкілдері тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Облыста жыл өткен сайын олардың саны артып келеді. Бүгінде аймақта конфессияны құрайтын 195 діни бірлестік тіркелген. Олар 93 исламдық, 48 православ, 11 католик, 33 протестант, 1 Иегова куәгерлері, 7 жаңа апостолдық шіркеу, 1 Кришна санасы қоғамы және 1 Бахаи діни бірлестіктері. Мұнымен қоса аталған діни ағымдар мен бірлестіктер орналасқан 158 ғимарат бар. Жалпы облыс аумағында 32 миссионер тіркелген. Олардың ішінде – 19 Польша, 6 Филиппин, 3 Германия, 2 Ресей және 2 Қазақстан азаматы бар. Бұл миссионерлер халық арасында өздері ұстанатын діни ағымдарды уағыздайды. 28 миссионер католик дінін, үшеуі жаңа апостолдық шіркеу бағытын және біреуі вайшнавизм дінін насихаттайды. Діни уағызшылар мен насихаттаушылар үнемі бақылауда. Өңірде негізінен – дәстүрлі дін конфессияларының рөлін нығайту, толеранттылық қағидасы бағытында жұмысты жетілдіру, конфессия аралық қатынастар саласында мемлекет жүргізетін саясатқа халық сенімінің жалпы деңгейін арттыру бағытына назар аударылады Осы тұрғыда облыстық Дін істері басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп кешенді түрде түсіндіру, үгіт-насихат және діни қатынастар саласындағы оңалту жұмыстарын жүзеге асырады, діни ахуалға тұрақты мониторинг және талдау жүргізеді. Конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту мақсатында діни бірлестіктер басқармаларын біріктіруші маңызды диолог алаңы ретінде діни бірлестіктер жетекшілерінің «Ынтымақ» бірлестігі жиналысы әрекет етеді. Оның отырысы тоқсан сайын дербес бекітілген жоспар бойынша өтеді. Жыл басынан бері ұйымның екі отырысы болып, онда былтырғы жылдағы мемлекеттік қызметтің көрсетілуі, ҚР мемлекеттік мерекелері, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақмолалық соғыс ардагерлеріне құрмет, салық декларациясын ұсыну туралы мәселелер көтерілді. Мемлекеттік қызмет реестіріне сәйкес басқарма діни салада екі қызмет көрсетеді. Олар «Миссионерлік қызмет көрсететін тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу», «Діни әдебиеттер басқа да діни мазмұндағы әдебиеттерді тарататын арнайы ғимаратты бекіту туралы шешімді беру» Жыл басынан бері осы сипатта 10 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Басқарманың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында елеулі жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы 5 арнаулы жоба бойынша жұмыстар жасалуда. Оның аясында қала, аудан, облыс мешіттерінің жамағатымен кездесулер өткізіліп, деструктивті діни ағымдардың ізбасарларымен жеке әңгімелер ұйымдастырылып, сотталғандармен жұмыс өткізілуде. Сонымен қатар, арнайы бейнероликтер түсіріліп жатыр. Мәселен, ақпараттық-түсіндірмелік және діни ағымдарға қарсы насихат сипатында «Наурыз –діни мереке емес», «Радикалдардың коммуникациялау әдістері», «Лаңкеске арналған ақша», «Талақ – демек, құрдым», «Радикалды жалдаушы құрбаны кім?» атты бес бейнеролик интернет кеңістікке салынды. Бұл бейне материалдар ҚР Мәдениет министрлігінің жоғары бағасын алып, барлық елге таратуға жіберілді. Үлкен көпжоспарлы жұмыс ғаламтор кеңістігінде жүзеге асырылуда. Бұл орайда «Сараптамалық интернет платформа»деген арнайы бағдарлама қолданылады. «Киберқадағалау» деструктивті сайтқа жазылған адамдарды және осындай сипаттағы материалдарды анықтайды. Мысалы, АИП-тың мәліметтер базасында Ақмола облысына қатысты діни қауымдастықтарының «ВКонтакте» және «Instagram» әлеуметтік желілері жазылушылары жинақталған. Айталық, биылғы жылдың басынан бері «Instagram» 3023 пайдаланушысы, «ВКонтакте» желісінің 1667 жазылушысы анықталды. Олардың арасында 4638 алдын алу шаралары яғни телефонмен әңгіме, жеке кездесулер өткізілді. Бұл жүздесулерде азаматтарға деструктивті діни ағымдардың зияндылығы, олардың әлеуметтік желілердегі көздерінің қауіптілігі жайлы түсіндіріліп, радикалдық мазмұндағы контентті таратудың жауапкершілігі ескертіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік желілердегі радикалды топтан 620 адам шықты. Ақмола облысының бұқаралық ақпарат құралдарына дін қатынастары мәселелері бойынша 5374 материал жарияланды. Осындай жүйелі жүргізілген шаралардың арқасында Ақмола облысында тұрақты, басқарылатын діни жағдай қалыптасып отыр.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА «Заң газеті»


