12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ғарифолла ЕСІМ, қоғам қайраткері: «ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАНҒАН КҮН — ҰЛТТЫҚ МЕЙРАМ»

– Ғарифолла мырза, Республика күні қайта оралып жатыр. Яғни, 25 қазан күнтізбемізге тағы да Ұлттық мереке ретінде енді. Бұл осы күннің еліміз үшін айрықша маңызын көрсететіні анық…

– Әрине, Республика күнінің оралуы тарихи оқиға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық терең мәні бар өзгерістердің бастауы. Өзіңізге белгілі, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстан Республикасының егемендігі» туралы Декларация қабылданды. Сол кезде небары қырықтардағы жас едік. Бұл оқиғаға біз қатты қуандық. Өйткені, республиканың декларациясын қабылдау кеңес өкіметі құрамынан шығудың алғышарты болды. Яғни, сол жағалаудан кетіп, оң жағалауға шығу. Америка тарихына қарасаңыз, декларация қабылданған күн – Ұлттық мейрам.

Біз де сол Ұлттық мейрам болады деп қатты қуандық. Бірақ жағдай қиын еді. Әлі де қазақтардың үлес салмағы аз, халқымыз қырық пайыздан сәл ғана асқан кез. Ұлтшылдар қатары ат төбеліндей ғана. Сонда да қуаныштан бөркімізді аспанға атып жүрміз. Өйткені, республика деген егемен ел, ерікті адамдардың мемлекеті деген сөз. Онда демократия, либерализм, сөз бостандығы, саяси еркіндік болады. Біз осыны сездік. Жалпы, біз қай жағалаудан кетіп, қай жағалауға келгеніміздің мәніне үңілсек, республика деген мемлекеттің жаны – әдебиет, өнер, мәдениет, ұлт. Осы мәселелердің барлығының мазмұны дұрыс болмады. Мәселен, ұлт тек капиталистік қоғамда болады делінді. Осының салдарынан бізде бұл ұғым қате түсінілді. Ал, мәдениеттің мазмұны социалистік, рухы интернационалдық, түрі ұлттық деген ой анықтама тықпаланды. Мұндай мәдениет бола ма екен? Мәдениеттің мазмұны тек ұлттық болу керек. Біздер соны айтып, мақала жазып жаттық. Өкінішке қарай, бұл мейрам алып тасталды. Сонымен бірге, республикаға қатысты аталған мәселелер де маңызынан айырылып қалғандай болды. Сондықтан бұл мерекенің қайтып оралуы ел, ұлт тұрғысындағы тұғырлы мәселелерді күн тәртібіне алып келетін тарихи сәт, қазақ халқы үшін тағдыршешті кезең деп айтуға болады.

– Демек, кейбір замандастарымыз айтып жүргендей бұл тек санды ауыстыру немесе жекелеген тұлғалардың популизмі емес қой. Расында, мерекенің аты ғана емес, заты да өзгеріп, бұл үрдіс барша қазақстандыққа зор жауапкершілік жүктеуі қажет қой…

