Оңай олжаға ие болсам, қиналмай көп табысқа кенелсем деп армандайтындардың аңдитыны – аңқау халық. Халықты алдау үшін алаяқтар қолданатын айла-тәсіл де соншалықты күрделі емес. Бірақ соған қарамастан барынан өз еркімен айырылып жатқандар тыйылмай отыр. Тіпті, бұқаралық ақпарат құралдары аз ақша салып көп пайда табудың жолын нұсқаған жарнамаларға сенуге болмайтынын күнделікті жазып, көрсетіп жатыр. Десек те, ескертпені қаперінде ұстап, күмәнді қаржылық операциялардан іргесін аулақ салып жатқандар аз. Әсіресе, соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданушылар қатары көбейіп кеткен. Бірі бар мүлкін беріп үй-күйсіз қалса, енді бірі шарасыздықтан өз-өзіне қол салуға дейін баруда.
Өкінішке қарай, қаржы пирамидасының жарнамасына сеніп, жиған-тергенінен бір сәтте ажырағандар мұндай жағдайдың орын алуына өзін емес, өзгені кінәлап жатады. «Құзырлы органдар қылмыстың неге алдын алмаған?», «Бізді неге сақтандырмаған?» деп қоғамға сауал тастайтындар баршылық. Шындығында, қаржы пирамидасының шырмауына түскендердің барлығы бірдей құқықтық сауатының кемдігінен барынан ажырады деп айта алмайсың. Алданғандардың көпшілігі тез, жеңіл жолмен қол жеткізуді көздейді, аз ақша салып, көп қаржы алуды, тапқанын тез арада еселеп көбейтуді мақсат етеді. Ал «тегін ірімшіктің тек қақпанда» болатыны бәрімізге белгілі. Жеңіл ақшадан бойын аулақ ұстайтын, күмәнді дүниеге жоламайтын ешқашан алаяқтың қақпанына түспейді.
Қаржы пирамидасын құрушылардың халыққа құр сөз, жылтыр уәдеден басқа берері жоқ. Оны біздің сотта қаралған бірнеше іс материалдарынан білуге болады. Мысалы, «Дам Дан Недвижимость» деп аталатын тұтынушы кооперативін құрған Ғ.М. деген азамат қоғамның сұранысын, халықтың тілегін өз мүддесіне пайдаланған. Жоғары білімді, елмен тез тіл табысатын, сөзімен баурап алатын азаматқа қаржы пирамидасын құру қиындық келтіре қоймаған. Өйткені, қазіргідей нарықтық заманда азаматтардың пайызы төмен несие, қолжетімді бағаға баспана алуды армандайтыны түсінікті.
Бұл нарықты жақсылап зерттеген азамат алдымен Алматы және Семей қалаларында тұтынушы кооперативін құрып, оны Әділет министрлігінде тіркетіп алады. Аты кооператив болғанымен, бұл кәдімгі қаржы пирамидасы болатын. Өйткені, алаяқтар мөр басылған қағаздың азаматтарға айтарлықтай әсер ететінін біледі. Осылайша «кооперативін заңдастырып», мөрін алып, алдын ала жоспарын пысықтаған Ғ.М. пәтер, тұрғын үйді жылдық үстеме пайызсыз, бөліп төлеу әдісімен беретінін айтып жаңа бастамасын белсенді жарнамалауға кіріседі. Әрине, тепеңдеп тапқан табысы баспананы сатып алу түгілі, оның алғашқы жарнасына беруге жетпей жүргендер үшін бұл өте тиімді әрі ыңғайлы ұсыныс еді. «Баспанаға ақша салдық» дегендер пирамиданың басында тұрғандардың қалтасын толтырып жатқандарын түсінбейді. Тек келісімшартта көрсетілген ақшаны аударып, баспананың хабары алыстап кеткеннен кейін ғана көңілдеріне күмән кіре бастады. Ал не баспананы беруді, не ақшасын қайтаруды сұраушылар қатары көбейген сайын Ғ.М телефонын өшіріп, көпшіліктен бойын аулақ салады. Өздерінің алданғанын, ақшасының қайтпайтынын білген азаматтар ақыры құзырлы орындардан көмек сұраған болатын.
«Дам Дан Недвижимость» кооперативіне ақша салғандар саны 50-ге жуық. Олар 1,5 млн теңге мен 7 млн теңге аралығында қаржысын берген. Сот барысында куәлардың көрсетуімен, құжаттармен азамат Ғ.М-нің кінәсі толық дәлелденді. Сот алаяқтық жасап, қаржы пирамидасын құру арқылы заңсыз табыс тапқан азаматты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі 1,4-тармақтарымен, 217-баптың 3 бөлімі 2-тармағымен кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Ең бастысы, ол өзі алдаған азаматтардың ақшасын қайтарып беруге тиіс.
Бірақ, алаяқтық, қаржы пирамидаларын құру бойынша сотталғандардан материалдық шығынды өндіру өте қиын. Мұндай іске үлкен дайындықпен баратын алаяқтар тапқан табысын өз атына жазбайды, жинаған дүние-мүлкін жақындарының атына ресімдеуді әдетке айналдырған. Сот үкімі орындалып, бостандыққа шыққаннан кейін де олардан бірдеңе өндіру оңай емес. Сондықтан алдағы уақытта қаржы пирамидасын құрып, алаяқтықпен пайда тапқандарды бас бостандығынан айырып қоймай, жәбірленушілердің ақшасын қайтартудың пәрменді тетігін енгізу керектігін ойласа. Өйткені жәбірленушілерге алаяқтың жазасын алғанынан гөрі, өзінің қаржысының қайтқаны маңыздырақ.
Есен Үстелбаев,
Алмалы аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы