12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Аршагүл Тойбаева, «Аналар музейінің» ғылыми кеңесшісі, журналист:»Ел білген қатын» марапаты қазаққа жат емес»

– Сізге қазақ қыздары, аналары жайлы жазу идеясы қалай пайда болды?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ теледидарынан «Шежіре», «Атамұра» бағдарламаларын аштым. Осы хабарларда ел мен жердің, сонымен бірге, ел басқарған хандар, қол бастаған батырлар тарихын дәріптедім. Көбіне хандар жайлы іздендік. Бір күні Күлтегін тарихына ден қойдым. Сонда байқағаным, Күлтегін елге жеңіспен оралған жолбарыс жүрек батырлардың аналарына «Ел білген қатын» деген атақ беріп отырыпты. Себебі, батырды ана туады. Күлтегін бабамыздың осы ісі мені ойландырып, «Шежіре» мен «Атамұраға» қоса «Алып анадан туады» циклін аштым. Журналистер жұмыс бабымен іссапарларда көп жүреді. Мен де бүкіл Қазақстанды араладым. Барған жерімнің бәрінен  саналы, ел мақтан тұтар бала тәрбиелеген аналарды іздедім. Мысалы, Атырауда Бекет ата жайлы хабар жасадым. Сонда Әбіш (Кекілбаев) ағамен сұхбаттасып, өзімді аналар тақырыбы қызықтыратынын айттым, жоспарларыммен бөлістім. Әбіш аға: «Арша, аналар ел тарихының нәзік арқауы ғой. Бұл ешкім қозғамаған, тың тақырып, дұрыс» деп ойымды қолдады. Мені Ақмаңдай атты әжесінің басына ертіп барды. Ел адамдарынан әжеміздің тарихын естідім. Нәтижесінде «Ақмаңдай әже кім болған» тақырыбындағы материалым «Аружан» журналында жарияланды.

Талдықорғанда «Жетісу» каналында жүргенде де ел аналарын іздестіріп,  зерттей бастадым. Томирис, Зарина жайлы хабарлар жасадым. Суретші шақырып, олардың суреттерін салдырдым.

– Аналар бейнесін жасауда неге сүйендіңіз, суреттерді кім салды?

– Халқымыздың біртуар ұлы, өмірден ерте кеткен суретші Бексейіт Түлкиев алғашқы картинкаларды салды. Олардың бейнесін салуда әдеби шығармаларға, ондағы суреттеулерге жүгіндік. Аналар туралы хабарымды «Томирис» мейрамханасында жасадық. Бексейіт салған Томиристің бейнесін мейрамхана төріне іліп қойдық.  50-ге жуық ананы шақырдым. Осы жерде айта кетерлігі, ақ жаулықты әжелермізге өзімше сый-сыяпат жасағым келді. Сөйтіп, Мұхтар Құлмұхамедтен көмек сұрадым. Мұхтар ол кезде «Атамұра» баспасының директоры. Сөзімді екі етпей сұраған  50 әппақ орамал мен темір қораптағы шайды алдыртып берді. Бұл сый-сыяпатқа үлкен кісілер ырза болды. Осы кеште Мұхаметжан Тазабеков қазақ аналарының тарихын тереңнен толғады.  Марат Омаров анасымен келді. Апайлар сондай риза болды. Әрқайсысы туралы жеке-жеке хабар жасалды. Сол циклім «Алып анадан туады» атауымен үш жылдай қазақ телеарнасынан берілді. Сол хабар шыққан соң біраз адам телефон шалды. Министрлердің өзі біздің анамызды да шығар деген тілек білдірді. Лайықты ананың бәрін елге таныстырдым. Кейін «Анаға тағызым» атты Республика сарайында үлкен концерт өткіздік. Күлтегіннің бір ғана ісі менің осындай қыруар шаруа істеуіме мұрындық болды.

– 50-ге жуық ананы елмен таныстырыпсыз, олар кімдер еді?