– Республика күнінің оралуы жаңа мемлекет іргесінің қалануы деп ұғу керек. Шынында да солай. Бұл еркін адамдардың мемлекеті. Кезінде біз осы мүмкіндікті пайдаланып, елімізді Қазақ республикасы деп атайық деп ұсыныс тастаған едік. Алайда, бұл идеямыз қолдау таппады. Өйткені, бұл КСРОдан кетіп бара жатқан жол болатын. Осыны біздің дербес ел болғанымызды қаламайтын күштер түсіне қойды да, өткізбей тастады. Бірақ, осы Декларацияның қабылдануының өзі үлкен өзгерістің басы еді. Енді Республика күнін қайтарып алып отырмыз. Осы тарихи жағдай өз негізін заңнамалық түрде тауып, мемлекеттің нығаюына қызмет ету керек. Яғни, Республика күні заң жүзінде бекітілу керек. Сонан кейін республиканың басқару формаларының тиімдісі таңдалуы тиіс. Президент сайлауы өтіп, онан соң Парламент қайта жасақталады. Меніңше, ендігі жерде Парламенттік басқару дұрыс. Өйткені, бұл жүйеде саяси партиялардың ықпалы күшейіп, демократия қағидаттары іске қосыла бастайды. Депутаттардың өкілеттіктері артады. Қазір біздің депутаттарда күш бар деп айта алмаймын. Анау келсе де қол көтереді, мынау келсе де қол көтереді. Өзіндік принцип, ұстаным жоқтың қасы. Қазіргі туындап отырған мәселелердің түп негізі осында жатыр. Сондықтан Парламентке деген халықтың өкпесі қазандай болып отыр. Республика күнінің қайта оралуына орай саяси институттар, қоғамдық ұйымдар қалай жұмыс жасайды, қандай заңдар қабылдану керек? Дәстүрлер қалай болу керек? Осындай мәселелердің барлығы енді алдан шығады. Өйткені, қазақ халқы ғасырлар бойы дәстүрмен өмір сүріп келе жатқан халық. Бұл жолдан бас тартқызу мүмкін емес. Осы мәселенің бәрін депутаттар көтере бастауы керек. Жаңарған Қазақстан дегенде жаңарған республика деген сөз шығу керек. Мемлекеттік құрылым қалай өзгеру керек? Басқару жүйесінде үкімет толып жатқан адамдарымен отыра беру керек пе? Америкалық жолдағы Президенттік басқаруда үкімет қызметкерлері аз, онда бұл оңтайланған жүйе. Бәлкім, министрлерді өз жөніне жіберу керек шығар. Тоқетерін айтқанда, Республика күні деген ол әшейін тойлайтын мейрам ғана емес, ол енді ойландыратын, қоғамдық және қоғамдық емес институттар жұмысын ширату тетігі. Кезінде бұл мейрамды ұлттық деп айта алмадық. Конституцияда билік иесі қазақ халқы деп жазылмады. Енді осы қателіктердің бәрін түзеуге тиіспіз.

– Осы ретте азаматтыққа қатысты мәселелер де алға шығу керек сияқты…

– Иә, қаңтар оқиғасында, жерге қатысты мәселелерде қазақтардан басқа ұлттар бас көтерген жоқ. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері мұндай мәселелерге немқұрайлы қарайды. Мұның өзі Қазақстан азаматтығына қатысты мәселені қайта қарап, бұл тұрғыда елдің мүддесіне қатысты түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетеді. Сен Қазақстан азаматысың ба, онда бәріне жауап беруің керек. Бұл жерде қазақ, орыс деген әңгіме болмау керек. Қазір біздегі өзге ұлт өкілдері Қазақстанның азаматы деген төлқұжат алады да, қазақ мәселесінен сырт қалады. Тіл мәселесіне, дін мәселесіне, діл мәселесіне бас ауыртпайды. Қазақ Республикасының азаматы деген ұғым заңды түрде айқындалуы тиіс. Менің түсінігімде еліміз Қазақ Республикасы деп аталып, соған сәйкес Қазақ Республикасының азаматы деген заң шығу керек. Сонда бәрі жазылу керек. Қазақ Республикасының мәселесі тек қазақтардыкі деген сөз болмайды ғой. Оның үстіне, қазір миграция күшейіп бара жатыр. Бұл үрдіске қатысты да заң күшеюі тиіс. Онда ең бастысы қазақ елінің азаматтығын алудың талаптары айқындалуы тиіс. Мұндай ниеті бар азаматтар қазақтың тілінен, тарихынан емтихан тапсыру керек. Бұған қатысты заң көршіміз Ресейде де, өзге елдерде бар. Ал, бізде қазақ тілін білмеу деген қалыпты жағдай. Өткенде бір облыстағы жиынға барсам, ассамблея мүшелері отыр. Ешқайсысы қазақша білмейді. Балалары да орысша оқиды екен. Мұндай жандар өздерін қалай қазақ елінің азаматы ретінде сезінеді? Бұл мәселені азаматтық алу талаптарын күшейту арқылы жолға қоюға болады. Қазақ тілін білмегендерді азаматтықтан шығарудың да тетіктерін жасау керек. Сосын бізде елден кетіп қалғандардың қайтып келіп, тағы да азаматтық алатын мүмкіндігі бар. Бұл елдің құнын кетіру, тағдырына немқұрайды қарау. Бір кеттің бе, азаматтықтан шықтың ба, болды! Қайтып одан үмітіңді үзуің керек. Заң осыған әкелу керек. Ал, қос азаматтық дегенді мүлде тоқтатқан жөн. Осы тұрғыда көршілес елдерде жақсы тәжірибе бар. Мысалы, Өзбекстанда елден кеткен адамдар үйін сатпай, тастап кетеді. Ал, бізде бұл қып-қызыл сауда. Сол секілді Түрікменстанда қыздар шетелге шығатын болса, басқа азаматтық алатын болса, осында туып, өскені, білім алғаны, мамандық иеленгені үшін ақша төлейді. Жай кете салмайды. Сол секілді ер-азаматтар да шетелге шығарда әскери борышын өтеп кетеді. Бізде де осы талаптар Қазақ Республикасының азаматтығы туралы заңның ішінде болуы керек. Азаматтық, әкімшілік, қылмыстық заңнамаларда да бұл мәселелер көрініс табуы тиіс. Бұл ретте әсіресе, Неке және отбасы туралы заңнама арнайы өзгерістерге сұранып тұр. Өйткені, шетелге отбасымен кетіп жатқандар көп. Ондағы балалар құқымен ешкім санасып жатқан жоқ. Олар қай кезде азаматтығын жойып алады? Құқы қалай қорғалады? Қалдырып кетіп жатқан балалардың жағдайы қалай болады? Бұл ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе. Олай етпесек зардабы өте ауыр болады.

