«Артық сөйле, кем сөйле, таразылай тең сөйле», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді» деген ежелден келе жатқан нақыл сөздер бекерден айтылмаған. Ауылдың ақсақалдары даналық ақылмен саралап, болашақ ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, реттеп отырған.
«Сөз сөзден туады, Сөйлемесе қайдан туады?, Отбасының жанжалы, Ішпеген шәйдан туады, Ауыр жолдың азабы, Артар аттан-нардан туады» дегендей, яғни, бастаманың барлығы тілден туады.
Қазақ тілінде тілдің құдіреті керемет, астарлап, жан-жақты бағытта ашып, әдемі жеткізу мүмкіндігі бар. «Артық сөйле, кем сөйле, таразылай тең сөйле» нақыл сөзінің өзі терең мағынаны қозғап отыр. Сот жүйесіндегі қолында таразы, көзі жабық қыздың бейнесімен де теңестіруге болады. Себебі сотта да жан –жақты тараптарды тыңдап, таразыға салып отырамыз. Бұл жерде таразылап отырғаны жақсы сөзді жаманнан ажыратып, сүзгіден өткізіп, қажеттісін ғана, яғни сол жерге, сол мезгілге қандайда бір дұрыс, мағыналы, үлгілік әсерін тигізетіндей болуы қажеттігін жеткізіп отыр. Себебі көптеген жанжал, шудың, даудың, төбелестің бастамасы –тілден басталады. Сондықтан адам әр сөйлеген сөзін ойланып, орнымен, өзінің қолданылатын бағытымен қолданған дұрыс.
Ересектер де балаға бұрынғы ұмыт болып бара жатқан әдемі, мағыналы, астарлы сөздерді үйрететін, ғибратты сөз қорымен жабдықтаса, баланың түсінігі де дұрыс жолға келетіні сөзсіз.
Сот жүйесінде де түйткісі тілден басталған қаралып жатқан істердің жетіп артылатыны мәлім. Сондықтан баланы тәрбиелеу кезінде баланың боқтық сөз айтуына жол бермей, тілдерінің әдеби –көркем, әдемі сөздерімен сөйлеуге құштарлығын арттыру қажет.
Жоғарыдағы «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді» дегендей, әр сөйлеген сөздің қадірін білдіртіп, өз қадірін жоғары бағалауға бағыттасақ, болашақ ұрпақтың болашағы да үлгілі болып, тіл құдыретін бағалайтыны сөзсіз.
Сондықтан тілімізді құрметтеп, оны орнымен пайдаланып, дұрыс бағытқа бағыттайық. «Ат тұяғы –алтын, алысқа алып баратын, Адам тілі алтын –алысты сұрап табатын», қазақ тілі –ана тілі деп ақ сүт беретін анамен теңестірілген алтын тіл балалардың арманына жетелейтін жақсылық жолына бағдар беретін тіл.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Нұрланқызы Актулиева