– Кезінде «Мұхтар әлемі» атты 24 хабардан тұратын цикл жасадым. Сол уақыттары Мұғамила апаймен таныстым. Репрессия құрбандарының ұрпағы жайлы «Тұлпардың тұяғы» хабарын дайындадым. Көбінің қыздары бар екен. Міржақып Дулатовтың қызы, Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлиннің жарлары, Темірбек Жүргеновтің балдызы, Қаныш Сәтбаевтың қызы бәрін шақырдым. Әбіш аға туралы «Әкесіз өткен ғұмыр» деген хабар жасағаным бар. Сол кезде жазушының анасы Айсәуле әжемізбен таныстым. Айсәуле әжеміз шахтада жұмыс істеген. Ер-азаматтар соғысқа кетіп, негізгі еңбек күшін аналар атқарды ғой. Айсәуле әже баласының құлағына «Әкеңнің орнын жоқтатпа, оның атын шығаруың, адам болуың керек» деген ақылын құйып өсірген. Әбіш аға алғашқы материалын ауыл кемшіліктерін сынаудан бастаған. Баласының қабылетін байқаған ана оны оқуға аттандырады. «Құс қанаты» повесінде жазушы анасының прототивін жасайды.

Әбіш ағаны анасы «ақ патшам» дейді екен. Ағайдың анасына деген құрметі ерекше. Үйіне қандай адам келсе де анасы төрде отырады. Ана мен баланың бір-біріне деген сондай құрметін, ерекше ықылас-пейілін, мейірін көріп қатты сүйсіндім. Ағаға әжемен сөйлескім келетінін айттым.  Әжеміз туралы хабарым шыққан соң Жазушылар Одағына жолым түсті. Сол жердегі ақын-жазушылар «Анадай керемет адам Әбіш сияқты ұл тумауы мүмкін емес» деді. Олжас Сүлейменовтің анасы Фатима апай, шіркін, қандай керемет адам десеңізші? Көзі ашық, көкірегі ояу, мәдениетті. Ол кісіге қарап, әуесің кетеді. Мені таң қалдырғаны осы аналарымыз 18-20 жасында соғысқа жарларын жіберіп, жалғыз баланың тілеуін тілеп қалған. Айсәуле әже арманыңыз бар ма деген сұрағыма, «Арманым жоқ, асарымды асадым, жасарымды жасадым, күндіз күлкісі, түнде ұйқысы келмей, елімді ел етемін деп жүрген азаматтарымыз аман болсын» деді. Көсіліп сөйлеген сөзі, тазалығы, тағы басқа қасиеттері өз әжемді көз алдыма келтірді. Менің де әжем жүз жасаған. Қожаның қызы. Тарихты өте жақсы қандай білетін. Асанәлі ағамыздың да анасы Тәжіхан апамыз да 18 жасында жесір қалған. Одан кейін тұрмыс құрмай, жалғыз баланың тілеуін тілеп, өмірден өткен. Тәжіхан әже қиын-қыстау заманда жас баламен жалғыз қалғанын айтып: «Ол кезде ағайын-туған көмектесті десем өтірік болар. Жесір әйел, жетім бала ретінде қарады. Балам осындай дәрежеге көтерілгенде айналама ағайын-жұрттың бәрі жиналды ғой» деді. Асанәлі ағаны қатты қадір тұтады екен. Соғыс кезіндегі ана біткеннің тарихын зерттесеңіз, барлығында бір ғана мақсат болған, ол – жалғызын жеткізу, адам ету.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сүт анасымен сұхбат жасадым. Әлжан ананың тамаша қасиеттерін айтты. Халқымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Ахметқызының анасы Махинұр әжемізбен жолықтым. Ол кісі туралы да хабар шықты. Асқар Сүлейменовтің анасы қандай текті жан еді? Білім-білігі керемет. Ол кісіні бейнебір сыр сандық дерсіз. Аналарына қарап балаларын танисың.

«Ақыл ананың сүтімен» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Асқар ағайдың мінезі тік қой, Ақтоты әжеміз де дәл сондай. Бәрін біліп отыр. Өмірге де сыни көзқараспен қарайды. Ақтоты әжеміздің әңгімесін тек тыңдау керек. Ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңылғаным апамен де сұхбаттастым. Айсәуле, Ақтоты, Жаңылғаным әжелеріміз бір-бірімен дос болған. Үш отбасы жақсы араласып, бар мерекені бірге қарсы алып, қуанышта да, қайғыда да бір болған. Аты аталған аналарымыздың қай-қайсысы да өз мақсаттарына жеткен, аналық парыздарын жоғары деңгейде өтеген жандар. Фатима, Айсәуле, Ақтоты апайлардың білім-білігі қазіргі министрлерден асып түседі.