– Экономикалық тұрғыда да бұдан шегетін зиянымыз аз емес …

– Әрине. Еш жерде тұрақтамайтын, елімізбен тағдырын байланыстырғысы келмейтін азаматтарда қандай жауапкершілік болады? Бүгін мында, ертең анда. Балаларының тағдырына да алаңдамайды. Бір күндігін ғана ойлайды. Ондайлар үшін тіл, діл, ұлт мәселесінің де еш құны жоқ. Сондықтан азаматтық мәселесіне зор маңыз берілуі керек. Жалпы, өз басым Қазақ Республикасы деген ұғым азаматтарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді, еңбекке деген көзқарасын дұрыстап, елдің ертеңіне, болашағына деген сенімін де арттырады деген ойдамын. Ең бастысы, заңдар дұрысталуы керек.

– Тілге байланысты да бір нақты шешім қажет секілді?

– Оған бас қатыратын ештеңе жоқ. Қазақ Республикасының азаматы қазақ тілді жетік меңгеруі керек. Біз Президентке үміткерлерден емтихан алып жатырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылданатындардың барлығы осы емтихан арқылы өтуі керек. Ректорлар, министрлер, әкімдер бұл сынақты неге тапсырмайды? Мұндай талап неге тек Президенттіктен үміткерлерге ғана қойылады? Сонда қазақ тілі тек Президентке керек пе? Бұл нонсенс! Барлық қазақ елінің азаматы боламын дейтіндер емтихан тапсыруы керек. Сонда мемлекеттік тілге қатысты мәселе өздігінен шешімін табады.

– Бір ел, бір тіл деген концепция ұсындыңыз… Мұндағы мұрат халықтың бірлігі ғой…

– Қазақты бөліп қажеті жоқ. Қай жерде қазақ бар, соның бәрі туысқаның. Қазақ мемлекетінің атын қазақ елі деп қойса да болады деп ойлаймын, Тува елі деген бар. Бұл ұлттан елге трансформация. Біреулер біз әлі ұлт болып қалыптасқан жоқпыз дейді. Мәселе, ұлт болып қалыптасуда емес, қазақ елі атануда. Ұлт мәселесі 1991 жылы шешілді. Тәуелсіздік жарияланды. Ендігі жерде ұлттық мәселенің бәрі тегіс елдік мәселеге ауысты. Қазақ халқының дәстүрі, тарихы бәрі – елдік мәселе. Олар мемлекеттік, қоғамдық деңгейде шешілу керек. Бізбен бірге өмір сүріп жатқан жұртты біз этникалық топтарға жатқызамыз. Этнос деген ұғым қолданамыз. Қазақ елінде бір ғана ұлт бар. Ол жері, тілі, мәдениеті, тарихы, мемлекеті бар қазақтар. Қазақстан Республикасында заңмен бірге дәстүрдің орны ерекше: Қазақ дәстүрі – қазақ хаттамасы. Одан аттап кету қауіпті. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Оны келе жатқан толқындар өзгертіп отырады. Дәстүрден айырылсақ, халық болмайсың, тегің бұзылады. Неге ел болу идеясын стратегиялық бағыт деп санаймын? Себебі, қазақ елінің мәңгілігі – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кеңістігі. Ол ұрпақтар қамы. Ел болу – сонау түркі заманынан келе жатқан арман. Ел болу – болашаққа, келер ұрпаққа ашылар жол. Оны қадірлеп таза ұстау – бүгінгі тірілердің ұрпақтар алдындағы парызы, ата-баба алдындағы қарызы. Ел болу идеясы – парыз бен қарыздың түйіскен жері. Сондықтан қазақ елі – мәңгілік біздің ұлттық идеямыз. Келешекке деген сеніміміз және адам ұрпағымен мәңгілік деген философияның айғағы.

– Жақсы қазақ болуымыз қажет екенін айтып келесіз. «Ораза намаз тоқтықта» демекші, алқымнан алған қымбатшылық, шай-пұлға әзер жететін жалақы қазақты қалай жақсы ете алады?

– Қазақ Республикасының азаматтары жақсы қазақтар болу керек. Жақсы қазақ бірінші ол дәулетті болу керек, әйтпесе біреуге қызмет етеді. Дәулетті болу үшін іскер болу керек. Үшіншіден жақсы қазақ ата-бабаларымен байланыста болу керек. Ұрпақ арасындағы сабақтастық сақталуы тиіс. Қазір әкелерін қарттар үйіне апарып тастап жатыр. Бұл сабақтастықтың үзілгені. Әрбір ұрпақты институт деп қарап, соның құндылығын беріп отыру керек. Жақсы қазақ қыз баланы идеял деп қарау керек. Жақсы қазақ болсаң, сен қыз баланы қорға. Баяғыда Қабанбай, Бөгенбайлар жаудан ел мен қыздарын қорғаған ғой. Жақсы қазақ инновациялық ойлауға бейім, креативті болу керек. Егер олай болмаса өркениеттің игілігінен қалып қояды. Жақсы қазақ деген – елдің имиджі. Ол отбасы мен мектепте қалыптасады. Адамда екі нәрсе бар, олар: қабілет және қасиет. Өкінішке қарай, мектепте тек қабілетке ғана жұмыс істейміз. Ал, қасиет ескерілмейді. Бұл иманның әлсіреуіне, тәрбиенің екінші кезекке ысырылуына алып келіп жатыр.

– Қазіргі экономикамызды алға бастырмай отырған жемқорлықтың астарында осы имансыздық жатқаны шындық…

– Иә, қасиеттің ұмыт қалуы осы келеңсіздіктің бірден-бір себебі. Заң жағынан болсын, басқа жағынан болсын біз жақсы адамдарды тәрбиелеудің тетіктерін жасауымыз керек. Қазір еңбек құндылық болудан қалып барады. Ержеткенге дейін баланы жұмысқа алмау керек деген ұғым шықты. Бұл мүлде қате пайым. Қайта баланы кішкентайынан еңбекке баули беру керек. Жақсы қазақ болуға тырысу керек. Егер жақсы қазақ болмасаң, еліңе де, жеріңе де, тіліңе де, дініңе де ие бола алмайсың. «Абай жолында» Абай деген жақсы шықты деп, ел оның төңірегіне топтасуға, оны үлгі етуге ұмтылды. Сол арқылы озық ойлайтын, ақылы, парасаты жақсылар шоғыры қалыптасты. Сол секілді қазір небір конкурстар жасап жүрген Марат деген өнегелі адам бар, Роза деген ғажап жан арамызда жүр деп, жақсыларды насихаттап отыру керек. Біздің жастардың бойында қабілет те, қасиет те бар. Тек тәрбиелей білуіміз керек. Қоғамдық институттар осы бағытта жұмыс істеуі қажет. Жақсы қазақ деген мемлекеттік бағдарлама болу керек. Маған айтса жасап берер едім. Ұсыныс та жасадым. Алайда, мемлекеттік ұйымдар мұндай идея өзінен шықпаса қолдамайды.