Қазақтың атын әлемге танытқан Жәния Әубәкірованың анасы Мәрзия апай университетте сабақ берді. Білімі терең, мықты кісі. Дәулет Тұрлыхановтың анасы Мәрзия апамыз қиындықты көп көрген. Өмірге он бала әкеліп, оларды өсіріп-жеткізген.

– Көп балалы аналармен сұхбаттасу барысында не байқадыңыз, ондай отбасыларда қандай да бір ерекшеліктер бар ма екен?

Көп балалы отбасыларды зерттеп, жазуда байқағаным, әр он баланың ішінде біреуі ғана озып шығады екен. Қалғаны соның айналасында өсіп-өнеді. Марат Омаровтың анасы баласының әншілік қабылетін байқаған соң 5-сыныптан музыка мектебіне береді. Алматыға бірге келіп, пәтерде тұрады. Баласының бүгінгі жетістікке жетуіне бар жағдайды жасайды. Маратқа рақмет, бүкіл анаға жақсы ән сыйлады. Айта берсем, мақтан тұтар осындай аналарымыз жетерлік.

Одан кейін Нұрғиса Тілендиев туралы «Маэстроның махаббаты» деген хабар жасадым. Сонда Дариға жеңгемізге қарап, «Алтын жеңгелер» атты хабар дайындау идеясы туды. Қоғамымызда ерлерінің жағдайын жасап, солардың биіктерден көрінуіне бар мүмкіндікті тудырған алтын жеңгелеріміз аз емес. Мысалы, Әсет Бейсеуов, Сағат Әшімбаев, Ескендір Хасанғалиев, т.б. ағаларымыздың үйлеріндегі жеңгелеріміз азаматтарының бабын таба білді. Бала асырап, оларды аялап өсіріп отырған аяулы аналар Тұяқ, Әмина апайлар жайлы да хабар жасадым. Осы кісілердің барлығының басын қостық. Аттары аталған аналарымыз елге, тарихқа алтын балалар сыйлады. Осындай абзал жандарды біз талмай дәріптеуге тиіспіз.

–  Осындай үлкен істер жасап жүріп, телеарнадан неге кеттіңіз?

– Денсаулығыма байланысты 15 жылдан бері медицина саласына кеттім де, одан әрі аналар тақырыбына тереңдеп ден қоя алмадым. Алайда, қай жерде жүрсем де аналарды ұмытқан емеспін. Кезінде «Аружан» журналына 20-30 ананың тарихы жайлы материалым шықты. Одан кейін «Әдемі-ай» журналында жалғастырдым. Содан соң «Адам. Дәуір. Медицина», орыс тілінде «Здоровье Азия» журналдарын шығарып, оларда да аналарды назардан тыс қалдырған емеспін. 30 жылдан асты аналар тақырыбын қозғап келемін. Әрине, мен материалдарды ел аузынан, архивтерден алдым. Түрік зерттеушісі Б.Учокты аудардым. Мықты мұсылман әйелдері туралы мәліметтерді іздестіріп, жинақтадым. Мұның бәрі үлкен еңбекті талап етті. Нітижесінде өткен жылы Қазақ энциклопедиясынан «Даланың дана арулары» деген кітабым жарық көрді.

– Еліміз тәуелсіздік алып, Наурызды тойлауға қол жеткізген тұста ұлық мерекені өткізу шарасының ең алғашқы сценариін Сіз жазыпсыз, осы жайтқа тоқтала кетсеңіз?  

– Тәуелсіздік алған соң әз Наурыздың қадір-қасиетін халқымызға жеткізу мақсаты туды. Сондықтан, оның сценариін Дулат аға (Исабеков) бірнеше адамға жаздырды. Солардың ішінен менің сценариім таңдалды. Сценариді жазу барысында Жағда Бабалықов сынды біраз этнограф-тарихшылармен сөйлестім. Осылайша 1992 жылы ең алғаш ресми түрде Наурыз мерекесін ұйымдастырып, 24 сағаттық хабар жасадық. Бүкіл әншіні шақырдық. Студияның сыртына үлкен тайқазан астық. Мұқағали Мақатаевтың анасы Нағима әжеміз сол тұста 103 жаста екен. Сценарий бойынша Нағима мен Айсәуле әжелерімізге бата бергіздім.  Асқар Ақаевтың анасы қазақ қызы екен. Сол Әсел апамыздың «Нұрсұлтан бауырыма бақыт тілеймін. Аман болсын» деген тілегі алтын қорда сақтаулы. Айсәуле әжеміз: «Негізінен Наурызда неше түрлі ұлттық ойындарды ойнап, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртады. Қазіргі жастар наурызды тек көжемен байланыстырады. Олай етпеңдер, наурызда қазақтың бүкіл салт-дәстүрін көрсетіңдер» деді. Біз әр наурызды тойлағанда осыны ескеруіміз керек.

– Қазақстанда 15 қыркүйек аналар күніне арналды. Осы атаулы күнді өз деңгейінде атай алмай жатқан сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен бұл мәселені кезінде көп қозғадым. Қазақстанда арнайы аналар күні неге аталмайды деп Парламентке де талай жаздым. Мәселен, Францияда арнайы аналар күні бар. Өткен жылы Елбасы бұл мерекені бізге де ендірді.  Бірақ, жандандырып алып кете алмай жатырмыз. Бізге аналар ескерткішін орнату керек. Ана атаулыға құрмет ретінде Алматы қаласында тағзым ететін ананың бейнесі болғаны жөн. Бұл туралы ұсыныстарымды да тиісті орындарға жаздым. Алтын, күміс алқалар мықты бала өсірген аналардың атымен аталса да артық емес. Мысалы, Елбасыны өмірге әкелген Әлжан анаға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. «Ел білген қатын» деген медаль жасасақ нұр үстіне нұр. Бұл туралы ҚР Парламентіне ұсынысымды жаздым. Қазақта, жалпы, мұсылман жұртында «қатын» деген жақсы сөз.

– Аналар жайлы ізденгендегі басты мақсатыңыз не болды?

– Бізде аналар туралы жазылып қалған тарих жоқ. Сондықтан, әдебиеттегі образдарға, ел аузындағы әңгімелерге жүгінуге тура келеді. Ғалымдарымыз Қытай, Иранға барып зерттеу жұмыстарын жасады. Қойшығара Салғарин Қытайға барып он кітап жазып қайтты. Бірақ, олардың ішінде аналар жайлы жазылмады. Жұрттың бәрі өз тарихын жасап жатыр, біз де қазақ тарихын жасауға көмектесуіміз керек. Тарихта көкірегі ояу, көзі ашық аналарымыз көп болған. Кітапты жазудағы мақсат солармен жас ұрпақты таныстыру. Оқысын, білсін, осындай аналарымызбен өзге жұртқа мақтансын. Қалтай Мұхамеджановпен бірге хабар жасадым. Сонда ол кісі Ғабит Мүсірепов шығармасын мысалға келтіріп: «Қазақ қызының тері шалбары үнемі кереге басында ілулі дайын тұрған. Жау келді дегенде шалбары мен дулығасын киіп, ел қорғауға аттанған. Қазақ қызы шалбар кимеген деген бос сөз. Жайлауда бейбіт кезде ғана көйлек киіп, көлбеңдеп жүрген» деді. Қазіргі өзін мұсылман санайтын қыздарға жаным ашиды. Етектері жер сызады, беттерін бүркеп алады.

Нағыз мұсылман әйелдері етектерін өкшелерімен басып жүрмеген, қазіргідей қап-қара бетперде бүркеніп отырмаған. Хадиша анамыздың өзі бизнеспен айналысып, Пайғамбарымызға көмекші бола білген. Тағы да қайталап айтамын қазақ қыздары ешқашан бетін жауып жүрмеген. Ел басына күн туғанда олар ерлермен бірдей саптан табылған. Репрессия жылдары да азаматтарымыздың әйелдері мен қыздары жапа шекті. Олар үйде тығылып отырған жоқ, қайда болса да иық тірестіре ерлерімен бірдей жүрді. Ұлы адамдардың ұрпағы жайлы хабарлар Қазақ теледидарының алтын қорында сақталған. Орыс-түрік тарихы мен әдебиетінде мұсылман әйелдер жайында жазылған материалдарды аудардым. Менікі, жастар білсін, тарихымызға қанықсын деген ой.

– Нағашы әжеңіз де тегін адам болмағанға ұқсайды?