– Не көп, бағдарлама көп қой. Олардың бәрі орындалып жатса, ел шеруге шығып, қаңтар оқиғасы секілді бүліктер болмас еді ғой… Соның бірі, мысалы – 2030 стратегиясы. Қазір бұл бағдарлама жайлы айтылмайды да…

– Бұл бағдарламаға байланысты бір жайтты айтайын. Жалпы, 2030 стартегиясының шығуына менің ойым түрткі болған. 1997 жылы Алматы мемлекеттік университетінде жұмыс істеп жүрген кезімде футурологиялық клуб аштым. Бұл болашақ туралы ғылым. Екі-үш жиналысынан соң жаптырып тастады. Сол кезде осы ХХІ ғасыр 2030 жылы туатыны жайлы жиі айтатынмын. «Казахстанская правда» газетінің тілшісі менен сұхбат алып, осы тұжырымымның мәнісін сұрады. Мен сонда «Біз ХХ ғасыр адамдарымыз. Біз ХХІ ғасырға тән емеспіз. Біздің заманымыз бөлек. Ғасырдың басында келгендер ХХІ ғасырда өмір сүрді, ауасын жұтып, тәрбиесімен, білімімен қалыптасты. Солар ғана ХХІ ғасыр адамдарымыз деп айта алады, солар ғана қоғамды өзгерте алады» дедім. 2030 бас тақырып ретінде беріліп, кейін соның негізінде бағдарлама жасалды. Ол бірақ қате түсініліп, экономикалық көрсеткіштер алға шығарылды. Бұл демографиялық өсімге бағытталған идея болатын. Ол 2030 жылы толық жүзеге асады. Өйткені, ғасырдың басында туғандар қазір 22-де болса, сегіз жылда 30-ға келеді. Олардың алдында тәуелсіздіктің құрдастары бар. Бұл буынның қазір күш-қайраты тасып тұр. Идея, бастама, рух деген жетеді. Олар қамал алса, ғасыр басында туғандар орда бұзады. Бәрі бірігіп, бұл қоғамды түгел тазалайды. Қандай да бір сыртқы күштердің әсері тиіп кетпесе, бәрін тақтайдай қылады. Маған сенбесеңіз, қазір сегізінші, тоғызыншы сынып оқушыларымен сөйлесіп көріңізші. Оларда ой басқа, коммуникация басқа. 2030–2035 жылы солар билікке келеді. Мұны Мемлекет басшысы да біліп, ақырындап мемлекетті соған жеткізуді көздеп отыр. Сондықтан қазақ елін өте жарқын болашақ күтіп тұр деп батыл айтуға болады.

– Әумин, айтқаныңыз келсін. Сол күнге жетіп, еліміз өркениет биігінен көрінсін!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Штраф либо лишение свободы

Вопросы борьбы с коррупцией всегда находятся орбите особого внимания...

Восстановить свое доброе имя

Под реабилитацией следует понимать важнейший институт уголовнопроцессуального права, предполагающий...

Технологии будущего – в повседневную жизнь

На заседании Правительства под председательством Премьер министра РК Олжаса Бектенова...

Алматы облысының дәрігерлері Лондонның үздік клиникаларының жұмысымен танысып қайтты

Алматы облысының медициналық мекемелерінің мамандары Ұлыбритания астанасы Лондоннан, Тұманды...

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл

Тіл – ұлт байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді,...