– Жоғарыда айтқанымдай, Сәлиман әжем жүз жасады, ол кісі Мұхтар Әуезовтің анасымен туыс боп келеді. Кезінде Байсерке ауылына бір топ қожа көшіп келген. Менің атам сол жерге медресе салдырып, мектеп ашқан. Әжемді атам 13 жасында Меккеге апарып, құран аудартқан. Оны Жұмахан атты атақты бидің баласы, яғни, менің нағашы атама ұзатып жатқанда әкесі: «Қызымды қара қазаққа беріп жатырмын, қарайып кететін болды» деп, әппақ матаға ораған киіз үймен қоса, бірнеше жылға жететін кимешегін де тіктіріп беріпті. Әжем бір бөлмені аппақ етіп жасап алған. Күні-түні тоқтамай, құран аударатын. Шақырған жерде көп отырмайтын, батасын беріп шығып кететін. Ғайбат сөз, өсек-аяң естуден қашатын. Жүз жасаған абыз әжем өмір бойы әппақ киімдер киді. Мен де ақ түсті жақсы көремін. Әжемнің ерекше махаббатына ие болдым. Ол кісі: «Осы қарағым менің атымды шығарады» деп отыратын.

– Өзіңіз 30 жыл бойы қалам тербеп жүрген тақырып хақында тағы да қандай игі істер атқарылуын қалар едіңіз?

– Әбіш ағаның батасымен аналар тақырыбына терең бойладым. Аналар хақында шығаруды жоспарлаған кітабыма ол кісі алғысөз жазып, бастап еді, тағдырдың жазуы болар өмірден өтіп кетті. Ағаның «Ел тарихының ең нәзік арқауын зерттеп жүрген талантты қарындасым Аршагүлге» деген тілегі бар.

Барлық бейнежазба менде бар. Ендігі арманым, аналар күніне үлкен концерт ұйымдастырғым келеді. Сценарий бәрі дайын тұр. Ұлы аналарымыздан үлгі алуымыз керек. Дәл қазіргі кезде бізге ақылды, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Еврейлер сияқты баланы аз туып, саз етіп өсіруіміз керек. Айтып отырған әжелеріміз жалғызының адам болуын ойлап, оларды қалаға оқуға жіберген. Айсәуле сияқты әжелеріміз баласына менің жағдайымды жаса, маған қара демеген, керісінше, перзентінің жағдайын жасаған. Алматы, Астана көшіп, жалғызының тілеуін тілеген.

–  Көпшілік ракты «жаман ауру» дейді, сіз бұл теңеумен келіспейтініңізді айтып қалдыңыз, неге?

– Журналистерге ескертерім, жаман ауру демеңіздер. Себебі, аурудың жақсысы бар ма? ҚазҰУ, Евразия университеті студенттерінің алдында лекция оқыдым. Облыстарға барғанда да айтып жүрмін. Ауру деу керек, болды. «Жаман» дегеннің өзі адамды құртып жібереді. Ағаларым жүректен қайтыс болды. Тіпті, қоштаса алмай қалдым. Сол жақсы ауру ма? Онкологияны ғана жаман ауру деу дұрыс емес. Онкология алғашқы стадияларында жазылады. Өзіміз өлетін кезде ғана дәрігерге барамыз. Онкологияда бір ауру әйелді емдеуге үкіметтен ақша бөледі. Оған химия, емі, тамағы, т.б. кіреді.

М.Әуезов «Әйелдің жағдайын жақсартпасақ, халқымыздың жағдайы қалай жақсарады» деген. 3 мың әйел ауырса оның тең жартысы көз жұмады екен. Мен көтеріп жүрген тағы бір мәселе – әйелдерге арналған телеканал ашу. Бүгінде телеарналарда шоудан басқа түк жоқ. Бір ұлы адам Рим кезінде «Мемлекет құлайтын кезде адамдар бір-біріне орден таратады, содан кейін сауықшыл болады» деген екен. Журналистикаға, жазу-сызуға мүлде қатысы жоқ жандар журнал ашады. Қазақ «Дарияның түбінен бұлақ қазба» демей ме?

– Медицина саласында жүріп, ұзақ жылдар қайырымдылықпен айналыстыңыз. Біздің азаматтардың қайырымдылыққа деген көзқарасы қалай?

– Онкологиялық сырқаттарға қолдау көрсету орталығына неше түрлі адам келеді. Қазір шетел асып керегі жоқ, бізде де еуропалық деңгейде емдейді. Олардың жалғыз артықшылығы – науқасқа психологиялық көмек дамыған.  Күтім жақсы, аяқ-қолыңның тырнағын алып, шашыңа дейін жуып береді. Себебі, ақша төлейді. Қалталы кісілер визиткаларын қалдырады. Бірталайы емделіп кетті. Соларға кейде телефон шалсақ, түрлі сылтау айтады. Ал, қарапайым дүңгіршек иелері немесе шаштараздар өздері хабарласып келеді. Сырқаттардың шашын тегін қиып береді. Балаларға сыйлық әкеледі. «Артишок» театрының әртістері балаларға концерт қоюды дәстүрге айналдырған. Карина Абдуллина, Бүркіт, Баян Есентаеваның қыздары, Мақпал Исабекова бірде-бір қайырымдылық концертінен қалмады. Айтқан уақытта келіп, аурулардың көңілін көтерді.

Қайырымдылық демекші, институтта белгілі адамның әйелі емделді. Атын-жөнін айтпай-ақ қояйын. Ол кісіге кеуде протезі керек екен. Өзінің байлығын айтып мақтанды. Сұрағанын тігіншіге жасатып бердік. Балаларды бір қалталы досым арқылы киіндіріп, енді олардың ыдыстарын жаңартуды ойлап жүргенмін. Ойымды айтып едім, құптады. Жұмыс орнына бардым. Келістік. Жаңа жылдың қарсаңында медбикені жіберсем құр қол қайтарыпты. Себебін білмекке телефон шалдым. «Ауру балалардың жағдайына үкімет бас қатырсын, біреудің баласына мен неге ақша шығаруым керек»,  дегендей әңгіме айтты. Балаларға әдемі ыдыс сыйлайтынымды айтып қойғанмын. Содан базарға өзім барып, ыдыс-аяқ сатып алдым. Кімдерге алып жатқанымды білген сатушы 75 ыдысты ең төменгі бағамен берді. Бар-жоғы 37 мың теңге кетті. Балалардың қуанғанын көрсеңіз. Тарелкалардың суретін тамашалап, шат-шадыман болды. Ауырғандар арасында өз істерін дөңгелентіп отырғандар да бар. Солар келіп көмектеседі. Кей апаларымыз балаларға варенье әкеледі. Илья Ильинмен кездескісі келетін балаға допқа қолтаңбасын жаздыртып бердім. Жер жүзін аралап жүрген мотоциклист балаларға сыйлық әкеп берді.

– Ел медицинасының жандануы үшін не істеуіміз керек?

–Біздің Парламентте денсаулыққа мүлде қатысы жоқ адамдар отыр. Неге ол жерге мықты онкологтар бармайды. Заң саласының мамандары, әртіс, т.б. ешқандай мәселе көтермейді. Өйткені, олар білмейді. Сондықтан, Парламентте әр саланың проблемасын терең білетін мамандар отыруы керек. Қарапайым мысалы, парламентте бәлен әйел бар дейді. Солар не істеп отыр? Тек уәде береді. Депутаттарға қарным ашады. Олардың жанында журналистер жақсы, барлық саланың мәселесін көтереді. Халықтың сөзін айтады. Менің ойымша, Парламентті түбегейлі өзгерту керек. Бір депутат бірнеше мәрте сайланады. Қандай еңбегі үшін, соны өздері ойлай ма екен?

Мұқағали Мақатаев Жазушылар Одағында өлең оқыды. Қазақ әдебиетінің кәрі тарландары алдыңғы қатарда тізіліп отыр. Ақын бүркіт сияқты. Дауысы керемет. Сонда ол кісі: «Ақын жас кезінде өлең жазу керек, 40-қа дейін жарқылдап көріну керек, одан кейін поэзиядан кету немесе өлу керек. Кәрі қарға сияқты 80 жаста өлең жазады. Онда қандай махаббат болады. Өлең деген жастық» деді. Сол сияқты барлық салада жастарға орын берген абзал. Қазір ақылды жастар көп.

– Әңгімеңізге рақмет

Сұхбаттасқан Түймегүл Смағұлқызы

 

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...